Қолымызда өткен ғасырда жазылған қолжазба күйінде бірнеше дәптер бар. Бұл құнды мұра – Нұрманов Салмен Нұрманұлының жиған-тергені. Жиған-тергені дейтініміз – бұл жазбалар әр алуан дәптерге жазылған. Жазу үлгісінде де бір-біріне ұқсамастықтар бар. Зерделей келе, дәптерлердің әр жылдарда жазылғанын аңғаруға болады. Жалпы өткен ғасырдың басынан басталып, сол ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін ара-тұра жазылып, хатқа түсіп отырған, алуан тақырыптағы мұралардан құрам табады.
Қолжазбалардың көлемі үлкен, түрлі жанрда, тақырыптары да сан алуан болғандықтан, тұлғаның осынау мұрасы туралы бірнеше мақала жазуға тура келеді. Сондай-ақ, қазақтың тарихи тұлғалары: Бұқар, Шал ақын, Абай, Жетес би, Көтеш ақын секілді ақындар өлеңдері, қазақ жұртына белгілі, белгісіз қисса-дастандар, шешендік сөздер, аңыз-әңгімелер, шағын аудармалар, т.б. аса мол қазына хатталып, қағазға мұқият түсірілген.
Қолжазбалардың басым бөлігі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен таңбаланған. Арасында қадім яғни шағатай жазуы негізіндегі араб графикалы мұсылман түріктерге ортақ жазумен жазылған жазбалар бар. Араб тіліндегі дұғалар да кездеседі.
Қолжазбада автордың өз шығармалары кездеспейді. Бірлі-жарым хаттары бар. Және өзге кісілердің хаттарында Салмен Нұрманұлы аталады.
Қолжазба дәптерлерді бізге мұрағат иесінің немересі Гүлнар сеніп тапсырып отыр. Бірнеше айдан бері оншақты дәптерден тұратын топтаманы төте жазудан бүгінгі жазуға түсіріп болдық. Енді осыншама мол мұра ішінен зерттеушіге өзгеше ой түйгізген тың деректерді оқырман қауыммен бөлісіп, желілес бірнеше мақала жазуды жоспарлап отырмыз.
Біздің назарымызды айырықша аударғаны бірінші қолжазба дәптердің 16-17 беттеріндегі «Қаракөздің өлеңі» деген шығарма.
Өлең сегіз шумақтан (32 тармақ) тұрады. Авторы белгісіз. Өлеңнің мазмұнынан 23 жасында соғысқа (әскерге) аттанған азаматтың туған жер, өскен ел, дос-жаран және сүйген жарына арнағаны байқалады. Тақырыбы «Қаракөздің өлеңі» болғанына қарап «өлең авторы бойжеткен қыз ба екен» деген болжам келеді. Бірақ, өлеңді толық оқып шыққанда, автордың ер азамат екенін, уағдаласқан қалыңдығы бар, оған да осы өлең арқылы қоштасып бара жатқанын түсінуге болады. Сондай-ақ, автордың соғыс жылдарында еріксіз соғыс майданына аттанғаны байқалады.
«Мүмкін тағы қайта айналып келермін,
Сүйген жарым, сені тағы көрермін.
Не жете алмай, мұндай күйге алыста,
Тағдыр жетсе жау қолында өлермін», – деген шумақтан өлеңнің 1940 жылдары жазылғанын болжауға болады. Туған жерінен алыстау ақынның жас жанына оңай тимегені, дегенмен қандай ауыр сынақ болса да белді бекем буғаны менмұндалайды.
Тағы бір құнды дерек, өлеңде автордың туған жері аталады.
«Есіл өзен Қаракөлдің жағасы,
Таныс жердің сайы менен саласы», – деп басталған өлеңде өсиет өлең иесінің Есіл өзені жағасы Қаракөлдің бойында өскен бала екені ап-айқын айтылады. Бүгінгі таңда Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында Есіл, Қаракөл атаулы елдімекендер бар. Дегенмен, осы «Қаракөл» сөзі өлеңде екі жерде кездеседі. Екі жерінде де «Қаракөлден» көрі «Қараткөл» немесе «Қарагөл» дегенге ұқсап жазылған. «Қаракөлдің» айтылым бойынша «Қарагөл» болары белгілі. Қолымыздағы жазбада да емлеге көбінесе айтылым басшылыққа алынғаны байқалады. Осы арада өткен ғасырда төте жазумен жазылған қолжазбалардың да, баспасөздің де көбінесе айтылу, естілу заңдарына бейім болғаны ескерілуі керектігін айта кеткім келеді.
Егер «Қаракөлдің» «Қарагөл» болып жазылғанына көз жеткізер болсақ, онда өлеңнің тақырыбы «Қаракөздің өлеңі» емес, «Қарагөлдің (Қаракөлдің) өлеңі» болуы бек мүмкін. Себебі, өлеңде Есіл бойындағы Қаракөлден амалсыз аттанып бара жатқан азаматтың қимас сезімі айтылып отыр.
«Қаракөл» сөзі «Қараткөл» дегенге де ұқсап тұр. «Қараткөл» – «Қара өткел» сөзінің дыбыстық нұсқасы деуге болады. «Қара ат көлі», «Қара аттың көлі» болуы да ықтимал. Дегенмен, қазақ даласындағы өзендердің көбінде өткелдердің аты «Қараөткел» болып келеді. Яғни, бұл байырғы өткел, атамзаманнан бергі өткел дегенді білдіреді. «Қара өткел» сөзі «қарөткел», кейде «Кәрөткел» атанып кетеді. Өр Алтай жерінде Ертіс бойында бірнеше «Кәрөткел» («Кәрі өткел») бар.
«Қаракөл», «Қарагөл», «Қараткөлдің» қайсысы болса да Есіл өзені бойындағы шұрайлы қоныстардың бірі. Бүгінгі Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Көкшетау, Есіл өзені бойындағы елдерден жиырма үш жасында кеткен бұл азаматтың кім екенін іздеуге дерек жиналса, біртіндеп бұл сырдың да құпиясы ашылады.
Сәлмен Нұрманұлының жинақтаған көптеген қолжазбаларында, бұл өлең авторы туралы өзге деректер жоқ. Осы белгісіз автордың осы өлеңінен басқа шығармасы да кездеспейді.
Айта кетелік, бұл өлең белгісіз автордың өзінің төл қолжазбасы емес. Себебі, өлең Абай, Шал ақын және басқа да тұлғалардың өлеңі жинақталған дәптердің бір бетіне өзге адам жағынан көшіріліп жазылған. Көшіруші С.Нұрманұлы болуы да, басқа адам болуы да мүмкін.
Енді араға сексен жыл салып бүгінгі бізге жеткен «Қаракөздің (Қаракөлдің) өлеңін» оқырманға қаз-қалпында көшіріп ұсынамыз:
ҚАРАКӨЗДІҢ ӨЛЕҢІ
Есіл өзен Қаракөлдің жағасы,
Таныс жердің сайы менен саласы.
Туған қала, өскен жерім қош, сау бол,
Шақырады мені алыстың даласы.
Ақтық минут қағаз, қалам қолға алам,
Бір азырақ сөз жазуға ойланам.
Ұзақ сапар, алыс жолда жүргенде,
Өткен істі, болашақты ойланам.
Дәл жиырма үш жыл, сонан бері сол жерде,
Көзімді ашып мен келіппін дүниеге.
Сонан бері сан келіппін, сан кетіп,
Қаракөлдей туып-өскен жеріме.
Мүмкін тағы қайта айналып келермін,
Сүйген жарым, сені тағы көрермін.
Не жете алмай, мұндай күйге алыста,
Тағдыр жетсе, жау қолында өлермін.
Дәл тиген оқ судай ағып қанымды,
Ауыр жара қинамай ма жанымды.
Сендер онда, мен алыста дос, құрдас,
Кім түсініп, кім біледі халімді?!
Сенің әлі өмірің алда, жасың жас,
Мен аға да, сенсің маған қарындас.
Қарындасты қарлығаш деп кім айтпас,
Су себеді жанған отқа қарлығаш.
Көрер адам тағдырдың не жазғанын,
Сүйген жарым, сенің артта қалғаның.
Жылы сөзбен мені өкініп, еске алсаң,
Сол болар еді әдейі іздеп барғаның.
Қош болыңдар, құрметі көп қарындас,
Қош болыңдар, құрметі көп дос, құрдас.
Қайда барсам кем болмаспын ешкімнен,
Бірақ маған сіздердей дос табылмас.
Осылайша, қазақтың өз тізгіні қолынан кеткен өткен ғасырдағы ауыр тағдырынан сыр шертетін бірер парақ жазба оқырманға жетіп отыр. Өлеңнің авторын табу әрбіріміздің мойынымызға міндет. Мүмкін, бұл мақаламыз жарияланғаннан кейін де, бұл өлеңнің авторының ізбасар жақындары табылып қалар. Халық арасынан қолымызға тиген қолжазбаларды шамаша зерделеп, баспасөз арқылы жариялап, талай жоқтың табылғанына куә болғанбыз. Жоғарыда аталған облыс, аудандардың әкімшілігі, мұрағат мекемелері арқылы сол ауылдардан өткен ғасырдың қырқыншы жылдары соғысқа аттанған қазақ жастарының тізімін ақтару арқылы да, бұл мұраның иесін табуға мүмкіндік туып қалар.
Қалай деген күнде де, Салмен Нұрманұлының ыждағатты еңбектерінің, опалы ұрпақтары Гүлнар Сәлменнің баба мұрасына адалдығының арқасында бүгінге беймәлім автордың «Қаракөздің (Қаракөлдің) өлеңін» оқырманға жүздестірдік. Ары қарай зерделеу баршамызға ортақ борыш.
Әділет Ахметұлы