Қайрат Айтбай: «Басты мақсат – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру»

0
5969

«Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Үкіметінің алдына қойған басты міндеттерінің бірі – осы. Мемлекет экономикасын ілкімді ілгерілетудің басты тетіктерінің бірі инвестиция екендігі белгілі. Осы орайда саланың майталман маманы, Сыртқы экономикалық қызмет және инвестициялар субъектісі кәсіпкерлерінің қауымдастығының президенті, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының тәуелсіз серіктесі Қайрат Айтбаймен арнайы сұхбаттасқан едік.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ»

– Қайрат Орынбайұлы, ел Президенті жаңа міндет жүктеп отыр. Бұл жауапкершіліктің жүгі ауыр, маңызы зор. Инвестициялардың деңгейі қаншалықты ауқымды болса, экономика дамуының дәрежесі де соншалықты жоғары болатыны белгілі. Жуырда «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының тәуелсіз серіктесі ретінде бірқатар шет мемлекеттерге табан тіредіңіз. Әңгімемізді Қазақстанға инвестиция тартудың мүмкіндігі мен тәсілдерінен және осы іс-сапарларда қол жеткізілген жетістіктерден бастасақ.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елге инвестиция тарту, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, іскер топ өкілдеріне өз жобаларын жүзеге асыру барысындағы кедергілерді алып тастау бағытында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында инвесторлық виза әзірленіп, енгізілді. Бірқатар мемлекеттерге визалық шектеулер алынып тасталды. Бүгінгі күнде Қазақстан азаматтары әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз бара алады. Бұның барлығы не үшін жасалып отыр? Ең біріншіден, бұл мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Екіншіден, туристерге және іскер топ өкілдеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. Бүгінде елімізге сырттан инвестиция тарту – күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуда. Инвестиция көздерін тарту, инвесторларға қажетті сервистік қызметтер көрсетумен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті және  «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы айналысады. Ал, Қазақстанда өндірілген отандық өнімдерді шет мемлекеттер нарығына шығаруды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес компаниясы болып табылатын Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы жүргізеді. Біз бүгінде жұмысты негізінен осы екі бағытта іске асырудамыз. Атап айтқанда, біріншіден, шетелдік әлеуетті инвесторларды елге тарту болса, екіншіден, қазақстандық өнімдерді шетелдік нарыққа шығару. Жыл басында Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктеріне арнайы іс-сапармен барып, бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Сапар барысында аталған мемлекеттердің іскер топ өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, тиімді жобаларды талқыладық. Нәтижесінде, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Кувейт мемлекетіндегі өкілдігі ашылып, аталған ұйымның Қазақстан тарапынан тең төрағасы болып тағайындалдым.

Аталған кеңесті құрудағы басты мақсат – елдер арасындағы кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығын арттыруға негіз болатын алаң орнатып, өзара байланысты жандандыру.

– Жуырда арнайы делегацияның құрамында Қытайға бардыңыздар. Сапардың мақсаты қандай болды? Қандай келісімдерге қол жеткізілді?

– Жуырда Қытай Халық Республикасында Қазақстанның төрағалығы аясында ұйымдастырылған ШЫҰ күніне арнайы қатыстық. Аталған іс-шараға Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығында ҚХР-дың Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй, Шэньси өлкесінің губернаторы Чжао Ган, Ұйымға мүше, бақылаушы және диалог бойынша серіктес мемлекеттерінің елшілері мен дипломаттары қатысты.

Іс-шараның арнайы қонағы болған Шэньси өлкесінің губернаторы Чжао Ган қатысушыларға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 5 жыл бұрын Янлин қаласында құрылған ШЫҰ Ауыл шаруашылығы технологияларымен алмасу жөніндегі демонстрациялық базасының жетістіктерімен таныстырды.

Осы сапар аясында аспан асты елінің медициналық құрал-жабдықтар шығаратын көшбасшы «WEGO» кәсіпорнының қызметімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алдық. Жоғары сапалы әрі заманауи медициналық жабдықтар өндіретін компанияда 70 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бір ауысымның өзінде 30 мыңнан астам маман еңбек етеді. Өндіріс орнының басшылығымен жүздесу барысында бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, компания басшылығы Қазақстанда медициналық жабдықтар шығаратын зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Бұған басты себеп – еліміздің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты ірі көлік дәлізінің бойында орналасуы және Қазақстанның Орталық Азиядағы басты ең ірі индустриалды-логистикалық хаб ретіндегі мүмкіндігінің жоғары болуы. Қытайлық іскер топ өкілдері елімізге зауыт салып қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып, «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылған өнімдерді алыс және жақын шетел нарығына шығаруға мүдделі. Біз қазіргі таңда бұл ұсынысты жан-жақты саралап жатырмыз.

Сонымен қатар, сапар барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өнеркәсіп өкілдерімен де кездестік. Әсіресе, Қытай тарапы заманауи технологияларды қолдана отырып, бидайды терең өңдеуге ынталы екендігін жеткізді. Әрине, оған себеп те жоқ емес. Қазақстан әлемдегі астықты мемлекеттердің бірі. Ірі көлемде астық экспорттайтын елдердің қатарындамыз. Бізді әлемдік астық державасы ретінде таниды. Еліміздің ауыл шаруашылық өнеркәсібінің келешегі зор және жоғары табысты салалардың бірі. Десе де, бидайды терең өңдеу – ұзақ үрдіс және қыруар қаражатты қажет етеді. Ірі кәсіпорын салуға отандық кәсіпкерлердің мүмкіндігі болмасы белгілі. Сондықтан да, отандық ауыл шаруашылық секторында тиімді жобаларды жүзеге асырып, еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін дамыған өзге мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста болғанымыз абзал.

Шындығын айтқан ләзім, бүгінде көршілес мемлекеттер уақыт ағымына тез бейімделіп, жылдам дамуды көздеп отыр. Менің ойымша, тек визалық шектеулерді ғана алып қоймай, алдыңғы қатарлы елдердің ғылыми жетістіктерін өз кәдемізге жаратып, елімізге алып келген абзал. Сонда ғана өркендеу болады деп топшылаймын.

 – Қайрат Орынбайұлы, бүгіндері шетелдік инвестиция үшін дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де сайысқа түсіп жатқаны жасырын емес. Қазір инвесторлар үшін күрес заманында өмір сүріп жатқанымыз да белгілі. Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс жалғасуда. Десе де, қандай да бір кедергілер әлі де болсын бар шығар?..

– Сөзіңіз орынды. Әлі де болсын ара-тұра бюрократиялық кедергілер кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Осы ретте мына бір мәселеге назар аударғым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажеттігін алға тартты. Президент геологиялық барлау, саланың әлеуетін ашу және жеке инвестицияларды тарту, сондай-ақ  өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз ету туралы атап өтті.

Шындығын айтқан ләзім, мұнай-газ секторындағы жер қойнауын геологиялық барлау тәуекелі жоғары, көп уақытты және қыруар қаржыны қажет етеді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, көмірсутекті шикізаттар әрдайым табыла бермейді. Табылу ықтималдығы 20-25 пайыз шамасында. Ал, қолданыстағы көмірсутекті шикізаттарға арналған геологиялық зерттеу жүргізу бойынша лицензия барлауды одан әрмен жалғастыруға кепіл бермейді және бірқатар елеулі кемшіліктері бар. Инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізетін осындай мәселелерді арқау етіп Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына арнайы хат та жолданды. Аталған хаттың нәтижесінде тиісті салалық министрліктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыру тапсырылды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша ұсыныстар зерделенуі тиіс болатын. Алайда, бүгінгі күні бұл тапсырмалардың орындалуы көңіл көншітпейді. Жұмыстың жүйелі жүргізілмеуінің салдарынан инвесторлар әлі күнге дейін геологиялық барлау жүргізуге өз қаражатын салуға және басқа да ресурстарын жұмсауға қызығушылық танытпай отыр. Себебі, инвесторлар пайдалы қазбалар табыла қалған күннің өзінде, барлау мен өндіру кезеңіне көшетініне толық сенімді емес. Мәселен, инвестор лицензияланған аумақта кен орнын тауып алса, оны барлауға және өндіруге рұқсат алу үшін Энергетика министрлігі өткізетін аукциондық рәсімдерден өтуі тиіс. Өкінішке орай, аталған аукциондарға геологиялық зерттеу жүргізбеген немесе қаражаты мен уақытын жұмсамаған кез келген басқа қатысушы қатысып, жеңімпаз атануы ғажап емес. Міне, осындай «көлденең көк аттылардың» әрекеттері көптеген инвесторлардың көңіліне сенімсіздік ұялатуда. Сондықтан да, геологиялық барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделерін ескерілуі тиіс. Біз бұл мәселені көптеген басқосуларда көтеріп келеміз. Біздің ұсынысымыз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанындағы Жұмыс тобына да жолданды. Алдағы уақытта дұрыс әрі әділетті шешім шығатынына үміттіміз. Бұл – отандық және шетелдік инвесторлардың сұранысы.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Қайрат Орынбайұлы АЙТБАЙ – қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы. Сыртқы экономикалық қызмет және инвестициялар субъектісі кәсіпкерлерінің қауымдастығының төрағасы, Шерхан Мұртаза атындағы қоғамдық қайырымдылық Wagf қорының президенті.

1966 жылы қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Әр жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасында, ҚР Президенті Кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшылығында, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Қазақстандағы әкімшілік реформа, экономикалық даму және мемлекеттік басқару жүйесі салаларындағы бірнеше кітап пен ғылыми мақалалардың авторы.

«ТИІМДІ ДИАЛОГ ЖЕТІСТІККЕ ЖОЛ АШАДЫ»

– Бүгінде Сіз басқаратын Қауымдастықтың ұйытқы болуымен нақты қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Қазіргі таңда біз қытайлық инвесторлармен етене жақын жұмыс істеп жатырмыз. Соның нақты бір айқын нәтижесі – Түркістан облысы Түлкібас ауданында Састөбе цемент зауытына арнайы қондырғының орнатылуы. 1952 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында Кеңес Одағы кезеңінде ақ цемент өндірілетін. Кейіннен сирек кездесетін ақ цементті өндіру түрлі жағдайларға байланысты тоқтап қалды. Қазір Қазақстанда цементтің бұл түрін шығаратын бірде бір зауыт жоқ. Біз қытайлық іскер топ өкілдерімен әріптестік нәтижесінде осындай құрылыс материалын шығаруға мүмкіндік беретін арнайы қондырғыны орнаттық. Тарихы терең, кені мол Састөбе цемент зауытының өндіріс қуаттылығына көзі жеткен шетелдіктер кәсіпорынды одан әрмен дамытуға инвестор болуға ниет білдірді. Бұл жұмыстардың барлығы да өңірдегі өнеркәсіп кешендерін қазіргі уақыт талабына сай жаңғыртып, ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде дамыту тұрғысында жасалды. Сонымен қатар, зауыттың жанынан шетелдік инвесторлармен бірлесіп бірінші сорттағы әк өндірісі жобасын қолға алудамыз. Бұл материал металлургия саласында үлкен сұранысқа ие.

Сонымен бірге, жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінде болған кезде қой еті мен ешкі сүтін өңдеу-өндіру, құрғатылған жемістер мен қымыз өндіру сияқты жобаларды жүзеге асыруды талқыладық. Бұл кәсіпорындардың барлығы да Қазақстанда орналасады. Шикізат та өзімізден шықпақ. Мәселен, ешкінің сүтін өндіретін кәсіпорын Алматы облысында салынса, «Saf qymyz» брендімен шығатын қымыз өндіретін кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында болмақ. Ал, қытайлық медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауытты Түркістан облысында ашу жоспарланған.

Жалпы біздің Қауымдастықтың басты мақсаты – елге келген инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобасының жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Себебі, сырттан келген инвестор біздің заңды жетік білмейді, көптеген кедергілерге тап болуы мүмкін. Ал, біз өз тарапымыздан олардың жобаларының сәтті жүзеге асуына кепілдік береміз.

 – Заңнамалық талаптарды инвесторларға қолайлы ету өте маңызды тетіктің бірі. Осы ретте Кәсіпкерлер Қауымдастығының негізгі рөлі туралы айтып берсеңіз…

– Мемлекет басшысы бастамасымен Инвестициялық штаб құрылғанын білесіздер. Оның негізгі міндеті – ішкі және сыртқы инвестицияны көбейту. Бүгінде бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізу үлкен маңызға ие. Әсіресе, шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтар арасында тығыз байланыс орнату қажеттілігі туындауда. Президент те осының басты мақсат етіп отыр. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының отырыстарында инвесторларға қолайлы жағдайларды қалыптастыру, әрбір инвестордың көтерген мәселесі мен олардың жобаларды іске асырудағы кедергілер қарастырылады. Әр мәселе бойынша жан-жақты таразыланып, ұсыныстарды тиісті құзіретті ведомстволарға жеткіземіз.

«АУЫЛ – РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІҢ АЛТЫН БЕСІГІ»

– Қайрат Орынбайұлы, «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де, туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеуге бар күшін жұмсайтын жандар болады. Сізді көзіқарақты қауым сондай азамат деп таниды. «Туған жерге аянбай қызмет етуді парыз санаймын» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Жалпы Сіздің ұғымыңызда парыз деген не?

– Кез келген кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі болады. Өзін сыйлайтын, қолы да, ары да таза іскер адам қайырымдылық істерге атсалысып, әлеуметтік жобалармен айналысады. Біздің қолға алып, жүзеге асыруды көздеп отырған жобаларымыздың басым бөлігі әлеуметтік бағытта. Сонымен қатар, қайырымдылық бағыттағы істеріміз де баршылық. Мұнда пайда тауып, олжаға кенелейін деген мақсат жоқ. Көздегеніміз – мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен азаматтарға демеу жасау. Бұдан бөлек, ағаш егу, көпір немесе жол салу, талантты балаларға қолдау көрсету, тіл үйрететін арнайы оқу орталықтарын дамытуды да ойластырудамыз.

Қай кезеңде де халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені рас. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс деп санаймын. Осыған орай 2020 жылы анам дүниеден өткен соң Түлкібас ауылымен Таусағыз елді мекеніне қарай жүретін жолдың бойындағы жабылып қалған бастау көзін ашып, «Шынар бастау» рухани даму, демалыс әрі денсаулық сақтау орталығын аштық. Бүгінде «Шынар бастау» өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Әрі десе мұнда аудан деңгейіндегі көптеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, жыл сайын Наурыз мейрамы «Шынар бастауда» өзгеше форматта, жаңа бағытта ұйымдастыру дәстүрге айналды. Сонымен қатар, есімі елге белгілі тұлғалармен кездесулер де жиі өткізіліп тұрады. 

Еліміздің кез келген өңірінде тарихы терең, киелі жерлер жетерлік. Міне, кәсіпкерлер ұмыт бола бастаған осындай орындарды дәріптеп, көркейтіп өскелең ұрпаққа дәріптей білуі тиіс деп ойлаймын. Бүгінде «Шынар бастау» жер жәннаты саналатын Түркібасыдағы тегін негізде қызмет көрсететін рухани демалыс орталығына айналып отыр. Бұл жерде ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ауқымды шаралар ұлттық тәрбиені насихаттауға елеулі үлес қосуда. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендегі мешіттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қызыл ту және Келтемашат ауылдарындағы мешіттерге жан-жақты жөндеу жасалып, қайта жаңғыртылды. 2022 жылы Таусағыз ауылында 300 адамдық жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Алланың үйі саналатын нысанның жанынан жастарды имандылыққа баулитын медресе мен арнайы асхана және кітапхана ашу да жоспарланып отыр. Бұл – дін мен дәстүрді насихаттау мақсатынан туған ізгі амал. Өмір жолымда істеген істерім мен жұмыстарым елдің игілігі үшін. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай жұмыс істей береміз деген сенімдемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here