Ұлттық дәстүрді жаңғыртқан жоба

0
2913

Маусым айының алғашқы аптасында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында Республикалық «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасы өтті. Іс-шара «Жасөркен» атпен серуендеу аймағында жүзеге асып, жарысқа Қазақстан бойынша 65 адам қатысты. Оның ішінде: 42 – жобаға қатысушылар (Алматы, Шымкент қалалары мен Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан – 19 қатысушы, ал жергілікті өңірден 23 қатысушы) және 27 – ұйымдастыру комитеті, түсірілім тобы, ерікті жастар. Ал, жалпы жобаға 18-35 жас аралығындағы «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері және әр саланың белсенді жастары белсене атсалысты.

Аталмыш жобаның мақсатына келсек, әр түрлі сала жастарын тарта отырып, қазақтың ұлттық спорт және ойын түрлерінен жарыстар өткізу, жастар арасында ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді қайта жаңғырту, телевизиялық жоба арқылы келер ұрпаққа дәріптеу, ұлттық спорт түрлерінен сайыстарға қатыстыру, сондай-ақ ұлттық спорт және ойын түрлерімен таныстыру, оның мәнін, ұлттық маңыздылығын ұғындыру, элементтерін үйрету, өңірлердегі «Жастар ресурстық орталықтары» арасында достық қарым-қатынасты нығайту және жастар арасында ұлттық құндылықтарға негізделген өңірлік жоба қалыптастыру болды. Сонымен қатар, шараға қатысушыларға Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырылды.

Сайысқа қатысушылар 8 түрлі cайыс түрлерінен сынға түсті. Атап айтқанда, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, қол күрес, қой көтеру, ләңгі тебу, сиыр сауу, көмбе (таба) нан пісіру және арқан тарту.

Жобаның телеарналық көрсетілімін ұйымдастыру үшін түсірілім тобы, жобаның режиссері, телеарнаның жүргізушілері бір кісідей жұмыла жұмыс жасады.

Байқаудың жүлде қоры да осал емес: І-орын (командаға) – 700 мың теңге; ІІ-орын (командаға) – 500 жүз мың теңге; ІІІ-орын (командаға) – 350 мың теңге. Ал қалған 21 қатысушының әрқайсысы 20 мың теңгеден, жалпы 420 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Мәселен, Жасұлан Биболатұлы (Қостанай облысы) қазақ күресі сайысының үздік қатысушысы, Жанболат Аманқосұлы (Ақтөбе облысы) қол күресі сайысының үздік қатысушысы, Айбек Әмреқұлұлы (Түркістан облысы) дәстүрлі садақ ату сайысының үздік қатысушысы, Дана Нұржанқызы (Алматы қаласы) көмбе (таба) нан пісіру сайысының үздік қатысушысы атанса, Доғдырбай Дәурен – қой көтеру, Айдос Құдайберсінұлы – ләңгі тебу, Аяулым Қанатқызы – сиыр сауу сайыстарының үздіктері атанды (барлығы Жамбыл облысынан қатысушылар).

Жалпы командалық есепте жүлделі ІІІ-орынды «Сұңқар» командасы (көк түсті команда, көшбасшысы – Нұрсұлтан Сәрсенбаев, Батыс Қазақстан облысы), ІІ-орынды «Алаш» командасы (сары түсті команда, көшбасшысы – Данияр Қуанышұлы, Қостанай облысы) иеленсе, Республикалық «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасының жеңімпазы болып «САҚ» командасы (сары түсті команда, көшбасшысы – Пердебек Сержанұлы, Түркістан облысы) атанды.

Шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Сатыбалдықызы және Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлы жүлдегерлер мен қатысушыларды марапаттап, «JasSAQ» этно-реалити жобасының эстафеталық туын 2025 жылы шараны өткізетін аймаққа, яғни Түркістан облысына арнайы табыстады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here