«Жұрттың баласы» қалай қалыптасады? AlmaU түлектері туралы кітап жарық көрді

0
3331

Almaty Management University (AlmaU) «Jūrttyñ balasy: Біліммен биікке» атты мотивациялық кітабын қазақ тілінде жарыққа шығарды. Бұл жинаққа білімнің, табандылықтың және ішкі сенімнің арқасында бизнес, ғылым, спорт пен өнер салаларында табысқа жеткен түлектердің өмір жолдары енгізілген. Мұндай адамдарды халық арасында «жұрттың баласы» деп атайды – олардың оқиғалары өзгелерге бағыт-бағдар беріп, алға ұмтылуға жігер сыйлайды.

Кітап кейіпкерлерінің әрқайсысы өмір жолында түрлі қиындықтар мен сынақтарға тап болған. Олар – кәсіпкерлер, спортшылар, заңгерлер, өнер мен шығармашылық өкілдері және басқа да мамандық иелері. Үйреншікті жайлылықта қалу немесе өзгерістерге қадам басу қажет болған сәттерде, оқу мен білім олар үшін күш-қуаттың қайнар көзіне, ішкі өсу мен дамудың бастауына айналды.

Кампусты жаңарту кезінде университет ұжымына тек заманауи кеңістік қана емес, оның мазмұны мен рухын айқындайтын мәнді идея қажет болған. AlmaU-дың болмысына сай, шынайы әрі жасанды әсерден аулақ ұран ізделіп, ағылшын тіліндегі жаттанды тіркестерден әдейі бас тартылған. Ізденіс барысында көпшілікке түсінікті, жүрекке жылы, ұлттық таныммен үйлесетін сөз табуға ұмтылыс жасалған болатын. Ұзақ талқылау мен ой елегінен кейін «Жұрттың баласы оқитын AlmaU» деген тіркес дүниеге келген. Бұл идея кейін кітаптың да тұғырына айналған. Басылымның мақсаты – «жұрттың баласы» феноменіне жаңаша көзқарас ұсынып, әр адамның білім мен табандылық арқылы өз жолын таба алатынын көрсету. Университет қабырғасында оқып, өзін тапқан жастардың шынайы оқиғалары осы кітапта тоғысқан.

Жоба жетекшісі Жазира Байдалы жобаның идеясына кеңірек тоқталды:
«Қоғамда “жұрттың баласы” деген сөз жиі біреуді белгісіз бір идеалмен салыстырып, өкінішпен айтылады. Біз бұл ұғымға жаңа мән бергіміз келді – оны жағымды бейнеге айналдыруды мақсат еттік. Кітаптың басты мақсаты – тек осы тіркесті қайта қарау емес, жастарға шабыт беру. Біз жоғары сынып оқушылары мен студенттерге білімге, даму мен саналы таңдау жасауға ұмтылу – нағыз “жұрттың баласының” жолы екенін көрсеткіміз келді. Егер бұл кітап жастардың жүрегінен орын тапса, демек, еңбегіміз ақталды».

Кітап кейіпкерлерінің айтуынша, AlmaU-да оқу – өмірлік сынақтарды еңсеруде, өз ісін табуда және жеке даму жолын қалыптастыруда шешуші рөл атқарған.

Кітап кейіпкерлерінің бірі – Provisa компаниясының ортақтасы Олжас Тұрсынбаев пікірталас барысында өзін табу жолындағы ерекше тәсілімен бөлісті. Ол бұл әдісті бейнелі түрде «швед үстелі» деп атады:

«Мен өз жолымды “швед үстелі әдісі” деп атаймын: алдыңда түрлі тағамдар тұрған кезде, саған не ұнайтынын дөп басып айту қиын бәрін татып көрмейінше білмейсің. Өмірде де солай өзіңді түрлі салаларда байқамайынша, шынайы қызығушылығыңды табу оңай емес. Мен әртүрлі бағытта жұмыс істеп, тәжірибе жинадым, ақырында менің мықты тұстарым маркетинг пен сату саласында екенін түсіндім».

Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы білім – кез келген жаста қолжетімді әрі құнды ресурс екенін атап өтті:

«Білім алуға ешқашан кеш емес. Мен AlmaU-да MBA бағдарламасы бойынша оқығанда, алған білімімді бірден тәжірибеде қолдана бастадым. Кейде ойлаймын: егер осы жолды 4-5 жыл бұрын бастағанда, бәлкім, бизнеске деген түсінігім мен көзқарасым мүлде басқа болар ма еді. Мен шынайы өмірде қажет болатын тәжірибелік, қолданбалы білім алдым. Егер мүмкіндік болса, бұл жолмен жүріп өткім келер еді. Қазір алдыма жаңа мақсат қойдым DBA бағдарламасына түсу. Мен үшін білім өмір бойғы сапар, әрі мен әлі де үйренгім келетін, меңгергім келетін дүниелер көп екенін түсіндім».

Панельдік пікірталас барысында заңгер Әсет Рахимов университеттің барлық студенттеріне, мамандығына қарамастан, кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударатынын атап өтті:

«Мен AlmaU колледжін, кейін университет пен магистратураны құқықтану мамандығы бойынша аяқтадым. Қай мамандықта оқысаң да, мұнда кәсіпкерлік ойлауды міндетті түрде дамытады бұл бүгінгі күні әрбір маманға қажет қасиет. Мен заңгермін, бірақ AlmaU-дың арқасында бизнес туралы түсіне бастадым және кеңінен ойлауға үйреніп келемін. Уақыт өте келе бұл дағдыларымды одан әрі дамыта аламын деп ойлаймын. Қазірдің өзінде нақты түсіндім: мен тек заңгер болып қалғым келмейді – болашақта өз ісімді ашуды жоспарлап жүрмін».

MOST Media компаниясының жобалар менеджері Назым Даржанова AlmaU-дағы оқу мен тәжірибе оның кәсіби жолындағы алғашқы қадамдарына қалай ықпал еткенімен бөлісті:

«Бірінші курста оқытушымыз Арман Сұлтанұлы бізге нақты клиент тауып, онымен жұмыс істеу туралы тапсырма берді. Біз – мектепті енді ғана бітірген, тәжірибесі жоқ бірінші курс студенттері – бір компанияға өз қызметімізді ұсындық және үш ай ішінде идеяны нағыз жобаға айналдырдық. Сол кезде түсіндім: ең бастысы – мүмкіндікті жіберіп алмау және жауапкершіліктен қорықпау. Кейін мен AlmaU-дың маркетинг бөлімінде жұмыс істей бастадым және алған білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. Қазір MOST Media компаниясында басшылық қызметтемін және сеніммен айта аламын: менің білімімнің, дағдыларым мен тәжірибемнің іргетасы дәл осы AlmaU-да қаланды».

Пікірталас барысында CompasTeleCom компаниясының құрылтайшысы және бас директоры Әнуар Төлепбай MBA бағдарламасынан алған әсерімен бөлісті:

«2016 жылы Facebook арқылы Ақтөбеде MBA бағдарламасы бар екенін білдім. Ол кезде бұл бағдарламаның нақты не екенін толық түсінбесем де, қызығушылықпен оқуға жазылдым. Ол уақытта менің жеке кәсібім бар еді, компания басшысы болдым. Бірақ дәл осы Almaty Management University-дегі оқу маған бизнесті кәсіби түрде қалай жүргізу керектігін көрсетті. 2018 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін білімімнің нақты нәтижесін көре бастадым: бүгінде мен – CompasTeleCom компаниясының құрылтайшысы және бас директорымын. Бұрын бұл тек жан қалауы болған жоба еді, ал қазір – толыққанды әрі белсенді дамып жатқан бизнес».

Сондай-ақ Galamat Group компаниясының негізін қалаушы Сейтжан Сыпабеков хирургтен кәсіпкерге дейінгі жолының AlmaU-дағы білім арқылы қалай жаңа мәнге ие болғанын айтып берді:

«Негізгі мамандығым дәрігер, хирург болуға оқыдым. Алайда уақыт өте келе медицина тек емдеуден тұрмайтынын түсіндім. Бүгінде өзімді кәсіпкер ретінде де танытамын. Кәсіпкерлік мен үшін жай табыс көзі емес бұл адамдардың өміріне оң әсер етіп, денсаулық сақтау жүйесіне нақты үлес қосудың жолы. AlmaU-дағы MBA мен DBA бағдарламалары осы жолдағы шешуші кезеңге айналды. Бұрын ғылыми зерттеулермен айналысып, өзімді ғалым ретінде елестететінмін. Ал енді стратегиялық жоспарлау мен қаржылық басқару бойынша алған білімімнің арқасында кәсібімді мүлде жаңа деңгейге көтердім. Білім мен тәжірибенің үйлесімі менің кәсіби және жеке дамуыма қуатты серпін берді».

«Jūrttyñ balasy. Біліммен биікке» кітабы – өз жолын іздеп жүрген жандарға арналған. Ол – студенттерге, жас мамандарға, кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасап жүргендерге немесе өмірлік таңдаудың маңызды кезеңінде тұрған жандарға бағытталған. Бұл жинақтағы шынайы өмір оқиғалары мына бір қарапайым, бірақ маңызды ойды жеткізеді: әр адам «жұрттың баласы» бола алады – егер ол даму жолын, адал еңбекті және ішкі биіктерге ұмтылуды саналы түрде таңдаса.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here