Сенат депутаты Андрей Лукин БҰҰ миссияларына жіберілетін әскери қызметшілердің міндетіне қатысты түсінік берді.
«Біріншіден, Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болғандықтан, осындай іс-қимылдар мүше мемлекеттің жауапкершілігіне жатады. Екіншіден, осы қадам Қазақстанның бітімгер саясатын қолдайтынын байқатып отыр. Сондықтан халықаралық аренада осы саясатымызды ұстанатын ел ретінде бітімгерлік миссияларға қатысып жатырмыз. Біздің әскерилер патрульге шығады, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын орындайды. Ерекше жағдайларда жауынгерлік күш пен құралдарды қолдануы мүмкін, яғни біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Бұл ретте, сол аумаққа Қарулы Күштердің дайындықтан өткен қызметшілері бағытталады», – деді Андрей Лукин.
Сенатордың айтуынша, БҰҰ миссиясы аясында баратын қазақстандық әскерилер далалық госпитальдарды орналастырады. Осы орайда түрлі кәсіптік бағыттағы әскери дәрігерлер, инженерлік-саперлік бөлімшелер қызмет етеді. Саперлер жарылғыш заттарды тауып, аумақты тазартады. Сонымен қатар, әскери полиция бөлімшелері патрульге шығады.
Андрей Лукиннің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жіберілетін контингентті қаржыландырудың толық сомасы биыл наурыз айында нақтыланады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ шақыруы бойынша өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде 139 әскери қызметші санындағы алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін «БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына (UNDOF, Сирия-Израиль) орналастыру 2024 жылғы наурыздан бастап жоспарланып отыр.