«Атамекен» ҰКП Қытаймен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

0
1313

27-28 мамыр Қытай астанасы Бейжіңде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Райымбек Баталов бастаған делегация инвестиция жәрмеңкесін аралады. Жәрмеңкенің әрбір сессиясы бір алаңда 96 мемлекет пен 2,2 мың кәсіпкерді біріктіреді.

Аталмыш жәрмеңкеде жаңа жаһандық даму мүмкіндіктері мен инвестициялық жоспарды әзірлеуге басымдық берілген. Дәлірек айтсақ, аймақтық ынтымақтастыққа, өндіріс орындарын байланыстыруға, технологиялық инновацияларға, жасыл жобаларға және жасанды интеллект әлеуетіне баса назар аударылған.

«Бір белдеу, бір жол» жобасының серіктесі ретінде Қазақстан Республикасын бұл алаңда ерекше ілтипатпен қарсы алды.

«Қытай мен Еуразия аймағы арасындағы жаңа инвестициялық даму» сессиясында сөз сөйлеген Райымбек Баталов Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жоғары көрсеткіштері туралы баяндады.

Өткен жылдың соңында қос ел екіжақты сауда көлемін 30 пайызға арттырып, 31,5 миллиард долларлық жетістікке жетіп, тарихи рекордты жаңартты.

Сондай-ақ, ҰКП төрағасы сессияға қатысушыларды Қазақстан экономикасының дамуының негізгі бағыттарымен және оның артықшылықтарымен таныстырды. Атап айтқанда:

-атом энергиясының және жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті;

-газ тасымалдау жүйесін кеңейту;

-өңдеушілерге жеңілдетілген бағамен металдарды терең өңдеу.

Сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақовтың мәліметі бойынша еліміздің барлық инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында Қытайдағы кәсіпкерлермен, ірі қорлардың және ұлттық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өтті.

Нәтижесінде HENAN ZHENGZHOU MINING MACHINERY CO., LTD компаниясы тәулігіне 200 тонна әк шығаратын пешті Түлкібас әк зауытына сатып алу және оны одан әрі жаңғырту туралы келісімге келді.

Одан соң Райымбек Әнуарұлы жәрмеңкені ұйымдастырған Chinese Overseas Development Association (CODA) төрағасы Хэ Чжэнвэймен кездесті.

Айта кетейік, бұл Райымбек Баталов пен Хэ Чжэнвэйдің бірінші кездесуі емес. Былтыр тамыз айында «Атамекен» ҰКП екіжақты инвестициялар үшін өзара жағдай жасауға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Еліміздің аталмыш инвестициялық жәрмеңкеге қатысуы қытайлық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here