Экологиялық жағдайға кері әсер ететін қазіргі қоршаған ортаның ластануының негізгі факторларының бірі – қаланың экономикалық қызметі. Өнеркәсіп пен халықтың өсуі қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің өсуіне әсерін тигізеді. Полигондардағы қалдықтарды оқшаулау топырақтың қайталама ластануына, пайдалы айналымнан едәуір аумақтарды шығаруға әкеледі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жоюдың үш негізгі нұсқасы бар. Біріншісі – полигондарды ұйымдастыру, екіншісі – қалдықтарды жағу және үшіншісі – қалдықтарды қайта өңдеу. Қайта өңдеу – ресурстарды үнемдейтін әдіс, бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді.
Қайта өңдеудің негізгі мәселелері:
– қалдықтарды сұрыптау;
– қалдықтарды қайта өңдеу орнына тасымалдау;
– өндіріс үшін шикізат ретінде стандартты емес қалдықтар.
Аталған мәселелердің барлығы қайталама пайдалану нұсқасының біз қалағандай тез дамуына мүмкіндік бермейді және жаңа ғылыми идеялар мен зерттеулерді қажет етеді.
Әлемнің дамыған және жылдам дамып келе жатқан елдері қазірдің өзінде ғылыми және практикалық жетістіктерге ие. Коммуналдық қалдықтарды жинауды, кәдеге жаратуды және қайта өңдеуді ұйымдастыру тұрмыстық қалдықтарды азайтуға және қайта өңдеуге бағытталуы керек деп санайды. Ол үшін екі бағдарлама қажет:
– қалдықтардың пайда болуын болдырмау;
– қалдықтарды қайта пайдалану.
Бұл қалдықтарды (қағаз, шыны және органикалық заттарды) бөлек жинауды қажет етеді. Қатты қалдықтармен жұмыс істеудің интеграцияланған жүйесін қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі – қалдықтардың әртүрлі түрлерін бөлек жинауға, қайталама шикізаттың жалпы ағынынан қауіпті қалдықтарды бөлуге бағытталған қалаларда қалдықтарды іріктеп жинау жөніндегі қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттырудың экономикалық және ұйымдастырушылық тетігін әзірлеу. Жеке кәсіпкерлік субъектілері қайта өңделетін шикізатты, яғни макулатураны, пластикті, шыныны, медициналық қалдықтарды және басқа да қалдықтарды жинаумен, әкетумен және өңдеумен айналысады.
Алматы қаласы бойынша экология департаменті өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың пайда болуын, жиналуын, қайта өңделуін және көмілуін бақылауға ерекше назар аударады. Жалпы Алматы қаласы бойынша коммуналдық қалдықтарды шығарумен 25 ұйым айналысады. Олар Алматы облысының полигондарына қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды 100% қамтамасыз етеді. Алматы қаласында қоқысты сұрыптау кешені бар. Сол «Green Recycle» ЖШС 2022 жылдың 9 айында 282 680 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды, 252 566 тонна көмуге арналған қоқыстарды қабылдады. «Green Recycle» ЖШС-нің жеке серіктесі сұрыпталған қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыру туралы 13 ұйыммен ынтымақтастық туралы шарттар жасасты. Пластикті «Recycle Ecology» ЖШС, «Kaz Vtor Plast» ЖШС, промазананы «Омар Пласт» ЖШС, «Нұркен» ЖК, «Дамир Компани» ЖШС, «Радуга» ЖШС, «Kaz West Green Energy» ЖШС, металды «Алатау 21» ЖШС, «JOLAY» ЖШС, «Global Trans Service Group» ЖШС, макулатураны «Kazakhstan West Recycling» ЖШС, «Карина Трейд» ЖШС, «Маолин» ЖК, шыныны «Ecocity» ЖШС, «Мамбетов» ЖК қабылдады.
«Kazakhstan West Recycling» ЖШС-мен бірлесіп қала аумағында қайта өңделетін шикізатты қабылдау бойынша 31 пункт орнатылды. Павильондарда «Kazakhstan West Recycling» ЖШС және «Оператор РОП» ЖШС қаражаты есебінен 10 мың тоннаға жуық қайта өңделетін шикізат жиналды.
Алматы қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде «ECO World» ЖШС және «Taza Qala» ЖШС-мен пластикалық қалдықтарды жинауға арналған 300-ден астам торлы контейнер орнатылды. Онда 350 тонна пластик жиналды. Қатты тұрмыстық қалдықтар Алматы қаласынан «Green Recycle» компаниясының қоқыс сұрыптау кешеніне және Алматы облысының «Kaz Waste Conversion», «Таза Жер», «Эко Сервис Групп» компанияларының полигондарына, ал құрылыс қалдықтары Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында орналасқан «Карьер Ақсай» компаниясының полигонына шығарылады.
Е.С. СЫРЫМОВ,
Алматы қаласы бойынша
Экология департаменті бас маманының м.а.