І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымы бірнеше жылдан бері Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балаларды қолдау орталығына қамқорлық көрсетіп келеді.
Мереке күндері университет қызметкерлері мен студенттері балалар үйіне арнайы барып, сыйлықтар беріп, танымдық ойындар ұйымдастырып, тәрбиеленушілердің көңілін көтеріп қайтады. Балаларға үнемі көмек көрсету мақсатында студенттер еріктілер тобын құрды. «Райс-ап» тобының мүшелері айналайындықтарға ағылшын тілін тегін үйретіп, үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі.
Университеттің «Шын жүректен» деп аталатын қайырымдылық шарасына биыл 10 жыл толды. Осыған орай, білім ордасында Гуманитарлық факультетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі мерекелік кеш өтті. Оған «Айналайын» орталығының тәрбиеленушілері мен қызметкерлері қатысты. Игі шарада Басқарма төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев сөз алып, бірқатар қызметкерлерге Алғыс хат табыстады. Ректор өз сөзінде бүлдіршіндердің жүрегіне жол тауып, уақытпен санаспай жанынан табылып, оларды ізгілік пен мейірімге тәрбиелеп жүрген тәрбиешілердің еңбегін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, достық қарым-қатынасты жандандыру мақсатында «Айналайын» балаларды қолдау орталығымен Меморандумға қол қойылды.
«Бүгінгі таңда «Айналайын» орталығында 90-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. 10 жыл ішінде Жетісу университетінің ұжымы тоғыз мыңнан астам балаға қамқорлық жасап, қол ұшын созды. 30-ға жуық «Айналайынның» түлегі Жетісу университетінде жоғары білім алып, алды түрлі салада еңбек етіп жүр. Биылғы түлектердің төртеуі Жетісу университетін таңдап отыр. Жылдар бойы көрсеткен қамқорлықтарыңыз үшін барлық балалардың және ұжымның атынан шексіз алғыс айтамын», – деді «Айналайын» орталығының директоры Гүлмира Ахметова.
Шара барысында Наурыз айында туған балаларға студенттер тәтті торт пен сыйлық табыстады. Қуаныш пен шаттыққа толы мерекеде балалар үлкендерге алғысын ән-бимен жеткізді.