Анар МУСАЕВА: «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп-салдары тереңде жатыр…»

0
1494

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінгі қоғамның ащы запыранына айналды. Бұрындары шымылдық артында қалып қойған бұл жабық тақырып, қазір жаңалықтардың көш басында тұр. Күнара емес, күніне отбасынан зәбір көрген бір адамның тағдыры туралы естиміз, оқимыз, кейде шошитын халге жеттік. Осындай жайсыз оқиғалармен бетпе-бет келіп, талай жанның тағдырына араша түсетін – полиция қызметкерлері. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған сәт-сағаттан бастап жәбірленушінің психологиялық жағдайына дейін бақылауда ұстайды. Бұл ретте дәл осы қиын да күрмеулі қызметті бес жылдан бері қалтқысыз атқарып келе жатқан Тараз қалалық Полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Мусаевамен сұхбаттасып, мәселеге жан-жақты қарап, талдау жасаудың сәті түсті.

– Анар Бекзатқызы, бұл саладағы сіздің атқаратын негізгі бағытыңыз бен қызметіңіз қандай?

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықты алдын алуда әйелдерге өзінің құқықтарын түсіндіру негізгі бағытым. Көбінесе әйелдер қауымы отбасында зәбір көріп, барар жер, басар тауы болмай қалғанда абдырап, не істерін білмейді. Біз осындай әйелдерге құқықтық кеңес береміз. Зорлық-зомбылық көрiнiстерiне байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту мәселелерi бойынша жүйелi түрде дәрістер өткіземіз. Психологиялық қысым көрген әйелмен ең бірінші кезекте болған жайтты нақтылай анықтау мақсатында сұхбат жүргізіліп, психологиялық қолдау көрсетіледі. Мысалы, ұзақ жылдар бойы зорлық көрген болса, әйелдің мәселесін талқылау арқылы мотивация беріп, дұрыс шешім қабылдауына, тиянақты ойлануына мүмкіндіктер жасаймыз. Ондай әйелдерге әлеуметтік көмек көрсету орталығынының психологтары да бұл бағытта жан-жақты қолдау білдіреді. Біз осы орталықпен бірлесіп жұмыс істейміз. Әйелдің өзін жетілдіруге деген ұмтылысына, алға мақсат қоюына мән береміз. Әрине, ең бірінші кезекте жәбірленушінің зорлық көру себебін анықтап аламыз. Жұмыс осыдан басталады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қалада орын алатын қылмыстардың сипаты қандай? Яғни көбінесе орын алатын жағдайды сипаттап өтсеңіз…

Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары біржақты сипатта емес. Өкінішке қарай зорлық көріп жатқан әйелдер де, еркектер де бар. Көбінесе азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар бірге отырып ішімдік ішеді. Мұның соңы қызғаныштан ұрып-соғуға алып келеді. Мас күйде болса ауыр жарақатқа дейін алып барады. Биылғы тіркелген қылмысқа талдау жасасақ, фактілер көбінесе азаматтық некедегі жұбайлардың арасында тіркелген.

Бұл қылмыстарды ашуда құқық қорғау органдары көбінесе қандай қиындықтарға тап болады?

– Полиция қызметкерлері өз жұмыстарын қашан да заң жүзінде атқарады. Заң бар жерде тәртіп бар. Сондықтан мұндай қылмыстарда, біз қандай да бір қиындыққа тап боламыз деп айта алмаймын. Оның үстіне тұрмыстық зорлық болған жағдайда, оның белгілері тайға таңба басқандай көрініп тұратындықтан мұндай қылмыстарды ашу аса қиындық тудырмайды. Кейде бұрын бірге тұрған, бірақ ажырасқан отбасылар арасынан отбасы жанжалы «күйеуім балаларды алып кетті» немесе «әйелім балаларды көрсетпей жатыр» деген сияқты шақыртулар да болып жатады. Мұндай жағдайлар әкімшілік құқық бұзушылық қатарына кірмейді.

Жалпы тұрмыстық-зорлық зомбылық қылмыстары қандай заңдық нормалармен қаралады? Яғни жәбірлеушіге қандай жаза түрлері тағайындалады?

– Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға өзгеріс енген болатын. Қазір біз кейінгі өзгерістерге сәйкес, жәбірленушінің арыз-шағымына қарамай бірден әкімшілік іс қозғаймыз. Бұрын біздің құқық қорғау қызметкерлерінің қолы байлаулы болса, қазір құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша бірден іс қозғау тетігі бар. Ең біріншіден, бұрын зорлық фактісі жәбірленуші арызданса ғана тіркелетін. Бұл жерде зардап шегушінің өтінішісіз (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалып іс-құжат сотқа жолданады.

Хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап тексеру хаттамасы, жәбірленушіден түсініктеме алу, куәлардың, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының, сондай-ақ полицейдің бейнетіркегішінің жазбасы жетіп жатыр. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Енді сотта тек бір рет татуласуға болады, қайталанған жағдайда татуласу мүмкін емес, яғни дебошир жауапқа тартылады. Мұндай норма жәбірленушіні психологиялық қысымнан қорғау үшін қабылданып отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заңсыздыққа барғаны үшін (73-бап, 73-2 бап, 73-2 бап, 461 бап, 669-баптың 2-бөлігі, 669-баптың 3-бөлігі) әкімшілік қамауға алу мерзімдері белгіленген. Алайда ішкі істер органдары құқықтық тәртіпті сақтаушы орган болғандықтан алдыңғы кезекте арыздың шындық екеніне көз жеткізіп барып, іс қозғайды. Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы «Отбасылық тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтар» деп аталады. Бұл дегеніңіз, барлық тұрмыстық жанжалдарды айтып тұр. Оның ішінде құқық бұзушы жәбірленушіні жай ғана сөзбен балағаттаса да, әкімшілік іс қозғалады. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту немесе 5 тәулікке қамаққа алу қарастырылған. Енді осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған уақытта ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады. Ұрып-соғу үшін 10 тәулік қамау; қайталанса 20 тәулікке; денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке қамау; қайталанса 25 тәулікке қамауға; ал қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту алынып тасталып, 10 тәулікке қамау қарастырылады.

Мінез-құлыққа ерекше талаптар орнатуды бұзғаны үшін айыппұл алынып тасталып, ал қамаудың мерзімі 10 тәулікке ұлғайтылды, бұзу қайталанса 20 тәулік қамау, бұрын 10 тәулікке дейін болған.

Ал алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіледі?

– Ең алдымен хабарлама түскен мекен-жайға барып, зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында шаралар қабылданады. Профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Мән-жай ішкі істер органдарына хабарланады. Қорғау нұсқамасы шығарылып, профилактикалық есепке алып, сосын отбасы 30 тәулікке есепке алынып, мекен-жайға бақылау күшейеді. Одан кейін әкімшілік аумақтағы учаскелік полиция инспекторы мекен-жай бойынша жәбірленуші және құқық бұзушымен сұхбат жүргізіп отырады. Біз де инспектормен бірге барып, жәбірленуші әйелмен сөйлесеміз.

Мұндай жағдай орын алған сәтте құқық қорғау органдарының қандай салалары мен бөлімдері жұмысқа тартылады? Мәселен, ювеналды полиция сынды?

– Біріншіден, әкімшілік аумаққа жауап беретін полиция инспекторына хабарласып, отбасының жағдайы туралы толық ақпарат аламыз. Мекен-жайға әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің қызметкері учаскелік полициямен бірге барады. Сонымен қатар жанымызда психолог болады. Егер кәмелет жасына толмаған балалар тарапынан зорлық жасалса, ювеналды полиция қызметкерлері еріп барады. Егер ол отбасында өмір сүру қауіпті болатын болса немесе әйелдің баратын жері қалмаса, біз өз тарапымыздан жәбірленуішіні әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырамыз. Орталыққа апарғаннан кейін келесі күні комиссия отырысы өтіп, зорлық-зомбылыққа жататыны немесе жатпайтыны анықталып, шешім қабылданады. Орталықты жәбірленуші 6 айға дейін паналай алады.

Отбасына жәбір көрсетіп, бір рет жазасын өтеп, үйіне оралған соң сол әрекетін қайталаған азаматтар көп пе?

– Мұндай жағдайлар көп емес.

Қазір полицияға хабарласуға жүрексінеміз. Себебі «жалған қоңырау» етіп тіркеп жіберетін сияқты. Полицияға хабарлаған адамның өзі жауапкершілікке тартылып жатқан жағдайларды көрдік.

Егер ондай жағдайға куә болып жатсаңыз, бірден 102-ге хабарласа берсеңіз болады. Бізге ондай қоңыраулар жиі түседі. Егер сіз сондай жағдайға куә болып, полицияға қоңырау шалатын болсаңыз, сіз туралы ақпараттың бәрі, сіздің хабарласқаныңыз құпия болып сақталады. Хабарласқан адам жауапқа тартылмайды. Керісінше куә болсаңыз, хабарлауға тиістісіз. Себебі ол жерде жазатайым адам өліп кетуі немесе қандай да бір ауыр зақым жасалуы мүмкін. Сіз мекен-жайды көрсетсеңіз, сол жерге барып мән-жайды бақылауға алады. Өкінішке қарай, біздің әйелдер отбасында болып жатқан проблеманы жасыруға тырысады. Қылмыстардың ашылуына осы нәрсе кедергі келтіреді. Тексеріс барысында, отбасы мүшелері ішкі істер органдарына мүлде жүгінбеген болып шығады. Мәселен, былтыр дағдарыс орталығына бір әйел түсті. Өмірге 5 бала әкелген. Соңғы 8 жыл бойы күйеуінің ұрып-соғуына шыдап келген. Себебін сұрасақ, «балаларымның әкесі ғой, баратын жерім жоқ» деп жауап береді. Осындай қорқыныштың жетегінде таяққа төзіп жүре береді. Қазақы менталитетіміздің олқы тұстары баршылық. Көп кедергі жасайды. Хабарласу арқылы ауыр зардапқа әкелуіне жолын кеседі. Көршілердің қоңырауы бойынша жағдайды жәбірленуші теріске шығарса да, ерлі-зайыптылардың екеуінен бөлек, үйдегі 15 жастан асқандардың бәрінен түсініктеме алынады. Әрі қарай осы айтылғандар мен бейнетіркегіштегі дәлелдемелерді сот өзі көріп, шешім шығарады. Ал егер куәлердің берген хабарламасы бойынша ешқандай дәлел табылмаса, ол адамның өзін жалған ақпарат беру фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Қазір отбасында психологиялық қысым көріп, ақыл-ойында ауытқушылық пайда болып, күйеуін немесе перзентін өлтіріп алып жатқан әйелдердің деректері жиілеп кетті. Мұндайды алдын алу үшін не істеуге болады?

– Жалпы әйел адамның санасында сілкініс болып, ақыл-ойы ауытқып, адам шошырлық жағдайға баруы мүмкін екенін алдын алу өте қиын. Егер адам өз миында өзгеріс болып жатқанын сезсе, алдымен өзі барып арнайы органдардан немесе психологтан көмек сұрауы тиіс. Өкінішке қарай, жаңа айтып өткенімдей, бізде әйелдер ұзақ жылдар бойы зәбір көріп жүріп, онысын айтпай, жасырып, соңы өкінішке толы жағдайларға алып келіп жатыр. Оның тағы бір себебі, адамдар бір-бірімен сөйлеспейді. Бір-бірінің жан-дүниесінде не болып жатқанынан хабарсыз. Әйелдер үйінде зорлық-зомбылық көргені туралы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлеріне келіп айтып бере алады. Келгенін құпия ұстаймыз. Жағдайына құлақ түріп, әрі қарай көмек қолын созамыз. Психологтарды жұмылдырамыз. Бізде психологтардың кабинеті тәулік бойы жұмыс істейді. Әйелдер ата-енесінен, ағайындарынан қорқып, «сотқа барды» дегеннен үркіп, бәрін ішіне бүгіп, төзіп жүреді. Ұзақ уақыт өкпе-реніш, ыза күйінде жүрген адам сөзсіз бірдеңеге ұрынады. Сорақысы, зияны айналасына тиіп кетеді.

Осы салада қызмет атқарып келе жатқан маман ретінде сізді қатты толғандыратын мәселелер мен мысалдар бар ма?

– Зорлық-зомбылық дегеннің өзі ауыр мәселе. Бірақ мамандығымыз осы болғандықтан ынтамен жұмыс істейтініміз рас. Затым әйел болғандықтан өзіме әйелдердің жан-дүниесін түсіну әлдеқайда оңайырақ. Ең қиын сәт – отбасылық жанжал туып, күйеуінен зәбір көрген әйел дағдарыс орталығына келгенде өтетін комиссия отырысы. Неше түрлі тағдырлар, жантүршігерлік жағдайлар, жылаған бала, қаншама жылдарын азапта өткізген әйелдердің өкініші. Осының бәрін тұла бойыңнан өткізіп, сезініп, оларға ұдайы қолдау көрсетіп отыру үшін де мықты төзім керек. Дағдарыс орталығында орын болмаған жағдайда Қордай ауданындағы орталыққа жібереміз. Кейде тіпті қаражаты болмай, өз қалтамыздан төлейтін де жағдайлар болады. Ең бастысы көмек беруден қашпаймыз.

Дағдарыс орталығына сұраныс көп пе?

– Өкінішке қарай сұраныс көп. Орын жиі жетпей қалып жатады. Бұрын 27 орын болатын. Жаңа ғимаратқа көшкелі 51 орын болды. Дағдарыс орталығы тек облыс орталығында ғана бар. Ал аудандарда арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Егер шалғай аудандарда зорлық фактілері тіркелсе, әйелдер бала-шағасымен учаскелік полицияның жауапкершілігімен облыс орталығына жеткізіледі. Ағымдағы жылдың бір-екі айында отбасылық кикілжің оқиғалары азайып келеді. Ол жаңа заңның қабылдануына байланысты деп ойлаймын.

Жалпы, маман ретінде, өз тәжірибеңізге сүйене отырып, отбасылық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері қандай деп ойлайсыз?

– Шын мәнінде бұл мәселеге бір жақты қарап, бір жақты жауап беру қиын. Мәселенің төркіні әріде жатыр. Біз, полиция қызметкерлері, болған жағдаймен күресеміз және мұндай жайлардың қайта қайталанбауы үшін күш саламыз. Ал негізгі себебін ауыздықтау біздің еншімізде емес. Меніңше, оның себебі қоғамда, адами құндылықтардың бәсеңсуінде. Ата Заңымызда «Мемлекеттің басты құндылығы – Адам» деп нақты жазылған. Әрбір отбасында баланың өмірге келген сәтінен бастап осы дүние санасына сіңе беруі тиіс. Әр ата-ана осы үрдісті үйретуі керек. Заңның алдында бәрі тең. Ешқандай адам екінші бір адамға зиян тигізе алмайды. Ол заңға қайшы. Моральдық тұрғыдан да, тәрбие тұрғысынан да, заң жағынан бұл дұрыс емес. Мұндайға барған адам міндетті түрде жазаланады. Жазадан сытылып кете алмайды. Осыны біліп өскен бала, ержеткенде бөтен адамға қиянат жасай алмайды. Мәселенің түбі – тәрбиеде. Сосын қазақы менталитетті желеу қылып адамның таңдауына, қалауына, арманына қол сұғушылық біздің өңірлерде жиі орын алатын жайт. Бұл тұрғыда негізгі сын Отбасы институтына айтылады. Шындығында қазақтың дәстүрлі менталитеті адамды қанаушылыққа емес, сыйластыққа, мейірім мен жанашырлыққа үйретеді. Бірақ, өкінішке қарай «дәстүрді ұстану деген осы» деп көптеген отбасылар шектен шығып, әйел адамның құқын аяққа таптап жатады. Тіпті соққыға жығылмаған күннің өзінде, психологиялық қысымда өмір сүреді. Жылдар бойы бойында жиналған травма бір күні үлкен өкінішке алып келеді. Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірімен үнемі сырласып, шер тарқатысып тұрғандары жөн. Ешкімнің қалауына, арманына, таңдауына қол сұғылмаған мамыражай жағдайда ғана адамдар бақытты өмір сүріп, бір-біріне зәбір көрсетуді ойға алмайды. Тағы бір қиын да күрмеулі себеп – адамдардың ішімдікке тәуелділігі. Адамдар мұндайда ауыр қылмыстарды есін білмеген күйде жасайды да, өз-өзіне келгенде опынып жатады. Сондықтан адам жаман әдеттер мен тәуелділіктен аулақ болғаны жөн. Менің пайымымда, осы дүниелер дұрыс жолға қойылған жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары азаяды.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here