Орталықтар жайы ойлантады

0
822

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеуге, сонымен бірге педагогикалық-психологиялық жәрдем беруге баса мән беріледі. Сондай орталықтардағы жанкешті мамандардың көмегімен қаншама ерекше бала қажетті емін алып, денсаулығын түзеуде. Бірақ, ерекше жандарды оңалту және оларға жан-жақты көмек көрсетумен айналысатын орталықтардың жұмысы көпшіліктің назарынан тыс қалып жатады. Олардың тұрақты жұмысын жүргізуге заң тұрғысынан да кедергілер кездесіп отыр.

БӘРІНІҢ ТҮП СЕБЕБІ ЗАҢДА ЖАТЫР

Kazpravda.kz порталының жазуынша, үш жыл бұрын Мереке Оспанова 6 жасар ұлын Шымкенттегі «Өркен» жеке түзету орталығына алып келді. Ол кезде психо-сөйлеу бойынша дамуының кешеуілдеуі бар балаға жеке сөздерді айту қиынға соқты және ол қарапайым сөздерді өз бетінше айта алмады. Бірте-бірте бала анық сөйлеуді және ең бастысы өз бетінше әрекет етуді үйренді. Бұл отбасы үшін үлкен қуаныш сыйлап, біраз жеңілдеп қалды. Бірақ, орталықтың жабылғандығы туралы хабардан ересектер шошып кетті. Жұмысты жалғастыру үшін баланы кіммен қалдыру керек деген сұрақ туындады. Алайда, бәрінен бұрын ата-аналар сабақтағы үзіліске байланысты әлеуметтену бойынша қол жеткізілген жетістіктерден айырылып қаламыз деп алаңдайды.

«Аяла» мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Құралай Құрманбекова: «Ортасын ауыстыру балалардың дамуындағы регрессияға әкелуі мүмкін. Бұл көптеген жылдар бойы өздерінің ерекше балаларын түзету орталықтарына апарып, олардың кішкентай жетістіктеріне қуанған барлық ата-аналардың уайымдауына сүбелі себеп», – деп есептейді.

Егіздердің анасы Алина Мецгер ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың өмірін кім және не үшін қиындататынын түсінбейді.

– «Өркенде» менің балаларыма оқуды және жазуды үйретті, біз мектепке баруды жоспарладық, енді оларды арнайы интернатқа бөлуді ұсынып отыр. Бұл мүлдем көңіліме қонбайды. Олар бұрын мемлекеттік орталықта оқыған, сондықтан бәрін жан-жақты салыстыра аламын. Балалардың жанымызда болғанын қалаймын. Олардың дамуымен мүмкіндігінше көбірек айналысып, прогресті бақылаған жөн. Балаларымыздың таңдау мүмкіндігін тартып алуға ешкімнің құқығы жоқ деп санаймын, – дейді Алина Мецгер.

– Орталықтардың иелері олардың жұмысын біздің басқарма тоқтатты деп ойлап шағымданады, бірақ бұл олай емес. Бізде мұндай өкілеттік жоқ. Заңнама өзгерді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҮЕҰ мемлекеттік-әлеуметтік келісімшарт жасасу үшін міндетті лицензия алуы тиіс. Онсыз қаржыландыру мүмкін емес. Өткен жылы ҮЕҰ бюджеттік бағдарлама бойынша 235,9 миллион теңге алды. 2025 жылға 350 адамға қызмет көрсетуге 234,9 миллион теңге қарастырылған. Шымкентте барлығы 11 әлеуметтік мекеме – сегіз жеке және үш мемлекеттік мекеме бар. Осы жылдың алғашқы екі айында үш ҮЕҰ және бір мемлекеттік ұйым лицензия алды. Біз тек үйде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету туралы айтып отырмыз. Бұл тізімде бірде-бір түзету орталығы жоқ, – дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, басқармаға ведомстволық бағынысты орталықтар лицензия алуға арналған құжаттарды сәйкестендіруден өткен. Сегіз ҮЕҰ-ға мүмкіндігінше тезірек лицензия алу үшін консультациялық қолдау көрсетіледі. Олар әзірге жабық, сондықтан олардың қызметтерін пайдаланған жүздеген балалар үйде отыр.

ДҮРБЕЛЕҢГЕ ТҮСУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ПА?

Любовь Добротаның мәліметінше, Жанат Өтебаева арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялауды олардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге арналған жаңғырту жолындағы маңызды қадам деп санайды. Бірақ, бірыңғай стандарттарды енгізу туралы ізгі ниеттің соңы құрдымға кетті. Балалар үйренісіп қалған ұжымнан айырылды, қарым-қатынасы үзілді және қоғамға біртіндеп араласу мүмкіндігі де жоғалды.

«Өркен» қайырымдылық қорының президенті Елена Фролова ата-аналар оған күн сайын «қашан ашыласыз?» деген бір сұрақпен қоңырау шалатынын айтады. Ерекше балалардың әкелері мен аналары ақы төленбейтін демалыс алуға мәжбүр, өйткені балаларды үйде жалғыз қалдыру мүмкін емес. Олар әлі де болып жатқан жағдай өте тез шешілетін түсініспеушілік болар деп үміттенеді және олардың балалары қалыпты ортаға оралады деп сенеді. Дегенмен, Елена Иванқызы қол қусырып қарап отырмаса да, әлі мардымды жауап бере алмай отыр.

Айта кетейік, Шымкентте «Өркен» қайырымдылық қоры бірінші болып мүгедектігі бар азаматтарға үйде қызмет көрсету құқығына лицензия алған.

– Онда түзету орталығына қарағанда бәрі әлдеқайда оңай. Мұнда шектен тыс талаптар қойылады. Бұл ҮЕҰ тұрмақ бірде-бір мемлекеттік орталық әлі күнге дейін лицензияланбағанын білдіреді. Бәрін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген ережелерге сәйкес жасау шынында мүмкін емес. Мен тіпті алты ай бойы ғимаратты пайдалануға беру актісін рәсімдей алмай жүрмін. Бұл тек бірінші баспалдағы ғана. Содан кейін материалдық-техникалық база, медицина бойынша талаптар қойылады. Лицензиялауды енгізе отырып, түзету орталықтары медициналық оңалтуға көшуді ұйғарған сияқты. Оларға біздің тәрбиеленушілерге әлеуметтену мен бейімделу қажет екендігі маңызды емес. Емдеу жағы онсыз да жеткілікті, – деп түсіндіреді Елена Фролова.

Көп жылдар бойы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеген «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қорының басшысы Жанетта Жазықбаева да Елена Фролованың сөзімен келіседі.

– Лицензиялау талаптарына сәйкес келген ғимаратты жөндеуден басқа физиотерапиялық кабинетке арналған жабдықты сатып алуға, емдік дене шынықтыру кабинетін жабдықтауға, диагностикалық жабдықты сатып алуға тура келеді. Неліктен ол оңалту орталығында? Соны түсінбеймін. Барлығына қойылатын талаптар бірдей, бірақ орталықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі болуы керек еді. Біз есептесек, егер 40 бала келсе, оған 66 штаттық бірлік қажет болады, – дейді Жанетта Жазықбаева.

ҮЕҰ басшыларының пікірінше, мемлекеттік талап оңалту орталықтарының мүмкіндіктерін ескермейді. Оған шаруашылық жөніндегі меңгеруші, кастелланша, директор, орынбасар, мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман, әдіскер, төрт дәрігер, күзетші, сантехник, электрик кіреді. Шағын мекемелерде осынша жұмысшы бар, ал ҮЕҰ орталықтарына 20-дан 50-ге дейін бала барады. Бұған оларда ақша жоқ.

Көбіне мұндай орталықтарда жалақы алмайтын еріктілер жұмыс істейді. Енді бәрін бір түнде өзгертуді талап етуде. ҮЕҰ-ға штаттық кестеге сәйкес еңбек келісімшарттарын ресми түрде Enbek.kz арқылы рәсімдеу міндеттелді. Әрине, сөзсіз салық төлеуді де міндеттейді.

– 2024 жылы күніне бір балаға бюджеттен қаржыландыру 4 123 теңгені құрады. Ата-аналар шамамен осындай соманы төледі. Олар үшін қызметтердің құнын арттыру қиын болады. Бұған балаларды үйден орталыққа және кері тасымалдау, күніне үш рет тамақтандыру, мамандардың қызметтеріне ақы төлеу және т.б. кіреді. Біз осы шығыннан үнемделген қаржыға өмір сүрдік. Енді мемлекеттік және коммерциялық ұйымдар үшін бірдей жабдықты жинақтау талаптары қосылды. Неге ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына ҮЕҰ орталықтарын қажеттінің бәрімен жарақтандырмасқа?! Бұл қоғамдық ұйымдарға көмек болар еді, – дейді Жанетта Жазықбаева.

ҮЕҰ өкілдері бірауыздан алдағы өзгерістер туралы өткен жылдың қараша айында ғана білгенін айтады. Қалған уақыт барлық талаптарды орындау үшін жеткіліксіз болды.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдын ала хабардар етіп қана қоймай, кезең-кезеңімен жоспарлы ауысуды енгізуі тиіс еді. Сонда ғана онсыз да қиналып отырған қызмет тұтынушыларға кедергі келтірмей жаңа ережелер бойынша біртіндеп және ауыртпалықсыз жұмыс істеуге көшер еді, – дейді Жанетта Жазықбаева.

Елена Фролованың пікірінше, бұл мәселеде көптеген парадокстар бар. «Мысалы, мен жеке үйдің иесі ретінде медициналық лицензия ала алмаймын, ал сол ғимаратты жалға алушыға рұқсат етіледі. Бір мекенжайда орналасқан екі ұйымға лицензия алуға болмайды. Болып жатқан жайттардан шаршадым. Ешкімге ештеңе дәлелдегім, ешкімді кінәлағым келмейді. Шығындардың тым көптігі реформаға әкеліп, кедергілерді көбейтеді. Әрине, бұл орталыққа көп ақша салынды, жарты жолда тастай салған өкінішті. Бірақ, басқа мүмкіндіктерді іздеу керек сияқты».

Басқа ҮЕҰ басшылары да қызметті өзгерту туралы ойлана бастауда. Егер бұған жол берілсе, онда жүздеген балалар түзету орталықтарына бару мүмкіндігінен ұзақ уақыт айырылуы мүмкін. Ресми мәліметтерге сәйкес, жеке орталықтарға ерекше қажеттілігі бар 372 бала барған екен.

Жанат Өтебаева дүрбелеңге түсуге себеп жоқ деп санайды. №6 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 38 бос орын бар, тағы жетеуі – «Қамқорлық» орталығында, бұған дейін ҮЕҰ-мен айналысқан төрт бала келді.

Қанша тырысса да, барлығын мемлекеттік мекемелерге орналастыру мүмкін емес. Қалада әлеуметтік мекемелерде орын тапшылығы бар, 18 жастан асқан мүгедектерге арналған орталық мүлдем жоқ, ал жеке меншік мекемелер жабылуға мәжбүр.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім бастығы Раушан Сейдақбардың айтуынша, мемлекеттік орталықтар 450 орынға есептелген. Әлеуметтік оңалту бойынша қызметті алуға 1,5 мыңға жуық баланың ата-аналары өтінім берген. Медициналық-әлеуметтік сараптама деректерімен салыстырғанда жеке оңалту бағдарламасы 1 840 адамға әзірленгені белгілі болды.

– Мемлекеттік қызметтер порталында үш жүзден астам адамның тіркелмегені тек орын тапшылығымен байланысты емес. Балалардың бір бөлігі денсаулық сақтау басқармасының желісі бойынша жұмыс істейтін оңалту орталықтарына баруы әбден мүмкін. Кейбір ата-аналар балаларымен өздері айналысады. Қазір 150 орындық тағы бір мемлекеттік орталық ашу мәселесін шешу үшін қалалық мәслихат сессиясына құжаттар дайындап жатырмыз. Екі жылдан кейін қалада заманауи оңалту орталығы пайда болады. Оның құрылысына «Бозарық» шағын ауданында республикалық бюджеттен төрт миллиард теңге бөлінді, – деп сендіреді Раушан Сейдақбар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Аталған жайға байланысты ата-аналардың жанайқайын түсінуге болады. Олар ерекше балаларға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін, жұмыс жүргізіліп жатқанын, алайда заңдағы кейбір кедергілерге байланысты «Өркен» сияқты жұмысы дұрыс орталықтардың жабылуы сонда түзету қызметін алатын балаларға кеткен қаншама төгілген тер мен еңбектің зая кетіретінін айтып, уайымдайды. Сондықтан, бұл құзіретті органдар назарына ілігіп, мәселе шешімін табады деп сенеді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here