Бүгін, 11 шілдеде «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қариннің «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласы жарияланды. «Ұлы даланың шет-шегі болмайды, оның көкжиегі ғана болады» деп басталатын мақалада Мемлекеттiк кеңесшісі оқырманның назарын 2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаға аударып, содан бергі 4 жылдан астам уақытта қандай шаруа жасалғанына тоқталды. Айталық, «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдық әзірленді. Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ерлан Тынымбайұлының жазуынша, бұл жеті томдықты төл тарихымызға қатысты осыған дейін жасалған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деуге болады. Мақаланың толық нұсқасын «Egemen Qazaqstan» газетінен немесе https://egemen.kz/ сайтынан оқыңыз.
Мақаласында Ерлан Қарин Ұлы дала – өркениеттер ошағы екенін ашық жазып, жай сылдыр су ақпарат емес, нақты тарихи деректерге тоқталады.
«Біз төл тарихымызға ауқымды, кең көзқараспен қарауымыз керек. Қазақ жерінде біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда-ақ түрлі тайпалар әншейін саяси, әскери, я шаруашылық бірлестіктер емес, орталықтандырылған билік жүйесі бар, иерархиясы мен таптық бөлінісі нақтыланған толыққанды мемлекеттер болған. Көнеден келе жатқан мемлекеттігіміздің тұғыры саяси құрылымдарға, орталық билік жүйесіне ғана емес, ортақ құндылықтарға, рухани-мәдени бірегейлікке негізделді. Сондықтан тарихымызды зерделеп, дәріптегенде қазақ жерінің ежелгі және ортағасырлық қуатты мемлекеттердің мекені ғана емес, ең бастысы, бірегей көшпенділер өркениетінің алтын бесігі екеніне баса назар аударуымыз керек.
Жалпы, Орталық Азия аймағы, соның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазыналы шежіресімен ерекшеленеді. Қазақ жеріндегі ежелгі кеніштер мен кен байыту орталықтарынан бұл аймақта металлургияның қаншалықты жоғары дамығанын айқын аңғаруға болады. Ежелгі көшпенділер Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Адамзат баласы ең алғаш жылқыны қолға үйреткен жер екені ғылыми тұрғыда дәлелденген Ботай қонысы, қуатты мемлекеттердің әміршілері – Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аралтөбедегі Сармат көсемі, Шығыс Қазақстандағы Шілікті әміршісі, Берел ханшайымы мен Елеке сазы дегдары және басқа да теңдессіз тарихи мұралар қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардың өзінде жоғары дамыған өркениет болғанын көрсетеді.
Төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады», – деп жазады Мемлекеттiк кеңесшісі.
Қайбір жылы Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Дагваадоржийн Сүхбаатар жазғандай, Ұлы дала өркениеті көшпенділердің мемлекеттік дәстүрінен тікелей бастау алады. Әлемдік тарихты түбегейлі өзгерткен көшпелі ұлыстар мен елдер орнатқан алып империялар соңына орасан зор мұра қалдырды. Осынау дала мемлекеттері құрамында этникалық тұрғыдан түріктер, моңғолдар, тұңғыс-манжұр текті ру-тайпалар одағы болған және олар Еуразия кеңістігінде ұзақ уақыт бойы алма-кезек билік жүргізіп келген. Қысқаша айтқанда, Ұлы далада ғасырлар бедеріндегі дәстүр сабақтастығын негіз еткен өрелі өркениет, баянды өмір-тіршілік қайнап жатты. Қазіргі археологиялық-этнологиялық зерттеулер соның заттай және рухани айғағын жариялап келеді.
Көшпенділер өркениетінің көкжиегін кеңейткен Ерлан Тынымбайұлының тарихи мақаласы жастарға, ғылыми қауымға, әсіресе тарихшыларға терең ой салады.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ,
Ақпарат саласының үздігі