Бейсенбі, 29 ақпанда Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Мамай Ахетовтың «Қазақтың шешендік өнері. Генезис. Типология. Поэтика» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Үш томдықтың тұсаукесеріне жергілікті билік өкілдері, әдебиеттанушы-ғалымдар, өнер зерттеушілері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары мен оқырмандар қатысты.
Мамай Қаниұлының 20 жылдан аса уақыт жазған еңбегінің тұсаукесерін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов жүргізіп отырды. Тұсаукесерде қонақтар кітап туралы келелі пікірлерін ортаға салып, авторға ізгі тілектерін білдірді.
«Сол кезеңдерде зерттеуші ғалымдар барынша ашық айта алмайтын еді. Бұл еңбектің басты ерекшелігі – қазақ шешендік өнерінің зерттелу тарихы мен теориясы қамтылса, үшінші томда әрқайсысының түрлері жеке қарастырылады», – дейді әдебиеттанушы Мамай Ахетов.
Расында, еңбектің бірінші томына қазақ шешендік өнерін зерттеудің тарихнамасы мен әлемдік риториканың тарихы қамтылса, екінші томында қазақ шешендік өнерінің теориялық табиғаты, антикалық грек-рим риторикасында айқындалған ереже-заңдылықтардың қазақ риторикасымен байланысы, шешендік сөздің фольклор мен жазба әдебиеттегі көріністері, жанрлық-жүйелік сипаттары жазылған. Ал, үшінші томына қазақ шешендік сөздерінің түрлері – соттағы шешен сөз, уағыз үлгілерінің және қоғамдық қызметте туындайтын ерекшеліктері қарастырылған екен.
Қоғамда «Кітапты оқитындардан гөрі тұсауын кесетіндердің саны көбейді» деген пікірдің де бары рас. «Сонда да болса бүгін біз де 1960-90 жылдары Рахманқұл Бердібай мен Талатбек Әкім сынды жанкештілер «Халық университетін» өткізген М.Әуезовтің қасиетті шаңырағында үш томдық «Қазақтың шешендік өнері. Генезис. Типология. Поэтика» атты еңбегімізді көптің назарына ұсындық, батасын алдық. 1996 жылдың 22 қарашасында ұстазым профессор Б.Майтанов академик З.Қабдоловқа ертіп апарып, «М.Әуезов драматургиясындағы шешендік дәстүр» атты тақырыпты мойныма іліп еді. Бұл сол марқұм ұлы ұстаздарымыздың бізге деген қалтқысыз сенімінің өтеуі, бабалар рухы алдында есеп беру, сырласу іспетті бір бейнеті мол, күйбеңі көп тіршілік болатын. Осы жұмысты үш мәрте жоба ретінде мемлекеттік тапсырыспен шығаруға үміттеніп көрдім. Бірақ үшеуінде де «шетелдік сарапшы» атанатын бір мықты білгіш «Әлдеқашан шейіт болған қазақ шалдарының сөзі кімге керек?!» деп бір өткізбей-ақ қойды. Әйтсе де, К.Матыжанов басқаратын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі талқылаудан өткізіп, белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар Н.Ақыш, Г.Орда, П.Әуесбаевалардың осы еңбекке жазған пікірлерімен басуға ұсынылды», – дейді Мамай Ахетов.
Құнды еңбек фольклортанушы, әдебиеттанушы мамандарға, жоғары оқу орындарындағы педагогика, филология, заң, дінтану факультеттерінің студенттеріне, көпшілік оқырман қауымға арналған.
Индира БІРЖАНСАЛ