Роза Бағланова-100: Өнермен өрілген өмір

0
12783
1 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Qazaqstan орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті

Өнер адамының табиғатқа тартып туатыны жиі айтылады. Неге десеңіз, кісіге талантты табиғат сыйлайды. Табиғат сан алуан жемісін беретін мәуелі ағаш секілді. Демек, хас дарын – табиғаттың түлегі. Ал, қазақ топырағы сыйға тартқан сондай біртуар талант, өз өмірін елмен, жермен етене бауырластырған тұлғаларымыздың бірі – оюлы қамзолын, бүрмелі көйлегін, үкілі тақиясын тастамай киіп, әлем сахналарында ұлттық киімімізді насихаттаған ән әлеміндегі бірінші адам, ұлт тарихына есімі алтын әріппен жазылған КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова.

 ТІЛ ЖЕТКІЗБЕГЕН ОЙДЫ ӘНІМЕН ЖЕТКІЗЕ БІЛГЕН ӘНШІ

Биыл Роза апамыздың туғанына 100 жыл. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін әншінің бір ғасырлық тойы тұсында танымдық мәні бар тұщымды дүниелер кеңінен насихатталуда. Бұл да болса рухани дүниемізді жаңғыртудағы әдемі әрекеттің бірі.

Рухани дүниенің қадірі кеткен қазіргі күнде кімді-кім тыңдап жатыр дейміз, десек те әр ұрпақ өз кезеңінен сөз қозғайды, біздің сөмке сүйретіп мектепте жүрген кезіміздегідей әнді жаппай тыңдамаса да, тыңдаушылар бар. Оған дәлел – Роза апамыздың өмір, өнер сапарын дәріптеу мақсатында мемлекеттің тікелей қолдауымен өтіп жатқан мәдени іс-шаралар.  

Иә, «қазақтың бұлбұлы» атанған көрнекті дауыс иесі хақында толғанып айтар, таратып айтар қырлары мол. Мұның өзінен әншінің сол кездің өзінде ән әлемінде үлкен абыройға ие болғанын көреміз. Роза Бағланованың ерекшелігі дегенде, ерекше атап көрсетер қасиетінің бірі – оның әдемі, жанға жағымды, мақпал дауысы. Бұлбұл таңдайлы әнші дауысынан нешебір сыңғырлаған дыбыс үндерін естіп, елітіп, қиянды кезіп, шартарапты ойша шарлайсыз. Тіл жеткізбеген ойды әнімен жеткізді. Талай ән Бағланованың ғажайып дауысымен шырқалып, тұсауы кесіліп, кеңінен таралып жатты. «Ақкөгершін», «Менің Қазақстаным», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Ақмаңдайлым», «Жан құштарым», «Туған айдай», «Қайықта», «Маржан қыз», «Жайлау әні», «Махаббат вальсі», «Айналайын», «Асыл арман», «Аяулым, арманымдай асылым ең», т.б. ел аузында жатталып кеткен әндерді әнсүйер қауым алғаш рет Роза апамыздың ерекше орындауында тыңдады. Ал, халық әндерін әнші Күндей әжесінің күнұзаққа сырмақтар мен көрпелер тігіп отырғанда айтып отыратынын, сол сәттерде өзінің де қосылып айтып, әнді осылай үйренгенін айтады.

Әншінің сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында – Орта Азия әскери округінің майдан шебіндегі әскерлеріне, Панфилов дивизиясының әскерлеріне және әскери тапсырмалармен түрлі майдан шептерінде орындаған («Кестелі орамал», «Қараторғай», «Айнамкөз», «Екі жирен», «Жайдарман», т.б.) әндері жауынгерлерге рух-жігер сыйлағанын атақты ғұламалардың жарыла айтқан жақсы пікірлерінен оқып-білдік.

Майдангер композитор Василий Соловьев-Седой арнайы Роза үшін «На солнечной поляночке» әнін жазса, майданда бірге болған ақын Владимир Агатов «Темная ночь» өлеңін арнайды. Әрі бұл әннің тұңғыш орындаушысы әншінің өзі еді. Сол майдан даласында қаршадай қазақ қызын танымал еткен әннің бірі, орыстың аты аңызға айналған әншісі Лидия Русланованың репертуарындағы «Ах, Самара-городок!» болатын. Және осы әнімен Роза Бағланова 1949 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен жастар мен студенттердің ІІ Халықаралық фестивалінде бас бәйгені қанжығасына байлап, осы жылы әнші кеңес-венгр «Юность мира» деректі фильміне де түсті. Сөйтіп, жас әнші Розаның орындаушылық шеберлігі одан әрмен түрлене түсті…

Роза Тәжібайқызы тек қазақша, орысша әндерді ғана емес, бірнеше тілде әндер де шырқады. Шет мемлекеттердің үлкен сахналарында тұрып әнін әуелетті. Мұнысын әнші сейіл-серуен құру деп емес, ел тану, жер тану, өзге жұрттың да сөйлеу мәнерін, мәдениетін меңгеру деп түсінді. Осыған қарап Бағланованы қазақ өнерінің ғана жемісі емес, әлемдік ән әлемін де игере алған әнші деп бағалағанымыз әлдеқайда дұрыс сияқты. Ол Александр Вертинский, Галина Уланова, Майя Плисецкая, Игорь Ильинский, Аркадий Райкин, Святослав Рихтер және Даниил Шафран сияқты әлемге әйгілі тұлғалармен бір сахнаға шыққан бірінші қазақ қызы болды. Венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, чех, швед әндерін де нақышына келтіре орындаған қазақ әншілерінің бірегейі еді.  

1 наурызда Qazaqstan орталық концерт залында Роза Бағлановаға арналған көрме ашылып, жүз жылдық мерейтойға байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, әншінің осы эксклюзивті мүсіні салтанатты түрде ұсынылды

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫ

Әншінің талантына Иосиф Сталин, Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун сияқты әлемнің танымал мемлекет қайраткерлері де ерекше назар аударды. Кеңес Одағының мәдениет қайраткерлері Бағланованы «Қазақтың ерке қызы» («Маленькая казашка») деп атап, ерекше сый-құрмет танытты.

Міне, қазақ өнеріне айрықша құбылыс боп келген әнші көпке осылайша ерте танылды. Даралық қасиеттері оның ел алдында жарқырай көрінуіне жол ашты. Әріден қозғап, естіген мәліметтерімізді жинақтап айтсақ, ұлттың үніне айналған Роза әншінің әнқұмарлығы балалық шағынан басталғандай.

Қазақтығының қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде туып-өскен Роза қазақтың ән өнері қазынасына ерте кенелген. Әкесі Тәжібай бақуатты кісі болса керек, алғашында татардың қызы Мәриямға, сосын «ізіңді басар ұрпақ керек» деген үлкендердің айтуымен Ақкүріш есімді қазақ қызына үйленеді. Мәриямнан – ұлы Ыдырыс, Ақкүріштен Роза апамыз дүниеге келді. Аумалы-төкпелі кезеңде отбасы Ташкентке қоныс аударады. Әкесі Тәжібай кенеттен қайтыс болып, тетелес бауыры Ыдырыс әскерге шақырылып, хабарсыз кетіп, әулетті асырау бойжеткен Розаға түседі. Ол Қызылорда пединститутындағы оқуын тастап, Ташкенттегі тоқыма институтына ауысады. Өз бетінше ән айтуын тастамайды. Сондай әдетімен бір күні үйдің ауласын сыбызғыдай сызылған дауысымен ән салып жинап жүргенде, оның дауысын сол маңайдан өтіп бара жатқан Ташкент филармониясының директоры Мухитдин Кари-Якубов естіп қалып, қатты таңданып, филармонияға жұмысқа шақырады. Бағланованың талантын тап басып, танымал болуына себепкер болған бірден бір жан – осы Кари-Якубов.

Жас әнші филармонияның ән-би ансамбліне әнші боп қабылданады. Одан әрісі Мәскеу консерваториясына жолдама беріледі. Тап осы кезде соғыс басталып, Роза соғыс аяқталғанша солтүстік және батыс майдан шептерінде әріптестерімен бірге жауынгерлерге концерт беріп жүреді. Варшавадағы концерттің бірінде әйгілі қолбасшы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал Константин Рокоссовский жас әншіні  «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттайды.

Роза Бағланованы Мәскеуден елге қайтарған Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұбан Молдағалиев. Қаламгер әншіні бірінші рет Мәскеуде өткен концертте көріп, арнайы танысып, сол жерде қаракөз қарындасына «елге қайт» деп қолқа салады. Ағалық ниетін жылы қабылдап, әнші де елге оралады. Алғашында Қазақ опера және балет театрында, Қазақ филармониясында шығармашылық жолын қалыптастырды. Өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әншінің жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өзі жарты ғасыр бойы ән шырқап, жемісті еңбек еткен «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді.

Өткен жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен өнерін қамтыған «Бұлбұл» телехикаясын экраннан көрсетіп, көрермендерімен қауыштырды. Бұрынырақта Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Біздің Роза» фильмін түсірсе, 2011 жылы «Ах, Самара-городок!» деректі фильмі жарық көрген болатын. Әрине, ән әлемін әлдилеткен әнші туралы көркем туындылардың көп болғаны қуантады. 

Бұл жүз жылдыққа дейін Қазалы ауданында Роза Бағланова атындағы 300 орындық Мәдениет үйінің алдына әншінің ескерткіш-бюсті қойылған еді. Еліміздің өңірлерінде әнші есімімен аталатын бірнеше көше бар.

Қазақтың қабырғалы өнерінің айдын аспанында алтындай жарқыраған, ел-жұртының рухани игілігі жолында сәнді сазды, ерке назды өнер сәулесін шаша беретін қайталанбас ғажап дауыс иесі Роза Тәжібайқызының тұлғасы жыл өткен сайын биіктей бермек. Аты аңызға айналған әншінің қасиетті есімі әрбір тыңдарманның жүрегіне берік ұялап қалары да сөзсіз. 

Розаның асуы – қазақ ән әлемінің асуы!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here