Шілдеден бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.
«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады. Мұндай картасы бар этникалық қазақтың қандастардан айырмашылығы – басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады. Дегенмен, оларға мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайлауы мен республикалық референдумға қатысуға рұқсат берілмейді және мемлекеттік қызметке тұра алмайды.
Карта иегерінің қосымша құқықтары:
- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет алу;
- Еңбек кодексі және «Халықтың көші-қоны туралы» заңы бойынша Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;
- Кәсіпкерлік кодекске және өзге де құқықтық актілерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
- мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін білім алу, мемлекеттік орта арнаулы және жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
- мемлекет кепілдік берген заң көмегіне қол жеткізу;
- халықаралық шарттарға және заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу.
Айта кетейік, «Ата жолы» картасын беру – жаңа бастама. Ол туралы алғаш Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылдың соңында хабарлаған болатын. Аталған карта шетелдегі жоғары деңгейдегі кәсіби маман қазақтарға не өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі.