Өткен айда ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанынан алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі пайда болды. Оның құрамына қалыптасқан ғалымдар, Ұлттық құрылтай мүшелері, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелері, жас ғалымдар бірлестіктерінің төрағалары кірді.
Елімізде шамамен 22 мың ғылыми қызметкер бар. Бұл ретте ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орташа жасы 57-де. Олардың арасында зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар бар. Кеңестің басты мақсаты – жастарды ғылымға тарту және барынша бейімдеу.
Тағы бір жаңалық ретінде кеңесте омбудсмен лауазымы пайда болады. Оған жас ғалымдардың мәртебесін одан әрі ілгерілету және нығайту міндеттері жүктеледі.
«Әлемдік ғылымда ашылған ең үлкен он жаңалықтың жетеуі Америка Құрама Штаттарындағы зерттеу университеттерінде жасалған. Неліктен? Өйткені, қазір дәл осы әзірлемелер, бұл тұжырымдар ғылымның пәнаралық тәсілдері арқылы жасалады, яғни ғылымның әртүрлі бағыттары біріктіріледі, осылайша әлемдік ғылымның серпілісі болады. Академияның міндеті – ғылыми зерттеулерге елеулі өзгерістер енгізе алатын осындай ғылым көшбасшыларын жинау, олардың айналасына біріктіру», – дейді Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Расында, Жас ғалымдар кеңесі ауадай қажет-ақ. Бір ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін алайық. Онда 350-ге жуық жас ғалым жұмыс істейді. Соның ішінде Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер Мәдина Тұрсынбаеваны ерекше атауға болады. Жас ғалым 2012 жылғы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Бүгінде ол ауаның сапасын, атмосфераның ластануын, атмосфераның шекаралық қабатының биіктігін және ауа массасының траекториясын зерттеу бойынша іргелі жұмыс жүргізуде.
«Жас ғалымдар кеңесі өзінің құрылымы бойынша Ғылым академиясының ізбасары болып табылады. Ғылымдар бойынша төрт негізгі бағыт және әрбір бөлім жас ғалымдар кеңесі мүшелерінің тізімін кеңейтеді, әлемдегі жас ғалымдардың тенденцияларымен қандай бағыттарды дамыту керектігін анықтау үшін ғылымның әртүрлі басымдықтары бойынша жұмыс топтарын құрады», – деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин.
Міне, мемлекет те жас ғалымдарды қолдауға әзір.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ