Пенсильвания университетімен ғылыми серіктестік артады

0
1153

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Пенсильвания штаты университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Сапар аясында Penn State университетінің халықаралық қызметінің академиялық бағытына жауапты Сабин Клэр бастаған жұмыс тобы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Жүздесу барысында ғылым мен білім бағытындағы жұмыстарды нығайту, ғалымдар арасындағы байланысты күшейту мәселелері қарастырылды.

Делегация құрамында Пенсильвания штаты университеті Құқық мектебі деканының орынбасары Стивен Барнс, Халықаралық серіктестік департаменті директорының уақытша міндетін атқарушы Александра Персико, Орталық Азиядағы келісімдер және серіктестік жөніндегі директордың орынбасары Влад Лихолетов, «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев және т.б. университет өкілдері бар.

Жансейіт Түймебаев кездесуде АҚШ университеті делегациясының сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті. «Бүгінде жоғары білім және академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша екі университет арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Ағымдағы жылы АҚШ-қа жұмыс сапарым барысында Пенсильвания университетінде болып, қызметімен таныстық. Екі ЖОО-ның серіктестігін дамыту бойынша кездесулер өткіздік. Бүгін арнайы ҚазҰУ-ға келген сапарларыңыз байланысты одан әрі дамытуға тың серпін береді деп санаймын», – деді ректор.

Сөз соңында оқу ордасының басшысы ғылым және ІТ саласы бойынша университетаралық байланысты күшейту қажет екенін баса айтты. «ҚазҰУ мен Пенсильвания университетінің ғылыми әлеуеті жоғары. Сондықтан бірлескен ғылыми орталық құруды ұсынамын. Бұл орталық ғалымдардың қарым-қатынасын күшейтуге және тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Сабин Клэр ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдіріп, Жансейіт Түймебаевтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын қолдайтынын жеткізді. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны. Пенсильвания университеті АҚШ-тағы алдыңғы ЖОО-лар қатарында. Екі университет бірлесіп алдағы уақытта ауқымды жобаларды жүзеге асыратынына бек сенімдімін», – деді Сабин Клэр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Жансейіт Түймебаев пен Сабин Клэр екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және бірлесіп халықаралық шараларды өткізуге уағдаласты.

ӘлФараби атындағы ҚазҰУдың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here