Жаһандық нарыққа бастар жол

0
1486
Қазақстанда бес трансшекаралық хаб 2030 жылға дейін құрылатын болады...

Осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын Еуропалық Одақтың негізін салушылардың бірі Робер Шуман (1886-1963): «Бүкіл әлемде қауіптілік деңгейі қаншалықты болса, соншалықты жасампаз күш салмай бейбітшілікті сақтау мүмкін емес», – деді. Бүгінде геосаяси өзгерістер заманында бейбіт өмірді сақтау жаһандық қоғамдастықтан бірлескен іс-қимылды, үнемі белсенді қатысуды қажет етеді. Осылайша, дағдарыстар мен әлемдік турбуленттілік кезеңінде логистиканың рөлі бірнеше есе ұлғайды. Логистика қызметтің кең ауқымын қамтып, экономикаға, бизнеске, жаһандық сауда мен жеткізу тізбегінің тиімділігіне айтарлықтай ықпал етеді.

ЕЛІМІЗ ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМДІ КӨПІРГЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛАДЫ?

Еуразия жүрегіндегі Қазақстан өзінің географиялық орналасу ерекшелігіне қарай әлемдік саудада стратегиялық рөл ойнайды. Соңғы онжылдықта елімізде Еуропа мен Азия арасындағы тасымалдың негізгі торабы болуға, инфрақұрылымды нығайтуға ұмтыла отырып, жаңа көлік-логистикалық дәліздері белсенді түрде құрылуда. Осы ретте Қазақстан әлемдік мұхиттарға шығатын жолы жоқ ірі мемлекет екенін атап өту керек.

ЮНКТАД (БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы) деректеріне сенсек, бүгінде әлемдік сауданың барлық көлемінің 80 пайызы теңіз арқылы жүзеге асырылады. Алайда, Қызыл теңіздегі (Суэц арнасы) оқиға құрлықтағы сауда жолдарын дамыту маңыздылығын көрсетті. Еске сала кетсек, Йемендегі хуситтер өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Қызыл теңіздегі халықаралық саудасы үшін стратегиялық тұрғыда анағұрлым маңызды мұхит су жолының бірін жапты. Әлемдік саудаға айтарлықтай шығын келтірілді. Сол себепті АҚШ пен Ұлыбританияның әскери теңіз күштері Йемендегі хуситтер топтарының әскери нысандары бойынша ракетамен алыстан шабуыл жасау жұмыстарын жүргізуде.

Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлемдік жеткізу тізбегінің қызметі мен энергия тасығыштардың жаһандық қауіпсіздігіне ықпал ете отырып, ғаламдық экономикалық дағдарыстарға әкелді. Әскери қақтығыстар сауда жолдарының, әсіресе, ол стратегиялық маңызды өңірлерде болса, сауда нүктелерінің қысқаруына әкелуде. Шекаралардың жабылуы, тасымалдау қаупінің күшеюі және кедендік рәсімдеудің өзгеруі тауарлардың халықаралық тасымалын қиындатуда. Бұл жағдайға Бейжіңге де әсер етті.

Рас, Қытай Халық Республикасы осымен он жылдан астам уақыт бойына жер бетінің барлық түкпірлеріне тауарлар жеткізе отырып, әлемдік ірі экспорттаушы болып отыр. Экспорттың қарқынды өсуі аспан асты елінің экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналады. Қытай өнімдерінің айтарлықтай көп бөлігі АҚШ пен Еуропа нарықтарына да жеткізіледі.

Жыл сайын Қытайдан шығатын шамамен 10 миллион контейнердің 96 пайыздан астамы теңіз жолымен тасымалданады. Қалған 4 пайыздайы Солтүстік немесе Жоғарғы дәліз ретінде кеңінен таныс құрлықтық бағдар арқылы әкелінді. Бұл бағдар Беларусь еліне жетіп, соңында Еуропаға баратын Ресейдің құрлық бөлігі арқылы өтетін Транссібір теміржол магистралін пайдаланады. Тарихи тұрғыда бұл бағдарға жер беті тасымалының негізгі бөлігі жатады. Солтүстік дәлізді көбі жақсы пайдаланды, себебі бұл жол арқылы су айдындарында жүк тасу қажеттілігі жоқ шекара өткелдері мен елдер анағұрлым аз. Алайда, қазіргі саяси және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты бұл бағдар өзінің өзектілігін жоғалтып, тасымалдаушылар балама нұсқалар іздеуге мәжбүр.

Қытай мен Еуропаны біріктіретін екі балама дәліз бар: Оңтүстік дәліз, оны Төменгі дәліз деп те атайды және Солтүстік дәліз. Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран және Түркия арқылы жалғайтын Оңтүстік дәліз тарифтердің өзгеруі мен Иранға қарсы санкциялар мен шекарадан өтудегі проблемаларға байланысты көптеген компаниялар үшін тартымды бағдар болмады. Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай, Пәкістан, Сирия және Ирактағы ИРИ ракеталардың іске қосылуы бұл бағдарға пайдалы ұпай қоспайды.

Жүктер тасымалдауда қазіргі таңда анағұрлым тиімді нұсқа – Орта дәліз. Оның бұлай аталуы Солтүстік және Оңтүстік дәліз арасынан өтетіндігіне байланысты болған. Бағдар Қытайда басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға дейін жетеді. Бұл бағдар соңғы уақытта Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы балама ретінде көбірек мәнге ие болып келе жатыр.

ОРТА ДӘЛІЗДІ ДАМЫТУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ НЕДЕ?

Транскаспий халықаралық көлік бағдары Орта дәліз ретінде де белгілі, бұл дәліз Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Шығыс Еуропа экономикасы арқылы Еуропалық Одақ және Қытайдың контейнерлік теміржол жүк тасымалы желісін біріктіретін сауда бағдары.

Ұзақ уақыт бойына Шығыс пен Батыс арасындағы транзитте жүрген Солтүстік дәліздің күрделі саяси мәселелері мен қауіпсіздік жағдайы, сонымен қатар қолайсыз ауа райын ескерсек, Орта дәліз Орталық Азия экономикасына Қытай мен Еуропа арасындағы саудадан пайда тапқызатын баламалы бағдарға айналады.

Орта дәліз бірнеше елдің мүддесін танытады және мультимодальды көлік бағдарларын олардың тиісті юрисдикциясы арқылы дамыту ниетімен Қазақстан, Әзербайжан және Грузиядан логистикалық 7 компанияға осы бағдар 2013 жылы ұсынылды. Кейін оған Украина, Румыния, Түркия, Польша секілді басқа да елдер қосылды, бұл Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Орта дәліздің басты артықшылықтарының бірі – орташа есеппен 20-25 күн уақыт ала отырып, Қытайдан Еуропаға жүк жеткізетін, осы бағдармен жүретін пойыздың болуы. Орта дәліз Солтүстік дәлізге қарағанда экономикалық тұрғыда жылдамырақ әрі дұрысырақ, ол 2 000 км қысқарақ және қолайлы ауа райына ие. Теңіз жолымен салыстырғанда, Орта дәліз жолға кететін уақытты үштен біріне қысқартады (15 күнге дейін).

Сонымен қатар, Орта дәліз Түркияның порттық байланыстарын пайдалана отырып, Жерорта теңізі, Солтүстік Африка, Таяу Шығысқа жүк ағынын жеткізуге мүмкіндіктер ашады. Мәселен, Әзербайжаннан Түркияға өтіп жатқан Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі жылына бір миллион жолаушы мен 6,5 миллион тонна жүк алып өтетін өткізгіштік қабілетке ие, ол одан әрі 2034 жылға қарай үш миллион жолаушы мен 17 миллион тонна жүкке дейін артады деп күтілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, 2023 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүктердің көлемі 2,7 млн тонна болып, 2022 жылмен салыстырғанда 86 пайызға артты. Сонымен қатар, Азия даму банкімен келіссөздер нәтижесінде 2024 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын әрі қарай дамыту стратегиясын жасауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы құрлықтағы коммерциялық байланыстар бойынша Солтүстік дәлізді алмастыруда Орта дәліз мүмкіндіктері шектеулі болып қалады. Оның басты мәселесі – Каспий өткеліндегі мультимодальды, яғни жүктерді бір шарт бойынша тасымалдау, ол жерде жүктерді тасымалдау үшін кемелердің Каспий теңізінде Қазақстанда Ақтау/Құрық, Түркіменстанда Түркменбашы және Әзербайжанда Баку/Алят арқылы өтуі талап етілуі, жүктерді өңдеу бойынша шектеулі мүмкіндіктер, инфрақұрылымның дамымауы.

Мультимодальдылық сипаты оны жүк тиеушілер үшін тартымсыз етеді. Контейнерлер Қазақстан, Түркіменстан және Әзербайжан порттарында кемеде түсіру/тиеу жұмыстарын қажет етеді. Инфрақұрылымы да жаңғыртуды қажет етіп тұр. Сонымен қатар, егер негізгі сауда бағдары ретінде Орта дәліз Солтүстік дәлізді алмастыруы керек болса шешілуі қажет рәсімдік және техникалық мәселелері де бар.

ЖАҢА КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ БАҒДАРЛАР ҚАНДАЙ?

Еліміздің географиялық орналасуы Шығыс пен Батыс арасындағы сауда үшін маңызды стратегиялық бөлік болуымызға мүмкіндік береді. Жаһандану процестері күшейген, әлемдік сауда артып жатқан бүгінгі жағдайда еліміз көлік байланыстарын дамытуда уақыт өткен сайын зор мәнге ие болуда. Елімізде экономикалық өсімді ынталандыру және тауарларды тасуды жылдамдату үшін көлік дәліздерін кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде республика арқылы өтетін Қытайдан Еуропаға бағытталған транзиттік құрлықтық тасымалдың көлемі 85 пайызға дейін өсті.

Қазақстан бұл дәлізді негізінен мұнай химия өнімдерін, қара және түрлі түсті металдарды, сұйытылған көмір қышқыл газын, көмір, астық, дәнді дақылдар және басқа да өсімдіктер өнімдерін Еуропаға экспорттау мақсатында пайдаланады. Біз үшін инфрақұрылымды дамыту өте маңызды.

Сонымен, Қазақстан Ақтау портынан Баку портына энергия тасымалдағыштарды жеткізетін танкерлік жаңа флот салумен белсенді айналысуда. Өткен жылғы 26 қарашада Ақтау портында Taraz және Liwa танкерлерін тіркеу бойынша салтанатты жиын өтті. Мұнай құю танкерлері «ҚазМұнайГаз» Ұлтық компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group (ADP) арасындағы ынтымақтастықтың аясында алынды. Танкерлердің бірі Қазақстандағы байырғы қаланың құрметіне «Тараз» деп аталса, екінші танкер БАӘ-дегі оазистің Liwa деген атауын алды. Еске сала кетсек, 2023 жылдың наурыз айынан бастап жылына 1,5 млн тонна көлемде мұнай жөнелтетін Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағдарымен қазақстандық мұнайды жөнелту жұмыстары басталды. Қазақстан мен Әзербайжан паритетті негізде Ақтау-Баку теңіз бағдарымен мұнай тасымалдайды.

Бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Әзербайжан, Грузия, Қазақстан теміржол әкімшіліктері Транскаспий халықаралық көлік бағдарыын игеру бойынша бірлескен кәсіпорын құрды.

«Middle Corridor Multimodal Ltd.» жаңа компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында құрылады. Бірлескен жұмыстар шеңберінде компания бір терезе қағидаты бойынша қызметтер ұсынуға, жеткізу мерзіміне кепілдік беруге, Қытай-Еуропа/Түркия-Қытай бағытында муьтимодальды сервисті дамыту бойынша келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Орта дәлізді Солтүстік-Оңтүстік (INSTC) халықаралық жүк дәлізімен Каспий теңізі арқылы байланыстырып, сол арқылы жүктерді Иран, Парсы шығанағындағы араб елдеріне, Шығыс Африкаға және Үндістанға жеткізу жоспарлануда.

Айтарлықтай ұзақ тарихы бар бұл жоба Астананың негізгі басымдықтарының бірі әрі бір мезетте «Бір белдеу – бір жол» Қытай бастамасының маңызды тармағы. Себебі, Бейжіңдегі халықаралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 15 жылда Қазақстан транзиттік тасымалды қамтамасыз етуге 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсағанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық мәндегі көлік-логистикалық торапқа айналу үшін өте қатты күш салуда. Сонымен қатар, Президент осы бағыттағы бірнеше жобаларды атап айтты: «Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Үш жыл ішінде 1,3 мың км жаңа теміржол салу, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашу, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салу көзделуде», – деді Президент.

Сауда бағдарларын диверсификациялау мәселесі көптен бері талқыланып келеді, бірақ Украинадағы соғыс Ресей арқылы емес, Орталық Азия арқылы өтетін, Еуропа мен Азия арасындағы баламалы сауда бағдарын іздеу өзектілігін арттырды.

Қазіргі заманғы геосаяси сын-қатерлер дәуірінде жаңа көлік-логистикалық дәліздерін дамыту Қазақстан үшін стратегиялық бағытқа айналды. Транскаспий халықаралық көлік бағдары тек еліміздің әлемдік саудадағы орнын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге ол ішкі инфрақұрылым мен әлеуметтік-экономикалық өсімді дамытуға да негіз болады. Көлік саласына салынып жатқан бұл инвестициялар еліміздің экономикалық өсіміне қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.

Қытай-Еуропалық Одақ құрлықтық коммерциялық қатынаста Солтүстік дәлізге қарағанда Орта дәліздің шектеулі өткізгіштік қабілетіне қарамастан соңғы оқиғалар бұл дәліздің үлкен көлемдегі жүктер тарту, қысқа және орта мерзімдегі перспективада жеткізу тізбегінде кедергілерді азайтуда әлеуеті айтарлықтай зор екенін көрсетеді.

Солтүстік дәліз Ресей Федерациясына қарсы санкциялар есебімен өзінің мәнін жоғалтады. Сол аралықта Орта дәліздің маңызы арта түседі. Орта дәліздің ең негізгі мәселелері – Каспий өткеліндегі мультимодальдылық. Барлық жүктерді қабылдаудағы қабілетінің шектеулі болуы және дамымаған инфрақұрылым. Дегенмен, Орта дәліз дамиды және тиімді пайдаланылады, Орталық Азия елдері мен Қазақстанда Қытай мен Еуропа арасындағы саудадан пайда көрудегі маңызды экономикалық мүмкіндіктер туындайды.

Теңізге шығар жолының болмауы Қазақстанды қазіргі таңда әлемдегі теңізге шығатын тіке жолы жоқ, сондықтан мұнайдың әлемдік нарығына да жолы жоқ ең маңызды экспорттаушыға айналдыруда. Бұл құбырлар мен басқа да экспорттық инфрақұрылымға инвестиция салу туралы шешімдер Қазақстан үшін табиғи газ экспортерлері жиі ұшырасатын жайларды еске салады.

Орта дәлізді дамыту бүкіл өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етеді. Мәселен, көлік-логистика саласында жаңа жұмыс орындарын ашу жағынан да, сол сияқты өңірлік саудағы қосалқы ықпалы бойынша да солай.

Шынында да, көлік дәліздерін дамыту және сауда кідірістерін азайту Орталық Азия елдерінің ішкі саудасын дамыту үшін қажет. Бұл сонымен қатар Орталықазиялық өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бағыттарының бірі қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықтың арқасында шекараны кесіп өтуге шығынды азайту және өтуді жылдамдата отырып, көлік дәліздері арқылы кедергісіз бірігуге жол салуға бағытталған.

Өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету және сауданы дамыту үшін көптеген елдердің күшін біріктіру қажет. Ең аз дегенде Орта дәлізді дамытушы елдер кеме, порт, теміржол және логистикалық операцияларды біріктіретін бірыңғай мультимодальды терезе құруға күш салуы керек.

Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда сауда рәсімдерін қысқарту бойынша реформаларға үйлестірілген тәсіл тек Орта дәлізді дамытуға көмектесіп қоймай, ол барлық өңірдегі сауданың дамуына серпін берер еді.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ХАБ ЖЕЛІЛЕРІН ҚҰРА АЛАМЫЗ БА?

Қазақстан Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі толыққанды көлік-логистикалық хаб болуға ниетті. Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы берді, оны жүзеге асыру үшін ел айналасында, Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Ресеймен шекарада және Каспийде көлік-логистикалық және сауда тораптары құрылуда.

Осы желіні құру бойынша жұмыстарды бақылау үшін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин барлық мүдделі мемлекеттік органдар, инвесторлар, осы жобалар жүзеге асырылатын өңірлер әкімдіктерімен бірге жедел-штаб отырысын өткізді.

Каспий торабында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы қарқынды жүргізіліп, дер кезінде пайдалануға берілмек. Терминалдың қуаттылығы – жылына 10 млн тонна, оның құрылысы 2030 жылы аяқталады. Жоба аясында қуаты 1,5 млн тонналық астық терминалы, 1 млн тонналық бас жүк терминалы, 2 млн тонна қуаты бар әмбебап терминал, 5,5 млн тонналық құйылмалы жүктерге арналған терминал және көлік-логистикалық орталық салынады. Аталған көлік-логистикалық орталығы, астық терминалы, құрлық инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңдері аяқталды. «Ақтау» және «Құрық» порттарындағы контейнерлік хаб құрылысы бойынша жұмыстар басталды.

«Semurg invest» ЖШС өкілі бас жүктер терминалының жұмысына толық дайын екенін жеткізді. Жақында алғашқы 10 вагон қабылданып, тиісті барлық теміржол салынды, айлақ жабдықтарымен бірге пирс пайдалануға берілді. Мұның бәрі биылғы жылы-ақ Каспий бағдарының экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.

Отырыста Серік Жұманғарин атап өткендей, Каспий көлік торабы жобасы арқылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан арқылы Челябинскіден Иранға жүрдек теміржол магистралін салу бірге қарастырылуы керек.

«Жүрдек магистраль құрылысы – бұл Еуразия кеңістігіндегі ауқымды кооперациялық жоба. Ол үшін «Бейнеу-Маңғыстау» теміржолындағы және «Бейнеу-Шалқар» автомагистраліндегі телімде «тар орындарды» қайта құру керек. Келесі жиында ҚТЖ Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесе «Орск-Болашақ» теміржолы құрылысын салу бойынша нақты ұсыныстар және тиісті инфрақұрылымды салуға қатысты ойларын әзірлеп келуі қажет. Тауарлардың кең ауқымды аталымы бойынша Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою алдында тұрмыз, алдымызда Иранмен сауда айналымын үш миллиард долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Мұның бәрі жеткізілетін негізгі тауарлар тағам өнімдері болғандағы жағдай. «Qaztrade» сауда саясаты орталығы өз тарапынан Иранға дейін астық экспорттаушыларды қолдау тәсілдерін әзірлеу керек», – деп мәлімдеді вице-премьер.

Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Алатау» индустриалды сауда-логистикалық кешенін индустриалды аймақ ретінде құру жоспарлануда. Жамбыл облысы әкімінің 2023 жылғы 12 қыркүйектегі жарлығына сәйкес «Алатау» өңірлік индустриалды аймағы құрылып, 36 га жер телімі бөлінді, инвестор техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеумен айналысуда. Техникалық қамтамасыз ету, құрылысқа қажет коммуникацияны қосу мәселелері шешілді. Таяу уақытта инвестормен бірге кешен құрылысына арналған басқарушы компания құрылады. Индустриалды сауда-логистикалық кешенін іске қосу 2026 жылдың 2 тоқсанына жоспарлануда.

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы халықаралық экономикалық алаңға айналмақ. Трансшекаралық сауда орталығы Орал әуежайына жақын аумақта (281) орналасқан, ол Орынбор, Саратов, Самараға, одан әрі Ресей Федерациясының ірі федералды округтеріне және Шығыс Еуропа елдеріне шығатын жүк ағынының тораптық нүктесі. Трансшекаралық сауда орталығынан басқа мұнда агрологистикалық орталыққа (сақтау, сауда, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдер логистикасы, жол сервисі және кедендік ресімдеу нысандары) және авикарго терминалына (жүк терминалы және халықаралық мультибрендті фулфилмент орталық) арналған аймақтар қарастырылған. Бүгінгі таңда БҚО әкімдігі Трансшекаралық сауда орталығына арналған индустриалды аймақтың инфрақұрылымы құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде. Құрылысын 2024 жылдың соңында аяқтау көзделуде.

Қорғас торабында Қытай және Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің азық-түлік нарығына экспорттауға қазақстандық және шетелдік өндірушілердің тағам өнімдерін сақтау, жинау және тарату орнын, өнеркәсіптік хаб салу көзделуде. Бұл Қазақстан мен Қытайдың азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтады. Елдің алдағы уақытта Еуразия кеңістігіндегі мықты көлік-логистикалық хабқа айналуына байланысты азық-түлік жағынан дамудың болашағы зор. Бұл ретте азық-түліктерді, соның ішінде ерекше температурада сақтауда қажет ететін – теңіз өнімдері, жеміс-жидектер мен көкөністер, ет-сүт және ұзақ қатырып қоюды қажет ететін өнімдерді сақтауға бағдарланған «А» класына жататын заманауи азық-түлік хабін салу қажет. Қазіргі уақытта оны салу үшін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында ауданы 50 га.-дан кем емес жер телімі белгіленді.

Отырыс соңында Серік Жұманғарин барлық бес трансшекаралық хабты салу бойынша жауапты органдарға нақты даму тұжырымдамасы мен инфрақұрылым жүргізу жоспарын әзірлеуді тапсырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

АҚШ-тың қазіргі үстемдік етуі туралы идеяның авторы, Франклин Рузвельттен Барак Обамаға дейінгі Президенттің бас саяси кеңесшісі Збигнев Бжезинский (1928-2017) көзі тірісінде: «Кімде-кім Еуразияның жүрегіне әмір жүргізсе, осы құрлықтың билеушісі атанса – ол әлемді басқарады», – деген екен. Расында, Қазақстан ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан байтақ жері бар әрі Еуразияның жүрегінде орналасқан, Батыс пен Шығысты жалғайтын алтын көпір ретінде өзінің мол мүмкіндігін пайдаланып қалмақ ойы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық интеграция – елдер дамуының кілті екенін жақсы біледі. Демек, таяу жылдары елдер арасында барыс-келіс, алыс-беріс жанданады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here