Қонысбек Бегайдаров: «Бір шаңырақта үш актерміз»

0
3163

Талантты адам қайда ғұмыр кешсе де, өзінің еңбегі мен табандылығының арқасында өнерін елімізге паш ете алады. Бұл сөзімізге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Қонысбек Бірманұлы Бегайдаровтың өмірі айғақ. Ол – Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актері, ізін басып келе жатқан жас актерлердің үлгі алар тәлімгері. Жуырда 65 жасқа толған сахна саңлағымен өнер ордасында арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік. Қонысбек Бірманұлы өзінің балалық шағынан бастап, қазіргі руханият саласында көтерілген биігіне дейін әңгімеледі.

«ӘКЕМ СҰМ СОҒЫСТА ТОЛАРСАҚТАН САЗ КЕШТІ»

– Бүгінгі абырой мен бедел тынымсыз ізденіспен келгендігіне дау жоқ. Бәрі де тағылымды тәрбие берген әке-шешенің арқасы екенін жиі айтасыз. Сол жайлы сыр шертудің де орайы келген секілді…

– Оныңыз рас! Ата-ананың әр адамның өмірінде алар орны бөлек болады. Жасың ұлғайып, өзің сүйікті немерелеріңе ата болған кезде оны барынша сезіне түсесің. Өткен шаққа қысқаша саяхат жасайтын болсам, осыдан 65 жыл бұрын қазіргі Ақмола облысының Жақсы ауданына қарасты Қима ауылында дүние есігін аштым. Асқар таудай әкем ұлағатты ұстаз болды. Оның бүкіл ғұмыры әлгі аталған елді мекендегі бастауыш мектепте қазақтың ұл-қыздарына білім берумен өтті. Кешегі Ұлы Отан соғысындағы қанды майданда оқ пен оттың бел ортасында жүріп, толарсақтан саз кешті.

Әулетіміздің тірегі 60-қа жақындаған кезінде көз жұмды. Одан алғанымыз да, түйгеніміз де жетерлік. Жалпы, өнерге құштар болуымызға да тигізген ықпалы зор. Баянды да құйқылжыта тартып, әнді де нақышына келтіріп орындайтын. Замандастары өмірде болып жататын түрлі қуаныш мен думанды сәттерде оған қолқа салып, бойындағы өнерін көрсетпей жібермейтін. Суретті де айнытпай салатын. Әкеміздің осындай қасиеттері өзінен тараған ұрпақтарына да жұқты деп ойлаймын.

Анамыз Сұлушаш та қазір арамызда жоқ, оның аялы алақаны мен мейірімін, бізге деген шексіз махаббатын ешқашан ұмытпай еске алып жүреміз. Шешеміз өзге қазақ әйелдері секілді отағасын пір тұтты. Азаматының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады. Әкені қалай сыйлап, оны ардақтауды жастайымыздан санамызға сіңірді. Балаларының тәлім-тәрбиесіне жете көңіл бөлді.

Әпкем Қарашаш та, ағам Қуандық та ата-анамыздай еңбекқор, қайырымды, адамгершілігі жоғары тұлға болып қалыптасты. Олар да ән-күй мен зергерлік өнерге құштар болды.

– Бұл күндері ел мойындаған дарын иесісіз. Сонау сағымдай бұлдырап артта қалған шағыңызда қандай бала болғаныңыз да оқырмандарды қызықтырады…

– Әрине, өзімді елден ерекше бала болдым деп айтудан мүлде аулақпын. Кәдімгі құрдастарым секілді ауылда тал шыбықты ат қылып ойнап, күні бойы үйден гөрі далада көп жүретінбіз. Алайда, жат қылығыммен үй ішіндегілерді жерге қаратқан жоқпын. Есімде қалғаны, мінезім ашық-жарқын болғандықтан, кез келген адаммен тез тіл табыса кететінмін. Кейбіреулердей біртоға, ұяң, жасық емес едім. Қарадомалақ бала болғандығымнан шығар, үлкен кісілер «Қара Қоныс» деп атап кеткен еді.

Өзім ауылдағы бастауыш мектепті тәмамдаған соң, жұртшылыққа жақсы таныс Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта жатып оқыдым. Үйден алыс болсам да, жалқаулыққа салынған емеспін. Аталған жерде өзім секілді алыс елді мекендердегі шопандардың, басқа да түрлі мамандық иелерінің ұл-қыздары тәлім-тәрбие алды. Осы жылдардың маған қай жағынан да бергені мол. Өз бетімізше білімге, өнерге талпыныс жасадық.

– Бір сөзіңізде мектеп-интернатта көңілділер мен тапқырлар клубына белсене қатысқаныңызды айтып қалдыңыз. Бойыңыздағы руханиятқа деген құштарлық сол уақытта ерекше сезілген секілді…

– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Сол білім ордасында күнделікті сабағымды жақсы оқумен бірге көңілділер мен тапқырлар клубында шындалдым. Бос уақытымда тынбай іздендім. Бұл шығармашылық қырларымды айналамдағы ұстаздарым мен сыныптастарым да бағалады.

 Жылда айналып келіп отыратын түрлі деңгейдегі концерттік бағдарламаларда сахнада тамылжыта ән айтып, өнердің киелі де тыңдаған жұртшылыққа ерекше рухани ләззат сыйлайтын құдірет екендігін ұғына түстім. Көрерменнің ықыласы мені қанаттандырып, биіктерге талпындырды.

Шығармашылық жұмыс ой-өрісімді барынша кеңейтіп, сөз өнерінің інжу-маржандарын терең түсіне бастадым. Ол қиялымды байытып, алға қарай құлшындырды. Сол үшін Атбасар шаһары мен үшін ыстық әрі жаныма жақын көрінеді.

«КИЕЛІ САХНА ӨЗІНЕ ТАРТТЫ ДА ТҰРДЫ»

– Актерлік өнерге қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Несін жасырамын, менің үй-ішім мен туған-туысқандарым адам жанының арашашысы, яғни медицина саласын таңдағанымды қалаған секілді. Өйткені, өзімнің алдымдағы әпкем әрі жанашырым Қарашаш пен жездем Дулаттың мамандығы дәрігер болатын. Осы ізгі ниетті жандар аталған кәсіпті меңгергенімді дұрыс көріп, ақыл-кеңестерін берді. Бұрынғы астанамыз Алматыға ат басын тіредім. Алайда, осындағы мемлекеттік медицина институтына құжатымды тапсырғанмен, ол көңілімнен шықпады. Бұл ойымды ағам Қуандық білген соң, Семейдегі ауыл шаруашылығындағы беделді мал дәрігері институтында оқуымды жөн көрді. Ол уақытта оның халық алдындағы беделі жоғары-тын. Бірақ, бұл оқу орны да менің қолым еместігін түсіндім.

Содан көп өтпей туған жеріме біржола оралдым. Ауылда қалай бос жүресің? Сондықтан «Кеңарал» кеңшарындағы орта мектепке қатардағы мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Әкемнен дарыған сурет пәнінен шәкірттеріме дәріс бердім. Орыс сыныптарындағы балаларды қазақ тілі пәнінен де оқыттым. Бұл қызмет менің өмірді тануыма кең жол ашты.

Әскер қатарындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң, Арқалық шаһарындағы театрға жарық беруші болып қызметке орналастым. Өйткені, қазақтың сахна өнері мені өзіне тартты да тұрды. Бұл 1978 жыл болатын.

Киелі шаңырақтың ішінде сахна шеберлерімен бір мақсатта қызмет атқарғандықтан, негізігі міндетімнен бос кездері басты арманым актерлік мамандықтың қыр-сырына ден қойдым. Оның қаншалықты жұртшылыққа қуаныш сыйлап, жан дүниесін ізгілікке баулитынын терең түсіндім. Актерлік мамандықтың жауапкершілігі мен ерекшелігін сезіндім. Әрбір қойылымнан кейін бұрын-соңды болмаған күйді бастан кешетінмін.

Қайда да жақсы адамдар кездеседі ғой. Әлгі аталған театрдың режиссері Ерсайын Тәпенов менің бойымдағы өнерге деген талпынысты байқап, осы кәсіптің биік шыңына көтерілу үшін Алматыдағы актерлер дайындайтын жоғары оқу орнында білім алу қажеттігін айтты. Өзінің қамқорлығын аямады. Сол кісінің ақыл-кеңесімен теңдесі жоқ көркем қалаға келдім. Содан бұл шаһардағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына құжатымды тапсырып, бағымды сынап көруге бел будым. Жолым болды. Аңсаған арманыма қол жеткіздім.

– Әңгіменің орайы келгенде институттағы тәлімгеріңіз және студенттік жылдардан осы күнге дейін сыйласатын курстас достарыңыз жайында қысқаша айта кетсеңіз…

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөзде үлкен мән жатыр. Жоғары оқу орнында маған әрдайым нұрлы жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын ардақты да аяулы жан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көрнекті профессор Рахилям Машурова дәріс берді. Оның класынан талай талантын ел мойындаған айтулы майталмандар түлеп шықты.

Үлкен өмірге бірге жолдама алған курстастарымның көпшілігі есімдерін ел таныған тұлғалар. Бұл күндері Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Роза Рымбаева, еліміздің жезтаңдай әншісі Майра Ілиясова, жарқын дарын иесі  Құдайберген Бекішев және басқаларды жұртшылық ерекше құрмет тұтады.

Диплом алған соң жастар жан-жаққа кетті. Өзім Арқалық шаһарына аттандым. Өйткені, онда режиссер болып  Жанат Хаджиев жұмыс істейтін. Өнер ордасында Мәскеудегі сахна тарландарынан дәріс алған, яғни Щепкин атындағы училищені тәмамдаған мықты әріптестеріміз қызмет атқаратын. Сонымен мен жоғарыда атап өткен қаладағы Серәлі Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ драма театрында актерлік еңбек жолымды бастау бақытына ие болдым.

Уақыт өте бұл өнер ұжымы Жезқазған қаласына қоныс аударды. Әріптестеріммен бірге жаңа ортаға да тез бейімделіп, жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөлендік.

Мына бір кезең менің жадымда мәңгілік сақталып қалды. 1989 жылы бұрынғы Торғай облыстық қазақ драма театрының құрамында Алматыда өнер жолындағы апталық сапарда болдық. Киелі сахнада талғампаз қауымның алдында Н.Островскийдің «Адам аласы ішінде» деп аталатын драмалық шығарманы қойдық. Өзім ондағы Григорийдің образын сомдадым. Күллі мәдениет саласының білгірлері ерекше құрмет тұтатын абыз ағамыз Асқар Тоқпановтың назарына іліндім. Ол актер ретіндегі шеберлігіме тәнті болды ғой деймін. Бір кезде жаныма жақындап, туған әкемдей маңдайымнан сүйді. «Өнеріңе шексіз ризамын, театрда кішкентай рөл деген болмайды, үлкен актер болады. Үнемі жалықпай ізден. Әлі болашағың алда, талай шыңдарды бағындырасың», – деп ақ батасын берді.

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарғаныма да жиырма жылдан асты. Мұндағы тындырған азды-көпті еңбегім халықтың көз алдында.

«ЗЕРГЕРЛІКПЕН ШҰҒЫЛДАНҒАННАН ЕРЕКШЕ ЛӘЗЗАТ АЛАМЫН»

– Өзіңіз өткен жылдарда қаншама жауапты да күрделі рөлдерді сомдадыңыз. Өңіріміздегі бетке тұтар актерсіз. Сонымен қатар, ізіңізді басып келе жатқан дарынды жастар Сізді ұстаз ретінде жоғары бағалайды. Есіңізде қалған образдарға тоқталып өтсеңіз…

– Кеше жас актер болсам, қазір еңбек жолын жаңадан бастаған бозбалалар мен бойжеткендерге тәлім көрсетер, ағалық ақыл-кеңес берер жасқа жеттік. Осы кезге дейін театр сахналарында алпыстан астам рөл ойнап, бірнеше рет республикалық театр фестивальдерінде лауреат атандым. Халықтың ыстық ықыласына бөлендім.  

Әрине, бір сұхбатта артта қалған жылдардағы шығармашылық ізденістер мен көтерілген биіктерді толық қамту мүмкін емес. Өткен кезең ішінде «Абылай ханда» Қалдан-Серен, «Хан Кенеде» Кенесары хан, «Қозы-Көрпеште» Қарабай, «Міржақыпта» Міржақып, «Абайда» Оразбай, «Цилиндрде» Аттилио Самуэлли және басқа да драмаларда көптеген бейнелерді тиісті деңгейде шығаруға тырыстым. Оған бағаны қашан да беретін көрермендер ғой.  

– Қонысбек Бірманұлы, Сіз кино актері ретінде де біраз киноға түстіңіз…

– Өз басым, өнер адамы жан-жақты болғаны жөн деп есептеймін. Бірқатар фильмдерге түсіп, қарым-қабілетімді байқап көрдім. Мәселен, 2004 жылы Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті режиссер Талғат Теменовтың арнайы шақыруымен «Көшпенділер» тарихи фильмінде Жәпектің рөлін сомдадым. Бұл фильмге қатысуым маған үлкен қанат бітіргендей болды. Қалың жұртшылыққа танытты. Содан кейін есімі баршаға мәлім Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильміне де түсу бақытына ие болдым. Сонымен қатар, көрнекті актер әрі режиссер Досхан Жолжақсыновтың жұртшылықтан жоғары бағасын алған «Құнанбай» фильміне түстім. «Күй ғұмыры» телехикаясында басты рөл ақсақалдың образын сомдадым.  

– Халық Бегайдаровтар әулетін өнерді пір тұтатын шаңырақ деседі. Өйткені, ғұмырлық серігіңіз Зәмзәгүл мен сүйікті ұлыңыз Олжас та облыстық қазақ театрында қызмет атқарады…

– Өмірлік серігім Зәмзәгүл екеуіміз де өнерді биік қоямыз. Өзім де, келіншегім де ән мен күйге құштармыз. Ұлымыз Олжас та кәсіби актер. Ол да кейінгі жастарға үлгі көрсетер деңгейге жетті. Театр фестивальдерінде лауреат атанды.

Атамыз қазақ баланы байлыққа балаған, үш ұл мен екі қызымызға лайықты тәрбие бердік. Олжастан басқа перзенттеріміз Жамбыл, Серік, Шынар, Аяжандар өмірден өз орындарын тапты. Осылардан тараған немерелеріміз тіршілігіміздің мәні әрі сәні.  

– Сіз секілді әрбір шығармашылық адамының бос уақытында айналысатын әрі қызығатын жеке әуесқойлық қабілеттері де болады ғой. Солар хақында не айтар едіңіз?

– Мен уақыттың бағасын білетін адаммын. Сол себептен театрдан тыс кездерімді барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Табиғаттың көркемдігі мен сұлулығына таң қалмайтын кісі жоқ шығар. Таза ауада көп серуендегенді жаным қалайды.

Ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті өнерлер аз емес. Қазір елімізде соларды жаңғырту жүріп жатыр. Мәселен, мен зергерлікпен шұғылданғаннан ерекше ләззат аламын. Ұлтымыздың шашбауларын, алқаларын жасап, бәріміз ерекше қастерлейтін қамшыны да өргенді ұнатамын.

Сайып келгенде, бұлар танымымды кеңейтіп, қиялымды шарықтатады. Ерекше демалып қаламын. Бұл қасиеттер өзім секілді руханият саласындағы адамдарға аса қажет деп ойлаймын.

– Қонысбек Бірманұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here