Ағып өтіп жатқан жылдардың өз өлшемі бар. Қолыңа алғанда, алақаныңда тұрмай, саусақтарыңның арасынан сусылдай аққан шеге құмдай жылдардың да ұстатпайтынын көбіне адамның жасына қатысты «кеше ғана бала еді, енді азамат болыпты» деп, уақытты өсу көрсеткіші ретінде көрсетіп жатамыз. Ал адамның өліміне байланысты қас қағым мерзімді сол адамсыз өткен барлық қуаныштарымызбен, сезімдерімізбен байланыстырып, өкінішпен атап өтеміз.
Қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, құрылыс инженері болған Әбдісағит Тәтіғұлов ағамыздың бұл дүниеден өткеніне де бес жыл өтіп кетіпті. Көзі тірі болса, биыл 85 жасқа келер еді.
Бұл кісі туралы естеліктерде алдымен оның адамгершілік қасиеті мен іскерлік шеберлігі қатар айтылады. Әрине, адамгершіліксіз де адамдарды басқару мүмкін шығар, бірақ адамшылығы келіскен жетекшіге халықтың құрметі ерекше болары сөзсіз. Әбдісағит Шаймұханбетұлы осындай құрмет пен сыйластыққа бөленген жан еді.
Мен ол кісінің басқаруымен 13 жылға жуық қызмет еттім. Осы жылдар ішінде ол кісіден жасы үлкен аға ретінде де, тәжірибелі жетекші ретінде алған тәлім-тәрбием мен үшін өте құнды.
Өмірде кездесіп, аяқтан шалған қиыншылықтар кейбір адамды мұқалтса, кейбір адамның көңілін қарайтып, өзі жақсылықты қабылдамай, ешкімге жақсылық бермейтіндей қатайтып жібереді. Ал сынақтарды сабақ ретінде қабылдағандар даналыққа жетеді. Әбдісағит аға осы соңғы топқа жататын ақыл-парасаты мол адам еді.
Өзінің 70 жасқа толған мерейтойында аса бір толқыныспен айтқан «KAZGOR-дың жанынан шыбын ұшып өтсе де, қанаты тиіп кете ме деп қорғаштаймын» деген сөзін естігенде қатты таң қалғам. Осыншама жетістікке жеткен кісінің компания туралы осылай тебіренгенінің өзі менің түйсігіме жете қоймаған еді. Кейіннен Әбдісағит ағаның өз аузынан естіген өмірбаяндық әңгімелері маған ақпарат қана емес, көңіліме ол кісіге деген үлкен құрметті ұялата білді.
1975 жылы 35 жасында ол кезде Казгорстройпроект деп аталатын жобалау институтының директоры болып тағайындалғаннан кейін ол көп ұзамай қатты ауырып қалады. Өзінің естелігінде осы орынға тағайындарда Мемлекет басшысы Д. Қонаев шақырып алып «ол жерде бірінші басшы болып қазақтан, шырағым, алғаш сен бара жатырсың, мыңнан астам сәулетшілер мен инженерлері бар білімді ұжым, абай бол» деп ақылын айтқан екен. Осындай үлкен сенімді арқалап келгенде, ауырып қалғаны жанына қатты батыпты. Өзінің сөзімен айтсақ, «Сол сенімнің үдесінен шыға алмай, мен әл үстінде жатысым мынау. Кей түндері тіпті таңға дейін шыдаймын ба, шыдамаймын ба деген ой келетін. Қиналған уақытта үміт күтетініміз бір Алла ғой. Алғашында өтініш көп еді, бірақ ауру меңдеген сайын «елдің басшысы сеніп тапсырған жұмысты өз биігіне жеткізе алмай кетіп барам, ұжым алдында өзімді көрсетіп үлгермедім. Қазақтар бұндай жұмысқа шыдай алмайды дейтін болды-ау» деген ойлар бірінші орынға шығып, «тек қана 5 жыл өмір берші» деп жалбарынатын болдым». Ол кісінің өмірдің қызығын көру үшін емес, қазақтың намысы үшін Жаратқанға жалынып өмір сұрауы жеке басының қамы емес, бүкіл қазақ атына кір келтірмеуді ойлаған ар-намысы деп ойлаймын. Кейін өзі Алла Тағаланың өзі сұраған бес жылын еселеп бергенін, өзінің жастық жалынын, іскерлігін көрсетуге мүмкіндік алғанын айтып, көп шүкіршілік ететін. Отыз бес жасында орда бұзып емес, жобалаушылар ордасын көркейтуге, қазақ сәулет өнерінің жаңа белесін ашуға келген жас басшы осы мекеменің ыстық-суығына төзіп, 45 жыл бойы бір кәсіпорынды ғана емес, Қазақстанның жобалау ісін алға жетеледі.
Басшы болу бұл адамның болмысынан, мінезінен тыс тұратын бөлек қасиет емес. Басшы бол, қосшы бол – барлық іс-әрекеттеріңнен адамдық келбетіңнің ізі көрініп тұрады. Халқымыздың «Батыр қол бастар, шешен сөз бастар, көсем жол бастар» деген нақылындағы барлық қасиет бір адамның бойынан табылса, ол басқарған елдің азып-тозбасы анық. Әбдісағит ағада осы қасиеттер ерекше бір үйлесіммен жарасым тапқаны ол кісімен сұхбаттасқанда кез келген тақырыпта айтылатын жүйелі ойларынан көрініп тұратын.
Заман ағымынан қалыспай, мекемеде озық технологияларды енгізу жұмыстарын да Әбдісағит ағаның болжампаздығы танылды. Осы саладағы басшылардың арасынан өзі алғашқылардың бірі болып жобалау ісін автоматтандыруды қолға алды. Қолмен жасалатын жұмыстар өндірісті баяулататыны анық. Күннен күнге өсіп жатқан сұраныс жобалау жұмыстарын жеделдетуді талап етті. Осы тұрғыдан сәулет саласын компьютерлендіру өте жақсы нәтижелерге жеткізетініне сенімді болған Әбдісағит Тәтіғұлов сәулетші, жобалаушы мамандарды компьютерлер мен графикалық компьютерлік жасақтамалармен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда жалпы инфрақұрылымы, ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілуі жағынан компания алдыңғы орындарда тұр. ВІМ технологиясын енгізіп, жобалау процесінде кеңінен қолдануда да «KAZGOR» жобалау академиясы елімізде көш бастап келеді.
Өзі басқарған жобалау академиясын ғылыми жағынан да дамытуы ол кісінің көрегендігі мен білімінің арқасында жүзеге асты. Сәулет өнерінің туындылары – ғимараттар мен құрылысжайлардың қағаз бетіне түсетін түрлі сызбаларының аржағында ғылыми, зерттеу, іздену жұмыстары көрінбей қалып жатады. Сол жобалардың әрбір сызығы, әрбір нүктесі мол ғылыми ізденіспен жасалатыны олардың техникалық сипатының астында қалып қалатыны жасырын емес. Ғимарат орналастырылатын жердің бедерінен бастап, оның конструкциясындағы әрбір байланыс, қаңқаның беріктігі, әртүрлі табиғи және техногендік факторларға төзімділігі, құрылыс материалдарын таңдауға дейінгі жұмыстардың барлығының астарында ғылыми талдау тұрады. Сәулет және құрылыс саласында қолданылатын түрлі техникалық құжаттардағы жалаң болып көрінетін цифрлардың қаншама тәжірибелермен, қаншама зерттеу-зерделеу жұмыстарымен сараланғаны көпшілікке белгісіз. Әбдісағит ағаның өзі техникалық ғылымдардың кандидаты ғылым дәрежесіне, профессор атағына ие ғалым ретінде көптеген ғылыми мақалалар жариялап, сәулет және құрылыс саласындағы көкейкесті мәселелерді зерттеп жүргендіктен, «сахнаның» артында қалатын осындай үлкен жұмысты ашып көрсету үшін 2000 жылдардың басында-ақ жобалау академиясында ғылым саласын да дамытуды көздеді. 2006 жылы алғаш рет ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу шараларынан өтіп, ресми түрде ғылыми жобаларға қатыса бастады. Болжампаз басшының сол кезде бастаған игі ісі бүгінде жалғасып келеді. Сәулет нысандарының негізгі пайдаланушысы халық болғандықтан, басты назар ғимараттардың қауіпсіздігіне, жайлылығына аударылады. Ондай көрсеткіштерге жету – ғылыми ізденістердің нәтижесі. Осы жолда еңбек етіп келе жатқан «KAZGOR»-дың мамандары Әбдісағит ағаның сара жолын жалғастырып отыр. «Өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ» десек, әдемі әрі бірегей саңлақ сәулет өнерінің қайнар бұлағын жарықтандырып тұратын ғылымның сала бойынша орындалатын жұмыстардың бастау көзі екені анық.
Сәулет және құрылыс саласындағы терминдерді бір ізге келтіріп, қазақ тіліндегі термин жүйелерін қалыптастыруда да Әбдісағит ағаның еңбегі зор. Ғылыми тұрғыдан жүйеленетін терминдерге қазақша балама табу, жаңадан атау беру үлкен ізденіс пен шығармашылықты талап етеді. Бір терминнің баламасын табу үшін қаншама энциклопедия, анықтама әдебиеттер ақтарылады?! Осындай күрделі жұмыстарды жүргізуде Әбдісағит ағаға басшы болған оның қазақ тіліне ғана емес, жалпы қазақ халқына деген жанашырлығы мен мейірімі деп білемін. Сол кісінің басшылығымен 2000 жылы әзірленіп, 2012 жылы жаңартылған сәулет және құрылыс саласының қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздігі сала мамандары мен аудармашылар үшін өзекті.
Ұзақ жылғы басшылық қызметінде бұл кісі атқарған жұмыстарды тізбелеп айту, әрине, ұзақ уақытты талап етеді. Жалаң ұранмен, таяз мақсатпен орындалған істердің ғұмыры бір-ақ тұтам, ал байыпты талдау, сауатты жоспар құрып, ол мамандардың мол тәжірибесі мен білімінің тезіне салынса, бұндай істің берекесі мол болмақ. Әбдісағит ағамыз бастауын салып кеткен бұндай берекелі істердің бүгін де жалғасып жатқаны ұжымымызды игілікке бастары сөзсіз. «Керуенбасы білікті болса, түйе азбайды, қолбасы білікті болса, сарбазы азбайды» деген ұлағатты сөзді ағамыздың еңбегіне лайықты баға ретінде айтуға болады. Мамандардың аузынан ол кісі туралы тек жылы естеліктерді естиміз. Әрқайсысы өз лауазымдары мен атқарған қызметтерінің шегінде басшылары туралы асқан бір жылылықпен, сағынышпен айтып отырады. Бүгінде естелікке айналған өткен жылдар мен ағамыздың нұрлы жүзі, игі істері оның көзін көрген жандардың есінде тек ризашылықпен аталып отырады.
Жұмысты, адамдарды басқару туралы түрлі эпитеттер айтылады ғой, солардың ішінде адал, сауатты, әділ басқару деген анықтауыштар Әбдісағит ағамыз туралы айтылатын естеліктерде тұрақты түрде айтылатыны бекер емес. Уақыт өткен сайын ол кісінің кісілігі, адамгершілігі, қамқорлығы сияқты өзіне ғана тән сұңғылалықпен көрініс тапқан қасиеттерінің салмағы артып, қимастық пен сағынышқа ұласады. Техника саласы дәлдікті талап ететін, сезімталдықтан алшақ қатаң сала десек, сала мамандарын да сызба мен сандардың шимайында ғана өмір сүретін сезімсіз адамдай көретініміз бар. Әбдісағит Тәтіғұловтың өмірбаяндық кітаптарын оқып отырғанда, оның қатал басшы кейпінен гөрі айналадағы әлемінің сұлулығын, жанның тазалығын қадірлейтін асыл жанды танисың. Асан Қайғының:
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады, – деген жолдары адамның ой түкпіріндегі сезімін сыртқа шығаратын толқыныстары туралы қалай дәл айтылған?!
Әбдісағит ағаның әке-шешесі, бауырлары, ертерек өмірден кеткен жары Мағрипа, жолдастары туралы жазған «Қайран өмір ертегідей өте шыққан» деп аталатын соңғы кітабын оқығанда, адам жанының қылдай нәзік екеніне көз жеткізесің. Жастайынан басшылық қызметтерде шыңдалған, жастық жалынын жұмысқа арнаған адамның «дұрыс істерімді қажет деп тапса, пайдалансын, кеткен қателерімді сын көздерімен қарап, өз уақыттарының елегінен өткізсін деген ойлар басымдық алып, осыны айтып кету керек-ау деген кейбір өз өмірімнің үзік сырларын қолымнан келгенше еске алуға байлам жасадым» деп ұрпақтарына арнау жазуы оның өзінің балаларына ғана емес, жалпы өскелең жастарға, көпшілікке деген қамқорлығын, жанашырлығын көрсетеді.
Әбдісағит ағамыздың аты Қазақстанның жобалау ісінің дамуымен байланыстырылып аталады. Әлі де ол кісінің есімі еліміздің бүгінін құрып, болашағын бағдарлаған ерлердің қатарында айтылары сөзсіз. Ер есімі ел есінде.
Гүлфайруз ИСА,
«KAZGOR» жобалау академиясының
бас аудармашы-редакторы