9-16 наурыз күндері Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа Қазақстаннан 12 боксшы қатысты. Сол қыздардың жартысы өз жанкүйерлерін қуантты. Қазақстан қыздар құрамасы Сербияда 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. 4 алтын, 1 күміс, 2 қола еншілеген Ресей боксшылары медальдер кестесінде көш бастады. Үздік үштікті Түркия 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен түйіндеді.

НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙ – ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Ел құрамасынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі) және Аида Әбікеева (63 келі) топты жарды. Финалда қарсыластарына есе жіберген Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) күміс жүлдені қанағат тұтса, ал Наталья Богданова (70 келі) қола жүлдегер болды.
Бір айта кетерлігі, 31 жастағы Назым Қызайбай ресейлік Юлия Чумгалаковадан үш раунд бойы айласын асырды. Төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ қызына берді – 5:0. Осылайша, Назым Абайқызы қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, есімі ел тарихында алтын әріппен жазылды. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жетпеген еді.
Бұдан бұрын Назым Қызайбай әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ, ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назым Қызайбайды Әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтап, оған зор табыс тіледі.
– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деді Президент.
БОКСШЫЛАР ҚАНША СЫЙАҚЫ АЛАДЫ?
Сербияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының нәтижесінде жеңімпаз және жүлдегер атанған Қазақстан спортшылары Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) тарапынан ақшалай сыйақыға ие болды. Олар:
- Назым Қызайбай – 100 мың АҚШ доллары;
- Алуа Балқыбекова – 100 мың АҚШ доллары;
- Аида Әбікеева – 100 мың АҚШ доллары;
- Виктория Графеева – 50 мың АҚШ доллары;
- Елдана Тәліпова – 50 мың АҚШ доллары;
- Наталья Богданова – 25 мың АҚШ доллары.
Сонымен қатар, аталған боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы тарапынан да тура сондай сыйақы табысталады. Бұдан бөлек, бапкерлер мен дәрігерлерге де сыйақы қарастырылады.
БОКС 2028 ЖЫЛҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГІЗІЛДІ
Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) 144-ші сессиясында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына боксты қосу туралы шешім қабылданды. Бастапқыда бұл спорт түрі 2022 жылдың ақпанында 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасынан шығарылған-ды. Бұл шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған. 2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алғаннан кейін, бокстың Олимпиададағы болашағы белгісіз болып қалған еді.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-нің арнайы жұмыс тобының қадағалауымен өтті, бұл спорттың Олимпиадалық қозғалыс үшін маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Олимпиадалық бокстың жаңа даму кезеңінде басқару 2023 жылы құрылған World Boxing Халықаралық бокс федерациясына жүктелді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше. Жуырда World Boxing ХОК-тен уақытша мойындау алып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.
Айта кетейік, Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылдың қараша айында World Boxing құрамына кірді. Ал, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 14-30 шілде аралығында өтеді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ