Ұмытылған халық ақыны Иса Биназарұлы жайында не білеміз?

0
1081

«Қазақстан тарихы» интернет-порталының өткен жолғы сандарының бірінде алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманның тарих ғылымдарының докторы, профессор, көне жазулар бойынша білікті маман Амантай Исаұлы мырзадан жазып алған сұхбатын жариялаған едік. Сол мазмұнды материалда ғалым әкесі жайлы біршама деректерді келтіріп, тарихи құжаттарды ұсынған болатын. Десе де, «Ел іші – өнер кеніші» емес пе, кезінде ән-жырымен халықтың рухани дүниесін байытқан, ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан халық ақыны Иса Биназарұлы жайлы айтылатын сөз, шертілетін сыр аз болмай шықты.

Көптеген азаматтар жақсы біледі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің арасында Иса Байзақовтың құрметті есімі жиі аталады. Бұл мақаламызда халық жадынан көмескіленіп бара жатқан өнер майталманын қайта көтеруді, шығармашылық мұрасы мен еңбегін көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Сонымен, тарихшы әрі архивші Болатбек Нәсеновтің «Абыралы сұңқарлары» атты көптомдығының 4-кітабында келтірілген деректерді қамти отырып, ақын-жыршы, күйші-домбырашы, журналист-қаламгер, мұғалім, ел азаматы, қысқасы, бір бойында бірнеше өнер дарыған айтулы тұлға Иса Биназарұлының ел біле бірмейтін қырларын, ақындық, азаматтық тұлғасына қатысты тың мәліметтерді қозғаймыз.

Иса Биназарұлы (1898-1964) – Абыралы еліне белгілі ақиық ақын. Байбөрінің кедей руынан. Туып-өскен жері бұрынғы Абыралы ауданына қарасты Тайлан, Дегелең ауылдары. Ескіше білім алып, зеректігімен «Бала молда» атанып, кейін өзі де жергілікті оқушыларға 1920 жылдары сабақ берген. Сол кездің өзінде-ақ дастан, қиссаларды жатқа айтып, өлең шығара бастайды.

Исекеңнің ақындық өнерге жастан құмартуы, біріншіден, бойындағы табиғи дарыны болса, екіншіден, өскен ортасына байланысты еді. 1945 жылы белгілі ақын Қашаф Туғанбаевпен айтысында мынандай жолдар бар:

«…Алтайлық ақиықтай ағаң төніп,
Қырандай құлап қуған қанат керіп.
Жүгіней жұрт жинаған орғып жүйрік.
Тоқсанбай бергі атамыз, Тойған шешем,
Жебеген ақындығы маған келіп.
Абайдың шәкірттері Омар, Оспан,
Керімхан ағаларым тізгін беріп…» 

Мұндағы Тойған шешем деп отырғаны – атақты Алдаберген бидің кенже қызы, ақын, әнші, ақылды адам болыпты. Ал, оның туған апасы Төлебике (ел ішінде Дәметкен) тобықты Құнанбайдың келіні, қазіргі қазақ халқының мақтанышы Шәкәрім Құдайберді ұлының шешесі болып келсе, бауыры Омар – Абайдың белгілі шәкірттерінің бірі.

Бұл жерде Шәкәрімнің бел баласы Ахат ақсақалдың «Жұлдыз» журналына (2-санында) шыққан естелігін еске ала кетсек жөн болатын сияқты. Естелік жазбада былай делінген: «Алдабергеннің Төлебикемен туысқан баласы Төлебай да әке жолын ұстап, адал, абыройлы болған. Төлебай балалары: Омар, Оспан, Мұса. Керімхан атақты адам болған деседі, бәрі Алаш қозғалысының қатысушылары еді. Омар, Оспан, Мұса орысша оқыған. Омар мен Мұса өлең шығаратын. Үшеуі де домбыра, скрипкаға жүйрік және қолөнерге шебер еді. Ал, Төлебике арабша, түрікше, көп оқыған. Шешесінің араб тілін жақсы білетінін Шәкәрім өзі де айтып отыратын. «Араб тілін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді» дейтін еді». Міне, Исекең осындай ортада өнердің тұнық бұлағынан сусындап өседі.

Иса Биназарұлының өз өмірі де қызық. Ол кісі ауылға келген бірінші қызыл әскерлерге еріп, әке-шешесінің қарсылығына қарамастан қалаға кетіп, 1917-1919 жылдары Семейдегі екі жылдық педагогикалық курста, 1919 жылы Қарқаралыда оқиды. Осы жылдары ол халқымыздың сүйікті ұлдары Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әміре Қашаубаевтармен танысып, жаңа өмір идеяларын насихаттауға бейімделеді. Аумалы-төкпелі заманнан мезі болып шаршаған халықтың көңіл-күйін көтеріп, сенімін нығайту мақсатымен ұйымдастырылған көптеген кештерге, ойындарға белсене атсалысады. Дәлел ретінде белгілі журналист Мұқатай Тоқжігітовтің 1974 жылғы 21 қарашада «Семей таңы» газетінде жарық көрген «Асқақ әнші Әміре» деген естелігінен үзінді келтіруге болады: «…Тайлы-тұяғымыз қалмай мектепте болатын сауық кешіне бардық. Біреулер билеп, біреулер ән салып жатыр. Бір мезгілде сахнаға үш жігіт шықты. Екеуінің қолында екі домбыра, біреуінің қолында шөміш сияқты бірдеме. Домбырашыларды тани кеттім: біреуі – Әміре, екіншісі – Биназардың Исасы. «Шөміш» ұстағанды танымай, жанымдағылардан сұрап едім, ол – Қаныш Сәтбаев екен. Кейін білдім: Қаныштың қолындағы мондалина екен. Олар «Жапалақ» әнінің жаңаша түрін орындады».

Педагогикалық курсты үздік аяқтап, елге қайтқан Исекең халық ағарту ісіне белсене кіріседі. Белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты романында мынандай жолдарды оқуға болады: «Осы Байдүйсен ауылынан ашылған мектепке Иса Биназаров мұғалім болып тағайындалды. Мұндай мектеп қыстан гөрі жазда оқуға қолайлы. Өйткені, қыста бытырап қыстау паналаған ел, жазда ауыл-ауыл болып қанаттас қонып жайлаулас, күзеулес болады. Иса Биназаров жасырақ кезінде ауылда ескіше оқығаны бар, оған жаңашаны қосып, сол кездегі оқу құралдарының төте әдісін дұрыс қолданып, оқуды жақсы жүргізді. Оқумен қатар ол домбырашы, әнші, сері мінезді оқытушы оқушыларға рухтағы әндерді үйретіп, ән үйірмесін де жүргізді. Әсіресе «Интернационал» әнін, сөзін жастарға үйретіп, жаңалық үнін көтерді». 

Исекеңнің мұғалімдік қызметі осымен аяқталмайды. Отызыншы жылдардың аяғында ол Тайлан орталау мектебінің, кейіннен республикаға танымал Қайнар орта мектебінің директоры болып, Абыралы ауданында көптеген жылдар оқу-тәрбие саласында баянды еңбек етті.

Өнерпаз Иса ауылды жерде қызмет істей жүріп, қаладағы жолдастарымен қарым-қатынасын үзбеген. Әсіресе, баспа орындарымен тығыз байланыста болған Сапарғали Бегалин ағамыз жоғарыда көрсетілген «Замана белестері» атты кітабында Исекеңнің шығармашылық өнерімен қоса журналистік қырына да тоқталады. Мәселен, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары өмірі, ел ішіндегі жетістіктер мен оғаш көріністер туралы Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетіне жиі мақала жазып тұрғанын айтады. Олардың негізгі тақырыбы – әділдікті қорғау, қараңғылық жайлаған ел көкірегін ояту, жастарды оқу-білімге шақыру. Белгілі ғалым, әдебиет зерттеуші Қайым Мұхамедханов та Исаның ұлы Мұратқа Совет үкіметінің алғашқы жылдары Исекеңнің журналистік белсенділігін айтқан көрінеді.

Иса өнерінің сабақтас тағы бір саласы – оның күйшілігі. Абыралы өңірінің жұртшылығы оны атақты Төлеуғожа күйшінің ізбасары, дәстүрлі Тоқа күйлерінің насихатшысы ретінде жақсы біледі. 

Иса Биназарұлы – танымал халық ақындарының бірі. Ол өлеңді ауызша да (импровизация), жазып та шығарды. Айтыс өлеңдерінің ішінде көлемі әрі көркемдік жағынан көзге түсерлері: жоғарыда үзінді келтірген Қ.Туғанбаевпен және Жақсылық Төленовпен айтыстары. 

Иса – Абайдың дүбірлі 100 жылдық тойына (1945) және ақындардың республикалық бірінші айтысына (1961) арнайы шақырылып қатысқан адам. «Қарқаралы-Қазыбек», «Мұңды көңіл», «Ақылға Бағынышты» сияқты поэма-жырлары бар. Оның өлеңдері мен айтыстары мерзімді баспасөз беттерімен бірге бірнеше жинақта жарияланды («Ақындар айтысы». Алматы, 1963 ж.; «Пернедегі термелер». Алматы, 1965 ж.). Ақын шығармаларының көпшілігі қолжазба күйінде Ғылым академиясының Әдеби қорында сақтаулы. Өкінішке қарай, шығармалары жеке жинақ боп, халық таразысына ұсынылмай, түрлі себептермен кейіндеп қалған. Ал соңғы нарық жылдары тіпті қиындап кетті.

Иса Биназарұлы – ақындығымен, күйшілігімен ел аузына ілінген өнерпаз ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті мол, ел басқарған қадірменділердің бірі. Мысалы, ХХ ғасырдың 20 жылдары он жылдап Қарқаралы, Шет аудандарында қызыл отау соты, жаңа құрылған коммуна бастығы сияқты жауапты қызметтерде болды. 1926 жылдан бастап коммунистік партия мүшесі. Ал, Абыралы өңірінде де халық ағарту ісі мен мәдениет мекемелерінен басқа колхоз бастығы («Ащысу», «Алғабас»), ауыл советі төрағасы сияқты шаруашылық саласында да еңбек етті. Осы қызметтердің барлығын ол абыроймен орындап, халқының құрметіне бөленді.

Абыралының тауларының малға құт, жанға сая алқаптарын ақын Иса былай деп суреттеген:

«Арқаға аты шыққан Абыралы, 
Жерінен не керегің табылады.
Дегелен, Мыржық, Тайлан, Көкшетауды, 
Көрген жан шалғай кетсе сағынады. 

Көк шалғын, сала-сала аққан бұлақ,
Сұлу қыз бұрымындай жатқан құлап.
Қасында сәукеледей шынар ағаш,
Жанады шоқысында түнде шырақ. 

Бас Қайнар, Орта Қайнар, Аяқ Қайнар, 
Семірген кына тасын жалап қойлар. 
Шөбі сүт, бүрі шекер, суы балдай, 
Адамға шабыт беріп қанат байлар».

Әрине, ақынның өмірі ешбір дақсыз, мүлтіксіз өтті деуге болмайды. 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау өрті бұл кісіні де шарпып, біраз уақыт түрменің ащы дәмін татты. 1943 жылы да жаламен абақтыға жабылып, кейін сот үкімімен толық ақталып шықты. Осындай ауыр шақтарда жәй халықтың, көпшіліктің араша түскенін ақын ризашылықпен жиі айтып отыратын болған.

Иса Биназарұлының бәйбішесі – Семей қаласына жақын тұрған уақ руының беделді де ауқатты адамы Мүсілім ақсақалдың жалғыз қызы Күлбайраш (1903-1947) еді. Ол кісі қалада оқып, бастауыш білім алған сауатты, аса келбетті, қолы ісмер, жаны жомарт және жақсы әнші болатын. Исекеңнің барлық өмір белестерінде Күлбайраш адал жар, сенімді көмекші бола білді. Бәйбішесі (1947) қайтыс болған соң, екі-үш жылдан кейін Абыралы жұртшылығына мәлім (жалықбас руы) Оспанқұл молданың қызы Қабидамен (1910-1991) тұрмыс құрды. Осы екі әйелінен қазіргі уақытта Бәтен, Мұрат (қазір жасы 93-те), Амантай атты балалары бар. 1945 жылы туған Қуат есімді ұлы полигонның зардабынан ерте қайтыс болған. 

Иса Биназарұлы 1964 жылы қазан айында Алматы қаласында Мұраттың үйінде тұрып, 66 жасында қайтыс болды. Кеңсай зиратына жерленген. Шұғыл қаза ақынның мақсат қып қойған көптеген шығармашылық жоспарының орындалмай қалуына себеп болып, өкініш туғызады.

Оның өмірі, қызмет жолдары, өз талабы мен еңбектері арқылы жеткен дәрежесі, жетістіктері кезінде туған өлкесіне үлгі болып, көптеген жас түлектерді алға жетеледі. Сондықтан да, Исекеңнің аты Абыралы өңірінде, сол өлкеден шыққан зиялы қауым арасында әлі күнге дейін зор құрметпен аталады.

Иса Биназарұлы туралы осы мақаланы дайындау барысында мәтінде көрсетілген мәліметтерден басқа «Семей таңы» газетінде «Естен кетпес есілдер» айдарымен (18 тамыз, 1990 ж.) жарық көрген «Иса Биназаров» деген мақала (авторы М.Дүйсенбаев), «Үш анық» газетінде (15 тамыз, 1998 ж.) ақынның туғанына 100 жылдығына орай басылған «Елдің елдігі мен берекесін жырлаған» атты туынды ұлдары Мұрат пен Амантайдың естеліктері пайдаланылды.

Елімізде жуырда ғана Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні –кәсіби мерекесі аталып өтті. Онда мәдениет жұмыстарын үйлестіретін құзырлы мекеме Мәдениет және ақпарат министрлігі әр деңгейде өнер, мәдениет және әдебиет саласында қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттады. Солардың арасында аузы жыбырлап ән айтып жүрген жалған әншілер мен сол әншісымақтардың жанында ербеңдеп билеп жататындарды да марапатқа лайықты деп таныпты. Бұл қадам қоғамның үлкен талқысына ұшырап, сынның астында қалды. Өмірдегі біз байқаған бір құбылыс: адал еңбек етіп, нағыз тер төккендер лайықты бағасын ала алмай, елеусіз қалып, оның орнына жылпостар мен жалбақайлар, жағымпаз-жантықтар жүгіріп жүріп атақ дегеннің барлығын жіпке тізгендей иемденіп шыға келеді. Жоғарыда отырған басшылық бұдан қорытынды шығаруы керек, қоғамның үнін, сөзін тыңдап, тиісті оңтайлы шешімдер қабылдағаны жөн болады. 

Бүгінгі мақала кейіпкері Иса Биназаұлындай қазақ халқының мәдени-рухани дамуына зор үлесін қосып, әнімен әлдилеп, күйімен тербеген талантты тұлғалар ұмытылмауға тиісті. 

Заңғар КӘРІМХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here