Сыртқы саясат: Мүдделер тоғысы

0
1348

Құбылмалы әлем, қым-қуыт жаһан. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде сындарлы саясат жүргізіп, ел ішінде тұрақтылықты сақтаудың маңызы зор. Бейбітшілік пен дамудың айқын үлгісі саналатын Қазақстан егемендіктің елең-алаң кезінен бері халықаралық байланыстарға жете назар аударып келеді. Көпвекторлы сыртқы саяси стратегия – дипломатиялық қарым-қатынастардың жандануына, мемлекеттер арасындағы байланыстардың берік бекемделуіне негіз болды. Еліміздің «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан да оң бағасын алды.

Ширек ғасырдан астам уақытта тиімді келіссөз бен мәністі мәмілегерлік, қайырлы қарым-қатынас пен бейбіт бітімгерлік  – Қазақстанның басты миссиясына айналып үлгерді. Бұл – тұрақтылық –бейбітшілік – даму сынды үштаған ұғымды ұстаным ретінде алған еліміздің өзіндік ерекшелігі.

Бүгінде сан мүдделер тоғысқан сыртқы саясатта нендей басымдықтарға мән берілуде? Қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуалды тұрақтандырудағы Қазақстанның рөлі қандай? Таразылаймыз.

БАСТАМАЛАР БАЯНДЫ ІСКЕ БАСТАЙДЫ

Қазақстан 1992 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. 30 жылдан астам уақыт аралығында еліміз бірқатар маңызды бастамаларды қолға алып, ұтымды істердің ұйытқысына айналды.

Қазақстанның әлемдік ұйым мүшесі ретіндегі алғашқы ұсынысының бірі Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға мұрындық болуы. Еліміздің 1992 жылғы БҰҰ-ның 47-сессиясындағы идеясы алпауыттар тарапынан кеңінен қолдау тауып, қанатқақты идея беделді һәм ықпалды халықаралық ұйымның пайда болуына тікелей себепкер болды. Қазіргі күнде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өңірдегі 30-дан астам мемлекеттің басын біріктіріп отырған іргелі саяси құрылымға айналды. Конструктивті келіссөздерге негізделген ұйым Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізін қалыптастырып, мызғымас ынтымақтастықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келеді.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның алғашқы тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздің бастамалары аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, күрделі геосаяси мәселелерді оңтайлы шешуге серпін бергенін айтады.

«Қазақстан әлемдік ұйымның мүшелігіне қабылданған алғашқы күннен-ақ әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің оң шешім табуына белсене атсалысты. Әсіресе, еліміздің ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы – жаһандық қауымдастық тарапынан оң бағасын алды. Бұл – жаңадан іргесін көтеріп, егемендігін енді жариялаған жас мемлекеттің бейбітшілікті сақтаудағы батыл қадамы, маңызды шешімі деп бағаланды», – дейді Ақмарал Арыстанбекова.

БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы Бағдарламасы (СПЕКА) да Қазақстанның ынта танытуымен дүниеге келген жобаның бірі. Аталған бағдарламаның нәтижесінде оған мүше мемлекеттердің экономикасы бірнеше есеге өсіп, даму көрсеткіштері қарышты қарқындаған. Ресми деректерге сенер болсақ, экономикалық өсім көлемі жүздеген миллиард долларды құрайды.

Бұдан бөлек, еліміз БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының ашылуына ықпал етті. Штаб-пәтері Түркіменстан астанасы Ашхабадта орналасқан ұйым өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және ықтимал қатерлерді анықтау мақсатында қызмет етеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартының қабылдануына да бастамашылық танытты. Ал, 2015 жылы еліміздің ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясы қабылданды. Әлемде бейбітшілікті сақтап, тажал қарумен күресуді көздейтін маңызды құжатқа 35 мемлекет теңавтор болды. Өзге де өзекті бастамалар қатарында жаһандық экологияны жақсарту, жасыл экономикаға көшу, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жобалар бар.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 75-сессиясында биологиялық қаруға бақылау жасайтын жүйе даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түскен. Сондықтан да улы қарудың мол қорын дайындауға және өндіруге тыйым салуды күшейткен абзал. Жаһан елдерінің жетекшілері бас қосқан сессия барысында Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру идеясын зерттеуді ұсынып, осы тақілеттес орталықтардың бірін Қазақстан аумағында орналастыруға дайын екендігін жеткізді.

БҰҰ өкілі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанның әлемдік ұйымдағы баянды бастамалары мен өміршең идеялары өзге мемлекеттер үшін үлгі, шабыттың қайнар көзі деп баға берді. Отыз жылдан астам уақыттағы Қазақстан мен БҰҰ-ның ырысты ынтымағы – адамзат игілігі үшін маңызды істердің еңсерілуіне, әлемде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына түрткі болды. Мәселен, осы жылдар аралығында 400-ден астам түрлі бағытта жобалар жүзеге асып, 27 әлемдік және өңірлік деңгейдегі ұйымдар құрылған. 

ТҰРАҚТЫЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК БІТІМГЕРЛІК

Осы үштаған ұғымды басты ұстаным ретінде ұстанған Қазақстан әлемдегі шиеленісті оқиғалар мен түйіні тарқатылмаған түйіткілді мәселелердің оң шешім табуына әрдайым мүдделі. Соның нақты айғақтарының бірі – еліміздің бітімгершілік миссияны іске асырудағы белсенділігі.

Еліміз 1992 жылдан бері ірілі-ұсақты бітімгерлік операцияларға қатысып келеді. Атап айтқанда, 2001 жылға дейін 9 мыңнан астам әскери қызметші тәжік-ауған шекарасындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тапсырмаларды орындады. 2003-2008 жылдары аралығында «Қазбат» бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік отрядының 300 мүшесі Ирактағы әскери іс-қимылдарға қатысты. Ал, 2007 жылдан бері Қазақстанның Қарулы Күштерінің 500-ден астам қызметшісі Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Ливандағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларын орындап, әскери дағдыларын арттыруға мүмкіндік алды. Бүгіндері сарбаздарымыз Орталық Африка Республикасы, Конго, Сирия, Мали, Ирак, Ауғанстан сынды тынышы кетіп тұрған елдерде өздеріне жүктелген міндеттерді қалтқысыз жүзеге асыруда.

Биылғы жылдың қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ бітімгерлік миссияларына жолдау туралы ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, 430 маман Таяу Шығыс пен Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссияларына қатыспақ. Бүгінде аталған өңірде 12 елден барған мыңнан астам әскери қызметші жұмыс атқарып жатыр. Қазақстандық әскерилер төрт операцияға қатысады. Атап айтқанда, Голан биіктерінде, Оңтүстік Судан Республикасында, Абьейде және Палестина мен Израиль арасындағы бітім шартының орындалуын бақылайды.

Мемлекет басшысының әскери контингентті шекара асыру туралы ұсынысы Парламент тарапынан қолдау тауып, Қорғаныс министрлігінің алғашқы бітімгерлік күштері Таяу Шығысқа аттанды.

БҰҰ тұңғыш рет елімізге тәуелсіз әскери операция жүргізуге рұқсат беріп отыр. Армия қызметкерлерінің 139-ы Сирия мен Израиль арасындағы Голан жотасы аймағындағы ондаған жылдарға жалғасқан атысты тоқтатуға атсалыспақ.

«Бұл миссия біздің әскеріміздің әлеуетін арттыруға, әлемдік тәжірибені зерделеуге мол мүмкіндік береді. Қазақстандық бітімгерлік күштері қарулы қақтығыстарға қатыспайды. Біз БҰҰ-ның тапсырмасына сәйкес бітімгерлік міндеттерді ғана орындаймыз. Мәселен, олардың қатарында бейбіт тұрғындар тұратын аудандарды күзету, коменданттық қызметті атқару кіреді.  Бұл әлемдік ұйымның Қазақстанға және оның қарулы күштеріне деген зор сенімі», – дейді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Президенттің пайымдауынша, бітімгершілік қызметті қолдау, жанжалды реттеу әлемдік қоғамдастықтың әрдайым басты назарында. Контингентті миссияға жіберу – халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға ықпал етпек. Осы орайда айта кетейік, отандастарымыздың БҰҰ аясындағы жұмысына халықаралық мамандар жоғары баға беріп отыр. Бұл Қазақстан қарулы күштерінің әлемдік рейтингтерде беделінің артуына, жоғары көтерілуіне оң әсер етті.

«ЕУРАЗИЯЛЫҚ БЕСТІКТІҢ» БОЛАШАҒЫ БАР МА?

Қазақстан жаһандық деңгейдегі іргелі істерге маңыз берумен қатар, көршілес мемлекеттермен саяси-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға да мүдделілік танытып келеді. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы стратегиялық бастамаларымыз соның айқын үлгісі.

2014 жылғы мамырда елордада шаңырақ көтерген ұйымның басты мақсаты – ұйымға мүше мемлекеттер экономикасының бәсекеге қабілеттігін арттыру, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын көтеру бағытындағы маңызды міндеттерді бірлесе шешу.

Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения және Ресей мүшесі болып табылатын ұйым тек қана экономикалық ынтымақтастықты көздейді және осы орайдағы тиімді механизмдерді іске асыруды мақсат тұтады. Еуразиялық одақтың еліміз үшін тиімді тұстары жетерлік. Көршілес мемлекеттермен тығыз экономикалық ынтымақтастық Қазақстанның әлемдік көлік дәлізі арқылы басқа да нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл экспорттық әлеуетті арттыруға да ықпал етеді.

Бүгінде одақтың институтционалдық және құқықтық рәсімделуі толыққанды аяқталды. Осы арқылы ұйым шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, бірыңғай кедендік бақылау жүйесі енгізіліп, техникалық және монополияға қарсы реттеуге, нақты секторды субсидиялауға бағытталған ортақ құқықтық қадағалау тетігі іске қосылды.  Бұдан өзге, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және өзге де салалардағы бірлескен жобалар жүйелене түсті.

Бұған дейін қол жеткен келісімдердің қорытындысына сәйкес, 2025 жылға қарай ортақ қаржы нарығы қалыптастырылып, электр энергетикасы, газ, мұнай және мұнай өнімдері саласындағы ортақ нарық құрылмақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл мүше мемлекеттердің қаржылық қызметтердің еркін қозғалысына мүмкіндік беріп, газ және мұнай өнімдерін кедергісіз жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы – Еуразиялық одақ аймағындағы энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қолдауға сеп болады.

Былтыр Қазақстанның одаққа мүше мемлекеттермен арасындағы сауда көлемі еселеп артып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда оң өсім көрсеткен. Геосаяси қақтығыстар, санкциялық шектеулер мен текетірестер, логистикалық тізбектердің өзгеріске ұшырауы сияқты факторларға қарамастан еліміздің жылдық экономикалық өсімі 4,9 пайызды құрады.

Бірлесіп ашқан кәсіпорындар саны да айтарлықтай артқан. Мәселен, 2015-2022 жылдары аралығында пайдалануға берілген өндіріс ошақтарының көлемі 2,4 пайызға өсіп, 14 894-ті құраған. Ашылған кәсіпорындардың басым бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, сауда-саттық, тұрмыстық қызмет көрсету бағытында.

Қазақстан тарапы Еуразиялық одақтың тиімділігін арттыру, оның жұмысына тың серпін беру бағытында күні бүгінге дейін 130-дан астам бастамаға ұйытқы болды. Мамандар аталған ұсыныстар маңыздылығы тұрғысынан өте өзекті және сұранысқа ие екендігін айтады. Бүгінге дейін көтерілген бастамалардың 122-сі жүзеге асып, 10-нан астамы орындалу кезеңінде.

Еуразиялық одақтың 2023 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ұйымның озық технологиялар мен инновацияларды кеңінен енгізуі – оның жаһандық аренадағы орнын нығайтып, беделін бекемдеуге серпін беретіндігін атап өтті. Оның айтуынша, мүше мемлекеттер ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуы тиіс. Бұл қадам елдер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді.

ЕАЭО елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде де жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Десе де, әлемдік нарыққа шығарылған ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесі мардымсыз. Шамамен 2 пайыздан астам көлемінде. Қазақстан Президенті бұл мәселеге де назар аударып, кооперациялық байланыстарды жолға қоюдың тетіктерін ойластырудың уақыты жеткендігін айтты.

«Еуразиялық бестіктің» әлеуеті 600 милионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Сондықтан агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін де пысықтаған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Америкалық дарынды дипломат, салиқалы саясаткер Генри Киссинджер Қазақстанды адамзат өркениетінің тал бесігі деп атады. Әлемдік деңгейдегі қайраткердің елімізге бұлай деп ат қойып, айдар тағуының да өзіндік сыры бар. Мыңжылдықтар тоғысында Еуразия төсінде түрлі өркениеттердің өрістеуіне үлес қосқан Қазақстан бүгінде де жер-жиһандағы баянды бастамаларға дәнекер болып келеді. Еңселі еліміз егемендігін алған ширек ғасырдан астам уақыттан бері бейбітшіліктің бесігін тербетіп, тұрақтылықтың айқын үлгісіне айналды. Әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер мен келелі келіссөздер де Қазақстанда өткізіліп, жағымды жалғасын тауып келеді.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here