Ауылды қайтсек көркейтеміз?

0
628

Ауылға бармас бұрын бәрімізді бір сұрақ мазалайды: Ауылды қайтсек көркейтеміз? Шынын айтқанда, ауыл десе, елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Өйткені, ауыл – алтын ұямыз. Жердің иесі де, киесі де – ауыл халқы. Десе де, урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі азайып келеді. Демек, ауыл саны да кеміген. Соңғы 10 жылда еліміздегі ауыл саны 582-ге қысқарған екен. Қазақта ес болса, ауылды сақтап қалуы қажет. Бір қуаныштысы, ауылдарды дамытуға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқаны туралы күні кеше ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте хабарлады.

Бауыржан Бақытұлының сөзінше, ауылдық аймақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынып та келеді. Мысалы, былтыр ауылдық жерлерде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жеткен. 2019 жылдан бастап түрлі елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі іске асырылуда. Бұл жүйе әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің нақты көрсеткіштерін, халықты көліктік, мәдени-спорт, іскерлік, өндірістік, цифрлық қызметтермен қамту деңгейін көрсетеді.

«Аталған жүйенің нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы орташа қамтамасыз ету деңгейі 65,8%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Қамтамасыз ету деңгейі жоғары немесе қамтамасыз ету деңгейі орташа ауылдардың санының артып келе жатыр. Нақты айтсақ, қамтамасыз ету деңгейі жоғары, яғни 80%-дан асқаны 1 435 бірлікке шығып отыр. Бұл 2023 жылға қарағанда 119 ауылға артып отырғандығын көрсетеді. Ауылдарды ауызсумен қамту деңгейі 97,8%-ға, электр қуатымен қамту деңгейі 99,8%-ға жетіп отыр», – дейді алдағы күзде 42 жасқа толатын Бауыржан Омарбеков.

Осы күні Министрлік тарапынан 2023-2027 жылдарға арналған «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы» жүзеге асырылуда. Бұл құжат ауыл өмірінің әртүрлі саласын қамтитын бірқатар бағдарламалық құжаттың ережелерін біріктірген. Онда «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім» жобалары бар. Яғни, ауылда алда қыруар тірлік күтіп тұр.

Соңғы статистиканы сөйлетсек, елімізде 6 179 ауыл бар, сонда 7,5 млн халық тұрады, бұл еліміздегі жалпы халық санының 37 пайызын құрайды. Демек, ауылдың  өркениет легінен шет қалмай, қайта жаңғыруы керек. Бейімбет Майлин жырлағандай, «гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз».

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here