

Елімізде жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейіп келеді. Қазіргі таңда білім, ғылым, экономика, салық сияқты бірнеше сала жаңа жүйенің оңтайлығын көре бастады. Көкше төріндегі құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформацияны ұтымды пайдаланып, одан әрі дамытуды айтты. Яғни, Президенттің өзі жасанды интеллектіге басымдық беріп отыр. Күні кеше Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің Алматы қаласындағы «AlmatyFair.ai» көрмесіне барғаны осы сөзімізге дәлел бола алады.
29 наурызда жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде Мемлекеттер басшылары «GovTech», «Fintech», «BigTech», «Smart City» бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар, IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді.
Өзбекстан Президентіне «Аlem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл орталық мыңдаған маманның жасанды интеллект саласы бойынша білім алуына және стартаптарды іске қосуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевке Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Оның көмегімен мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға болады. Сонымен қатар, президенттерге ұлттық экономикадағы ЖИ әлеуетін арттыруды және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін «AI-Sana» білім беру бағдарламасы туралы мәлімет берілді.
Президенттерге Орталық Азиядағы ірі технопарктер альянсы – «Central Asian Innovation Hubs» қызметі жөнінде баяндалды. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстанның ірі технопарктерінің лигасы стартаптар экожүйесін дамыту және әлемдік нарықта инновацияны ілгерілету мақсатында осы бренд аясына бірікті. Ынтымақтастық шеңберінде екі елдің 39 стартап жобасы «INMerge Innovation Summit», «Web Summit 2024» және «TechCrunch Disrupt 2024» сияқты ауқымды IT іс-шараларына қатысты.
Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, отандық кәсіпкер Мұхтар Тайжанның жазуынша, оның ұлы ғалым-инженер ретінде бұрын болмаған жаңа технологияны тауып, тек Қазақстанды емес – бүкіл адамзатты алға жылжытуға ат салысып жүр.
«Өз бизнес жобасына тапқан барлық инвестицияларын Қазақстаннан емес – Еуропадан тапты. Бірақ, ол – біздің еліміздің азаматы және патриоты. Қазақ атам айтқандай, «шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» қағидасы бойынша, Санжар бүгін Лондоннан арнайы ұшып келіп, өзі ашқан жаңа электрлі батарея технологиясын қос бауырлас елдің – Қазақстан мен Өзбекстанның Президенттеріне таныстырып берді. Бұл факт – қазақтың қара домалақ балалары жоғары технологиямен айналыса алады дегеніне тағы бір дәлел», – деп жазды Мұхтар Болатханұлы.
Расында, былтыр Санжар Тайжанның «TaiSan» компаниясы инновациялық натрий-ионды аккумуляторлар әзірледі. Электромобильдерге арналған батареялар дайындап, 1,7 млн еуро тартты.
Өткен жазда Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды.
Құжатқа сәйкес, 2029 жылға қарай жасанды интеллектіні тұтынатын мемлекеттік қызметтердің үлесін қазіргі нөлдік деңгейден 20 пайызға арттыру жоспарланған. Сондай-ақ, аталмыш технологияны пайдаланушылар саны 80 мыңнан асады деп күтілуде. 2025-2026 жылдар аралығында университеттер маңынан ЖИ саласындағы салалық зертханалар ашылмақ. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді перспективада мамандар әзірлеуді қолға алмақ. Атап айтқанда, бакалавриат пен магистратура деңгейінде «Компьютерлік көру», «Машиналық оқыту» және «Табиғи тілді өңдеу» бағыттарында арнайы мектептер құрылмақ.
Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық жалпы ішкі өнімді 14 пайызға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған «Smart Data Ukimet»-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар, адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша екі мыңнан астам студент оқиды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы ЖИ тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады», − деді Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында, ЖИ қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ