Бір ұялғаным бар

0
1202

Қазақта «ер адамның үш жұрты бар» дейді ғой. Өз жұрты, қайын жұрты және нағашы жұрты. Менде нағашы жұрт екеу, олар – өзімнің шешемнің туған-туыстары болса, екінші – атамның қайын  жұрты. Екеуі де маған жандары  ашып, ақылдарын айтып отыратын жандар.

Әжем Ақбөпе Сыр бойының қызы болатын. Ол кісі аққұба, ірі денелі, еңбекқор адам еді. Соғыс кезінде үлкен бір әулеттің жетім-жесірлерін қажырлы еңбегінің арқасында аштық-жалаңаштық көрсетпей аман алып қалған осы кісі болатын. Сауын сиырды соқаға жегіп, бидай, тары, бақша салып, аштықтан аман алып қалғанын қалай ұмытарсың. Тары, талқан, ірімшіктен жасаған жент, қауыншек, май-қаймақ дегеннен ауызымыз құрғаған жоқ десем артық айтқан болмас. Кейін Алланың жазуымен Сыр бойының қызы Алтынай Смайылқызы Баймаханова азаматшамен құдағи туыс болдық. Құдағиым бес биенің сабасындай, бәйбіше, сырт бейнесіне ішкі сарайы сай ерекше кісі. Қазақ ССР халық ағарту ісінің қызметкері. Жұбайы Әбдіқадыр Әбілтаев Әбдірайымұлы – әдебиетші-тарихшы, көркемөнерпазшы, жастардың ұстаз-тәлімгері, ұлттық мәдени-көпшілік жұмыстар мен шаралардың тәжірибелі ұйымдастырушысы. Облысқа аты танымал белгілі өнер адамы. Қуаныштарда бас қосып, атақты азаматтарды еске алып, қызықты оқиғаларды әңгімелеп көңілді көтеріп қаламыз. Үлкен құдам Коккинаки Әбділдаұлы да білім беру ісінің үздігі,  өмір көрген, елге сыйлы, зиялы азамат. Бұл кісінің есіміндей есім елімізде жалғыз-ақ шығар. Аталары сол кеңес дәуірінде атақты батыр атағын екі мәрте алған, сынаушы-ұшқыш, солтүстік полюс арқылы АҚШ-қа ұшып барған кісінің атын қойған екен.

Жас кездегі жіберген бір оғаш мінезімді айтып құдаларымды бір күлдіргенім туралы әңгімелегім келіп отыр.

 Сонау алпысыншы жылдары астанамыз Мәскеу, жұмыс бабымен орталыққа жиі барып тұратын едім.

Осындай бір іссапармен барып, үйреншікті өзіміздің «Қызыл алаңдағы» ведомстволық «Пекин» атты қонақ үйіне орналасып, жексенбі күні «Қызыл алаңда» серуендеп жүр едім, көзіме жұпыны костюм киген, басында қазақтың тақиясы, талдырмаш бойлы, ұмытпасам, қолында таяқшасы бар, азиялық бетпішінді бір кісі көзіме түсті. Ол кісі де маған назар аударғандай болды. Қазақ, не қырғыз болар деген оймен, жанына жақындап, қазақша сәлем бердім. Ол кісі жылы шыраймен сәлемімді алып, қай елден келгенімді сұрады. Мен аты-жөнімді, мекен-жайымды айттым. Танысым, қызылордалық, есімі Асқар екенін, Жазушылар одағына іссапармен келгенін айтты. Жасы үлкен кісі болғандықтан аты-жөнін көп сұрап жатпадым. «Қызыл алаңда» бірер сағат серуендеп жүрдік. Ақырындап «Мәскеу» қонақүйіне бет алдық. Сөз саптауына қарағанда, тегін кісі емес, үлкен әдебиет маманы екеніне көзім жетті. Жоғары мәдениетті, сауаты мол кісіні мен көбіне тыңдаумен болдым. Ол кісі де орталықтағы «Мәскеу» қонақүйіне орналасқан екен, енді ақырындап сол жаққа бет алдық.

Танысып, етім үйренгеннен кейін, менде қарапайым кісі емес, әдебиеттен хабарым бар кісі екенімді көрсеткім келді ме сөз бастадым.

Қазақта: «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дегендей, сол кезде айтқан сөздерім есіме түсіп, басымды шайқап, езуімді тартамын.

Қызылорда өңірінің талантты адамдарын, жер байлығын айта келе Асқар Тоқмағамбетовті барлық септеулермен суреттеумен болдым.  «Асқар бетке  ұстар мысалшымыз. Оны жұрт қазақтың «Крыловы» деп орынды айтады. Бірақта оны көрсем, кемшіліктерін бетіне басып айтар едім. Себебі өзі атақ-дәрежеге ие болғаннан кейін өсіп келе жатқан талантты жастардың атын шығаруға қол ұшын тигізбейді. Мысалы біздің Қостанайда «Коммунизм жолы» қазіргі «Қостанай таңы» облыстық газеті шығып тұрады. Онда жақсы-жақсы деген ақын- жазушылар еңбек етеді. Мысалы, Ғаббас Жұмабаевты, Ғұбай Әбіловті, Ертай Арысовты, Ғұмар Ахметшиндерді оқырмандар жақсы біледі, еңбектері де жарық көруде. Солардың ішінде сол Тоқмағамбетовтің жолын қуған, талантты мысалшымыз Аңсаған Атымтаев деген дарынды ақынымыз бар. Ол сурып салма ақын, жазуын жазғанымен, көбі жарық көрмей сол жерде қалып қояды. Неге соны Алматыға алғызып, еңбектерін неге жинақ қылып шығаруға көмектеспейді екен. Мүмкін ол кісіде менен асып кетпесін деген арам пиғыл бар шығар» дедім.

 Ол кісі туралы орынсыз айтқандарымды қазір жазбай-ақ қояйын. Манадан бері менің сандырақ сөздерімді тыңдап келе жатқан танысым мейманхананың алдына келгенімде, маған «Шырағым, манадан бері кері сипаттап келе жатқан Асқарың мен едім. Жерлесіңнің өлеңдерімен таныстығым бар, үміт артар жастарымыздың қатарында. Ал жазған туындыларын жинақтап баспадан шығаруға бірінші өзінің, ал екінші сол облыстық жазушылар одағының міндеті. Ал тағы басқа көмек керек болса мен әрқашанда оны қолдаймын, қолымнан келген көмегімді аямаймын» деді. Асекеңнің соңғы сөзі маған денемнен электр  тоғы өткендей әсер етті. «Ғалихан шырағым, Қызылорданың жер байлығын сөз еткеніңде, Сәбит Мұқанов өзінің «Сырдария» романында сол жердің қарбызы туралы аңыз сөзін айтып едің, сол нағашы жұртыңнан алып келген бір қарбызым бар еді, нөміріме кіріп соның дәмін тат» деді.

Кірерге тесік жер таба алмай тұрған маған «бұл атақты кісіден тезірек бой суытқаным дұрыс» деп көп-көп алғысымды айтып, кешірім сұрап кете бардым. Осындай Асекеңнен бір ұятты болғаным бар.   

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
ҚР ҰҚК  Құрметті ардагері

Қостанай қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here