Аға (Әбдісағит Тәтіғұлов туралы естелік)

0
2276

«Аға» деген сөздің салмағы мен абыройы жаспен, туыстықпен емес, өмір жолымызда танысып, игі істерімен сүйсінткен ағаларымызға деген құрмет, сыйластықпен өлшенеді. Қазақтың «аға тұту», «аға көру» деген ұғымдарының өзі жай ғана жасы үлкен адамды аға деп атаудан биік мәртебені білдіретінін мен қазақтың нар азаматтарының бірі әрі өзі еңбек еткен саласының білгір маманы болған техникалық ғылымдардың кандидаты, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық инженерлік академия мен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Халықаралық сәулет өнері академиясының академигі (Мәскеу бөлімшесі) Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұлдың басшылығымен жұмыс істеген жылдары түсіндім.

Мен ол кісіні жұмысқа тұруға келгеннен-ақ аға деп атадым. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана оны бұлай атауыма қарсы еместігін сұрауыма тура келді. Оған себеп болған бір қызметкердің маған «ол кісі аға емес, ол Әбдісағит Шаймұханбетұлы» деген «сөгісі» еді. Кеңес заманының тәрбиесін көп көрген адам, оның үстіне басшылық қызметтегі үлкен лауазымы бар кісі, мүмкін өзіне де менің ағалағаным ұнамайтын шығар деп көп ойланып жатпай, Әбдісағит ағадан сұрадым. Әлі күнге дейін түрі есімде, менің сұрағымды естіп жымиып күлді де: «Ең дұрысы осы емес пе?!» деді.

Ол кісінің қазақы жөнді білуі менің өзі басқарып отырған мекемеге жұмысқа тұруыма да себепші болды. Оның қабылдауында болғанда, ағам менің отбасым туралы сұрап, әлдеқашан дүниеден өтіп кеткен ата-анама көңіл айтты. Мен әлі де күмәнданып отырғанмын, ағамның соңғы сөздерінен кейін осы кісінің басшылығымен жұмыс істеуге болады екен деген сенім пайда болды.

Сол қазақы жөнмен мен оны аға деп, ол кісі көбіне қарындас, кейде қызым деп, он үш жылдай бірге біраз жұмыстар істедік. Менің қызметім редакторлықпен байланысты болғандықтан, ол кісінің мақалалары, кітаптары бойынша көп істер атқарылды. Осы жұмыстар, ағаның әрбір мақаласы, әрбір сөзі мен ісі маған көп тәрбие берді. Әбдісағит ағамен әр кездесу, ол кісінің әңгімелері мен естеліктері – бәрі мен үшін үлкен өнеге.

Бір адамның бойына біткен қасиетті топ-топқа бөліп жіктеуге келмейді, өйткені болмыс, тәжірибе, білім қосылып қалыптастырған қасиеттер адамның түр-тұлғасын тұтастырып, мынау іскерлік қабілет, мынау адамдық қасиет деп анық бір аражік қоймайды. Әбдісағит ағадан үлгі қылып алған ол кісінің өнегелі қасиеттерінен әр адам өзіне тәрбие алар деген оймен қалам алдым.

БІЛІМ – ЕР АЗЫҒЫ

Әбдісағит ағамның мені таңғалдырған әрі мен үшін үлгі болған қасиеті – көп оқитын. Әдетте, басшылық қызметтегі адамдарда күнделікті жұмысты жүргізу, басқару, алдағы күнді жоспарлау сияқты қауырт істер бірінші кезекте тұратыны сөзсіз әрі сол жұмыстардың басқа көңіл сүйсінтетін әдеттерге мойын бұрғызуға шамасын келтірмейтіні де бесенеден белгілі жәйт. «Гүлфайрузға» деп өзі қолмен айдар қойып жіберген газеттің бір бетінің көшірмесін алған сайын «осы кісі қай кезде газет оқып үлгіреді?» деп ойлайтынмын. Газетті оқығанда да сыдыртып өте шықпайды: мәтіннің ішіндегі түйін сөздерді маркермен сызып, мақаланың мазмұнына қарай материалды тиісті мамандарға жіберіп отыратын әдетінен бір танған емес. Қай сала болса да айтары бар, орынды пікір білдіре білетін ағамның жан-жақты білімі мені өте қатты таңғалдыруымен қатар, осы қасиеті өз-өзімді дамытуға қосымша меже болып келеді.

Кітап қоры да өте мол еді. Оның үстіне замандастары, әріптестері өздері шығарған кітаптарын сыйлайтын. Ол кітаптар да бірден сөрелерге көшіп, шаң басып жатпайды, өйткені Әбдісағит ағам оларды қолына тие сала бір оқып шыққаннан кейін де ара-арасында қарап, оқып отыратын еді. Сол кітаптардың біразына алғысөз, пікір (рецензия) жазды.

Көп оқығанының әсері ме, өзі де көп жазатын. Түрлі тақырыптағы мақалалары мен монографияларының, кітаптарының ұзын саны 300-ден асады. Оған тағы өзі жетекшілік еткен техникалық құжаттардың әзірлемесін қосқанда, төрт жүзден асып жығылады.

Сөздің қадірін өте жақсы білетін. Техника саласында білім алып, ғылыми жұмысын да сол саламен байланыстырған әрі жас кезінен бастап басшылық жұмыстарда болған адамның сөзге, сөз өнеріне деген талғампаздығы сүйсінтетін. Не жазса да, соның әрбір сөзіне үлкен ықыласпен, ұқыптылықпен қарап, көп түзейтін. Мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді көп қолданатын.

Соңғы 2-3 жыл балалары мен немерелеріне арналған өсиет сөздерін кітап етіп жазып қалдырсам деген мақсаты болды. Ол мақсатының орындалып, оны өзі көріп кеткеніне мен қазір қатты қуанам. Екі томдық кітабының бірінші томы сол өсиеттері мен естеліктерінен тұрады. Кітабын қолына алғанда, қатты риза болып, өзі туыстарына таратып берді. Ол кітапты мұқият оқыған адам қай мақаласы болса да, оның әрбір жолының астарында тәрбие, ұлағат жатқанын аңғарары сөзсіз.  

КІШІПЕЙІЛДІЛІК – КІСІ КӨРГІ

Өнегелі әдеттерінің бірі – үлкен-кішіге бірдей сіз деп сөйлейтін кішіпейілдігі еді. Сыпайылықтан құрмет туады, Әбдісағит ағамның әр адамның жеке басына деген құрметі өзі танитын дос-жаран, әріптес, сала мамандарының туған күн, мерейтой, отбасы қуаныштары немесе қазасы тәрізді оқиғаларды ұмыт қалдырмайтынынан да көрініс табатын. Үнемі біреуге құттықтау, біреуге алғыс жазып жүретін. Қазанамаларға да үлкен мән беріп, газеттерге жіберетін еді.  

Әйелдер мерекесіндегі құттықтау мәнері де ерекше болатын. Өзінің жұмыс бөлмесіне шақырып, қолына гүлін ұстап қарсы алатын. Есікті ашқаныңда алдыңда сені тұрып қарсы алып тұрған жасы да, лауазымы да үлкен адамды көргенде, өзіңе деген құрметті сезінеді екенсің. Бұның да қызметкерді еңбегіне қарай марапаттаудың бір тәсілі екенін Әбдісағит ағам осылайша көрсетіп кетті.

Әбдісағит ағамды қызметкерлері де ерекше бағалайтын. Оның көп жылдар хатшысы болған Гүлмираның оған өз әкесіндей қамқор болатынын көргенде, өзімен бір тумаған адамға осынша мейірімді болу үшін ол адам, пендешілікпен айтқанда, қаншалықты жақсы болуы керек деп ойлайтынмын. Өзім де кейін ағамды тани келе, оның көзін көріп, басшылығымен жұмыс істеген барлық қызметкерлердің құрметі мен сыйластығын тудырған оның әділдігі, білімі, қамқорлығы сияқты ізгі қасиеттері екенін түсіндім.

Қызметкерлерді тасымалдайтын автобус бөлу, осы компанияда жұмыс істеп зейнетке шыққан ардагерлерді жыл сайын құттықтап, оларға ақшалай қаржы бөлу, жыл сайын қазақ тіліндегі газет-журналдарды бірнеше данада жаздырып алып, оны қызметкерлерге тарату, еңбектеріне қарай марапаттарға ұсыну, дүниеден өтіп кеткен сәулетшілерді еске алу мақсатында кештер ұйымдастырып, кітаптар шығару, мақала жазу сияқты игіліктері ол кісінің көзі тірісінде-ақ ризашылықпен айтылып жүретін.

Бұндай асыл қасиеттің тәрбиеден бастау алары сөзсіз. Ата-ана барлық баласына бірдей тәрбие бергенмен, балаға ол сана-сезіміне, түйсігіне қарай қонады. Ол кісінің «Әуелі ата-анасын жақсы көрмеген, ағайын-туыстарына болыса білмеген адамның елге жақсылық жасауы да күмәнді» деген сөзінің астарында да осы ой жатқан сияқты. Өзі ата-анасын ерекше құрметпен еске алып отыратын, сол құрметі оның өз бауырларына, олардың балаларына қамқор болуға басшы болды. Ағайын-туыстарына ғана емес, жүрген ортасында айналасына мейірімін шашқан Әбдісағит ағамның атын оның көзін көргендер сыйластықпен атап, жылылықпен еске алып отыратынына талай куә болдым.

ӨЛІ РИЗА БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ

Әбдісағит ағамның мен үшін ерекше бір ісі – көптеген алыс-жақын марқұм ағайындарының басына құлпытас орнатқандығы. Әрине, өз ағайындарына құлпытас орнату қазақ баласын таң қалдырмас. Бірақ, Әбдісағит ағамның өзі көзін көрмеген рулас адамдарына, тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатуы үлкен жүректі адамның қолынан келетін шаруа деп ойлаймын. Қойған құлпытастарының жалпы саны – 20. Өзінің сөзімен айтсақ, «Менің өз жақындарыма қамқорлығымның бір көрінісі – марқұм болған ағайындардың біразының басына құлпытас қоюға атсалыстым. Бұл мақтаныш емес, бұл – үлкендердің біздің бала кезімізден беріп кеткен тапсырмасы, міндеттемесі». Ұқыпты адам барлық шаруаға бірдей ұқыпты болатыны белгілі ғой. Қашанда кіршіксіз, таза киініп, әрбір ісіне де, сөзіне мұқият Әбдісағит ағам өзіне алдыңғы бабалардың міндеттемесі ретінде қабылдаған құлпытас қою жұмысына да аса ыждаһаттылықпен қарағанын әңгімелерінен білем. «Құлпытас мәңгілік мекеннің есігін күзететін сақшысы ғой. Есігіне қарап үйдің қандай екенін білеміз, сол құлпытастағы жазуды да иесінің болмысын көрсететін мәні деген түсініктемін» дейтін. Тастың сырт келбетіне ғана емес, оған жазылатын сөзге де ерекше ықылас қояды екен. Өзі де құлпытасына жазылатын сөзді алдын ала айтып, балаларына аманат етіп кетті.

Құлпытас қоюмен бірге Жәуке батыр, Иман батыр, Қошқар батыр сияқты ерлерге ескерткіш орнату жұмыстарын басшылыққа алды. Өзінің балалары мен інілерін де осы жұмысқа жұмылдырып, абыроймен Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімдігінің алаңына осы үш батырдың ескерткішін орнатты.

«Адамның асыл қасиеттерінің негізі – тәрбие» деген ойдың түбінде ата-ананың ғана емес, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі де жатқан болуы керек. Әке-шешенің өнегесі бала болмысының өзегін құрайды, ал қалған қасиетті саналы ғұмырында адам сол өзектің айналасында өзі қалыптастырады. Әбдісағит ағам да ата-бабадан келе жатқан ұлы қасиеттерді өзіне дарытып, әрі қарай өз жолымен дамыта білген азамат еді.

ЕРДІ ЕЛ МҮДДЕСІ ӨСІРЕДІ

Елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы болған ерлердің ортасынан Әбдісағит ағамның өз орны бар. Жалпы исі қазаққа деген қамқорлығы, туған жеріне деген жанашырлығы бұл кісінің азаматтық келбетін аша түседі. Өзі көп жылдар басқарған мекемесі жобалау ісімен айналысқандықтан, әрі өзі сол саланың қыр-сырын игерген үлкен маман болғандықтан, үй құрылысы мәселесіне көп көңіл бөлді.

Өзектілігі үкімет үйінде де, өз үйімізде де төрде тұрған баспана мәселесі Әбдісағит ағаны көп толғантатын. Үйсіздік әсіресе жастарды келеңсіз істерге итермелейтіні ол кісінің көңіліне кірбің түсіретін. Өзінің сөзімен айтсақ: «Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді» деп бекер айтты дейсің бе аталарымыз?! Халықты жұмыспен қамтып, келешегіне үміттендіру керек. «Қыз алмаған жігіттің қырық қызда дәмесі бар» демекші, қолында жұмысы, басында үйі жоқ жастарды әр нәрсеге еліктіру қиын емес. Қазіргі күні радикалдық діни ағым жолына түсіп кеткен жастарымыз көбейе түсуде, соларды тоқтатудың бір жолы баспанамен қамту, өздерінің қалауымен үй салу мүмкіндігін қарастыру. Адамның алдында болашағына деген бір сенім пайда болса, ол соған жету жолында тау қопарады!». Өмірлік тәжірибесі мол, көзі қарақты, көңілі ояу азаматтың байыпты ойының түйіні – еліміздің болашағын жақсарту, жастардың өмір сапасын арттыру үшін жеке баспана құрылысын дамыту еді.

Баспана мәселесін шешудің негізгі жолдарын көрсетіп, солардың ішінде ерекше мән бергені – аз қабатты үйлер салу. Бұл орайда ол Германия мен Американың тәжірибесін атап көрсеткен болатын. Маман ретінде сыртқы инженерлік тораптар мен жолдарды толығымен жүргізіп алмай, үй құрылысын бастамау керек деген қатаң талаптың болуына да назар аударған еді. Сонымен қатар, жеке адамдар жобаның сыртқы түрі бойынша стандарт талаптарды сақтай отырып, өз күштерімен үй салуына жағдай туғызу керек екенін де айтатын. Бұл қарапайым халықтың отбасылық бюджетіне түсетін кредит салмағын азайтады, тиісінше мемлекеттің де бұдан ұтары бар: халық, әсіресе жастар жұмыспен қамтылады деген пікірі дәл қазір өзекті.

Осы орайда қазақстандық телеарналардан жеке үй салуға арналған жетісіне бір сағаттық хабар ашу бастамасын көтерген еді. Ондай хабарлар «аз қабатты үйлерге арналған инновациялық материалдармен және құрылыс технологияларымен таныстырып, кірпіш пен ағаштан жасалатын материалдардың түр-түрлерінен басқа да арболит/көбікбетон/газбетон сияқты жеңіл блоктар мен жеңілдетілген ажыратылатын және ажыратылмайтын қалыптар жөнінде, финдік және шведтік технологиялардың мәнісі туралы мәліметтер беріп отырса, көпшіліктің ақпараттық мұқтаждығын қанағаттандырар еді» деп, өзекті мәселенің шешімін де берген болатын.

Сондай-ақ, жер мәселесін созбалаңға салуға болмайтынын айта келіп, жеке баспана – байлық емес, адамның негізгі құқықтарының бірі екенін қадап айтқан еді. Баспана мәселесі және оларды шешу жолдары туралы осы және басқа мақалаларының толық нұсқасын Тәтіғұл Әбдісағит «Уақыттар керуенінде» атты кітаптан (Алматы, 2020) оқуға болады.

ЕР БЕСІКТЕН ТАНЫЛАДЫ

Осы мақалдың астарында адамның алтын бесігі – туған жеріне деген адал еңбегі де жатқан сияқты. Ел мүддесін арқалаған Әбдісағит ағамдай азаматты толғандырған тағы бір тақырып Торғай өңірі туралы болатын. Кіндік қаны тамған жері Торғайы туралы бірнеше мақала жазып, оның қазіргі жағдайы мен болашағына алаңдаушылық білдіріп отыратын. Сонымен қатар, Торғай өңіріндегі қыстаулар туралы, оларды тарихи нысан ретінде қалпына келтіру туралы көп жазды.

Әбдісағит аға Торғай облысы деген тарихи атау қайтарылса, облыс мәртебесінде ол өңірдің қарқындап дамитынына сенім білдіретін. Өзінің «Төр тарихы терең Торғай» атты мақаласында: «Тегіне қарай жан өседі, жеріне қарай дән өседі» деген қағиданы еске ала отырып, тағы да бір тарихи аты шаң басып, архивтерде қалып бара жатқан, өткен ғасырда Торғай атымен қатарлас айтылып жүретін «Жетісу», «Сыр елі» облыстарын өздеріне қайтару да дау-даң туғызбауы тиіс», – деген ойы бүгінде айдан анық келіп, Жетісу облысы өмірге келді. Енді Торғай туралы үміті мен болжамы да орындалсын деген тілектеміз.

Мен ғана емес, көпшілік үлгі тұтарлық осындай асыл қасиеттерімен есте қалар Әбдісағит ағамның өнегелі істері біраз адамға шапағат әкелді. Өз басыма жасаған жақсылықтары да, айтқан ақыл-кеңестері де менің кәсіби жетістіктерімді түзу жолмен дамытуыма өз үлесін қосты. Оның мені өзімсініп, маған артқан сенімі әлі күнге дейін өз-өзіме сенімімді арттыра түседі. «Гүлфайруз, айналайын, амансыз ба?» деп басталатын әңгімесі. Қашанда жүзі де, сөзі де жылы болатын. Өз басынан кешкен әңгімелерін айтқанда, бар жан-тәнімен беріліп, күлсе де, өкінсе де, шынайы көңілмен айтатын.  

Ағам 70 жасқа келгенде «Аға, мен енді сіздің 80 жылдығыңызға дайындаламын» деген едім. 80 жасына дайындық жасап жүргенде, соны есіне салып едім, «сен соған өзің сенесің бе?» деді. Түріне жалт қарадым: даусы қандай сынық болса, түрі де сондай жабырқаңқы екен. Көзі менің анамның көзіне ұқсап кетті – шаршаңқы, солғын тартыпты. Сол көздің жұмылғанына екі жылдан асты. Ағам туралы ойларымды жазуды жоспарлағалы бір кедергі бар сияқты жаза алмайтынмын. Енді ойласам, ол кедергі – Әбдісағит ағама деген қимастық сезімнен ол туралы өткен шақта жазу қиын болған екен. Өмірдің адам ырқына көнбейтін өз ағысы бар, болғанға болаттай болып, алға жылжисың. Сол себепті мен үшін осы асыл ағам туралы мақала жазуды кедергі емес, ол кісінің өнегесінен алатын үлгіні жеткізу билеуі керек деп ойладым.

Ол кісінің көзі тірісінде маған «екі дүниеде де ризамын» деген сөзін өзімнің азды-көпті еңбегімнің бағасы, берген батасы ретінде қабыл алып, есіме түскен сайын ерекше бір қуатқа ие боламын.

Әбдісағит ағам өзінің құлыптасына ойылатын жазуды алдын ала жазып кетті. Ол өміріндегі мақсаттары мен міндеттерінің түйіні болатындай қысқа ғана сөйлем болатын. Басына құран оқуға барған сайын «Бұл өткелі мен өтпелісі көп ғажайып өмірден абыройлы болып өткеннен артық бақыт жоқ» деген сөздерін оқып, ағамның бұл өмірде абыройлы азамат, ардақты аға болғанына шәк келтірмеймін және өмірлік ұстанымы осындай адаммен қатар жұмыс істеп, одан тәрбие алғанымды өмір жолымда кездескен үлкен сәттіліктердің бірі деп ойлаймын.

Гүлфайруз ИСА,
«KAZGOR» жобалау академиясының
бас аудармашы-редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here