Қарапайымдылықтан бастау алған сүрлеу ұлылыққа апарады

0
2543

Ағалық буыннан аталық кезеңге аяқ басқан аспантаулар арасында оң-солын таныған Бақдәулет Тұрбекұлы Берлібаев жетпістің жотасына шыққалы отыр. Ол – 1979 жылы бүгінгі күні қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін үздік бітірген санаулы кәсіби тарихшылардың бірі. Жоғарғы оқу орындарында 43 жыл бойы үздіксіз білім беріп келе жатыр. Кезінде студенттік құрылыс бөлімдерінің аудандық және аймақтық, интернационалдық бөлімшелерінің басшысы, деканның орынбасары, декан қызметтерін абыроймен атқарған іскерлік-ұйымдастыру қабілеті мол талант иесі. Тәуелсіз елдің іргетасын қалауда өзіндік орны бар тұлға. 2010 жылы өз мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған, ұлттық тарихи білімді насихаттап келе жатқан білікті ұстаз, бірегей ғалым, тамаша тәлімгер. Енді осы мерейтой иесінің азаматтық-тұлғалық ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқтағанды жөн көрдік.

Біріншіден, ол – білікті ұстаз. Өз мамандығына шексіз берілген. Абай университетінің тарих факультетін тәмамдаған менің кейбір замандастарым өздері бүгінде мұғалім, оқытушы болып жүрсе де, Бақдәулет ағай біз үшін өмірлік тәлімгер, яғни  ұстазымыз болып қала бермек. Сонда біздің буынның өкілдеріне ол өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, білім нәрімен сусындатып, қандай бағыттағы тәлім-тәрбие берді және біз одан қазір қандай қорытынды шығара алдық? Міне, осындай заңды сұрақтар туындайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін, оған нақты жауап беру үшін өткен күнге сәл шегініс жасауға тура келеді.

Бақдәулет Тұрбекұлы бізге азаттықтың елең-алаңында Саясаттанудан сабақ берді. Бұл өзі бұрын-соңды естімеген пән еді. Байқаймыз, жаңа пәннен сабақ жүргізу ағайымызға да оңай болмай жүрді. Оны өзі де мойындап, ортақ іске жұмыла кірісуді айтатын. Осыдан кейін ағайымыз болып, біз болып пәнге қатысты таласқа толы материалдарды бірлесе талдаған кездеріміз көп болды. Ол көбіне Шығыс Еуропадағы Польша ғалымдарының айтқандарына арқа сүйеп, онысын біздің ділімізге бейімдеп оқытуға тырысатын. Қалай болғанда да, ол біздің пәнге деген қызығушылығымызды арттырып, саясаттанудың арғы-бергі қырын тереңірек білуге деген көңіліміз бен пейілімізді жандандырып жіберді. Сол кездегі көкшыбық жастарды өзімен қатар тең санай жүріп, білімге, ғылымға, жалпы жаңалық атаулыға деген ынта-жігерімізді оята білді. Бұл оның ұлағатты ұстаз ретіндегі аса үлкен шеберлігін көрсетеді.

Екіншіден, ол – тәрбиеші, тәлімгер. Азамат ретінде оның тікелей тәрбие ісімен байланысты қасиетін баса көрсеткен жөн болар. Бақдәулет Тұрбекұлы 1993 жылы мен аспирантурада оқып жүргенде тарих факультетінде деканның тәрбие жөніндегі орынбасары болып істеген кезінде осы қасиеті ерекше байқалды. Сондағы оның жоғары курс студенттерімен жұмыс істеу әдістерінен байқағанымыз, әділдігі мен көпшілдігі және қарапайымдылығы бірден көзге түсетін еді.

Тәрбиеші ретінде студенттік топтарға келіп, өзінің ағалық ақылымен қатар жинақталған тәжірибесімен де бөлісетін. Ол бірде жатақханада тұратын студенттердің жай-күйімен танысып жүрсе, енді бірде олармен бірге доп ойнап жүретін. Оның студент-жастар арасында беделі жоғары болды. Сол кездердегі «Өз тағдырларыңды өздерің шешуде жауапкершілік таныту керексіңдер!» деген демократиялық принципті ұстанып отырған студенттердің бірі сияқты жымиған күйіндегі кейпі әлі күнге естен кетпейді.

Бақдәулет Тұрбекұлы бірде студенттермен бірге музейлерді араласа, енді бірде солармен 28 гвардияшылар-панфиловшылар саябағында сенбілікте жүретін. Сондықтан студенттерді толғандырып жүрген мәселелерді жақсы білетін, соны шешуге ұмтылып тұратын. Сол кездегі тәртіп бойынша деканаттың арнайы өкілі ретінде жұмыс істейтін үш белсендіге (староста, комсорг, профком) үлкен сенім арту арқылы оларды жөнсіз қинамайтын. Топтағы түрлі іс-шараларды бірлесіп шешуді ұйымдастырудың шебері еді. Оның тәрбие ісіндегі көпқырлылығы алыстан-ақ байқалып тұратын. Ол кезде сабақ арасындағы үзілістерде деканның тәрбие жөніндегі орынбасарын орнынан табу оңай болмайтын. Бірақ, Бақдәулет Тұрбекұлын коридордағы, аудиториядағы студенттердің арасынан көресің. Сондай жағдайда жанына келіп, оның не туралы әңгіме құрып тұрғанын естісең, студенттердің көңіл-күйіне байланысты қарапайым нәрселерді білгісі келетінін байқайсың. «Ау, сен неге тұнжырап тұрсың, бір нәрсе айтқың келіп тұрған сияқтысың, түріңнен көріп тұрмын. Бүгілме, айт! Егер қазірден бастап өз талаптарыңды дер кезінде қоя алмасаңдар, ондай жаман әдет өмір бойы сендерен ажырамайтын болады», – деп әлгі студенттердің ішкі жан дүниесін түсінуге, білуге тырысатын.

Әрине, кейбір студенттер өз проблемаларын жеке айтып шешуге тырысатыны белгілі дүние ғой. «Ағай, жағдайды өзіңізге айтқым келіп іздеп барсам, орныңызда болмадыңыз», – дегендерге ол кісі: «Сабақтан кейін, бос уақытыңда  кел, сөйлесейік», – дейтін. Студентке де керегі сол ғой. Студенттердің жатақханадан орын алу немесе ауысу мәселелерін сөзбұйдаға салмай, табан астында шешіп беретін. Деканның тәрбие ісінің орынбасары ретінде старосталарды беймезгіл шақырып, өзін көрсету мақсатындағы сансыз жиындарды өткізіп, тынымсыздық көрсетіп мазаламайтын. Оларды үлкен үзілісте шақырып алатын да, ненің не екендігін 15 минут ішінде білуге тырысып, ұзақ әңгімеге бармай, мәселені сол жерде шешіп беруге талпынатын. Бақдәулет Тұрбекұлының  осындай ұйымдастыру әдістері студенттер арасынан шыққан белсенділердің сабақ оқуына кедергі келтірген жоқ.

Тәліммен қатар деканның орынбасары болып жүрген жылдары студенттердің бос уақытын бекер өткізбей, олардың жан-жақты болуына ерекше көңіл бөліп жүрді. Бізбен болатын шағын уақыт аралығындағы жиылыстарда рухани жетілу дегенді көп айтатын. «Биыл қанша әдеби кітап оқыдыңдар? Театрға барып тұрасыңдар ма? Опера мен балет қызықтыра ма?» деп сұрайтын. «Осы аптада жастар театрында мынандай тақырыпта қойылым болмақшы, барыңдар, көріңдер, өздеріңнің рухани жағынан өсулеріңе көмектеседі», – деп ақыл-кеңесін айтып отыратын. Бірде: «Ағай, түнеу күні операға барып едік, бәріміз ұйықтап қайттық», – деген студенттік келемежге Бақдәулет Тұрбекұлының қатты ашуланғанына куә болдық. «Тура соған қайта барыңдар! Мен сендер барып келгеннен кейін мазмұнын сұраймын», – деген еді. Осылайша, сыни пікірдің арқасында ауылдан келген біраз студенттерге операдан кәдімгідей ләззат алуды, әлемдік мәдениетке бас қойып көңіл бөлуді үйретті. Мұндай әрекет тәрбиеші тарапынан біздің рухани азық жинауымызға көрсеткен көмегі екенін кейін өзім деканың орынбасары болып көп жылдар бойы істегенде ғана түсіндім.

Үшіншіден, ол – (бүгінгі тілмен айтқанда) ерікті, ұйымдастырушы. «Азамат сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» деп жатады, ал қазақтың мәрт жігіттерінің бойына біткен жетпіс қырдың өзі көптік етпейді. Бақдәулет ағамызды өз дәуіріндегі сол мәрт жігіттердің қатарынан көреміз. Бүгінгі күнге дейін студенттердің ғана емес, қарапайым көпшіліктің, қалың бұқараның ортасынан табылып келеді. Ол бірде мектепте бірге оқығандарының мерей тойларын ұйымдастырып жүрсе, бірде курстастарының кездесуіне даярланып жүргенін көресің. Енді бірде ұстаздарының мерей тойларын ұйымдастырып жүрсе, тағы бірде сол ұстаздарына кабинет ашып, естелік кітап шығарып жүргеніне куә боласың. Ол көңілді отырыстардың бәрінде дерлік домбырамен құйқылжытып ән салып, әзіл-қалжыңын тарқатқанда да дастарханның шырайын ашып, әрін кіргізіп жібереді. Біреудің жақыны өмірден озып жатса, көпшілік жиналған жердегі осы бір аза тұтқан ортадағы басшылықты дереу өз қолына алып, қайғыдан қан жұтып отырған әріптесінің ғана емес, бәріміздің көңілімізден шығу сияқты мәселенің тігісін жатқызып жіберу өнері де ұстазымыздың тағы бір қыры болса керек.

Бақдәулет Тұрбекұлы өзінің бастамасымен «1920-1980 жж. Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында қолданбалы ғылыми-зерттеу жобасына жетекшілік жасады. Ол – осы жобасындағы 1986 жылғы қанды қырғынға байланысты мақалалары арқылы Ербол Спатаевты ұлт мақтанышына айналдыруға қол жеткізген бірден-бір тарихшы. Өзі қызмет істеп жүрген Алматы Энергетика және байланыс университетінде Ербол сияқты қаһарман студентке түймедей құрмет көрсетілмей келсе, Бақдәулет Тұрбекұлы 2011 жылы осы жоғары оқу орнына ауысып келген бойда Ербол Спатаев туралы материалдар жинай жүріп, 2016 жылы осындағы №3 кітапхана залында оның бүкіл өмір жолын көрсететін стенд жабдықтады. Сөйтіп, қаһарманның бейнесі арқылы студенттердің патриоттық рухын оята білді.

Төртіншіден, ол – жаңа заманның көшімен бірге қалыптасқан теоретик-ғалым. Бақдәулет Тұрбекұлы 1991 жылы «Қазақстандағы колхоздардың өндірістік байланыстарының даму мәселелері» тақырыбында тарихтан кандидаттық диссертация қорғаса, 2010 жылы «Қазақстандағы тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу (1920-2001 жж.)» тақырыбында екі мамандық бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымның бүгінгі таңда 200-ге жуық ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның 4 ғылыми-зерттеу монографиясы, 2 оқулығы, 2 хрестоматиясы, 5 ғылыми-танымдық естелік кітабы, ондаған оқу-әдістемелік кітапша мен әдістемелік нұсқаулары, көптеген мақаласы алыс-жақын шет елдерде жарық көрген.

Теоретик-ғалым ретінде ол республикалық БАҚ-та ұлт тағдыры, Желтоқсан көтерілісінің тағылымы, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен рөлі, тарих және оның жанашырлары, идеология, ауыл өмірі мен оның болашағы, жастар тақырыптарында ой толғап, қалам тартып жүр.

Жетпістің асуына еселі еңбегімен, қажырлы қайратымен, абырой-беделімен шыққан Бақдәулет Тұрбекұлына ұзақ ғұмыр тілейміз!

Жомарт СИМТИКОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің кафедра меңгерушісі,
саяси ғылымдарының докторы

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here