«Шолпандыққа жарайды ай қасында». Биахмет Сәрсенұлының қоғамдық-саяси қызметі һәм тұлғалық бейнесі

0
3268

Неше сан ғасыр заманда сол заманның берекесі болып тұратын тұлғалар тобы болатыны заңдылық. Сондай ірі де кесек іс қылған, заманында бір ғана идея – Алаш, ел мүддесі үшін ғұмыр кешкен бірегей тұлғалардың бірі – Биахмет Сәрсен Шегедекұлы. Ол 1885 жылы бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын облысы – қазіргі Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылында дәулетті отбасында дүниеге келген. «Оның шыққан тегі – елге танымал би аталардың жалғасы еді» [1] – дейді Қанат Еңсенов деген тарихшы ғалым. Атасы Кегенбай Жомартұлы ел басқарған би болған кісі. Ескі заманда өмір сүрген заманның тұрпатты кезеңдерінде әділ төрелік еткен айтулы шешендердің бірі болған деседі. Биахмет – сондай өнегелі қарттан тараған тегі мықты арыстың бірі болып шықты.

Тегі шежіре бойынша былай баяндалады: Кегенбайдан Есенқұл, Есенқұлдан Арғын, Алшын, Монтай, Тана. Арғынның ұрпақтары: Байрақ, Бекенай, Қозыбай, Көшекбай, Нұрмағанбет, Әйіп, Шеңгелбай, Сүйінбай, Жиінбай, Боқбай, Сәрсен. Сәрсеннен Жетенбай, Мұстафа, Түсіп, Құламит, Шегедектен Биахмет, Дәлел, Бірахмет, Қожахмет, Жанахмет, Салық тарайды [2]. Осылардың ішінде Биахмет, Жанахмет, Қалел, Дәлел, Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болған. Мәселен, солардың бірі Дәлел Сәрсен де Алаш қозғалысына белсене қатысқан қайраткер болды. «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» [3] атты ресми құжатта «Биахмет Сәрсенмен қоса «Д.Сәрсенов (брат Биахмета)» деп оның iнiсi Дәлелдiң де есiмi қатар аталады», – дейді кейбір деректерде. Сондай-ақ, «Capыapқa» гaзетiнде бacылғaн осындай шaғын xaбapдa Cемейдегi Aлaш aтты әcкеp пoлкы құpaмындa Б.Cәpcен бacтaғaн бip тoптың Aлтaй гyбеpнияcынa дейiн бoльшевиктеpдi қyғындaп бapып жеңicпен opaлғaны, cөйтiп биылғы жылдың нaypыз aйындa бoльшевиктеp oғынaн қaзa тaпқaн Aлaш милицияcының кoмaндиpi Қaзы Нұpмұxaмедұлының кегi қaйтapылғaны тypaлы әңгiме бoлaды» [4].  

Биахмет 1905-1909 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында оқиды. Семинарияны бір өзі 19 еуропалық шәкірттер арасында үздік бітіріп, 5 жыл мұғалім болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, 3 жыл болыстық кеңесте қызметкер болады. 8 жылдық еңбек жолында мектеп ашып, жүздеген баланың сауатын ашады.

1912 жылы Нарын болысының беделді адамдары Биахметті елге болыс басқарушысы етіп тағайындайды. Кез келген істе білім-парасаты негізінде әділ шешім қабылдап ел мүддесі үшін тарихи істер жасайды. 1916 жылғы Тарбағатай өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Мүрсәлім Бектеновтың Қытайда жүргенде шығарған:

«Ер еді Биахмет өр таласқан,
Байлыққа Манақ баймен кім жанасқан [5]» деген өлеңінен Биахметтің қандай екенін, кім болғанын анық байқауға болады.

Қай заманда болсын Абай айтқан «іші өлген, сырты сау» пасық адамдар қашанда болған. 1915 жылы ел үшін әртүрлі қызметтің диірменінде ысылған Бияштың азаматтық ісін дұрыс түсінбеген сондай ел билеушілері арман-мақсатыңа сыз түсіріп, ақыры болыстықтан алғызады. Сол жылы Тарбағатай өңірінің зиялы азаматы, Мұрын елі бойынша алғашқы оқыған қазақ дәрігері, Шәкі бидің немересі Хасен Әппас ұлының жалғыз қызы Бануға үйленеді [5]. Екеуінен ұл бала дүниеге келіп, Алаштың саяси көсемі Әлихандай болсын деген ниетпен баланың атын Ғалихан (бірақ кейін төлқұжатқа Қалихан деп жазылып кеткен) қояды.

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Семей облыстық Қазақ комитетіне мүше болып сайланып, Павлодар уезінде жергілікті комитеттер құруға атсалысады. Сол жылы Орынборда өткен I-II жалпықазақ съездерін ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысады. II жалпықазақ съезінде Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тапсырмаларын орындап отырған Білім комиссиясының құрамына сайланады. Семей облыстық жер басқармасы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болып тағайындалады. Семейдегі мұғалімдер курсында оқытушы болып, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Семей облыстық атқару комитеті орынбасарлығына Әлімхан Ермек, Халел Ғаббас тағайындалса, мүшелігіне Биахмет Сәрсен, А. Қозыбағар, Райымжан Мәрсекұлы және 20 ұлт зиялылары өтеді. «Жәрдем» баспаханасынан аптасына бір рет «Сарыарқа» газетін шығарып тұрады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Ұлт қазынасы», «Автономия кеңесі», «Біріккен елде береке бар», «Азық-түлік», «Руссияда осы күнде зор мәселе – азық-түлік» және т.б. мақалалары жарық көреді [6].

Мақалаларындағы басым мазмұн демократиялық идеялық сарынға, жаңашылдық прогреске һәм сауапты да сауатты іске қазақ жұртын тарту мақсаты әріден соң қатты байқалып тұрады. Мәселен, «Қанша айтсақ та, қазақтың ел болуы үшін ұлт қазынасын жасау керек»  [7, ( «Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 5 желтоқсан, №23)] деген Биахметтің сөзі тапқанының бір бөлігін ел болуға жұмсау керектігіне назар салу керек. Ал енді «Біріккен елде береке бар» деген мақаласында «Теңдесіп, қатарға кірді деген осы да! Бірлік қып, мақсатына жеткен жатақтар бірлігінен айырылмай отырса, жатқа жегізбес, ісі оңға баспай қалмас» [7, ( «Сарыарқа» газеті, 1917, 22 маусым)] дейді. Бұдан берекенің бірлікке негізделетінін біліп, халықты бірлікке шақыратынын көреміз. Биaxмет Cәpcен «қaзaқ дaлacындa бoлып жaтқaн өзгеpicтеp жөнiнде, пaтшa өкiметiнiң қaзaқ өлкеciне жүpгiзiп oтыpғaн oтapшылдық caяcaтын әшкеpелеген бipнеше мaқaлaлapы Caнкт-Петеpбypгте шығып тұpғaн «Нaшa жизнь», «Pечь» гaзеттеpiнде де жapық көpдi. Coнымен қaтap, oның 1905-1907 жылдapы caяcи oқиғaлapғa, oқy-aғapтy iciне, «Aлaш» пapтияcы, «Қaзaқ» гaзетiне бaйлaныcты жaзғaн мaқaлaлapы «Вaкыт» («Yaқыт»), «Мycyльмaнcкaя гaзетa», «Делo Cибиpи» гaзеттеpiнде жapиялaнды. Oл негiзiнде кей мaқaлaлapын «Киpгиз-кaйcaк», «К. Нaймaнcкий», «Cтепняк», «Киpгиз-cтепняк» деген бүpкеншiк aттapмен жapиялaп oтыpғaн. Биaxмет Cәpcенoв aғapтyшылық caлacынa қaтыcты жaзылғaн «Әй, қaзaқ» aтты тұңғыш өлеңi «Aйқaп» жypнaлының 1912 жылғы №13 caнынa бacылды» [4]. Бұл өлеңiнде oл қaзaқ бaлacының дұpыc жoлғa түсіп, пайдасыз істен қашық болып, нaдaндық қaпacын бұзып, бiлiм aлып, пaйдaлы ic icтегенi жөн екендiгiн жac бyынғa түciндipyге тыpыcaды. «Oл қaзaқ xaлқын iлгеpi бacтыpмaй, езiлген, aдacқaн, тығыpыққa тipелген xaлiн дәл көpcетiп, oлapдың oянyын тiлейдi» [4].

1917 жылы шілде айының соңында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермек, Халел Ғаббастармен бірге Биахмет Сәрсен де ұсынылады. 1917 жылы 13 қыркүйекте Алашорда қайраткерлері өткізген «Земство мекемесін» құру туралы мәжілісте мүше болған. Сол жылы қазан айында Биахмет «Алаш» партиясының облыстық комитеті атынан да Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. Қазан айында Әлихан Бөкейханның ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 15-20 аралығында алдымен Семейде, кейін Омбыда партияның облыстық ұйымдары құрыла бастады. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Х.Ғаббас сайланады. Семей облысынан арнайы Г.Потанин, Ә.Бөкейхан, Ә.Ермек, Х.Ғаббас, М.Боштай, Ж.Ақпаев, А.Қозбағар есімді арыстардың арасында Б.Сәрсеннің де есімі ұсынылады. Сол жылдың 6 желтоқсанында Семей қаласында «Земство мекемесі» мүшелерінің мәжілісі өтеді. Осыған Биахмет Сәрсен 37 адамның бірі болып қатысады. 1917 жылы 10 желтоқсанда Семей уездік земствосының бірінші төтенше жиынында Семей уездік земство атынан облыстық земствоның депутаттығына Биахмет Сәрсен сайланады. Сол уақытта Алаш қалалық Думасының мәжілісінде оның төрағалығына Биахмет Сәрсен сайланады.

1918 жылы 2 сәуірде Биахмет пен Сталин арасында телеграф арқылы келіссөз өтеді. Келіссөзде қойған ұсыныс-талаптары Ә.Бөкейхан, Р.Мәрсек, Ә.Ермек, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы қатынасқан арнайы мәжілісте тұжырымдалған екен. Оған өзі де қатысады. 1918 жылы Көктемде уездік советке мүше болады. 1918 жылы желтоқсан айында Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы құрған оқу комиссиясына Мағжан Жұмабай, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлымен Биахмет те мүше болады. 1918 жылы Азамат соғысы жылдарында Шығыс Алашорда үкіметі құрамында қызмет етеді. Облыстық земство басқармасында халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесін басқарған тұста ұлттық мектептерді ашу, оқулықтармен қамтамасыз ету секілді жұмыстармен айналысады. Семейдегі мұғалімдер семинариясында, Алаш қаласындағы қысқа мерзімді педагогикалық курстарда сабақ береді [6].

1919 жылы Семей облыстық жер басқармасы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болады. Осы кезде Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әртүрлі пәннен сабақ береді. Қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына белсене араласады.

1920 жылы Алашорда таратылғаннан кейін 1-20 сәуір аралығында Семей губерниясының төтенше комиссиясы құрылып, олар «Антисоветтік бүлік туралы» істі қараған. Мұнда Алаш қайраткерлерінен жауапқа тартылғандар қатарында: Ә.Бөкейхан, Х.Ғаббас, Қ.Үкібай, Т.Ибрагим, М.Әуез, А.Қозыбағар, Ә.Ермек, М.Тұрғанбаев секілді барлығы 37 адамның есімі аталады. Оның арасында Биахметтің де есімі бар. Сол жылдары Орынборда Қазақ автономиялық республикасы жарияланғанда, оны жаңа астанаға қызметке шақырады. Биахмет сонда жүріп Алаш Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарады. Халық ағарту комиссары А. Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етті. Физика, математика (геометрия) пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс алды (Бияш дүниеден өткеннен кейін бұл ісін өзінің достары Елдес Омарұлы мен Жүсіпбек Аймауытұлы жүзеге асырады). Биахмет Сәрсен – қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалаған тұлға. Отандық мектеп жүйесін қалыптастыруға, алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болды. Аштық залалына да барынша төтеп береді.

«Қандай жұмысқа кіріссе де тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын… оның тағы бір қасиеті: нашарға, мұқтаж шәкіртке, жолдас арасында жүрeгі қайырымды, қолы ашық болатын… Оқу комиссариатының қандай ісі болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Хакімшілік жұмыстан арқасы босағандай Ахаң Бияшқа сеніп отырушы еді [8]», – деп жазады Жүсіпбек Аймауытұлы. Бұл замандас достарының тірі лебіздері еді. Биахмет тұлғасына қандай сөз де жараса кететінін көрсетеді.

1921 жылы Орынборда Қазақ АКСР-нің Оқу-ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының оң қолы болып жүргенде, кенеттен оба ауруынан қайтыс болады. Жалындаған жас жүрек ғүмырдың тынысы мәңгіге тоқтайды. Бірақ, демі үзілсе де, өлместей ғып артында қалдырған ғибратты ғұмыры, Алаш үшін жанын сарп еткен еңбегі тарих тынысында ешқашан тоқтамайды деп білемін. Сол себепті оның аз ғана тағылымды ғұмыр аллеясына ескерткіш орнату тіптен қажет-ақ.

1921-1926 жылдары Орынбордағы балалар үйіне Бияштың есімі берілген екен. Бияхмет қайтыс болғаннан шамамен 36 күннен кейін Жүсіпбек Аймауытұлы «Қазақ тілі» газетінің №13-інші санына «Бияш» атты мақаласын жариялайды. Онда: «Бияш қиын-қыстау, қиында жол салатын, дәнекер болатын, өзгеше жаралған еді. Ондай кісі қазақтан кем шығады. Бияштың орны үңірейіп қалды! [8]» – деп қимастығын білдіреді. Расымен айтса, айтқандай! «Бияш» мақаласында біз біле бермейтін Биахметтің қырларын көруге болады. Білмейтініміз – заңды. Кем тұсымызды жаңартып, жарқын тұлғаның қырларын біліп оны айшықтауға міндеттіміз. Қазақ баласының тарихын танып, тұлғаларын білуден артық азаматтық парызы бар ма? Сонымен Жүсіпбек «Бияш» мақаласында «Биахметті сегіз қырлы» деп сипаттайды. Бияш – өнерлі, педагог, психолог. «Егер бала оқыту жолында кызмет еткен болса, белгілі жақсы тәрбиеші болар еді [8]», – деп те қабілеттерін жорамалдайды. «Кез келген іске – мығым, берік, шебер. Шаршамайтын дипломат. Ақылды. Бияштың жай ақылды емес, практикалық ақылы бар-тұғын азамат. Жайбасар емес, асып-саспайтын, таспайтын алғабасар еді» дейді. «Онын тағы бір қасиеті: – дейді Жүсіпбек. – Нашарға, мұқтаж шәкіртке, жолдас арасында жүрегі қайырымды қолы ашық болатын. Жарлы шәкірттерге жанын салып болысып; «байғұстар бірдеме алып қалсын, оқуынан қалмасын… деп ылғи бір орынға орналастырып, бірдеме тауып беріп құрақ ұшып жүруші еді. Досшыл, жолдасшыл, ер көнілді, жолдас үшін, ел үшін қатерлі жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын еді [8]» деп ашық суреттейді. Алмас қылыштай жарқ еткен өткір, пысық, кыран-қаршығадай қырағы еді. Адамгершілігі биік, жолдасшыл, мінезді адам екенін мен айтпасам да ерен еңбегінен оқып, біліп отырсыздар. Осынша қарым-қабілеттер бір адамның бойында қалай тоғысып тұр деп тамсанғанымыз әбестік болмас, сірә.

Орыс зиялысы Авдеев: «Биахмет Сәрсенов қазақ өлкесіндегі алғашқы кеңестік мектептер мен әр түрлі қысқа мерзімді курстар ашуға, мектеп, интернат үйлерін салуға, жабдықтауға орасан зор енбек етті, тіпті, қазақ өлкесіндегі алғашқы әскери оқу орындарын ашып, жабдықтауға да оның қажымас күш-жігері, іскерлігі керек болады [5]» деп жазады. Түркістанның бас газеті «Ақжол» басқармасы: «Қазақ елінің көгіндегі үркердей аз ғана жұлдыздардың бірі сөнді. Биахмет сол санаулы жұлдыздардың арасындағы ең жарық, нұрлы көрінгендерінің біреуі еді. Оның есімі қазақ жұрты үшін орны толмайтын қаза, қаруы қайтпайтын шығын [5]» – деп өкіне, қайғыра жазса, досы Ғазымбек Бірімжанов: «Оның алдан көздеген нысанасы, жүрек түкпіріндегі мақсұты қазақ халқының өз тізгіні өзіне тиіп, өзін-өзі билеу дәрежесіне жеткізу еді. Бұл жолда жанын аямай, өлімге басын байлап қызмет етті [5]» – дейді. Бұл –36 жыл ғұмыр кешкен Алаш боздағына тарту етілген ескерткіш.

Қарпық Егізбай өзінің «Тағылым» кітабында Биахмет жайында мынадай деректерді келтіреді: «Ғазымбек Бірімжанов: «Талантты ақын Бернияз Күлеев қолжазбаларының қорында (Ә.Ө 802 папка) сақталған Биахметтің қабірі басына жазылған 15 жолдық эпитафиялық жыр былайша аяқталыпты:

«Арыздаспай, қоштаспай,
Туған ата-анамен.
Туысқан аға-інімен,
Еңбегі елге сіне алмай.
Құмарынан шыға алмай,
Ойламаған арада.
Отыз алты жасында,
Қайтыс болды қапыда».

«Ал Ақсуаттағы ағайын-жұртының, қалың елінің ауыр қайғысы Биахметтің адал жары Банудың жоқтауында былайша көрініс табады», – дейді:

«Орынборда сүйегі,
Ішім бір оттай күйеді.
Жазған да хаты бар ма екен,
Қолыма қашан тиеді?!
Орынбор, Мәскеу қаламыз,
Алыс та болды-ау арамыз.
Ел жұртың ауыр қайғыда,
Тағдырға болмай шарамыз.
Анырап қалды-ау артында,
Ғapіп бір болған анаңыз [5]. Әрине, сағыныш, қимастық сезімдері басым. Тағдырға не шара?! Нар тұлғалы Биахметтің өмірі өзгеге де үлгі болса екен деймін.

Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлы Әлихан, Халел, Әлiмхан сынды бiр топ Алашорда үкiметi басшыларын халыққа таныстыру өлеңiнде Биахмет Сәрсен турасында заманның лайық бағасын берген:

«Бiреуi Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғиға ұқсар көрсең түрi.
Түрiнен де, сөзiнен, жүрiсiнен,
Екенiн бiле алмайсың қандай қыры.

Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңiлiнiң жылдам сезгiш айнасы да.
Бар дейдi бұрынырақ ұмтылатын,
Түлкiдей жалт ететiн таймасы да.

Iсi де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегiс халық пайдасына.
Жастардың бiреуiнен кейiн емес,
Қазақ деп жүрегiнiң қайнасы да.
Халел мен Әлiмханды ай деп айтсақ,

Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын барады артып.
Iлiмнiң аймағында жоқты дағы,
Ерiксiз тумысымен алар тартып» [1].

Сұлтанмахмұттай дарынды ақынның мақтауынан өту – абырой. Сондай сөзге татырлық Бияш, қазақтың Биахметі қандай десеңізші.

Бияш – заманның тау тұлғасы деп қорытындылауға болады. Бірақ, біз енді Бияштай іс қыла аламыз ба? Ол жасаған істі қайталай аламыз ба? Мәселе сонда. Біздің тарихқа есеміз де бар, қарызымыз да бар. «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деп саяси көсем, Алашорда үкіметінің президенті Әлихан Бөкейхан айтқандай, Биахметке еліктеп, Алаш идеясын бойымызға сіңіріп, ұлтымыз үшін шамамыз жеткенше еңбек етсек, тарихқа деген қарызымыз аз болса да өтелер. Борышымыз түсіп, парызымыз үйлесер деп сенемін.

Сұлтан МҰРАТҰЛЫ

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Еңсенов Қ. Алаштың арысы – Биахмет Сәрсенов.
2. Тоқабай шежіресі. Найман тоқабай шежіресі. – А., 2005. – 113-114.
3. Кенемолдин М. «Бияш деп елі еркелеткен».
4. Дюсембаева А.М. «Биaxмет Cәpcенoвтың қoғaмдық-caяcи қызметi», Семей: 2021 – 34, 43-бет.
5. Егізбай Қ. «Тағылым» (Биахмет Сәрсенов жайынан бір үзік), Семей: 2001.
6. Тілешов Е., Хамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: 2014. – 354-355-бб.
7. Сәрсен Б. «Ұлт қазынасы» («Жас Қазақ», «Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 5 желтоқсан, №23), «Біріккен елде береке бар» ( «Сарыарқа» газеті, 1917, 22 маусым).
8. Аймауытұлы Ж. «Бияш», «Қазақ тілі» газеті, 1921 жыл, 22 тамыз, №13-саны.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here