ҚазҰУ-да биология ғылымына арналған форум өтті

0
260

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Биология ғылымдарының тұрақты дамуындағы заманауи тенденциялар» тақырыбында ғылыми форум басталды. Халықаралық іс-шарада Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан, Пәкістан, Түркия, Жапония, Ресей, Мажарстан, Франция және Германиядан келген ғалымдар мен сарапшылар, академиктер, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы бас қосты.

Шараның мақсаты – биология ғылымындағы тұрақты дамуға қол жеткізуге бағытталған жаңа тәсілдер, технологиялар мен стратегияларды талқылау және шетелдік ғалымдармен бірлесіп шешімдер әзірлеу.

Форум жұмысын ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ашып, Тұрақты даму мақсаттарының 17 негізгі бағытын жүзеге асыруда университет елеулі жұмыстар атқарып отырғанын айтты.

«Ғылыми жаңалықтар мен технологиялық прогресс біздің өмір сүру ортамызды қалыптастыруды жалғастырып жатқан қазіргі заманда биология ғылымындағы тұрақты даму мәселелері барған сайын өзекті болуда. Форум барысында биология саласындағы тұрақты дамуға қол жеткізуге бағытталған жаңа тәсілдер, технологиялар мен стратегияларды талқылап, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірлескен шешімдер әзірлеуге болады. Адамзаттың ұзақ мерзімді әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған БҰҰ шеңберінде әзірленген Тұрақты даму мақсаттары осы үдерісте маңызды рөл атқарады», – деді проректор.

Халықаралық форумды өткізуге Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комитеті (COMSTECH), Оңтүстіктегі орнықты даму үшін ғылым және технология жөніндегі комиссиясы (COMSATS), Әзірбайжан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің Дендрология институты мұрындық болды.

Іс-шара барысында COMSTECH бас координаторы, профессор Мұхаммед Икбал баяндама жасап, өз ұсынысын жеткізді. «Бүгінгі ҚазҰУ базасында өтіп жатқан халықаралық шара биология саласында, жалпы алғанда, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін түйткілді мәселелерді талқылап, оның шешімін табуға мол мүмкіндік береді. Климаттың өзгеруі – соңғы жылдары әлемде ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Бұрын осы жайлы тек ғалымдар ғана айтатын болса, қазір бұл әр елдің саясаткерлерінің күн тәртібіне енгізіліп, бизнес өкілдері де, қарапайым халық та талқылайтын мәселеге айналды. Сондықтан бұған әлемнің барлық ғалымдары мен сарапшылары атсалысып, оң шешімін табуы қажет деп санаймын», – деп атап өтті құрметті профессор Мұхаммед Икбал.

Сонымен қатар форум аясында COMSTECH атқарушы директоры Нафес Мұхаммед, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самек, Әзірбайжан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің Дендрология институты бас директорының міндетін атқарушы Минара Хасанова, «Астана» ұлттық зертханасының директоры Жұрмаханбет Дос, Қытай ғылым академиясының Тянцзин өнеркәсіптік биотехнология институтының профессоры Хуанг Джионг сөз сөйлеп, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Баяндамашылар өз сөзінде биология саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталып, экожүйенің өзгеруі салдарынан қоршаған ортаға туындайтын кері әсері туралы өз ойларымен бөлісті.
Форум жұмысы секцияларда жалғасты. Онда «Биофизика, биомедицина және неврология саласындағы пәнаралық зерттеулер», «Биотехнология, микробиология және биоинженерияның өзекті мәселелері», «Генетика және молекулалық биология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер», «Биоалуантүрлілікті зерттеудің өзекті мәселелері мен заманауи принциптері» және т.б. тақырыптар бойынша мәселелер қарастырылуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here