QyzPU-да «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында Халықаралық форум өтті

0
1194

Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына – 80 жыл. Осыған орай университетте «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында Халықаралық форум өтті. Мақсаты – өткен кезеңді сараптап, жетістіктерді көрсету, тәжірибе алмасу, сондай-ақ болашаққа нақты бағыттар мен жоспарларды айқындау.

Халықаралық форумға университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы, «Тұран» университетінің ректоры, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанұлы, Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Жақсылыққызы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай Директорлар кеңесінің төрағасына алғысын білдіріп, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін медаль табыс етті.

«Мерейтой аясында бір жыл бойы көптеген конференциялар, ғылыми жобалар жүзеге асырылды, орталықтар ашылды, профессорлар дәріс оқыды. Бірақ бүгінгі күн ерекше, себебі университетіміздің басты жетістігі, қоғамға берген жақсылығы сіздердің алдарыңызда отыр. Университетіміздің өркендеп, өсуіне үлес қосып жүрген ел ағаларына алғыс айтамын. Омархан Нұртайұлы университетімізге көлемді инвестиция алып келді. Қыздардың білім алуына қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан Алматының орталығынан ғимарат берілуіне, зертханалардың ашылуына септігін тигізді», – деді ректор.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразова ұжымды құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығы – барша Қазақстанның қуанышы десем, артық айтқаным емес. Озық ойлы ұлтты тәрбиелеуде ана мен ұстаздың алар орыны ерекше. Ал, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы жолда аянбай еңбек етуде. Небір тұлғалар осы университеттен түлеп ұшты. Тарихы өте терең университетіміз өркендей берсін. Білікті ұстаздарымыз, елді әлемге танытатын түлектеріміз көп болғай», – деді Аягүл Төреқызы.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Ирина Смирнова өз сөзінде қыз баланың тәрбиесінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Тәрбиелі, ізгі қасиеттерге ие қыздар болашақта ұлттың ар-намысын сақтайтын, қоғамға үлгі болатын ұрпақты қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.

Форумда QyzPU ректоры Гүлмира Әмірханқызы еліміздің білім және ғылым, мәдениет салаларын дамытуға үлес қосқан түлектерге алғыс айтып, мерейтойлық төсбелгі табыстады.

Сонымен қатар, іс-шарада университеттің белді түлектері Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, бірнеше кітаптың авторы Орынша Қарабалина, белгілі ақын және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ұлағатты ұстаз,  мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, танымал қоғам қайраткері Асылы Осман құттықтау сөз сөйледі.

Бұл Халықаралық форум білім мен тәрбие саласындағы үздік дәстүрлерді жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here