Таулы Қарабақтың даулы мәселесі: Әзербайжан мен Армения атысты қайта бастады

0
9676

Әзербайжан мен Армения арасындағы атыстың басталғанына үш күн болды. Баку бүгін таңертең Арменияның тағы бір әскери нысанын тас-талқан еткенін мәлімдеді. Екі жақтан да адам шығыны бар. Шекарадағы атыстан 12 әзербайжан мен 4 армян құрбан болды. Қайтыс болғандардың арасында Әзербайжанның қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Керим Велиев те бар.

Иә, екі тараптың да өліспей беріспейтініне тарих куә. Өйткені, отыз жылдан бері жер дауы Әзербайжан мен Арменияның «бас ауруларына» айналды. Оның үстіне Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі де әлі шешілмей келеді. Ал, әзербайжан мен армян халықтары қалай ата жауға айналды? 30 жылдан бері Баку мен Ереван неге бір тоқтамға келмеді? Тығырықтан шығудың жолы қандай? Міне, ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейді.

Әзербайжанның қарауынан шығып кеткен даулы аймақ 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялап, Таулы Қарабақ Республикасын құрды. Әрине, Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде өзінше отау тігіп отырмайтыны белгілі. Түпкі мақсаты алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін әлемге мойындатқызып, кейіннен Арменияға қосылу еді. Ереванның да ұстанған саяси ұстанымы осы. Ал, Таулы Қарабақ – әлемдік қауымдастық үшін Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі. Дегенмен, әлемде мойындалмаған республиканың Бакуге берілетін түрі байқалмайды. Екі тарап та отыз жылдан бері жан алысып, жан берісіп жатыр. Ал, 1994 жылы Бiшкекте (Қырғыз Республикасы) Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалған-ды. Дегенмен, осы 26 жылдан бері Баку, Ереван және Степанакерт (мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының астанасы) «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмай келеді.

Таулы Қарабақ қанды қырғын ошағына, ал әзербайжан мен армян халқы ата жауға қалай айналды?

Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрді. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзербайжан КСР-ның құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасады. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнiнде, Әзербайжанға бағынатын аймақта 75 пайыздан астам армяндардың (қазір бұл аймақта 99,7 пайыз армян тұрады) тұратынында болды. Бұған тіл, діл мәселесі тағы қосылды. Уақыт өте келе бұл мәселелер ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды. Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн шеше алмаған күйi Кеңес Одағы ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзербайжандар қудаланды. Өз кезегiнде Әзербайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлдерi де Арменияға қашты. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан Әзербайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, 1988-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған қарасты жеті ауданынан көз жазып қалды.

Таулы Қарабақтағы 1988-1994 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Қырғыз Республикасында Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан, Таулы Қарабақта ауық-ауық әзербайжан және армян күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады.

Айта кетейік, КСРО-ның шаңырағы шайқалған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысынан бастап бұрын алып империя құрамында өмір сүрген одақтас республикаларда ұлттық оқшаулану құбылыстары белең алды. Осылайша, 1988 жылы Әзербайжанның құрамынан Таулы Қарабақ, 1990 жылы Молдовадан Днестр бойы аймағы, 1990 жылы Грузия құрамынан Абхаз автономиялық облысы мен Оңтүстік Осетия автономиялық облысы бөлініп шығатынын мәлімдеп, қанды қақтығыстар орын алды. Әрине, бұл басқа тақырыпқа арқау болатын мәселе.

1994 жылы Қырғыз Республикасында даулы аймаққа айналған Таулы Қарабақта атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанын жоғарыда айттық. Енді осы 26 жылдың ішінде Әзербайжан, Армения және Таулы Қарабақтың қандай қадамдарға барғанына тоқталсақ.

Рас, 5 мамырда Бішкек бiтiмгерлiк келiсiміне 26 жыл толды. Өкінішке қарай, Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыста ара ағайындық міндетін атқарушы елдер таулы аймақтың даулы мәселесін саяси диалог арқылы бейбіт жолмен шеше алмады. Дегенмен, ол елдердің қақтығысқа қатысушы жақтарға басу айтып, бітімгершілікке шақырып, мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал, мәселенің тығырыққа тірелгеніне екі тараптың екі түрлі көзқарасы себеп болса керек. Өйткені, Әзербайжан мен Арменияның қазіргі ұстанымдары дәл Крыловтың арбаны шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр.

1997 жылғы баспасөз конференциясында Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан Арменияның 1991-1998 жылдардағы бірінші президенті Левон Тер-Петросян ара ағайындық міндетін атқарушы елдердің қос тарапқа даулы мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынғанын айтқан еді. Айталық, Әзербайжанға Таулы Қарабақтың Лачин ауданынан басқа жерлері кері қайтарылады, ал Лачин ауданы Арменияның тарихи жері ретінде Ереванға оралады және мұсылман елінің құрамына қайта енетін автономиялық республикаға өзінің жеке көзқарасы бар арнайы мәртебе беріледі. Бірақ, сол жылдары Баку Ереванға Таулы Қарабақтың бір сүйем жерін де бермейтінін және аймаққа арнайы мәртебе беруге мүлдем қарсы екенін мәлімдеді. Содан алғашқы келіссөздер нәтижесіз аяқталды.

Жалпы, тоқсаныншы жылдардың ортасында Арменияға өтуі тиіс болған Лачин ауданының халқы 10 мың армян болса, жер көлемі 1,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал, Баку жер көлемі біздің Астана мен Шымкент қалаларын қосқанда бірдей болатын бүтін бір Лачин ауданын бергісі келмеді.

Арада 20 жыл өткеннен кейін де мәселені оңтайлы шешудің жолы ұсынылмады. Алайда, қазір барлық тараптар «Мадрид ұстанымы» аталып кеткен келісіммен жұмыс жасайды. Ол ұстаным бойынша Ереван Таулы Қарабақтың 5-6 ауданын (аймақта барлығы 10 аудан бар) қайтарады, ал Баку аймаққа арнайы мәртебе береді. Бірақ, қос тарап та мұнымен келіспейді. Оның үстіне өткен ғасырдың соңында өзінің бір ауданын бермеген Әзербайжан енді Арменияда 4-5 ауданды оңай қалдыра салмайтыны әу бастан белгілі. Ал, Армения да Таулы Қарабақтың 5-6 ауданынан бас тартып, Әзербайжанға қайтаруға жылы қабақ танытып отырған жоқ.

«Считаю важно удержать Карабах армянским. 3 000 лет он был населен армянами и спустя 3 000 лет он должен быть населен армянами», – деп жазыпты экс-президент Левон Тер-Петросян өзінің бір мақаласында.

Сарапшылардың айтуынша, Армения Республикасының қазіргі премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан Республикасының қазіргі президенті Ильхам Әлиевпен тіл табыса алмайтынын жақсы түсінеді, яғни даулы мәселені шешуге тырысып жатқанын халыққа көрсетуден басқа арыға аса алмайды. Отыз жылға созылған дау кемінде әлі 40-50 жылға созылады. Ильхам Әлиев те әкесі Гейдар Әлиевтің (Әзербайжанның 1993-2003 жылдардағы президенті) тағдырын қайталайды – Таулы Қарабақты бүтіндей елге қайтара алмай биліктен кетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, жерлері онсыз да кішкентай Кавказдағы қос ел Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданымен жері бірдей Таулы Қарабақ үшін әлі талай айтысып-тартысады. Демек, 30 жылға созылған өткен ХХ ғасырдағы даудың нүктесі осы ХХІ ғасырда да қойылмайтын түрі бар. Ал, әзербайжан мен армян халықтарының арасындағы өшпенділік жыл өткен сайын өршіп келеді. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Түбі тағы да алапат қасірет – соғыс өрті тұтанады…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here