Сағындық Байсаловтың туғанына – 95 жыл

0
718

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген заңгері Сағындық Байсаловтың туғанына 95 жыл толуына орай, «Экологиялық қауіпсіздік жүйесіндегі экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ауқымды шараға ҚР Парламенті, ҚР Конституциялық соты, ҚР Жоғарғы соты, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өкілдері, белгілі қазақстандық заңгерлер және Ресей, Эстония, Польша, Өзбекстан ғалымдары, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.

Жиынның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзі оқылды.

«Сағындық Байсаловтың ширек ғасыр бұрын еліміздің экологиялық ахуалы, су мәселесін көтерген проблемалары әлі де өзектілігін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде «Жасыл экономика» идеясын ұстанып, экономиканы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау ісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мәселелерде жаңа заң жобаларын жасаушылар Сағындық Байсалұлы негізін қалаған заң нормаларына сүйенетіні анық», – делінді хатта.

Шараны ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева ғалым мұрасын зерделеудің маңызына мән берді. Қайраткер тұлғаның университет дамуына, кәсіби заңгер мамандарды тәрбиелеуге үлкен еңбек сіңіргенін айта келе, білікті заңгер ретінде Қазақстанда жер-су кодексін, табиғатты қорғауға байланысты заң жобаларын дайындауға қатысқанын атап өтті.

Белгілі заңгер, профессор, ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Еркін Дүйсенов өз сөзінде Сағындық Байсаловтың адамгершілік қасиеті мен азаматтық келбетін еске алды. Өр мінезді, еңбекқор, адал да әділ жанның ізгі қасиеттері кейінгі ұрпақ үшін өнеге екенін жеткізді.

«Университет қабырғасында жүріп, жастардың қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиеледі. 70-тен астам ғылыми еңбек жазып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды», – деді Еркін Ерманұлы.

Сондай-ақ конференция барысында Каспий университетінің жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Майдан Сүлейменов, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, профессор Өмірәлі Жалаири және өзге де әріптестері мен шәкірттері сөз алды. Олар Сағындық Байсаловтың экология және жер, су қатынастары саласындағы ғылыми-теориялық идеялары мен тұжырымдамаларын талдап, қазіргі таңдағы экологиялық қауіпсіздік жайын қозғады. Атап айтқанда, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, жасыл екпелер алаңын үлкейту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау сияқты өзекті экологиялық мәселелер кеңінен қарастырылды.

Сонымен қатар «Байсалов оқулары» аясында студенттерге демеулік шәкіртақылар табысталды. Конференция жұмысы ары қарай пленарлық отырысқа ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here