1988 жылы Алаш қайраткерлерінің ақталуы әкеміздің өміріндегі ең зор қуаныштарының бірі болды

0
4233

Қазақ прозасында өзінің ерекше қолтаңбасы бар, қаламынан таным тамшылары мөлдіреген қабырғалы қаламгер Төлен Әбдіктің 2012 жылы «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатын назарымызға алғанды жөн көрдік. Өйткені, Сейітбек Нұрхановты қазіргі жастар біле бермейді. Оның ішінде өзім де бармын. Ұяттымын. Енді осыдан 12 жыл бұрынғы сұхбатқа кезек берсек артық болмайды.

«Алматыда оқып жүрген кезімде өзімізге жақын туыс болып келетін Сейітбек Нұрханов деген кісі Ғылым академиясында қызмет етті. Анда-санда мені шақырып алады. Бір күні «саған өлең оқиын» деді де, төбе құйқаңды шымырлатып бір өлеңді бастап кеп кетті:

– Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?!

Сарыарқа сайран жерлерім,
Көк орай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау – биік белдерім.
Қысылып қазақ тұрғанда,
Данышпандар, қайда едің?!

Құландай үркіп елдерің –
Қалдырып мекен жерлерін,
Жаяу, жалпы, жалаңаш,
Қатын, бала, ерлерің
Аштықтан кырғын тапқанда,
Сыпыра жомарт, қайда едің?!

Бұрын-соңды мұндай сарынды өлеңді естіп көрмегенмін. Таңғалып, авторын сұрап едім, тіс жармады. Кейін барып Міржақып Дулатовтың өлеңі екенін айтты.

– «Өліараның» бірінші кітабы шыққан. Екінші, үшінші кітапқа ұластырамын ба деп едім, екінші кітаппен аяқтайтын шығармын. Жазып жатырмын. Соның эпиграфы етіп осы жолдарды алдым, – деді Төлен Әбдік.

Сейітбек Нұрхановты сендердің біле бермеулеріңнің жөні бар. Құдайға шүкір, көзі тірі. Жасы сексеннен асты. Бұл кісінің шыншылдығы, турашылдығы, ешкімге жағынбайтындығы ерекше. Тіл білімі саласында зерттеулер жасаған. Бірақ, ғылыми жұмысын қорғауына әртүрлі кедергілер болды. Бәлкім, өтірік пен жалғанға, құлдыққа құрылған ана заманнан мүлде аулақ жүргісі келді ме екен. Бірақ, өмір бойы, тіпті КГБ-ның бақылауында отырса да, Алашорда тарихын зерттеп, зерделеп жүргенін білемін.

Менің «Біз үшеу едік» деген пьесамды марқұм Райымбек Сейітметов Алматыда ТЮЗ-да – Балалар мен жасөспірімдер театрында қойды. Сол пьесамды Сейітбек ағама арнап жазып едім. Өйткені, ол кісі өзі Алашорда қайраткерлерінің бір сынығындай, кісілігі мол, кез келген адамға ұялмай үлгі етуге болатын жан. Пьеса 1990 жылдарға дейін жүрді. Роза Әшірбекова әлі күнге дейін телефон шалып, «Шіркін-ай, баяғы біздің «Біз үшеу едікті» ойнаған кезіміз-ай» дейді. Уақытында көп мақталды да. Адам жанының тазалығы туралы шығарма ғой.

…Біздің үйіміз ТЮЗ-дың жанында болатын. Бір күні кешке таман үйге келе жатсам, Тәуекелов Сламбек әйелі екеуі театрдан шыққан беті екен, қарсы ұшырасып қалды. Сламбекті білетін шығарсыңдар, «Қазақфильмнің» директоры болған, өзі белгілі режиссер.

Сол күні «Біз үшеу едік» қойылыпты. «Төке, сіздің пьесаңызды көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз» деді. Жүрегіме әлгі сөз кәдімгідей әсер еткені… Біраз уақыт есімнен кетпей қойды. Егер шығармаң адамды «кір жуғыш машинадан шыққандай» тазартатын болса, авторға одан артық қандай бақыт керек!?

Торғай, Шымкент, Атырау, Семей театрларында жүрді. 2002 жылы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театр қойды.

Рас, кейбір қойылымдарда пьесаның идеясына басқаша трактовкалар беруге тырысқан сәттер де болды. Ондай кездерде мен былай дейтінмін: «Шығарма ізгіліктің өмірде бар екеніне, жолы қанша жіңішке болса да, ол да сөнбей қойған шырақ секілді, «өлермен» құбылыс екеніне, сол себепті де құрып кетпей, біздің заманымызға жеткеніне және бізден кейін де өмір сүре беретініне арналған. Құдайдың бар-жоғына таласу мүмкін емес. Құдай сенген адамға бар, сенбеген адамға жоқ. Ізгілік те сол секілді, сенсең – бар, сенбесең – жоқ».

2002 жылы пьеса Астанада қойылып жатқанда репетиция үстінде бұл шығармамды Сейітбек Нұрхановқа арнағанымды айтқанда әртістер «сол адамды бізге көрсетіңізші» деп өтініш жасады. Ақыры, спектакль қойылды. Авторы ретінде сахнаға шыққан соң, «шығармаға арқау болған адам осында отыр. Секе, бері келіңізші» дедім. Секең өзінің сол баяғы парасатты, кішіпейіл кейпімен сахнаға шығып, Алаш туралы әдемі сөз сөйледі.

Міне, шырағым, мадақтасаң, мансабы биік шенеунікті емес, жаныңда жүрген осындай жақсы адамдарды жазыңдар. Жастарды тәрбиелейтін осындай тұлғалар ғой», – дейді бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Төлен Әбдіктің 12 жыл бұрынғы сұхбатынан осы жерін әдейі алдым. Себебі, Сейітбек Нұрхановты Қоғабай Сәрсекеев қатты сыйлайтын. Көзі тірісінде «Қазақ» газетіне арнайы жазған мақаласын ақылдасып жатқанын талай естідік. Олай болатын жөні де бар. Сейітбек Нұрханов «Қазақ» газетінің Ақылдастар алқасының мүшесі болды. Газеттің ғасырлық мерейтойында Алматыға Астанадан арнайы келді. Өкініштісі, қазір ортамызда Қоғабай Сәрсекеев те, Сейітбек Нұрханов та жоқ. Дегенмен, Төлен Әбдік айтқандай, «Сейітбек Нұрхановты сендердің біле бермеулеріңнің жөні бар». Келесі сөзді Алма Сейітбекқызына берейік.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Михай Бёнке Міржақып Дулатовтың рухына тағзым етіп өтті

Біздің әкеміз Нұрхан ұлы Сейітбек 1927 жылы кейін Торғай облысының Жангелдин ауданының Еңбек кеңшарына тиесілі болған Аққұм ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Албарбөгет мектебінің жетінші сыныбын аяқтап, 14 жасынан бастап кейіннен Коминтерн колхозы деп аталған Қарабидайықта жұмыс істей бастайды.

Өзімен қатар аш-жалаңаш құрдастарымен бірге соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын басып, ауыр еңбекке кіріседі. Әкеміз қабырғасы қатпаған жасөспірім балалардың ауыр жұмыстан қалжырап, соқаға жегілген өгізге сүйеніп, жүріп бара жатып ұйықтап кететіні туралы айтып отыратын.

Оның соғысқа дейінгі өмірі де оңай болмаған. Әкесінен ерте айырылған. Атасы Нұржан мен әжесі Ақборық, басқа да жақын туыстары репрессияға ұшыраған, атасы Нұржанды тергеу органдары 1931-1932 жылдың бірінде аттырған, қалғандары хабарсыз кеткен. Кеңес өкіметі байдың тұқымы деп ауылдан көшуіне тыйым салып, аштан өлуге байлаған анасы Жұмагүл екі баласымен шарасыз күйде қалады. Оларды Жұмагүл әжеміздің ағасы Сейдахмет ауылдан жасырын алып қашып шығады. Қуғыннан қорыққан Сейдахмет әкем шананы жолсыз жермен жүргізіп, аттарды қалың қармен жаяу жетектеп отырып елге жеткізеді. Еңбекқор Жұмагүл әжеміз стахановшы сауыншы, ферма меңгерушісі болып, 1936 жылы Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдаған съезге делегат болып қатысқан.

Көріп отырғанымыздай, әкеміздің балалық шағы қазақ жеріндегі қатыгез социалистік құрылыс пен Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы тылдың жанкешті еңбегі кезеңіне келген.

Басқалар сияқты әкеміз өзінің 94 жылғы өмірінде елде болған жағымды, жағымсызы бар барлық үдерістердің ықпалын көрді. Қуанды, қайғырды, қарсыласты. Оның азаматтық тұлғасы, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы өзінің еркінен тыс объективті жағдайлармен қатар өмірлік қарекетінің мән-мақсатын айқындау жолындағы өз ізденісінің барысында қалыптасты.

Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылдың аяғына дейін колхозда еңбек еткен әкеміз 1947 жылы аздаған уақыт ВЛКСМ аудандық комитетінде жұмыс істеп, сол жылы соғыстан келген Кенжебай ағасының әскери кителін киіп, Меңдіқара педагогикалық училищесіне оқуға кетеді. Бұл китель әкеміз үшін кейін, баршылық заманда киген талай қымбат костюмдерінен ыстық болатын. Ол «Кенжекеңнің кителі» деп, аса бір жылылықпен айтып отыратын.

Меңдіқара педучилищесін бітіргеннен кейін Албарбөгет, Ақсуат жетіжылдық мектептерінде мұғалім болады, Торғай халыққа білім беру бөлімінде мектеп инспекторы және педкабинет меңгерушісі болып жұмыс істейді. Әкеміз үшін 1951 жыл бақытты жыл болды – ол Ақсуат мектебіне жолдамамен мұғалім болып келген Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Әминаға үйленеді.

Тағдыр осылай кеңес өкіметі тарапынан репрессияға ұшыраған екі әулеттің перзентін Саға ауылында қосқан. Анамыздың әкесі Нәсіртден Карлаг пен Колыма лагерін басынан өткізген жан. Шыққан тегі мен ата-әкелерінің басынан кешкен тағдыр олардың арасында рухани жақындықтың тууына, кейіннен Алашорда көсемдері мен идеалдары туралы ағартушылық жолын таңдауына ықпалын тигізген. Екеуі 66 жыл бірге өмір сүрді.

1953 жылы әкеміз Алматыға Абай атындағы педагогика институтына оқуға аттанады. Соңынан кейбір арызқойлар Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының ректорына телеграмма жолдайды. Онда «Нұрханов Сейітбекті оқуға қабылдауға болмайды, өйткені ол байдың, болыстың тұқымы болғандықтан оған сенім болмауға тиіс» делінген екен. Әкеміздің бағына қарай институт ректоры, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ол телеграмманың мақсатына қарама-қарсы шешім қабылдап, әкеміз біліміне сай оқуға түседі.

Тибор Тот пен Сейітбек Нұрханов

Әкеміздің күнделікті тұрмыс мәселелерін елемей, ғылым әлеміне емін-еркін терең бойлауына бірден-бір жағдай жасаған адам адал жары, бес баласының анасы, немерелері мен шөберелерінің аяулы әжесі Әмина еді. Әкеміздің алаңсыз жеті жыл оқуда жүруі артында сенімді тылы болғандықтан еді. 

Анамыз қиындыққа мойымайтын жан еді. Қашанда «қолдан келмейтін іс болмайды, қайтсек те болдырамыз» деп отыратын, «все будет хорошо» деген сөз өмірлік девизі болатын. Біз кей жағдайда күйіп-пісіп жатқанда «ақылыңды алдыңа сал, ашуыңды артыңа сал» дейтін.

Үздік оқуы үшін әкемізге сталиндік стипендия тағайындалады. Сталиннің жеке басына табынушылық әшкереленгеннен кейін, режимнің халыққа қарсы саясатынан түңілген әкеміз 1946 жылы СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен өзі марапатталған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалінің куәлігін жыртып, лақтырып жібереді.

Осы кезден бастап Алаш қозғалысының көсемдері мен мүшелерінің идеялары мен тағдырына деген қызығушылығы басталады. Сталиннің жеке басына табыну әшкереленгенмен, кеңес өкіметі Алашорда тақырыбын мұқият жасырып, ұзақ уақыт жарыққа шығаруға жол бермегені белгілі.

Аспирантурада оқып жүргенде және Ғылым академиясының тіл білімі институты мен Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында қызмет істей жүріп әкеміз Алаш партиясының идеологиясы, Алашорда үкіметінің қарекеті мен оның көсемдері жайлы материалдарды іздестірумен айналысады. Бұл материалдарды іздеуге, білуге тыйым салынған болатын, оларға қызығушылығыңды көрсету аса қауіпті еді. Ол заманда Алаш партиясы мен оның көсемдері туралы кітаптар бір кезде жарыққа шығады-ау деген үміттің өзі ғажайып қиял болып көрінетін.

Әкеміз өзінің Алашорда зиялыларына қатысты материалдарды іздестіруі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынып, ізіне агент түскенін байқап қалған. Оның арандату әрекеттерінің мақсатын түсінген соң әкеміз қанша қимаса да, қыруар еңбекпен жинаған материалдарды өртеп жіберуге мәжбүр болған.

Біздің үйде әрқашан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов пен басқа да Алашорда ардақтыларының қазақ халқын біріктіруді көксеген ұлттық идеялары ата-анамыздың достарымен, дарынды жас жерлестерімен, туыстарымен бас қосу кезінде айтылып отыратын. Әкеміз бен анамыз ел-жер мәселесіне бейжай қарамайтын, халқымыздың тағдырына үнемі алаңдап отыратын. Еліне сыйлы, қазақ еліне шын жанашыр зиялы замандастары мен арттарынан еріп келе жатқан көзі ашық, көңілі ояу жастар арасында беделді болатын, жастардың оң мен солын ажырата алатын сауатты, білімді, парасатты, халқына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген жандар. Әкеміздің адал жары, сенімді серігі Әмина анамыз ел мүддесіне қатысты мәселелерді насихаттауға кез келген қолайлы жағдайды пайдалануға тырысатын. Мысалы, қай таксиге мінсе де, жүргізуші жігіттерге Алашорда туралы, Тәшеновтің Қазақстан территориясының сақталып қалуына сіңірген еңбегі жайлы әдемілеп айтып беретін, «Қазақ» газетіне жазылуға үгіттейтін.

Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайды әкеміз Алаш көсемдерінің көзіндей көріп қатты қадірлейтін, пір тұтатын. Тегіне тартқан қаһарман жан тоталитарлық жүйенің қыспағын көре отырып, аса қиындықпен әкесінің шығармаларын сақтап, Алаш арыстары туралы балалық шағынан қалған естеліктерін кейінгі ұрпаққа арнап біраз кітап жазып кеткені белгілі. Гүлнәр апаймен әкеміздің қалай танысқанын анық білмеймін. Ол кісінің жұбайы Әбен Сатыбалдиевпен Ғылым академиясында, Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясында бірге қызмет атқарған кезінде танысқан болар.

Алаш арыстарының есімдері ашық аталмайтын заманда әкеміз сол тұлғаларға деген ілтипатын жүзеге асырудың бір жолы ретінде өзінің жақын достары мен туыстарының балаларына халқымыздың ардақты ұлдарының аттарын қоюға тырысатын. Торғайлықтардың отбасында дүниеге келген Әлихан, Міржақып, Мұстафа, Мағжан, Санжар, Аймауыт атты балалар ер жетіп, азамат болды.

1995 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті институтында Абай Құнабаевтың 150 жылдығына арналған ғылыми конференцияның бағдарламасын дайындау барысында әкемнен лайықты бір эпиграф тауып беруін өтіндім. Сонда ол кісі Әлихан Бөкейханның «Абай был самородок, вынесенный судьбой в безвременье его родины» деген сөздерін жазуды ұсынды. Сол бағдарламаның осы сөз жазылған бір данасын әкеліп бергенімде әкем «бәлем, Алашорданың түбіне жеткен мекеменің құжатына Әлекеңнің өшпес сөзі жазылатын күн де туды ғой» деп, қатты риза болғаны есімде.

1988 жылы Алаш көсемдері мен қайраткерлерінің ақталуы әкеміздің өміріндегі ең зор қуаныштарының бірі болды. Мемлекеттің бұл шешімі тәуелсіздік қарсаңындағы қазақ зиялыларының табанды талабының жемісі еді. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апай әкесінің ақталғанын, ресми хабар жарияланбай тұрып, біздің әкемізден естіп еді. Оның себебі былай болды. Қазақ халқының 14 ардақты перзентін ақтау туралы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімін дайындап шығарған Қазхан Кенжебаев, әкеміздің үлкен қызы Гүлнәрдың жұбайы. Қазхан жездеміз әкемізді өз кабинетіне шақырып алып, НКВД-ның құпия материалдарын оқуына жағдай жасаған еді. Кім біледі, бұл тарихи маңызы бар шешімді дайындап шығару парызының біздің отбасымыздың мүшесіне бұйыруы – тылсым күштердің әкеміздің Алаш идеясына деген адалдығын мойындауының көрінісі болар.

Біздің үйден шыққан бойы Гүлнәр апай Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апайға соғып, қуанышты хабарды жеткізіп, екеуі құшақтасып отырып ұзақ жылағанын білеміз.

Әкемізді өмір бойы толғандырған нәрселердің бірі ұлттардың шынайы теңдігіне қол жеткізу болатын. Қандай да бір халықтың мүддесі тапталып отырғанын көргенде жаны қиналатын. КСРО құрамындағы түрлі халықтар өкілдерінің өмір сүру, даму жағдайларының тең болмайтын кездерін байқағанда қолынан келгенше көмектесуге, аз да болса қолдау көрсетуге тырысатын. Мысалы, Алматының түрлі жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсырылатын емтихандарды қабылдау кезінде орыс тілінде жазылатын диктанттың мәтінін орыс емес ұлттар өкілдерінің (қазақ, қырғыз, өзбек, грузин, ұйғыр) күрделі сөздерді дұрыс жазуы үшін асықпай, ежелеп оқитынын айтатын.

Әкеміздің Алматыда қазақ мектептері мен балабақшаларын ашқызу үшін жүргізген күресі оның біздің халқымыздың тілінің сақталып қалуына қосқан зор үлесі деп ойлаймыз. 1961 жылы отбасын Алматыға көшіріп әкелгенде балаларының оқитын мектебі жоқ екені анықталады. Бүкіл астанада жалғыз қазақ мектебі және Алматы облысы тұрғындарының балаларына арналған 2-3 мектеп-интернат қана бар еді.

Орыс мектебіне қабылданбаған және осы мектепте оқығысы келген балалардың бәрі қаланың әр түкпірінен Киров көшесіндегі Пугасов көпірінен әрі орналасқан жалғыз № 12 мектепке келіп оқитын. Білім беру жүйесінің шенеуніктері қазақ тілінде оқытатын жаңа қазақ мектебін ашу туралы мәселе қозғауға қорқатын, партия органдары осы қазақ мектебі үшін ең болмағанда бір жаңа ғимарат бөлуге қолдарынан келгенше кедергі жасап бақты.

Ол аз болғандай, 12-мектепті мектеп-интернатқа айналдырып, қаланың балалары оқитын сыныптарды 40-орыс мектебіне екі ауысым қылып қосып жіберді. Ол жерде біз өзімізді ауқатты, тәкаппар туыстарымызды паналап келген байғұстай сезініп, екі жыл оқыдық.

Иштуан Қоңыр Мандоки

Біздің мектеп оқушыларының ата-аналарының талмас күресінің нәтижесінде Алматыдағы балабақшаларда бірте-бірте қазақ топтары ашыла бастады. Әкем жыл сайын «балалар, бұйырса келесі сыныпты жаңа мектепте оқитын боласыңдар» дейтін. 12-ші мектепке жаңа ғимарат тек 1970 жылы ғана берілді, оның өзі № 28 орыс мектебіне арнап салынған қосымша корпус болатын. Сонымен, қазақ мектебіне жаңа ғимарат беру мәселесінің шешілуіне 9 жыл қажет болды. Бұл ата-аналар комитетінің зор жеңісі болатын.

Филолог әрі жан-жақты білімді адам болғандықтан әкеміз кез келген халықтың тілінің рөлін жоғары бағалайтын. Ол кісінің бір мақаласында мынадай тұжырым бар: «Из всех творений нации трудно назвать что-либо более достойное ее, чем ее собственный язык, который создавался веками и в котором отражена вся ее неписаная история, включающая и мудрость – вершину народного миропонимания».

Тіл білімі мәселелерін зерттеу үшін де, өз халқының даму заңдылықтарын түсіну үшін де таяу өңірлер тарихы туралы қомақты, терең білім қажет болды. Осылай әкеміз Бартольд, Крачковский, Ключевский, Тарле, Гордлевский сынды атақты шығыстанушы ғалымдардың еңбектерін зерделей бастады.  

60-жылдардың орта кезінде Алматыға венгриялық антрополог ғалым Тибор Тоттың келуі әкеміздің филология, этнография, тарих ғылымдары түйісетін ізденістеріне тағы бір жаңа түрткі болды. Венгрия ғалымымен 1964 жылдың желтоқсанында танысады.

Тибор Тот Қазақстан астанасының төңірегінде тұратын қазақтар арасында антропологиялық өлшеулер жүргізбекші екен. Алматыға келгеннен соң біраздан кейін Ғылым академиясында венгр (мажар) халқының этногенезі туралы лекция өткізеді.

Башқұртстанға барған экспедициясының нәтижелерін айта отырып, ғалым башқұрттар мен венгрлер арасында антропологиялық тікелей байланыстың барлығын тапқанын айтады. Лекция аяқталғаннан кейін әкеміз оған келесі сұрақтар жазылған қағазды жолдайды:

  1. Басқа еуропалық халықтар хунгариан, унгари, венгры деп атайтын венгрлер өздерін қалай атайды?
  2. Қостанай және Торғай облыстарында тұратын мадиярлардың сіздің халқыңызбен қандай байланысы болуы мүмкін?

Бірінші сұраққа Тибор Тот венгрлер өзін мадияр деп атайтынын айтады. Екінші сұрақ бойынша тек қана «Осы сұрақты қойған кісі лекциядан кейін кетіп қалмасыншы. Жеке сөйлесуіміз қажет» дейді.

Лекциядан кейін әкем ол кісіге келгенде, ғалым қатты толқып тұрып, Торғайдағы арғын-мадиярлардың саны қанша деп сұрап, бұл әңгімені ешкімге айтпауын өтінеді, келер жылы міндетті түрде Қазақстанға қайта келетінін айтады.

1965 жылдың көктемінде Алматыға келген Тибор бірден Қостанай мен Торғайға аттанбақшы болады. Бірақ, бұл оңай шаруа емес екен. Рұқсат күту қажет болады. Тибор келгеннен бірер күннен соң әкемді Ғылым академиясының кемінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті полковнигі шеніндегі кадр бөлімінің бастығы шақырып алып, мынадай сұрақтар қояды: «Сіз бір венгрді Қостанайға ертіп бармақшысыз ба? Ол венгрмен бірге зерттейтін ортақ тақырыбыңыз бар ма еді?».

Әкемнің зерттеу тақырыбы кадрлар бөлімін не себептен қызықтырып отырғаны туралы сұрағына «жо-жоқ, еш мәселе жоқ, алаңсыз экспедицияға аттана беріңіздер» дейді. Бұл үлкен жетістік болды, өйткені Қостанай, Торғай облыстары шетелдіктер баруға тыйым салынған өңір болатын.

Ол кезде шетелдік ғалымдар Қазақ ССР-на тек қана одақтық деңгейде, яғни Мәскеуден рұқсат болса ғана келе алатын. Тибор Тоттың докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғайтыны бұл рұқсатты алуға септігін тигізген болар. Әрине, ғалымдардың қасында қосымша бір қызметкер еріп жүреді.

Қазақ мадиярлары арасында антропологиялық өлшеулер жүргізу барысында Тибор Тот кейбір жер және ру аттарының Венгрияда да кездесетінін аңғарады. Ғалым экспедиция нәтижесіне қатты риза болып, келесі жылы зерттеулерін жалғастырмақшы болады.

Өкінішке қарай, Тибор Тот жергілікті адамдарды да, өзі зерделеген басқа объектілерді де суретке түсіре алмайды. Бұған қатаң тыйым салынған болатын. Келесі келгенінде Тиборға Қостанай-Торғай бағыты бойынша экспедиция жүргізуге рұқсат берілмейді. Әкеміздің жұмысында да кей жайсыздықтар бола бастайды. Әрине, мәселенің түбірі Ғылым академиясында емес еді.

Венгриялық ғалым жергілікті халықтың шынайы қонақжайлылығына тәнті болып, қазақтардың әдет-ғұрпына ерекше қызығушылық танытады.

Әкеміз бен Венгрия ғалымдары арасындағы Тибордан басталған ынтымақтастықтың жалғасы қазіргі Қазақстанға белгілі венгрия түріктанушысы қыпшақ Иштван Қоңыр мен шығыстанушы Михай Бёнкемен араласып, ақпарат, білім алмасуға ұласты. Бұл екі ғалым Иштван Қоңыр біздің Алматыдағы, ал Михай Бёнке Астанадағы үйде қонақта болған, ұзақ уақыт ғылыми мәселелерді талқылап, әкеміздің кітапханасымен танысқан.

Иштван Қоңырдың таза қазақ тілінде жазылған хаттарының бірін тыңдап көрелік:

«Будапешт каласы, 1976 жылы қараша айының 20-күні.

Ассалаумағалейкүм, Секең ағай.

Алыс мадияр отанында өмір сүретін қыпшақ ініңіз менен Сізге болып үй-іші, балаларыңызға салем жазғалы отырғанымның өзі маған зор қуаныш әрі мақтан емес пе.

Үй-іші, бала-шағаларыңыз болып қаламдас дос-жарандарыңыз сондай аман ба? Ардақты ағай, өз жұмыс-бабыңыз жақсы болар. Мұнда мен Алматыдан зор жігер, үлкен күшпен көңілді қайтып келіп, ескі әдетім бойынша байырғы жұмысымды бұрынғыдан да белсенді жалғастырып жатырмын.

Бұдан бұрын мен тек бұл жердегі қыпшақтардан тыс сонау Алматыда Сіздей ағатай табылады деп, менің ойыма үш ұйықтасам да, түсіме кірмеуші еді.

Сіздің айтуыңыз бойынша жолдаған сәлеміңізді Сіздерді сұраған қыпшақтарға, шешем болып басқа туған-туыстарымның барлығына жалғастырдым. Бәрі дағы: Сәлемет болсын. Көп рахмет деген сияқты алғыстарын айтып мәз-майрам болды да қалды. Алыс Орта Азиядағы туған-туыстарымыз қазақ халқына және Сіздің таныстарыңыз бен бізді сұрағандардың бәріне біздің қыпшақтардың атынан сәлем жолдауыңызды өтінеміз.

Сіздің маған тартуға берген кітабыңыз үшін тағы да көп рахмет. Бұл кітапқа біздің кітапханамыздың дәл төрінен орын бердік. Өйткені, бұл кітапхана тек менікі емес, біздің Отандағы қазақ мұрасына, салтына қызығатын адал жандардың барлығына көмек болады ғой.

Мен сіздердің Отанда өте аз уақыт болғанымен көп туған-туысты, дос-жаранды, көп дүниені көріп қайттым. Уақыттың аздығына байланысты Сіздердің институттың менімен танысқан жолдастарының суретін алуға мұршам келмеп еді. Егер сіз маған барлықтарыңыздың бірігіп түскен суреттеріңізді жіберсеңіздер, көптен-көп қуанар едім.

Хат соңында, ағай, сіздің біздің Отаннан қажетті дегендеріңізді жазуыңызды тілеймін. Алдағы өміріңізден бақыт, жұмысыңыздан табыс күтіп, үй-іші, бала-шағаларыңыз, дос-жарандарыңызға сәлем жолдаған Тоқсаба сүйекті қыпшақ ініңіз Қоңыр».

Венгер халқы мен қазақтардың арасындағы генетикалық байланысқа деген 1964 жылы Тибор Тот оятқан қызығушылық 21 ғасырдың басында шығыстанушы Михай Бёнкенің зерттеулерінде жалғасын тапты.

Қазақстанға заманның өзгерген кезінде келген Михай Бёнке елімізді, оның ішінде Торғайды емін-еркін аралап, қалаған адамдармен кездесіп, қажетті ақпараттарды тауып, суреттерді түсіріп алып, «Тургайские мадияры» деген кітап шығарды. Михай Бёнке Міржақып Дулатовтың кесенесіне барып, рухына бас иді.

Бұл тақырыптың көпшілікке кеңінен таралуына «Егемен Қазақстан», «Қазақ» газеттерінде жарияланған мақалаларымен, жазған кітаптарымен үлес қосқан кісі Қайсар Әлім ағай.

Институтта, аспирантурада оқыған кезде, Ғылым академиясында қызмет істеп жүргенде әкеміз Торғай жастарының білім алуға ұмтылғандарына риза болды, олардың білімге құштарлығын оятуға, дамытуға, көмекке зәрулерін қолдауға тырысты.

Дайындығы бар дарынды жастар жоғарғы оқу орындарына өз күшімен түсіп, үздік оқып, соның нәтижесінде ғылым, әдебиет, кәсіби практикалық қызметтің әр саласында талай жетістіктерге жетті. Өз кезегінде келесі буын жастарына қамқор болып, қолдау көрсетті. Біздің әкеміз бен шешеміз Ақсуат, Албарбөгет мектептерінде оқыған, дүниежүзілік ғылым мен әдебиет саласында, мемлекеттік қызметте аттары әйгілі болған ағайынды Сайлау және Сәбит Байзақов, Нариман Қыпшақбаев, Қойшығара Салғарин, Төлен Әбдік, Қоғабай Сәрсекеев ағайлардың жетістіктеріне риза болып, оларды мақтан тұтатын.

Өмірінің соңына дейін әкеміз Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың өлеңдерін, әсіресе, «Оян, қазақты» жатқа айтып отыратын. Өзінің дарынды жерлестері Қойшығара Салғарин, Қоғабай Сәрсекеев, Төлен Әбдік ағайлардың, осы кісінің баласы Дарханның шығармашылық жетістіктеріне керемет қуанып отыратын.

Ол кісілердің еңбектерін Алашорда көсемдерінің өркениетке ұмтылу үшін халықты ағарту идеалдарын іске асыруға қосқан үлесі деп бағалайтын. Қоғабай ағамыз «Қазақ» газетін қайта жаңғыртып, шығара бастағанда ерекше қуанып еді. Анамыз екеуі газеттің әр нөмірін тағатсыздана күтіп, мақалаларды жарысып оқып, талқылайтын.

Әкеміз балалары мен немерелеріне халыққа қызмет ету идеясын сіңіріп отыратын. Олардың әрқайсысы таңдаған мамандығы бойынша адал еңбектеніп, туған елге пайдасын тигізуге тырысты. Мысалы, біздің еліміздегі барған сайын ушығып келе жатқан көкейтесті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Осыған байланысты ұлы Жеңісбек кеңес заманында көптеген жыл бойы Сібір өзендерінің арнасын Қазақстанға бұру мәселесімен айналысты.

Біздің әкеміз өз ұстанымдарынан бас тартпай, жаны сүйген жұмысымен айналысып, ұзақ бақытты өмір сүрген адам.

Әкеміз 95-ке қараған жасында 2021 жылғы сәуір айының 12-і күні дүниеден өтті.

Алма СЕЙІТБЕКҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here