Өмірі – өнеге, ғұмыры – шежіре

0
908

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 79 жыл. Ел басына түскен сол бір ауыр жылдар мен қасіретке толы күндер тарих бетінде ұмытылмастай жазылып қалды. Біз ол соғысты көргеніміз жоқ. Бірақ, сол сұрапыл жылдар – Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кітаптардан оқып, кинофильмдер көріп, көзі тірі майдангерлердің әңгімелерін, естеліктерін тыңдап өстік. Біздер үшін ортамызда аман-сау жүрген санаулы майдангерлеріміздің әрқайсысының орны ерекше.

Осынау даталы күнге орай сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібекұлы Жәнібеков бүгінде 100 жасқа толып отыр. Екі ғасырдың тірі куәсі Шәңгерей қарияны Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы Медеу ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері арнайы құттықтап, лайықты сый-құрметтерін көрсетті.

Айта кетейік, Шәңгерей Жәнібекұлы 1924 жылы 15 маусымда қазіргі Қостанай облысы Денисов ауданының Жауғашты ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, буыны қатпай, еңбекке тым ерте араласады. Қайтпас қайраты, мойымас жігері, табанды еңбекқорлығымен сауатын ашып, білімін жетілдіріп, көзге де ерте түсіп, зор сенімге бөленгендігін, жастайынан еңбекқор, ізденімпаз, сергек те сезімтал, қайратты да қажырлы жас болғанын өмір жолындағы деректерден аңғарамыз.

Ол соғысқа шақырту қағазы келген кезде, бозбала шақ, небәрі 18 жаста еді. 1942 жылы медициналық техникумды үздік бітірген жас маманды көп ұзамай әскери бөлімде үшінші дивизияның әскери фельдшері әрі сол топтың комсомол жетекшісі етіп тағайындайды. Кейіннен 1943 жылдың жазында Тула облысындағы ұрыс қимылдарына қатысады. Кировоград артиллериялық дивизиясының құрамында Мценск, Орел бағытындағы шабуылдарға қатысып, Белгород пен Украинаның оң жағалауындағы бірқатар қалаларын және Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. Корсунь-Шевченковский қаласында болып, жорық жолдарын басып өткен. Батыр атамыздың одан кейінгі жауынгерлік жолы Молдова жерінде жалғасты. Жалындаған жастық оқ пен оттың ортасында өтті. Жау жүрек жауынгер көп ұзамай Украина майданының алға жылжып келе жатқан бөлімшесімен бірге КСРО-ның мемлекеттік шекарасына өтті. Жаудың тізе бүккені туралы хабарды ол Австрия мен Чехословакия шекарасында естіген. Қанды көйлек достарымен бірге Жеңіс күнін қарсы алып, елге аман-сау оралған жауынгер.

Майдангер қарт II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін»  медалімен және өзге де наградалармен марапатталды. Бейбіт өмірде ерен еңбектің үлгісін көрсете білген Шәңгерей атамыз 1947 жылы әскерден босап, Отанына оралды. Елге келген соң қызметтік жолын Қостанай аудандық Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, кейіннен осы ауданда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып жемісті еңбек етті. Қолынан бәрі келетін азамат көп ұзамай өз ортасының мақтанышына айналды. Көптің алғысын арқалап жүріп, 1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды.

Өз тұсында Шәңгерей атамыздың тікелей қатысуымен мәдениетті дамыту, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт саласындағы көптеген мәселелер шешілді.

Майдангер қарт зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шетелдегі қазақтармен мәдени байланыстарды дамытумен айналысатын «Қазақстан» республикалық қоғамдық қорын басқарды. Сонымен қатар, Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2001 жылдың наурызына дейін осы Кеңес Президиумының мүшесі болды. Бір дәуірдің көзін көрген Шәңгерей атамыздың өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, тағылым мен тәрбие деуге әбден лайық.

Еске сала кетейік, атамыз «О пройденном пути и попутчиках»  атты еңбектің авторы, сондай-ақ қазақ елінің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан зор үлесі үшін «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Өткен ғасырдың от пен оғын көрген қарт майдангер жаңа ғасырдың шуағына бөленіп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығына, қуанышына кенеліп, әр күніне, арайлап атқан таңына шүкірлік етуден жалыққан емес. Тамырын тереңге тартқан бәйтерек іспетті тұлғаға Алла күш-қуат пен амандық берсін дегіміз келеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here