Статистика бойынша, Жамбыл облысында 15 жасқа дейінгі 1 811 балада туа біткен жүрек кемістігі тіркелген. Оның 470-і бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Олардың ішінде 350-дей бала ота жасауға мұқтаж болады екен. Әдетте, «Тараз қаласындағы кардиолог дәрігерлер» дегенде есімізге бірден м.ғ.д., профессор, кардиохирург Сейтхан Жошыбаев түседі. Рас, ол кісі – жүрекке ота жасаудың хас шебері, дүниежүзіне әйгілі маман делік. Бірақ отадан кейін де емделу бар, отадан кейін де науқас бірден жазылып кетпейді. Кардиохирургтер науқас алдындағы өз міндетін орындағаннан кейінгі емдеу ісіндегі бүкіл жауапкершілік кардиоревматолог дәрігерге жүктеледі. Оларға ота жасалған науқастармен бірге жүре пайда болған жүрек жеткіліксіздігі дерті барлармен де күресулеріне тура келеді. Осы тұста жүрек ауруымен ауыратын балаларға аянбай қызмет етіп жүрген ЖОКББА-ның соматикалық блок «Кардиоревматология» бөлімшесінің атқарар функциясы туралы айтпасқа болмайды.
Әсіресе, аталмыш бөлімшенің балалар кардиоревматолог дәрігері Елдос Жұбатқан жас та болса өз бойына дәрігерлік қасиет пен адами жылулықты үйлестіре білген нағыз маман, нағыз дәрігер. Оның әр сөзі – сенім, әр қадамы – жауапкершілік. Кейде дәрігердің бір сөзі, бір әрекеті науқасқа емнен де артық әсер етеді.
Бәрін басынан бастайын. Қызымның денсаулығы 6 жасынан, яғни 2020 жылдың көктемінен бастап күрт өзгерді. Бұл – COVID-19 пандемиясы басталып, бүкіл дүниежүзі халқы үрей құшағында өмір сүріп жатқан қауіпті кезең болатын. Қызым ентігу салдарынан ай сайын ЖОКББА-ның «Пульманология» бөлімшесіне, тіпті «Жансақтау» бөліміне де түсіп қалып жатқан сәттері болды сол кездерде. Бірақ, тапсырған ПЦР (полимеразды тізбектік реакция) сынамаларынан бірде-бір рет «коронавирус инфекциясы» анықталған емес. Мен әр күн мен әр түнді үреймен өткізіп жүрдім, десем артық айтқаным емес. Күндердің бір күнінде дәрігерлер қызыма «Миокардит» диагнозын қойды. Бұл – жүрек бұлшықетінің қабынуымен байланысты күрделі дерт. Сол күннен бері біз Елдос Жұбатқанның тұрақты науқасына айналдық. Қандай да бір дерттің қашан да түнде қысатын әдеті бар емес пе, ұйқымыз қанбағандықтан қызымның бойын үнемі әлсіздік билеп тұрса, менің бойымды қорқыныш пен қаталдық билеп алған. Дәрігерлерге қояр талабым да тым күшті болды. Соған қарамастан Елдос Жұбатқан менен гөрі өз науқасының көңіл-күйіне алаңдаулы болып, менімен сөйлесу барысында: «Қызыңызды қарау керек. Қарасаңыз «жансақтау» бөліміне түспейді», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Іштей: «Қызым ай сайын осы ауруханаға түсіп, ем алып жүр. Тағы қандай ем керек?», деп ойланатынмын. Сөйтсем біздің жас дәрігеріміз Гиппократтың: «Нағыз дәрігер жүрекпен емдейді, қолмен емес» деген ұстанымымен жұмыс істейді екен. Яғни, ол осы бір «қызыңызды қарау керек» деген бір ауыз сөзі арқылы маған «қызыңызға қаталдықпен емес, мейіріммен қараңыз!» дегенді ұғындырғысы келген. Қазақтың «Ақыл – жаста, қайрат – атта болады», дегенінің дәлелі осы болар, бәлкім?!
Кейінірек Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми қазақ кардиохирургиялық орталығынан «Дилатациялық кардиомиопатия» деген диагнозбен оралдық. ЖОКББА-ға кезекті ем-шарамызды алуға келген кезімізде мен тәжірибесі аз болса да, жас болса да тағы да Елдос Алмасұлын өзім таңдадым. Себебі, мен тұрақтылықты жақсы көретін адаммын. Қызымның анализ нәтижелерін, жағдайын сұрауға кезекті рет дәрігерімізге кіргенімде мүлдем таң қалдым. Ол маған: «Қызыңызға жақсы орта керек, психолог керек», – дегенде дәрігер таңдаудан мүлдем қателеспегенімді анық түсіндім. «Жас, тәжірибесі аз» деп санап жүрген дәрігерім көз алдымда кәдімгідей тұлғаланып шыға келді. Ол маған сондай сыпайы, көркем, мәдениетті түрде «қаталдығымды, қызыма жақсы ана бола алмай жүргендігімді, медицина саласының, соның ішінде кардиологияны терең меңгерген жан ретінде дәлелдеп шықты. Мен бұған мүлдем ашуланбадым. Керісінше Елдос Алмасұлының өз науқасының жақсы ортада өмір сүргенін қалайтынын, өз мамандығына деген кіршіксіз адалдығын сездім.
Иә, жасыратын ешнәрсе жоқ. Менің қызым жаман ортада өмір сүріп жатқан жоқ шығар. Бірақ, Елдос Жұбатқан айтқандай, ол жақсы ортада да өмір сүріп жатқан жоқ. Себебі, екінші қызымда «аутизм спектрі» бар. Жүрек жеткіліксіздігі дертімен ауыратын қызыма бұндай науқас қызбен бір шаңырақ астында тұру оңай емес, әрине. Мен де осындай диагнозды қыздарыма қамқор болудан пенде болған соң шаршайтын шығармын. Десе де, екеуі бала болып соқтығыса қалса Елдос Жұбатқанның 12 жасар науқасына: «Сенің есің дұрыс қой! Ең болмаса сен түсінсең қайтеді мені?», деп дүрсе қоя беріп, «аутизм спектрі» бар қызымды қорғап шығатынымды жасырып қайтейін? Бірақ, бұдан былай сүйікті дәрігеріміздің кеңесіне құлақ түруге тиіспін. Себебі ол – науқасты қолмен емес, сөзбен, жүрекпен емдейтін ақ халатты абзал жан.
Дилатациялық кардиомиопатия – өздігінен жазылып кететін дерт емес. Бұл – жүрек дерті. Ал жүрекке тыныштық керек. Қызымның жүрегі тыныш болуы үшін оның анасының да жүрегі тыныш болу керек. Елдос Жұбатқан дәл осы тұста болашақта өзінен мықты медицина қызметкері шығатынын дәлелдеп тұр. Себебі, ол өз науқасының үйдегі жағдайына алаңдаулы, оны өз анасының ашуынан, қаһарынан қорғау үшін барын салды. Сондай-ақ, ол өз науқасының ақыл-есі толыққанды екенін ескеріп, психолог көмегіне мұқтаж екенін ескертті.
Кім біледі, мүмкін болашақта Елдос Жұбатқаннан Батыс Еуропаның ұлы ойшылы Ибн Сина сияқты ғұлама дәрігер шығар. Себебі, ол дәл Авиценнаның өзі секілді емдеу ісінде дәрігердің үш қаруының бірі – сөз екенін жақсы меңгерген. Әрі оны өз қызметінде науқастарымен де, науқастың ата-аналарымен де байланыста ұтымды қолдана біледі.
Біздің, яғни қазақ медицинасына Елдос Жұбатқан сияқты білімді, білікті, жаңашыл, науқасты қолымен де, сөзімен де, жүрегімен де емдей алатын алтын жүректі дәрігерлер керек-ақ…
Біз – жазыламыз, біз – айығамыз! Себебі, біздің жүрегімізге Елдос Алмасұлы «Сенім кілтін» ашып берген. Және біз ол кілтті ешуақытта жоғалтпаймыз.
Сар ИНА, журналист