Мазасыз мүйіс: Иран Израильге шабуыл жасады

0
760

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жексенбі күні кешке Иранның Израильге бұрын-соңды болмаған шабуылына арналған шұғыл отырысқа жиналды. Алайда, ұйымның қабырғасында отырысқа қатысушылар ортақ келісімге келе алмады. Егер АҚШ, Ұлыбритания және Франция өкілдері Иранның іс-әрекеттерін қатаң айыптаса, ал Ресей мен Қытай дипломаттары қазіргі шиеленістің негізгі себебіне тоқталуды жөн көрді.

ИЗРАИЛЬГЕ АҚШ, ҰЛЫБРИТАНИЯ, ФРАНЦИЯ БОЛЫСТЫ

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранның Израильге шабуылын талқылау Иерусалимнің өтініші бойынша өтті. Осы отырыста бір мезгілде Қауіпсіздік кеңесіне жанжалдың екі тарапынан екі хат келіп түсті. Бірінші – еврейлер «Иранның БҰҰ Жарғысын бұзғанына» шағымданды. Дегенмен, Иерусалим 1 сәуірде Сирияның Иран елшілігіндегі ғимаратына соққы бергені туралы жақ ашпады. Бұл іс жүзінде Тегеранның жауап шабуылына себеп болғанын бәрі түсінеді. Екінші шағым парсыларға тиесілі. Тегеран «Израильге жасалған соққы Иранның өзін-өзі қорғау құқығы аясында кек алу актісі болды» деп хабарлады. Демек, Иран БҰҰ Жарғысының 51 бабына сүйенді.

Айта кетейік, жексенбіге қараған түні Иран Израильге қарай 185 «Shahed-238» дрондар, 36 баллистикалық және 110 «жер-көк» аталатын зымырандар ұшырылды. Негізгі мақсаттардың қатарында әскери базалар, аэродромдар және үкіметтік нысандар болды. Барлық шабуыл шамамен бес сағатқа созылды. Тегеран бұл әрекетті 1 сәуірде Дамаскідегі елшілігіне жасалған соққыға жауап ретінде түсіндірді және өз мақсатына жеткенін мәлімдеді. Иерусалимнің айтуынша, сырттан келген соққының 99 пайызының көзі жойылған.

Алғашқылардың бірі болып мінберге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш шықты. Иран Ислам Республикасының Израильге жасаған кең ауқымды шабуылын қатаң айыптады. Артынан 75 жастағы дипломат Израильдің Дамаскідегі Иран елшілігіне жасалған шабуылды ашық айыптап, екі тарапты да сабырға шақырды.

«Аймақ болсын, әлем болсын тағы бір соғысқа дайын емес», – деп ойын жасырмай айтты БҰҰ басшысы.

Рас, Антониу Гутерриштің ойымен көп ел қосылады. Израильге Иранның және кез келген басқа елдің жеке меншігіне шабуыл жасауға жол берілмейтіндігін мәлімдеп, қақтығыстың тереңдеуіне әкелуі мүмкін одан әрі агрессивті әрекеттерден бас тартуға шақыра отырып, отырысқа қатысқан елдердің көпшілігі сөз сөйледі. Дегенмен, Франция, Ұлыбритания және АҚШ өкілдері өз сөздерінде Иерусалимді қолдайтын позицияны нақты қабылдады және Тегеранға шабуыл үшін толық жауапкершілік жүктеді. Осылайша, АҚШ-тың тұрақты өкілінің орынбасары Роберт Вуд Тегеранға аймақтағы ирандық проксилерді қаржыландыруға, қаруды рұқсатсыз беруге және коммерциялық кеме қатынасы нысандарына шабуыл жасауға байланысты бұрынғы «агрессивті мінез-құлқын» еске түсірді.

«АҚШ Иранмен шиеленісуді ниеттемесе де, Израильдің қорғану құқығын қолдайды және одақтастармен бірге Тегеранды жауапқа тартуды көздейді», – деп ескертті америкалық дипломат.

Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан «Үшінші рейхтен еш айырмашылығы жоқ» деп Тегеранға да, Иран билігін қолдаған елдерге де шүйлікті. Дәл сол жерде Израильдің әуе қорғанысы Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінің үстінен ирандық зымырандарды қалай тоқтатқаны туралы видеоны көрсетті.

Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Гилад Эрдан Израильдің әуе қорғанысы Иерусалимдегі әл-Ақса мешітінің үстінен ирандық зымырандарды қалай тоқтатқаны туралы видеоны көрсетті…

РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ ИРАН ЖАҒЫНА ШЫҚТЫ

БҰҰ-ға деген талаптарын Мәскеу айтты. Ресей Федерациясының ұйымдағы тұрақты өкілі Василий Небензя БҰҰ Бас хатшысы 1 сәуірде Дамаскідегі Иран елшілігінде болған оқиғаға аз көңіл бөлгеніне өкініш білдіріп, Антониу Гутерришті Қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне Израильдің көршілес Сирия мен Ливанға жасаған тұрақты шабуылдары туралы белсенді түрде жеткізуге шақырып: «Егер сіз мұндай әрекеттерді байқамасаңыз, біз бөлісетін барлық тараптардың ұстамдылығына шақыруыңыз бекер болуы мүмкін», – деп ескертті ресейлік дипломат.

62 жастағы дипломат Ресей мен Қытайдың жақында Израильдің Дамаскідегі Иран елшілігінде жасаған шабуылын айыптауды қолдамаған АҚШ, Ұлыбритания және Францияның бүгінгі әрекетін екіжүзділікке бағалады.

«Сонда олар Вена конвенциясының тиісті тармақтарында белгіленген дипломатиялық және елшілік нысандарға қол сұғылмаушылық туралы халықаралық құқықтың базалық қағидаттарын растаудан бас тартты. 14 сәуірге қараған түні болған Израильге Иранның қадамдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің әрекетсіздігіне жауап болды», – деді Василий Небензя.

БҰҰ жанындағы Қытай Халық Республикасының тұрақты өкілінің орынбасары Дай Бин де осыған ұқсас ұстанымды білдіріп, Израиль мен Иранның қақтығысын Таяу Шығыстағы жалпы жағдай тұрғысынан қарауға шақырды.

«Екіжақты шешімді толық іске асырудың баламасы жоқ. Бұл Палестина-Израиль қақтығысындағы зорлық-зомбылықты тоқтатудың жалғыз жолы», – деп атап өтті қытай дипломаты.

Отырыс соңында Иран мен Сирия өкілдеріне сөз берілді. БҰҰ жанындағы Сирия Араб Республикасының тұрақты өкілі Кусей ад-Дахактың сөзінше, Израильге шабуыл – БҰҰ Жарғысының 51-бабында көрсетілген Иранның өзін-өзі қорғау құқығының контекстінде ғана жүзеге асырылған шара болды. Ал, БҰҰ жанындағы Иранның тұрақты өкілі Әмір Саид Иравани әдеттегідей Тегеранның ұстанымын айқындап берді.

«Барлық әскери мақсаттар өршу мүмкіндігін азайту және бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеу үшін мұқият таңдалды», – деген тұрақты өкіл алдымен Сириядағы Иран елшілігіне жасалған қарулы шабуылды айыптаған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне алғысын білдірді және ресейлік әріптесі сияқты АҚШ, Ұлыбритания және Францияға «шындыққа тағы бір рет көз жұмып, қазіргі жағдайға ықпал ететін негізгі себептерді елемеуге шешім қабылдағанына» өкініш білдірді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бес мемлекеттің ғана қарарды бұғаттай алатын дауысы бар. Олар АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей елдері. Әдеттегідей АҚШ, Ұлыбритания, Франция бірдей дауыс береді, Қытай мен Ресей бірге. Бұл жолы да солай болды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here