Шайқы Қайырбек

0
1799

СӨЗ БАСЫ

Алаштың әйгілі көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толғанын жұртшылық ЮНЕСКО деңгейінде тойлап жатқанда мен де қаламгер ретінде қарап қала алмадым. Себебі, текті адамның шарапатын ұлықтауға неге атсалыспасқа?! Оның үстіне былайша шешім қабылдауыма мына оқиғалар себеп болғалы тұр.

Терең білімді, көреген, ұлы тұлға Ахмет атаның әулетіндегі кейінгі ұрпақтары да дарындылығымен ерекше танылған. Солардың бірі – Қайырбек Аяпбергенұлы. Бұл кісі Үмбетей бір руының ұрпағы.

Ахмет Байтұрсынұлының ұлы атасының есімі – Үмбетей екені баршаға аян. Айта кетейін, Үмбетей батырлығымен, үлгілі тәрбиесімен танылған кісі. Бір отбасының ұрпағындай тәлімділігімен өскен жиырма алты баласының қай-қайсысы да парасатты азаматтар. Солардың әрқайсысының анасы жеке-жеке әулеттің қызы болса да алшақтамай, үдере бөлінбеуді Үмбетей ата ұрпақтарынан қатты талап еткен.

Ахмет ата болашақты ғалымдығымен болжаған ғой. Қайырбек Аяпбергенұлының да табиғатында бойына жарасымдылығымен ұялаған қасиеттері жетерлік. Ең бастысы, ауыл-ауылды жаяу аралағанда пайда табуды ойламаған. Жұртты ынтымаққа, береке-бірлікке шақырған.

– Апыр-ай, сонау, арақашықтығы сексен шақырымның арғы жақ-бергі жағындағы мекен Сәңкібайдан (Шолаққопа) шаршамай-шалдықпай жаяу кел-геніңізге таң қаламын, – деп әкем Қайып қонақ Қайырбек атаны сөзге тартты.

Аппақ сақалын оң қолымен сипап отырған қария:

– Жаяу жүргеніме сенесің бе, әлде желіп жүргеніме сенесің бе? – дегенде анам Орынша да, мен де оның бетіне аңырая қарап қалдық.

– Адамның жаяу жүретіні белгілі, «желіп кетеді» дегенді ұға алмай отырғаным, – деп әкем әңгіменің ұшын сабақтады.

– Сонда айтпағың, менің аттың желігеніндей тездетіп жүргенім туралы ғой. Қолыма ұстап жүретін жұмырдай ақ таяғым нағыз көк дөнен. Мені желдіртіп, шапшаң жүгіртетін де сол көк дөнен, – деді Қайырбек.

Бала кезімнен басқа адамдарға ұқсамайтын осы ерекше тұлғаның жаяу жүріс кім-кімге де пайдалы екенін әйгілегенін естіп, біліп жүрдім.

Мұның сыртында алты ай қыста жалаң аяқ қар үстінде жүре беретінін көзімен көргендер аңыз етіп айтты. Тіпті, аязды күндері құдықтан мұздай суды шелекке толтырып құйып алып, тырдай жалаңаш денесіне құйғанда жұрт керемет таң қалған.

Міне, адам сенер-сенбес оқиға кейіпкерімен кездесіп, шүйіркелескендер оның таңғажайып әрекеттерін орынды бағалаған. Іштей қызғаныш білдіргендер жүріс-тұрысын ұнатпай шайқы адамның ісіне ұқсатып, есіміне «Шайқы» сөзін қосып, «Шайқы Қайырбек» деп атап кеткен.

«Qazaq» газетіне жарияланып отырған төмендегі мақалам арқылы өмірде ғажайып адамдар болатынын дәлелдеуді мақсат еттім.

АВТОР

Бұл кісіні бала кезімде жолықтырдым. Ғылымда дәлелденгендей, адамның есте сақтау қабілеті бес-алты жастан басталатыны анық. Менің есте сақтау қабілетім ертерек дамыды. Бұған балалық шақтағы өзіме ерекше әсер еткен оқиғалар куә. Солардың бірі – Қайырбек ата жайлы.

Мектепте оқу жылы сәтті аяқталып, жазғы демалыс басталғалы бірер күн артта қалды. Жаздың жанды жадырататын жылы күндерін қалайша сәтті өткізуді өзімше қиялдап жүрмін.

Бүгін де әдеттегідей күн шайдай ашық. Аспан астына ақ түбітке ұқсас ақша бұлттар жинала қоймапты. Табиғаттың осынау шырайлы күніне риза қалпыммен үйдің көлеңкесіне ақырын таяп барып, тақыр жерге отыра кеттім.

Сағат жарымға жуық аула ішін сыпырып, ептеп шар-шағандықтан тұла бойым терлеген-тін. Мына жерде тынысым кеңіді. Жеңі сәл ғана ұзын жейдемнің етегін түріп, бетімнің терін сүрттім. Үйдің қабырғасына арқамды сүйеген қалпы қиялға шома бастадым.

Ересектер шалжиып отырғанымды көрсе ғой қабақ шытып, дүрсе қоя беретіні анық. «Көк шөп өспеген тақырда отырсың, астыңа сыз өткізсең жөтелесің» деуі мүмкін. Маған тақыр жердің ешбір залалы тиген емес. Керісінше, пысынағаным басылғандай…

Сарыарқаның батысындағы бір нүктесі – Мырзакөл ауылының бүгінгі тіршілігіне ойша шомдым. Маған ерекше ыстық мекен жыл сайын құлпырады. Көшелері түп-түзу. Былтыр сырттан әкеліп отырғызылған терек ағашы биыл бойлап өсті. Жасыл желек көбейді. Бой түзеген теректің жапырағы жаздың самал желімен жайлап ырғалады.

Күн арқан бойы көтерілді. Әдетте, күннің осы мез-гілінде тыныштық орнайды. Аула іші түгілі көшелердің қай-қайсысында да жүргіншілер азаяды. Мүлгіген тыныштық буынымды сәл-пәл босатты. Маужыраған қалпымда ұйқым келді. Міне, нағыз рахатқа бөлену сезімі!

Тәтті қиялдың жетегіне еріп барамын. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ кітап құмардың бірі атандым. Клубтың кең дәлізінің шет жағына орналасқан кі-тапханаға кино көруге барған сайын әдейі бас сұғамын. Сонда фантастика туралы кітапты көзім шалды. «Фантастика» сөзін толығырақ түсінбегендіктен алғашында мән бермедім.

Әлгі кітап жайлы жиі-жиі ойландым. Мектептегі мұғалімге барып фантастика ұғымы жайлы сұрадым. Кәртаң оқытушы сәл ойланды. Ақырын жымия күліп тұрып:

– «Фантастика» сөзін, негізінде, жазушылар білуге тиісті. Естуімше, таңғажайып оқиғалар туралы түсінік фантастика болуы керек, – деді.

Басымды изеп үнсіз кеткенмен, тыншымадым. Адам ғарышқа сапар шекті. Аспан әлемі әлі-ақ зерттеледі. Сонда фантастиканың жайы ашылар, ә?! Таңғажайып хабарды естиміз… Қиялға қиял жалғасып кетті.

Әлден уақытта құлағыма сыбырлаған адам даусы жеткендей ақырын естілді. Тыңдауға, әрине, ерінемін. Сығырайтып көзімді аша сала селк еттім. Қарсы алдымда басқаларға қарағанда бөтенше киінген адам тұр. Беймәлім кісі көзін сығырайтып, бетіме тура қарай сала ақырын жымиып күлді. Сірә, мен көзімді ашып-жұмып, сығырайтқанмен, шошынған қалпымда қарсы алдымда түрегеліп тұрған адамға бақырайып қараған сияқтымын.

– Ау, құлыншақ, жұқалтай бала, сәлемің қайда? – деді ақ жейделі ата. Оның құлаққа жағымды үні жаныма майдай жаққаны сондай, маужыраған қалпымнан жылдам айықтым. Тақыр жерден атып тұрып:

– Ассалаумағалейкүм, – деп даусымды созып, сәндеп сәлем бердім. Әлгі атаға сәлемім әсерлі болсын деп, аузымды ашыңқырап үн қаттым. Бойым тапал, жұқалтақ денелі болғаныммен сөйлегенде даусым тым қатты.

– Уағалейкүмәссәлам, – деп қария да даусын ерекше созып, сәлемімді шын ықыласымен алды.

Манадан бері фантастиканы ойлап, қиялға шомған мен таныс емес адамға сәлемімді бере сала, аузымды ашып, аңырып тұрып қалдым. «Міне, нағыз таңғажайып адам!». Іштей ақырын күбірлеп, өзімнен-өзім қайранмын. Аспаннан іздегенім жерден табылғандай.

Үсті-басына тұтастай аппақ киім киген қарияның бет әлпетіне қарай беремін. Ақ шашы жауған ұлпа қарға ұқсас. Сәндендірген әсемдігіне көз шағылысады. Жеңі желбіреген, ұзын әрі етегі кең ақ жейде қандай жарасымды. Балағы аяғының ұшына дейін жетіп, бәшайын тұтас жауып тұрған ақ шалбар да өзіне қонымды. Айтпақшы, оң қолына қысып ұстаған жуан таяғының түсі де аппақ.

Иә, әлгіндегі фантастика шындыққа айналғандай. Кескін-келбеті сымбатты ақсақалды түсімде көргендей елестегені сонша керемет таңырқадым. Аузым ашылып, есеңгіреп қалғаным. Аузың ашылмағанда ше, әрине, ашылады.

Фантастика ұғымын түсінгенге дейін, біздердің, жас балалардың ермегі түрлі ертегілер жайы еді ғой. Бала жанын жадырататын нағыз қызық ертегі кейіпкері – сұлулығымен сүйсінтіп, күлімсіреп алдымда тұрған, мынау, маған әлі есімі беймәлім ата.

– Қалқам, кімнің ұлы боласың? – деп қария басым-нан аяғыма дейін, маған сездірмеген қалпы, өткір көзімен сәл ғана сүзіп өтті.

Мұның себебі бар. Сұлғамның арықтығына сай, денемнің терісі сүйекке жабысып тұрғандай ыңғайсыз. Әйтсе де, кескінім көріксіз емес, анам Орынша айтқандай, аққұба баламын. Ажарым келіскенін байқаған қария алғашында мені қыз балаға ұқсатқандай. «Кімнің ұлысың?» деуі сонан болар. Көңілімді шын мейірімділігімен аулағаны мен үшін жарасымдық тапты.

– Қайыптың ұлымын, – дедім даусымды сыңғыр-латып.

Қария жүзін бетіме қарай әдейі бұрып, түріме тағы да көз салды. Ернін жыбырлатып, ептеп күбірлеген секілді. Шидиған қалпыма қуат бітсін деп, үшкірген-ау, сірә.

Кейін білдім, аруақтарға ұқсас сезімтал да көреген әулие кісі екен бұл Қайырбек ата.

– Қайыптың елге сыйлы, жақсылығы мол Қабдолла есімді ағасын білемін, – деді маған жүзін бұрып қараған қария.

Ізгі тілегі жанымды жадыратты. Жол бастап, үйге алып келдім.

– Ау, ақсақ жиен, түс мезгіліне жетпей ұйықтамақпысың? – деп қонақ кісі табалдырықты аттай сала әкеме әзілдеді. «Ассалаумағалейкүм» деген үйдің иесінің сәлемін ықыласымен алды. Анам төрге көрпе төсеп, құс жастық әкелді.

– Мына кісінің есімі кім? – деп сұрадым анам Орыншадан.

– Құлыным-ау, бұл кісі Қайырбек ата. Аруақты адам ғой. Түрінен, киім киісінен шошыдың ба?!

– Қайдағы, керісінше атаны ұнаттым. Тұла бойы ағарған адам жақсы ғой, – деп өзімше сабырлылық таныттым.

Анам дәл сол күні ауладағы пешке таба нан пісірген-тін. Ыстық күлден жаңа ғана алынған темір табаның қызуы күшті. Әлгі табаның ыстық буына үлпілдеп піскен аппақ нанның жартысын анам қолымен ұсақтап, үзіп-үзіп турады. Сосын оған сары май қосып, ұқыптап араластырды. Мені шақырып алып, ағаш тостаған толы, иісі жағымды нанды ұсынды.

Төргі үйге барып, кең жайылған дастарханның үстіне тостаған толы нанды қонақтың алдына қойдым. Қайырбек ата әсерлі дұғасын зор даусымен оқып, батасын берді.

Ыстық нан жеп, тәбеті ашылған сайын қонақ құлаққа жағымды әңгіме тиегін ағытты. Биылғы жаздың шаруаға жайлы болатынын айтқанда, ата-анам жадырай берді.

– Жиен, аяғыңды майданның қай маңында жүріп жаралап алдың?

– Айтулы Ленинград майданында аяғыма минаның жарықшағы тигені.

– Минаның жарықшағы аяғыңның өкшесін жаралап қана қойғанына тәуба деуің керек. Адам баласына Алла Тағала қанша ырыздық, несібе берсе, соны жеп тауысқанша ғұмыр кешеді, – деп қонақ сөзін түйіндеді.

Төргі үйде жайласып, құс жастыққа жантайып жатқан қонақты күтуге барынша құлшына кірістім. Балалық қиялмен фантастиканың шырмауына кіріп, жауап таба алмай, көзімді жұмған сәттегі тәтті елес әлі де жадымнан алшақтар емес. Шынымен, аспан әлемінде қалықтап жүріп, жақсылық нұрын сеуіп жүрген кісі жерге ешбір  дыбыссыз қонғаны ма?!

Дыбыс демекші, ештеңе естімедім. Жан дүниемнің рахат сезімінің тәттілігін қия алмай жүрмін. Ақ киімді ата соны көріп, біле сала әлдебір қариядай қақырынып, түкірінбей, аяғын еппен басып келгеніне таңырқаумен болдым. Шынында да, оның рахымдылығы мол екен-ау! Cәлемдескенде абыржып, тітіркенбедім. Жылы жүзіне қарай бергім келеді. Әсіресе, сөз саптауы ұнады.

– Ұлың жұқалтақтау ма, қалай?

Қайырбек атаның көзін жұмып, іңкәр сезім құшағына еніп отырғанын байқап, кідіріп тұрып қалдым. Қария әңгімесін маған қарай бағыттағысы келгенін сезіп, қалқан құлағымды тоса қойдым.

– Самал жел желпісе де сезе қалады екен. Сірә, бойына бұла күш ұялағандай, – деді де қонақ қария үйдегі ерлі-зайыптыларға қарай жүзін бұрды.

Ата-анам менің жеті айлық шала туған бала екенімді ескертті.

– Тумысында жұқалтай пенделердің сүйек бітімі баяу өссе керек. Жүре-жүре бойы таралып өсіп, бұла күш жақсылыққа жеткізетіні шүбәсіз. «Аумин» деп қояйыншы. Өзінің аталары әулиелігімен танылған ғой. Солар-дың шапағаты тие берсін.

Ақ киімді, аузы дуалы Қайырбек ата берген бата қа-был болып, маған шапағаты тигеніне шынымен сендім.

Ермекбай ХАСЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here