Ресейде өткен қысқы форум

0
250

Өткен айдың 26-28 қаңтар күндері Ресейдің Самара қаласында жапон жауынгерлік қорғаныс өнері айкидо айкикай бойынша қысқы форум өтті. Оған Мәскеу және Мәскеу облысы, Нижний Новгород, Рязань, Челябинск, Ульяновск, Тольятти, Новокуйбышевск, Самара қалаларымен қатар Батыс Қазақстан облысының Орал қаласынан да айкидошылар қатысты.

Жүзге жуық қатысушысы бар форумда балалар және ересектер болып екі топқа бөлініп, айкидоның түрлі тәсілдерін жаңа қырынан танып, орындалу барысына мән бере жаттықты. Мәскеуден арнайы Самараға келген шебер, айкидо айкикайдан 6-шы дан иесі Евгений Малышевтың сабағына жасөсіпірмдер мен ересектер көптеп қатысты. Шебер сондай-ақ жапон қылышы «катана»-ның ағаш макетіне айналған «боккен»-ді қалай пайдалану керектігін көрсетіп, сол бойынша арнайы жаттығуларға ден қойдырды. Айкидоның қозғалыстары, тәсілдері негізі осы қарумен істелуге негізделген. Сондықтан «боккен»-мен жұмыс істей білу де үлкен талап пен жауапкершілікті қажет етеді. Қасындағы серіктеспен тәсілдерді орындау кезінде шабуыл мен қорғаныс әдістеріне, яғни оның басы мен денесін жарақаттамау үшін соққыларды жеткізбей тоқтатуға асқан ұқыптылықпен қарау керек. Сонымен қатар, айкидода «боккен»-нен басқа «джо» (таяқ) және «танто» (ағаштан істелген пышақтың макеті) деген қаруларды да пайдаланады. Ал, балалар тобына қызықты жаттығу өткізген самаралық шебер, 6-шы дан иегері Дмитрий Цапаев та айкидода орындалатын бірқатар тәсілдерді түсінікті етіп жеткізді. Көптеген балалар тек өз қатарластарымен ғана жаттығып қоймай, балалар жаттығуына демеу болған ересек қара белбеу иегерлерімен де жаттығып, шыңдалды.

Орал командасын бастап барған Асан Молдағали мен оның шәкірттері Ерболат Меңлібаев, Әлімхан Халиловтың мойнында тек Батыс Қазақстан облысының атын танытатын жүк қана емес, түгел Қазақ елінің атын шығарар жүк тұрды деуге болады. Сол жүкті барынша тырысып, көтере білді.

Форумның бірінші күні түрлі жаттығуларға негізделсе, екінші күні де қатысушылар көптеген әдістерді орындады. Сондай-ақ арнайы жиын өтіп, оған командаларды бастап келген жетекшілер қатысты. Жиында Асан Молдағали Самара қаласымен бірлесе жұмыстану бойынша келісімге келді. Бұл жерде мәскеулік шебердің қолдауы да маңызға ие болды. Өйткені, Евгений Малышев Ресейдің айкидо айкикай федерациясының басшылығындағы адам. Оның да келісімі мен бағыт-бағдар беруі басты назарда тұрды. Енді оралдық айкидошылар Дмитрий Цапаевтың емтиханына қатыса алатын болды. Бұрын оралдық айкидошылар Мәскеу қаласындағы «Оосинкан» бөлімінің Қазақстандағы филиалы болған еді. Енді Самара қаласымен жұмыстанатын болып шешті. Орал қаласы Самараға көршілес, жақын жерде болғаны да маңызды болып отыр.

Форумның үшінші күні жаттығулар өз мәресіне жетіп, түскі уақытта «эмбукай» өтті. «Эмбукай» дегеніміз келген командалардың көрермен алдында көрсетіліммен шығуы. Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясынан барған қатысушылар да арнайы дайындап келген көрсетілімді жақсы орындап шықты.

Бұл қысқы форумда келген командалармен қатар оралдық айкидошылар да тәжірибе жинақтап, шыңдалып келді.

Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясының төрағасы,

Орал қаласы

Суреттерді түсірген Антон Стеллинг,

Самара қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here