Ар – адами құбылыстың биігі немесе масылдықтан арылу

0
908

«Мал жұтайды, өнер жұтамайды»
(Абай. 33-қара сөз.)

Бүгінгі таңда жан құлазитын жайттар жетіп-артылады. Жаның құлазыды деген ұғым – көңіл күйіңнің астаң-кестең болуы. Мұндай халге көбіне-көп бірімізді-біріміз қажап, мүжуге еріншектік пен масылдық жеткізеді. Неге дерсіз? Себебі, таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек еткен жанның өзгемен шаруасы болмайды, ол өзінің қамын ғана күйттеп, өз күнкөрісі үшін жанталаса тіршілік етеді. Ал «дайын асқа тік қасық» болғандар қолы бос, Абайша айтсақ, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Бас-аяғы шып-шымыр, жұп-жұмыр айтыла салған хакімнің осы бір әсерлі ойларына еріксіз назарың ауады. Мұндай ахуалға түскің келмейді. Ал түсе қалған екенсің, одан шығудың амалдарын дер кезінде қарастырған жөн-ау, алдымен: өзіңнің мықты тұсыңды сезіну, әлсіз тұсыңды көре білу, дегендей… Адам баласы өзіне-өзі қатал сыншы бола білгенде ғана адами құбылыстың биігіне көтеріледі емес пе. Ежіктеп айтып отырған осынау асыл қасиеттерімізді бойға сіңіру қаншалықты ерік-жігерді қажет етсе, еріншектік пен масылдықтан құтылу да соншалықты ақылды, төзімді және қуат-күшті, ең бастысы риясыз еңбекқорлықты қажет етері сөзсіз.

Ұлы ақын: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады», – деп адамды кержалқаулыққа апаратын себептің салдарын жіктейді.

Міне, жалқаулықтың кесірі! Ал жалқаулық кез келген адамның бар мүмкіндік-болмысын шектеп, ішкі жан-дүниесін жарқырап ашылуына орасан кесір-кесапатын тигізеді. Сондықтан мемлекеттің, халықтың,  ұлтыңның, қыл аяғы отбасыңның кей мәселелері жаныңды жаралап жүрсе, еңбек пен абыройға тең қызмет етіп, қалғанын уақыт билігіне, адамшылық арымызға аманат етсек, ұтарымыз көп болмақ.  

Пенде бойындағы мұндай жағымсыз көріністер (еріншектік пен масылдық) кей біреулерге тым ұсақ нәрсе болуы да мүмкін. Алайда қоғамда үлкен жағымсыз іс-әрекеттің дені сол еленбейтін, ескерусіз тасада қалып, әсте көзге көрінбейтін болмашы іс-қимылдардан бастау алатынын ұмытпағанымыз да жөн. Тіпті, Мемлекет басшының өзі: «Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз», – деп керітартар еріншектіктің алдын алуы үшін дені сау әр адам алдымен өз отбасын өзі асырауға міндетті екенін шегелей түсіндіреді.

Сол үлкен мінбердегі кемел ойларын Қасым-Жомарт Кемелұлы былай жалғайды: «Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет. Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек».

Статистикаға жүгінсек, елімізде тап қазіргі таңда 4,5 миллионға жуық адамға мемлекеттен әлеуметтік көмек беріледі. Бұл – шамамен әрбір қазақстандық тұрғынның бесінші тұрғыны осындай көмек алады деген көрсеткіш. Осы көрсеткішті негізге ала отырып, Президент «халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, қоғамда масылдық психологияға жол бердік» деген санаға қонымды тың пікірін халқына ашық, бүкпесіз жеткізді. Мемлекет тарапынан сол масылдықпен күресу жүйесі іске қосылғанын және онымен күресуде ата-баба тәжірибесі зор көмек беретінін тәптіштеп түсіндіріп те өтті. Жылдар бойы жиналған масылдық пен еріншектік «жарасының» аузы осылай жарылды…

Соңғы жылдары Президент кезекті Жолдауларында патерналистік көңіл-күй мен жоғарыда атап өткен әлеуметтік масылдық жөнінде кеңінен сөз қозғап келеді. Мемлекет басшысының мұндағы айтып отырған «патернализм» терминіне келсек, бұл латын тілінен шыққан «әкелік қамқорлық» мағынасымен сәйкеседі. Бұл жүйенің тәуелсіз қоғамымызға  кеңестік өмірдің салтымен бірге кірігіп кеткенін жоққа да шығара алмаймыз. Яғни, қазақ халқы үшін бұл ұғымды алыста, тым алыста қалған бұлдыр нәрсе деп те айта алмаймыз. Керісінше, бұл әдеттен арыла алмай келеміз. Осынау әлеуметтік құбылысты болдырмауға әр біріміз жауаптымыз.  

Біз масылдық пен еріншектік туралы айттық. Ал масылдық пен мұқтаждықтың ұғымы бірдей емес. Екеуінің мән-мазмұндары екі бөлек. Мәселен, Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға ғана алақан жайып өмір сүруге тағы болмайды. Дегенмен, мемлекеттен көмек нағыз мұқтаж адамдарға берілгені дұрыс. Ал қазақшалап айтқанда, он екі мүшесі сау, жұмысқа жарамды жан масылдыққа бейімделмей, мемлекеттің соры болмай, күнкөріс қамы болса да өз арбасын өзі сүйрегенге не жетсін.  Ақылды тағдыр, ынтымақты тірліктің берекесін кіргізеді емес пе.

Қазақ елінің мәртебесін асырып, мерейін өсіретін, ұлт биігіне көтеретін ең басты қасиет – барды бағалап, жоқтың қадіріне жете білу. Осылай етсек қана өзгеге алақан жаймаймыз, ұлт мақсаты мен мұратын жоғары қойып, масылдық деген, еріншектік деген «қайғымызды» жеңеміз.

Сонда ғана өзін де, өзгені де алдамайтын, елжанды жанның бірі боларымыз анық…

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here