Қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген тіл жанашыры

0
4190

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін өзге этнос өкілдерінің де үлесі артып келеді. «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті» деп санайтын тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір қазақстандықтар да аз емес. Соның бірі – «Грамматика казахского языка. Просто о сложном», «Грамматика детям. Балаларға арналған грамматика» кітаптарының және Kaz-tili.kz сайтының авторы, ересектер арасында қазақ тілін үйрену курсының ұйымдастырушысы, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Татьяна Валяева. Осылайша, ол мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Қазақ тілін өзінің ана тілінен кем көрмейтін Татьяна Валяеваны аз-кем әңгімеге тартқан едік.

«ҚАЗАҚ ТІЛІН
ҮЙРЕНУГЕ БАЛАЛАРЫМНЫҢ
САБАҒЫ
ТҮРТКІ БОЛДЫ» 

– Татьяна Владимирқызы, мемлекеттік тілді қалай үйрендіңіз? Қазақ тілін үйренуге не түрткі болды?

– Қазақ тілін жанымдай жақсы көретінім рас. Ал, оны үйренуге балаларым әсер етті. Олардың сабағына көмектесіп жүріп, қазақ тіліне деген қызығушылығым оянды, құрметім артты. Мен оларға грамматиканы түсіндіруге көмектескім келді. Мектеп оқулықтарындағы мәліметтер жеткіліксіз еді. Содан қосымша ақпарат көзі қажет болды. Соның нәтижесінде түрлі оқулықтар сатып алып, өзімді осы бағытта шыңдай бастадым.

– Ақиқатын айтыңызшы, қазақ тілін үйрену қиын болды ма? Қанша уақытта тілді еркін меңгердіңіз?

– Тіл үйрену менің жеке сүйікті ісіме айналды. Ақпараттық қоғам дамыған заманда тілді үйренудің де маңызы артып келеді. Қазақ тілінде еркін сөйлеп жүргеніме 14 жылдан асты. Алға қойған мақсатым – қазақ тілі арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Тың ақпараттар табудан да жалыққан емеспін.

«Грамматика казахского языка. Просто о сложном» атты кітабыңыз туралы айтып берсеңіз...

– Қысқаша айтар болсам, «Грамматика казахского языка. Просто о сложном» кітабымда өзім ашқан Kaz-tili.kz сайтының материалдары жинақталған. Кітап 2019 жылы жарыққа шықты. Екі жылдың ішінде кітаптың 2 мың данасы түгел сатылып кетті. Айта кетейін, бұл кітапта қазақ тілінің грамматикасы қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған. Бұл әрбір оқырманға жұрнақтар мен жалғаулардың заңдылықтарын пайдалана отырып, ережелерді оңай түсінуге мүмкіндік береді.

«Грамматика детям. Балаларға арналған грамматика» кітабымда қазақ тілінің грамматикасы өлең мен суреттер түрінде баяндалған. Кітапқа тәуелдік жалғау, көптік жалғау және барлық септік жалғау енді. Жалпы кітап балаларға арналған. Бірақ, қазақ тілін нашар білетін ересектерге де пайдасын тигізері сөзсіз. Кітаптағы әр тақырып суреттердегі жаттығулармен берілген.

Үлкен сұранысқа ие болып жүрген қазақ тілінің грамматикасы бойынша кітаптарым 2012 жылдан бері басылып келеді. Әр басылым сайын материалдар жаңартылып, толықтырылып отырады.

«KAZ-TILI.KZ
САЙТЫНА КҮНІНЕ
ТӨРТ МЫҢНАН
АСТАМ АДАМ КІРЕДІ»

– Татьяна Владимирқызы, Өзіңіз ашқан Kaztili.kz сайты қандай мақсатты көздейді, кімдерге арналған?

– Бүгінде интернетте тіл үйренемін деген адамға сайттардың алуан түрі бар. Интернетте өз материалдарымен бөлісетін мұғалімдер де жетерлік. Өз басым біраз ойландым да, осы сайтты аштым. Онда керек ақпараттармен бөлісіп жүрдім. Менің сайтымнан адамдар жаңа тақырыптар мен тың идеялар іздей бастады. Содан өзінің тұрақты аудиториясы қалыптасты. Қазір сайтқа күніне 4 мыңнан астам адам кіреді. Әрине, бұл мені қуантады. Менен сайттың бөлімдерін әзірлеуді, соның ішінде күрделі грамматикалық тақырыптарды түсіндіруді сұраған оқырмандар ерекше ынталандырды. Сайтта грамматикадан бөлек қазақ тілінде әңгімелер, әндер, әзілдер жарияланып тұрады.

– Мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіргендерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Менің ойымша, мемлекеттік тілді меңгеруді мақсат еткендерде алдымен қазақ тіліне деген өз қызығушылығы болуы керек. Қазіргі уақытта тіл үйренемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Мүмкіндіктер де көп. Оның үстіне болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген адам мемлекеттік тілді білуге міндетті. Ал, «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген бұрынғы даналардан қалған сөз бар. Сондықтан жастарға айтарым, жан-жақты іздену арқылы қандай тілді үйренсе де, болашағы жарқын, келешегі кемел болары хақ.

– Татьяна Владимирқызы, әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here