ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи ойда жүрген депутаттық сауалдың тезистері негізінде «Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» атты мақала жазыпты. Оны «Общественная позиция» республикалық газетінде жариялапты. Ермұрат Сейтқазыұлының жазуынша, әдетте әлеуметтің мүддесін күйттеген депсауал мемлекеттік органдарға бағытталады, ал бұл мақалаға арқау болған мәселелер керісінше, салауатты қоғамның түйсігі мен талқысына арналады. Сонымен, халық қалаулысы не дейді?!
«Басқа елдердегі сияқты, Қазақстанның ақпарат алаңында дүркін-дүркін айтылып жүрген, өзегі жалғандыққа жалғасқан заманауи мифтер баршылық. Көбісі – қазіргі реформалардың мән-маңызына, экономикалық саясат пен билік құрылымына қатысты ойдан шығарылған немесе қарсылық тудыруға арналған қауесет. Жаңсақтығы тайға таңба басқандай білініп тұрса да, саяси сауаты кемшін жұрт арасына тез тарайды. Өкінішке қарай, мұндай аңыздар ақиқатты бұрмалап қана қоймай, елде қадам-қадам жүріп жатқан оң өзгерістерге деген күдік-күмәнді қалыңдатып, халық сенімін күйретуге жетелейді. Осылайша, ел болмақ жақсы ниетті лайлап, мемлекеттің даму қабілетін кемітеді. Сол себепті кей «білгіштер» таратып жатқан жаңсақ пікірлерді нақты деректерге сүйене отырып, қисынмен талдауды жөн көрдік», – деп халық қалаулысы жағылып жүрген күйе, тағылып жатқан айыптардың бірнешеуіне жан-жақты тоқталыпты. Енді мақалада көтерілген мәселелерді тізбектеудің реті жоқ. Дегенмен, Ермұрат Бапидің мемлекет басындағы оңды реформаларға тоқталғанына құптаймыз. Осы орайда бір-екі ауыз пікірімізді білдірсек дейміз.
Әрине, әр адамда азаматтық позиция болуы керек, бірақ айтаққа еруге тағы болмайды. Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда өмір сүрудің архитектурасы өзгерді. Бұл – заңды өзгеріс. Отыз жыл бойы билікпен ауыз жаласып, ойындағысын жасап, қисапсыз байыған, сол арқылы майлы жіліктің басынан ұстағандар өткен әрекеттеріне заң алдында жауап беру үшін ұсталып, қоғамнан оқшауланды. Бүгінде биліктің бұл әрекетін қарапайым халық қолдап жүргенін көз көріп, құлақ естиді. Әділетті Қазақстанда әркім кешегі өзі істеген жұмысына жауап беруге міндетті.
Президенттік билік – ұлы қозғалтқыш. Басқару өнерінің ең биігі әртүрлі жағдайларда қолданыс табатын биліктің шекаралары қандай болуы тиістігін нақ білуден тұрады. Мемлекет басшысына үндеу жасау оған деген халық сенімінің айғағы десек те, құқықтық мемлекетте оның бәрі заң аясында жасалатыны анық.
«Ашық қоғамның бір белгісі – петиция институты іске қосылды. Енді кез келген қоғам мүшесі өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, бастамашылдық көрсете алады. Онлайн петиция – қоғам үшін өзекті кез келген мәселені аудандық мәслихаттан бастап, Үкіметке дейін жеткізіп, мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешім шығаруға ықпал ету тетігі», – деп жазады өз мақаласында Ермұрат Бапи.
Рас, егер Президентке хат жазушылар қоғамдық игілікті ойлаған болса, онда олар өз өтініштерімен Мемлекет басшысына арызданбас еді. Егер өтініш жазушылар өздерімен айыпталғандардың арасында заңдар дәнекерлік етуін болғызбаймын десе, онда олардың өз істеріне қорқа қарайтындай себептері бар деген сөз. Осыған лайықты бір мысал айта кетсек.
Ежелгі заманда І-ші Петр патша бір Жарлық шығарыпты. Онда «Патшаның өзіне тікелей арызбен тек қана оның шенеуніктеріне екі рет арызданып барып, ештеңе шығара алмаған жағдайда ғана кіруге болады» деп көрсетіпті. Бірақ, кімде-кімнің арызы орынсыз, әділетсіз болса, онда оларға өлім жазасы қаупі төнетін көрінеді. Осыдан кейін патшаға ешкім арыз-петиция жазбайтын болыпты. Біздің осыны айтпасымызға болмады.
Дәл бүгін бізге тыныштық керек. Кейбір жандар шаңырақты шайқалтқысы келеді. Түрлі пікір тудырып, қоғам арасына іріткі салуға бейімділік танытушылар бар. Олардың бұл ойы енді өтпейді. Алайда, қоғамда пысықайлар көп. Олар әлеуметтік желілерде де өте белсенді.
Расында, бүгінгі кей замандас сол Абай заманындағы пысықтарға ұқсап, көбік сөзді көпіртіп, дұрысты бұра тартып, даулардың қазанын қайнатып, елдің ынтымағы мен тұтастығына ши жүгіртіп, жік түсіретін дақпыртшыл даңғойға айналып бара жатқан жоқ па?! Күйгелектікпен күйбең күйге түсіп, саясаттың сойылын соға берсек, мына қырық құбылған заманда біздің кәсібіміз бен нәсібімізді кім түгендеп береді? Ал, біздің қай капиталисіміз, шонжарымыз, байшікешіміз сырттың құтын ішке құйып, елін құтайтып отыр? Керісінше, бар жинағанын сыртқа тасып, елді жұтатып жатыр. Абай атамыз «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп, дәл қазіргі мемлекетімізде қалыптасып отырған «малға сатылған одақтастықты» айтқан. Саясат пен ақша – ұлттық идеяның ашытқысы. Тағы да сол Абай «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, /Сапырылды байлығың, баққан жылқың» деп айтқандай, «бірлігі жоқ», яғни ұлттық идеясы жоқ, «берекесі жоқ», яғни тәуелсіз экономикасы жоқ, «шын пейілі жоқ», яғни рухани тәуелді, басы байланып бара жатқан мемлекетте өмір сүріп отырған сияқтымыз. Өзгеретін уақыт келді.
Соғыс кезінде Сталиннің баласы тұтқынға түседі. «Ұлы көсемнің» баласын құтқару бойынша көмекшілері араша түскенде, ол: «Тұтқындағылардың бәрі менің балам», – деген көрінеді. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Исатай Әбдікәрімов те өзінің жалғыз ұлын өлім жазасына кескенде (ел басшысы ретінде рақымшылық жасауға құқығы болса да), оған араласпаған оқиғасын білеміз.
Тұтас ұлттың өзгенің қолжаулығына айналудан артық қасірет жоқ. Өзгенің ықпалынан шыға алмай, оның илеуіне көндігу – біреулер үшін тірі қалудың, тіршілігіңді амалдап жалғастырудың жалғыз жолы ма, әлде шарасыздығыңды мойындап, құрдымға құлауға, күштінің құлқынына жұтылып, жойылуға бет алу ма? Осы екі күрделі сауалға тұщымды жауап іздеуге деген жұрттың қарасы қалың. Бұлай болуының себебін иілдіру, елпеңдету, бағындыру мен тұсап ұстау тәсілімен өзгені теспей сорып үйреніп қалған, дәніккен әрі құныққан, қорқаулығы мен қараулығы басым елдер өздерінің империалистік қасаң көзқарастарын ауыр әрі ескі зеңбіректей «сүйретіп» әкеліп, XXI ғасырдың төбесінен төндіріп, онысын ұлы идея ретінде жоғары бағалаудан шімірікпей отырғанынан іздеу керек шығар.
Біреудің илеуіне мойынсұнудан, ықпалында қалудан басқа амалы жоқ, солай бола тұра құрдымға құлаудың алдында тұрғанын мойындағысы келмей, дұрысы шындыққа тура қарауға дәті шыдамай жүргендердің және жұтылуға, өзгеге еріксіз сіңіп кетуге бет бұрғаннан өзге жолы қалмағандардың табиғи түрде жыл сайын жаңартылып отыратын статистикасын құпия санамай, ресми түрде шімірікпей жариялайтын кезең де келіп отыр. Осынау жағымсыз үдерістерді жан-тәніңмен сезіну – әркімге әрқалай әсер етер, бірақ жұтылу қаупі анық төнген ұлттың көзі қарақты өкілдері үшін бұл оңай соққы емес.
Халқының сенімі мен әлеуетіне арқа сүйеген билігі бар мемлекет ешкімнің қолжаулығы болуға бармауы анық. Ал, билігі өзіне сенген, өзінің ресурсына жүгінген халық қашанда мемлекеттің лайықты тірегі, жалаң, жалған емес, шынайы, риясыз пейілді патриоты болады.
Қазір қоғам, саяси өмір жаңару алдында тұр. Бұл бүгін немесе ертең бола салатын процесс емес, байсалдылықты, байыптылықты талап етеді. Елімізде демократия туралы үргедек түсінік бар. Қит етсе көшеге шығу, петицияға қол жинау – жақсылықтың нышаны емес. Заңды сыйламайтын бұл жағдайлар мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Байсалды болсақ қана шаңырағымызды шайқалтпай көздеген мақсатымызға жетеміз. Қауіп әлі сейілген жоқ. Ішкі мен сыртқы күштер біздің күштік құрылымдардың да, азаматтардың аңқаулығын да аңдып, өздеріне қолайлы сәтті күтуде. Осындайда билік келісе кететіндерді емес, келіспейтіндердің пікіріне жете назар аударса, қоғамда келісім, тұрақтылық мәдениеті қалыптасады.
Кез келген құқықтық мемлекетте заң үстемдігін бекіту маңызды. Ал, демократиялық қоғамда мемлекеттік басқару органдарына, лауазымды адамдарға азаматтар үшін құқықтық салдар туғызатын әкімшілік актілер шығару құқығы беріліп қана қоймайды, тиісті рәсім аясында әрекет ету, заңсыз әрекеттер үшін жауап беру және осындай әрекеттерден келтірілген залалды өтеу міндеті жүктеледі.
Қайбір жылы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуімен қатар жүруі қажет екенін, бірақ бүгінгі ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын ашық айтты.
«Ұлттық экономика құрылымы өзгерді. Монополиямен күрес басталды. Заңсыз жолмен жиналған активтерді қайтару қолға алынды. Жылдар бойы біте қайнасып кеткен, ойына келгенін істеген «мемлекет – алпауыт бизнес» жүйесіне соққы берілгені – бұрын-соңды болмаған зор жетістік деуге әбден лайық. Соның арқасында мемлекеттік аппаратты жаулап алған олигархиялық құрылым ыдырады. Ат төбеліндей бизнесмендердің заң шығару ісіне, мемлекеттік тапсырыстарға, сот шешімдері мен кадр саясатына ықпал етуіне тыйым салынды. Айталық, бұрын Машкевич пен Құлыбаев сияқтылардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болатын. Қазір олай емес. Олардың мемлекеттік шешімдерге ықпалы жойылды. Шайқап ішіп үйренген бизнес енді заң аясында жұмыс істей бастады. Бұл – өзгерістер жолындағы үлкен жеңіс», – деп жазады халық қалаулысы.
Жаңа Қазақстанды құру үшін ұлтымыз өткеннен сабақ алып, сабасына түсіп, сапалық жаңа белеске көтерілуге тиіс. Ол үшін енжарлықтан арылып, құрыштай қайнап шынығуы, есесін түгендеп, ырыздығын арттырып, ырысты халыққа айналуы керек.
Президент ұсынған Жаңа Қазақстанның мәні – азаматтық қоғамы қалыптасқан, қоғам мен билік арасы тонның ішкі бауындай жақын, түсіністік тапқан мемлекет құру болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы қаңтардан кейін мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Сыбайлас жемқорлықпен астасып жатқан бюрократиялық кедергілерден запы болған халық бұл жаңалықты қуана қабылдады.
Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздейді. Жұрттың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағыну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заңдарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр. Өйткені, заң өз күшінен айырылған жерде жауыздық басталады. Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады.
«Қалай болғанда да, қазіргі уақыт – Қазақстан үшін нақты өзгерістер жасауға, яғни шын мәніндегі тәуелсіз саясат құрып, дабыра мен даңғазадан арылуға берілген мүмкіндік. Меніңше, Президент Тоқаевтың айтпағы да, жүргізіп отырған саясаты да осыған келіп саяды», – деп түйіндепті өз мақаласын халық қалаулысы.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ