Ең таза ауа мұхит бетінде…

0
1091

Атмосфераны ластайтын негізгі көздер – автокөліктер, транспорттың басқа түрлері және өндіріс орындары, газдандырылмаған жеке сектор. Зерттеу мәліметтері бойынша, антропогендік әсерден атмосфераға жыл сайын 25,5 млрд тонна көміртегі оксиді, 190 млн тонна күкірт оксиді, 65 млн тонна азот оксиді, 1,4 млн тонна хлорлы және фторлы көміртектер (фреондар), көмірсутектің, қорғасынның органикалық қосылыстары, сондай-ақ қатерлі ісік ауруын тудыратын канцерогенді заттар бөлінеді.

Ең таза ауа мұхит бетінде. Ауылды жерлерде ауа құрамындағы шаңды қоспалар мұхит бетімен салыстырғанда 10 есе, кішігірім қалаларда 35 есе көп. Ал, үлкен қалалар үстінен қара тұманды байқауға болады. Мұнда шаңды қоспалар мұхитпен салыстырғанда 200 еседен аса көп.

Лас ауа ірі қалаларда 1,5-2 км биіктікке дейін созылады. Бұл лас тұман жазда күн сәулесінің 20%, ал қыстың күні онсыз да күн сәулесі аз болғандықтан жартысын автокөліктерден бөлінетін заттар. Әрбір автокөлік жылына 4 тонна ауа жұтып, 800 кг көміртегі оксидін, 40 кг азот оксидін және 200 кг-дай әртүрлі көмірсутектерді атмосфераға бөледі.

Автокөліктерден бөлінетін газдар – 200-дей заттардың қоспалары. Мұнда отынның толық және жартылай жанған өнімдері – көмірсутектер болады. Транспорт моторы жай айналымда, жылдамдық алар кезде және кептелісте тұрғанда қоршаған ортаға көмірсутектер көп бөлінеді. Осындай жағдайда отын толық жанбайды да, лас ауа 10 есе көп бөлінеді. Қалыпты жағдайда қозғалтқыштан бөлінетін газдың құрамында С02 (көміртегі оксиді) – 2,7% болса, жылдамдықты түсірген жағдайда – С02 (көміртегі оксиді) 3,9%-ға, ал жай қозғалған кезде – 6,9% дейін көбейеді. С02 (көміртегі оксиді) ауаға қарағанда салмағы ауыр, жердің бетіне жақын жиналады. Сондықтан тротуарда, бесік-арбада отырған нәресте С02-ын анасынан көп жұтады.

Адам организміне жағымсыз әсерлердің бірі – көліктерден бөлінетін газ құрамында көп кездесетін қорғасын және оның бейорганикалық түрдегі формалары. Ауадағы қорғасын мөлшері көбейген сайын оның мөлшері адам қанында да көбейе түседі. Нәтижесінде қанның оттегімен қанығуы нашарлап, ферменттердің белсенділігі төмендейді. Ал, бұл өз кезегінде зат алмасу процесінің бұзылуына алып келеді. Сондай-ақ, ЫЫ валентті СО-да қандағы гемоглобинмен қосылып басқа мүшелерге оттегінің жеткізілуін қиындатады.

Транспорттан бөлінген газдардың құрамында одан басқа иісі күшті, тітіркендіргіш альдегидтер (акролен, формальдегид) болады. Мұнан басқа бөлінген лас газдардың құрамында отынның толық жанбауынан ыдырап бітпеген көмірсутектер болады. Негізінен этилен қатарына жататын гексан мен пентан. Отынның толық жанбауы себебінен көмірсутектердің бір бөлігі құрамында шайырлы заттары бар қара күйеге айналады. Егер автокөліктің моторы нашар жұмыс істейтін болса, бөлінетін шайырлы заттар мен қара күйенің мөлшері де соғұрлым көп болады. Мұндай жағдайда машинаның артынан будақтап қара түтін шығады.

Алматы қаласы бойынша 2023 жылға автомобиль көлігінен ластаушы заттар шығарындыларының мөлшері (шығарындылардың жылдық есептік мөлшері) 112 735 тоннаны құрайды. Олардың ішінен: жеңіл автомобильдер (544 042) атмосфераға 87 482,4 тонна (барлық шығарындылардың 77,6%) шығарады.

  • Жүк көліктері (38 903) – 14 881,0 тонна (барлық шығарындылардың 13,2%);
  • автобустар (8 379) – 10 033,4 тонна (барлық шығарындылардың 8,9%);
  • арнайы техника (598) – 112,7 тонна (барлық шығарындылардың 0,1%);
  • мотоциклдер (6 584) – 225,5 тонна (барлық шығарындылардың 0,2%).

Алматы қаласы бойынша жеке секторды жылыту және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін көмір мен табиғи газды жағу нәтижесінде атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларының көлемі 18 634,54 тоннаны құрайды, оның ішінде: көмірді жағу кезіндегі шығарындылар – 710,48 тонна/ жыл немесе жалпы шығарындылардың 3,8%; газды жағу кезіндегі шығарындылар – 17 924, 06 тонна/ жыл немесе жалпы шығарындылардың 96,2%.

Алматы агломерациясының жеке секторын жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған көмір мен табиғи газды жағу нәтижесінде атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларының көлемі – 13 215, 5 062 тонна, оның ішінде: көмірді жағу кезіндегі шығарындылар – 1 269, 4682 тонна/ жыл немесе жалпы шығарындылардың  9,6%; газды жағу кезіндегі шығарындылар – 11 946, 038 тонна/ жыл немесе жалпы шығарындылардың 90,4%.

Автокөліктердің қоршаған ортаға жағымсыз әсерін төмендету – тұрақты қоғам құрудың маңызды шарты. Сондықтан қазіргі танда жанармайды аз жұмсайтын автокөліктер үлгілері жасалып, бензинді сұйылтылған газға алмастыруды қарастыру керек. Сонымен қатар, белгіленген экологиялық нормаларды бұзған автокөліктерге қатысты заң күшейтілуде, тіпті аталған көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тәркілеуде қарастырылған. Оған қоса газдандырылмаған жеке секторларды газға ауыстыру және ЖЭО-2 (жылу электр орталығы) толықтай газға көшіру туралы іс-шаралар қолға алынуда.

Толғанай ОРЫНБАСАР,
Алматы қалалық экология департаментінің зертханалық-талдамалық
бақылау бөлімі техник-лаборанты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here