Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі – жас ұрпақ. Күнге қарай бой түзеп өсетін күнбағыс секілді балаларға қалай тәлім мен тәрбие берсең, солай өсіп-жетіледі. Құлдыраңдаған құлындар кішкентай кездерінен қалам ұстауға, сурет салуға, тақпақ жаттауға, ән айтуға ұмтылыстарын жасайды. Өскелең жас ұрпақтың шығармашылығына қандай қолдау білдірсек те жарасады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, түрлі-түрлі өнерге талаптары таудай шәкірттерге дәріс беріп, білімін кеңітіп, болашағына негіз қалағанға не жетсін?!
Балаларға бөлінген әрбір қаражат – болашаққа құйылған инвестиция. Елімізде балдырғандарға арналған шығармашылық қолдаулар жылдан-жылға артып келеді. Үкімет әр саланы, әр бағытты қамтамасыз етуде. Бұл – үлкен қолдау. Дегенмен жақсы бастаманың бойында әттеген-ай тұстары жоқ емес. Балалар шығармашылығы дегенде: ән айту, би билеу, сурет салу, қолөнер сынды көптеген үйірме түрлері еске түседі. Өңірдегі оқушыларды толық қамтамасыз ету үшін әртүрлі мемлекеттік, аймақтық бағдарламалар қабылданған. Айта кетейік, балаларға тиесілі шығармашылық саланың ұтымды және кенжелеп тұрған салаларын сараптауға тырыстық.
Әңгімені ақпараттан бастасақ. Қазір республика бойынша «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтіп жатыр. Үш айға созылатын байқаудың алғашқы кезеңі наурыз айында аяқталып, сәуірде екінші кезеңі басталады. Осы айда өңірлік іріктеудің үздіктері анықталып, мамырда республикалық бәсеке өтеді. Жүзден жүйрік шыққан талантты оқушылар Астана қаласында болатын Гала-концертте өнер көрсетеді. Бұл – балалар шығармашылығын шыңдауға арналған жобаның бірі ғана.
Біз тек бір қаладағы шығармашылықты жіпке тіздік. Еліміздің экономикалық әрі мәдени орталығы саналатын Алматы қаласында қазір жүздеген тегін үйірме жұмыс істейді. Оған шаһар оқушылары тегін қатысып, шеберлігін шыңдап жатыр. Талантты, ынталы оқушыларды қолдауға арналған орталықтың бірі – Оқушылар сарайы. Мұнда өңірлік қолдау аясында 206 үйірме жұмыс істейді. Осында келетін 8 200 балаға 203 ұстаз білім береді. Аталған сарай талантты балдырғандар арасында байқаулар ұйымдастырып, үздіктерді республикалық сайыстарға қатыстырып келеді. Бұдан өзге Алматының әр ауданында көптеген үйірмелер мен орталықтар өз жұмысын атқарып жатыр. Бір ғана Damubala бағдарламасы аясында өткен жылы 16 миллиард теңге бөлініп, 4-17 жас аралығындағы оқушылар спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осы сынды көптеген бастамалар балалардың талантын ашып, болашағын айқындай түсері хақ. Одан бөлек қаладағы Әбілхан Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі де балдырғандар талантын ашып, шыңдайтын орталықтың бірі. Мұнда заманауи технологияны пайдалана отырып, балалардың шығармашылық қабілетін арттырады. Мұндағы 95 түрлі топта 1 300-ден аса оқушы қосымша білім алады.
Осы айтылған көп мүмкіндіктердің арасында тағы бір сала кенжелеп тұр. Ол – балалардың әдеби шығармашылығы. Ұлттық балалар әдебиеті Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайдан бастап, жиырмасыншы ғасырдағы көптеген қаламгерлер балаларды өнер-білімге үндеу шығармаларын жазды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары мен ортасында балалар әдебиеті көптеген тың шығармалармен толықты. Аталған ғасырдың соңында бұл сала тұралап қалды да, өткен жиырма жылда қайта жандана бастады. Қазір балалар әдебиетінің қорын молайтып жүрген авторлардың үлкен тобы қалыптасты. Бірақ аталған авторлардың шығармалары өңірдергі жас оқырмандарға жетпей отыр. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Құрылтайда қозғап, арнайы тапсырма берген болатын. Нақтырақ айтсақ, отандық кітап нарығындағы көрем әдебиеттің 90 пайызы шет елдік авторлардың еңбегі. Одан бөлек республикадағы барлық мектеп кітапханаларында 130 миллионнан аса кітап бар. Бірақ оның ішіндегі көркем әдебиеттің үлесі тағы да аз. Осындай кемшіл тұстарды жіпке тізген Президент «кітап оқитын ұлт қана нағыз интеллектуалды бола алады» деген.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Балалар кітапхансы» атты бағдарлама қолға алынды. Бағдарлама аясында кітаптар қоры жасақталды. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана мамандары 1770 шығарманы іріктеліп (олардың арасында қазақ және әлем әдебиетіндегі түрлі кезеңдерді қамтитын көркем әдебиеттер), оның 76 пайызы отандық авторлардың кітаптары болса, қалған 24 пайызы әлемдік көркем әдебиеттің үздіктері. Одан бөлек аталған таңдамалы шығармаларды әр өңірдің орталықтарына тоғыстырып, 24 сағат бойы жұмыс істейтін кітапханалармен жабдықтау ұсынысы да айтылды.
«Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын. Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін TikTok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам», – деді Президент.
Мемлекет басшысының ұсынысы бірден қолдау тауып, әр өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар жасақталды. Мысалы, Алматы қаласындағы «Alatau Creative Hub» орталығы және Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарға үздіксіз қызмет көрсете бастады.
Оқушылардың көркем әдебиетке қолжетімділігі артты. Ендігі мақсат – олардың авторлық шығармашылығын насихаттау! Нақтырақ поэзия, проза үйірмесі орталықтарын жасақтап, шығармашылыққа бейім балаларды шыңдау керек. Өйткені елімізде әлі күнге дейін поэзия немесе прозалық мектептер жоқ. Кітапқа қызығушы жастар өзінің талантын, шығармашылығын қалай дамытуды біле бермейді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жастар – жарқын болашақ! Тәуелсіз Отанымыздың тірегі, кемелді болашағы! Жастардың әр күндері жарқын істерге толы болғай! Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын!
Индира БІРЖАНСАЛ
Индира Біржансал жарайсыз! Жазарыңыз таусылмасын! Қоғамға ой салар жақсы мақалар жазып жүрсіз!!!