Қазір елімізде бәсекеге қабілетті, өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін құруды мақсат тұтқан индустрияландыру саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңы және 2023 жылы 2023-2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты қабылдады. Президентке Ерсайын Қайырғазыұлы министрліктің былтырғы атқарған қызметінің қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды. 45 жастағы министрдің айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар мен өңделген өнімдер экспорты ең жоғары өсім көрсетті. Биыл осы үрдісті сақтап, өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр. Мәселен, 11 наурызда Алматы қаласында автокөлік орындықтарын шығаратын зауыт ашылды. «Астана Моторс» жаңа зауытында автокөлікке арналған орындықтардың жаппай өндірісі басталды. «Almaty Autoparts Production» ашылу салтанаты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарайтын Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, «Youngsan» компаниясының төрағасы Пак Чон Бом және «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың қатысуымен өтті.
Қазақстандық «Астана Моторс» компаниясы мен «Youngsan» автокомпоненттер өндірушісі (Корея Республикасы) Алматының Индустриалды аймағында автокөлік орындықтарын шығаратын бірлескен кәсіпорнын іске қосты. Локализацияның бірінші кезеңінде ортақ инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрады.
2024 жылдың желтоқсан айында компания орындықтарға арналған көбікті қалып-пішіндердің сынама партиясын шығарып, сертификациядан өтіп, өнімдерді «Hyundai» жеңіл автокөліктер өндірісіне жеткізу мақсатында «Hyundai Motor Company» (Корея Республикасы) келісімін алды.
Халықаралық стандарт талаптары мен қызметкерлердің біліктілік деңгейінің сәйкестігі расталған соң, кәсіпорын орындықтарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекетпен келісімге отырды.
«Президент ел экономикасын дамытудағы жеке инвесторлардың маңызды рөліне тоқтап, кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтау және өндірісті жаңғырту бойынша көңілге қонымды міндеттемелер жүктелуі тиіс екенін атап өтті. Біз мойнымызға алған міндеттеріміз алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінеміз. Осы мақсатта сыртқы факторларға тәуелділікті азайту, автокөлік өнеркәсібінде білікті инженерлер буынын дайындау, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу үшін автокомпоненттер мен шикізат өңдеудің қомақты үлесін локализациялауға қарай бағыт алып келеміз», – деді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
«Біз «Астана Моторс» пен «Youngsan» арасындағы бекем байланысқа негізделген бастамаларымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл тек алғашқы қадам ғана. Әлемде және ТМД аймағындағы автокөлік өнеркәсібіндегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып, біз осы бағытта үнемі жұмыс істейтін боламыз», – атап өтті «Youngsan» төрағасы Пак Чон Бом.
«Almaty Autoparts Production» өндіріс қуаты жылына 100 мың орындық жинағын құрайды. Жоба «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында ұсақ түйінді өндірісі арқылы «Hyundai Tucson» моделіне арналған орындықтарды шығаруды бастады. Жақын арада зауыт «Hyundai Santa Fe» моделіне арналған орындықтарды өндіреді. Болашақта кәсіпорын өз өнімдерін жаңа «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибрендті зауытына, сондай-ақ басқа да автокөлік кәсіпорындарына жеткізуді жоспарлап отыр.
«Almaty Autoparts Production» кәсіпорнының мамандары көбікті қалып-пішіндерді өндірудің технологиялық операцияларын меңгерді. 2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне шығады. Кәсіпорын тігін цехын ашып, оны жабдықтауға және кадрларды оқытуға қосымша 720 миллион теңге инвестиция жұмсауды көздеп отыр. Осылайша, ұлт ісінде ұсақ-түйек, майда-шүйде жоқ, ұят болады деген ұғымдар болмайды. Несі бар, бүгін қазақтар корейден көліктерге орындық жасауды үйренсе, ертең Hyundai, KIA сияқты көліктерді шығаратынына бек сенгіміз келеді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ