Махмуд Ахмадинежад: «Біреудің бақшасына көз алартып, қол сұқпау керек»

0
1962

18 маусымда Иранда өткен Президент сайлауында Жоғарғы соттың ультраконсервативті әрі қатал төрағасы Ибраһим Раиси жеңіске жетті. Биыл алпысқа толатын қайраткер сайлауға қатысқан Иран халқының 62% дауысын алды. Яғни, 17,8 млн халық оған сенім артты. Жаңа президент сексенінші жылдары саяси тұтқындарды өлім жазасына кесуді шешкен «өлім комитетінің»  мүшесі ретінде белгілі. Енді халықаралық ядролық келісімнің тағдыры мен Иранның сыртқы саясаты Ибраһим Раисиге тікелей байланысты. Дегенмен, АҚШ Ирандағы сайлаудың әділ өткеніне күмәнмен қарайды. Себебі, Сақшылар кеңесі президенттік сайлауда Ибраһим Раисиге басты қарсылас саналған экс-президент Махмуд Ахмадинежадтың жолын кесу үшін аянып қалмады. 65 жастағы экс-президент өз кандидатурасын ұсынғанымен, Сақшылар кеңесі оны кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. 85 млн халқы бар Иранды 2005-2013 жылдары басқарған Махмуд Ахмадинежад ресейлік lenta.ru порталына берген сұхбатында (сұхбатты алған Хаял Муаззин) геосаясат жайлы өз ойымен бөліскен екен. Сол сұхбатты «Qazaq» газеті қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынып отыр.

 «БІЗ ӘР ЕЛГЕ ӨЗ ТАҒДЫРЫН ӨЗДЕРІ ШЕШУГЕ МҮМКІНДІК БЕРУІМІЗ КЕРЕК»

– Президенттік мерзіміңіз аяқталған 2013 жылы Сіз саясаттан біржолата кету жоспарыңызда барын айттыңыз. Бірақ, 2017 жылғы және биылғы президенттік сайлауларға құжатыңызды тапсырдыңыз. Сонда ойыңызды өзгертуге не түрткі болды?

– Шынымды айтсам, 2013 жылы мұндай сөз айтқаным туралы есімде жоқ. Бірақ, Сіз сұраған соң жауап беріп көрейін. Әр адам басқа адамдар алдындағы міндеттемелермен өмірге келеді. Өзіңді және әлемді өзгерту – осындай міндеттемелердің бірі. Сондай-ақ, өзгерістердің арқасында адам өседі, өнеді. Бірақ, өзгерістердің әртүрлі болатыны да рас. Өкінішке қарай, осы сегіз жыл ішінде Иран халқының өмір сүру деңгейі нашарлап кетті. Халық үлкен қысымға ұшырады. Аймақтық және халықаралық мәселелер көзге ұрып тұр. Менің ойымша, әлемге де, Иранға  да үлкен өзгерістер қажет. Елді бұдан да жақсы басқаруға болады деп санаймын.

– 25 мамырда Иранда президенттік сайлауға дейін жарияланған үміткерлердің тізімінде Сіздің аты-жөніңіз болмады.  Неліктен бұлай болды? Іріктеу кезеңі қаншалықты ашық болды?

– Сайлаудан неге шеттетілгенімді олар түсіндіруі керек еді. Бірақ, олар ештеңе жарияламады. Қазіргі биліктің ұстанымы айқын. Менікі де айқын. Егер олар мені шешім қабылдау құқығымнан айырып тастағысы келсе, сайлауға қатыспайтындығымды және ешкімді қолдамайтынымды бірден айттым. Себебі, бұлай ету елге зиянын тигізеді. Бірақ, Сақшылар кеңесінің Конституцияға жасаған әрекетінің өрескел заң бұзушылық екенін біз түсінуіміз әрі ашық айтуымыз керек. Олардың мені тіркеуден бас тартуларында ешқандай заңды негіз жоқ. Елдің түкпір-түкпірінен келген адамдар менен президенттік сайлауға қатысатыным туралы жиі сұрады. Әуелі хат жазып жіберіп, сайлауға қатысуымды талап еткендер де болды. «Болар іс болды, бояуы сіңді» десек те, мен өз жұмысымды жалғастыра беремін. Өйткені, мен халықтың құқығын аяқ асты етуге қарсымын. Мен өз елімдегі, аймақтағы және әлемдегі хал-ахуалды бес саусағымдай білемін. Соңғы сайлауға 592 адам Иран президенттігіне үміткер ретінде тіркелгісі келгенімен, соның тек жетеуі ғана сайлауға жіберілді.

– Президент лауазымында болған кезде Сіздің Барлау министрлігінің бірқатар жеке файлдарын қолға түсіргеніңіз жайлы жиі айтылады. Бұл рас па? Оларды жариялауыңыз мүмкін бе?

– Мені бәрі жайында хабардар етіп отырады. Әр бөлімде достарым бар. Олар сенімді әрі халыққа қамқор.

– Демек, Таяу Шығыстағы елдердің арасында коронавирус жұқтырғандарың саны бойынша Иранның не себепті көш бастағанын да білетін боларсыз… Жалпы, биліктің әрекетін қалай бағалайсыз? Санкциялар вакциналарды жеткізуге немесе өндіруге кері әсер ете ме?

– Меніңше, соңғы сұрақты маған емес, соған тікелей жауапты шенеуніктерге қойған орынды. Дегенмен, «Иранда таңдалған саяси стратегия мен макробасқару коронавирусқа қарсы күресте табысты болмады» деген пікір ел арасында кеңінен таралған.

– Сіз өз еліңіздің аймақтық саясатқа деген ұстанымын өзгерту керек деп ойлайсыз ба? Өйткені, көпшілігі Иранға қуғындағы ел ретінде қарайды…

– Менің ойымша, біз бәріміз бір-біріміздің егемендігімізді мойындай отырып, әр елге өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік беруіміз керек.

– Иранның басты мәселесі неде деп ойлайсыз?

– Бәлкім, қазіргі ең үлкен мәселе – Иран төңкерісінің мұраттарынан бас тарту, билік пен байлықтың бір қолға шоғырлануы. Біз ресурстарды қайта бөлу мәселесіне оралуымыз керек. Мұны қалай жүзеге асыру керектігін басқару туралы теориямда егжей-тегжейлі баяндадым.

«БАШАР АСАД БИЛІГІ СИРИЯ БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАУЫП ЖАТЫР»

– Айтпақшы, халықтың өзін-өзі анықтауы туралы айта кетсек. Иран Сириядағы қақтығысты шешудің дұрыс жолын таңдады ма? Мен Сіздің президент кезіңізде Сириядағы Асад режимін қолдауға қарсы болғаныңызды оқыдым. Ресей мен Сирия арасындағы ынтымақтастықты қандай да бір жолмен дамытуды құптамайсыз ба?

– Мен Сирия халқына өздері шешім қабылдап, өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік беруіміз керек деп санаймын. Бұл – біреудің бақшасына көз алартып, қол сұқпау ұстанымы. Мұны тек Сирияға ғана емес, барлық елге де ұсынар едім. Бірақ, Сирияға келетін болсақ, қазіргі билеушілердің билікте болуы халқына пайда әкелмейді. Жаңа буынның тарихтағы өз рөлін атқаратын сәті келді. Мен Владимир Путин мырзаға жазған хатымда Башар Асад режимінің мерзімін ұзартудың пайдасы аз болуы мүмкін екенін, ұзақ мерзімді дамуда үлкен зиян келтіретінін түсіндірдім. Сирия туралы осындай пікірдемін.

– Иранның одақтастары жайында сұрайын. Сіздің ойыңызша,  Ресеймен бірлесіп жұмыс істеудің негізгі үш бағыты қандай?

– Иран мен Ресей барлық салада белсенді жұмыс істей алады. Біз көрші болғандықтан, ұзақ әрі тарихи қарым-қатынасымыз бар. Сондай-ақ, біз саясатта, экономикада, ғылым мен білімде және технология саласында жақсы серіктес бола аламыз.

Әр мемлекетті өз халқы басқаруы керек. Үшінші күштердің қақтығысты шешуге көмектесетіні рас. Бірақ, қақтығысты бір жақты еткеннен соң, адамдарға шешім қабылдауға мүмкіндік беру керек. Бұл шешімді болашақта қатаң сақтау керек.

– Иран өзінің ядролық бағдарламасымен не істеуі керек? АҚШ әкімшілігі мен Джо Байденнің ядролық келісімге келуге оралу үшін жасаған қадамдарына қандай баға бересіз? Қытайды делдал ретінде көруге дайынсыз ба? Қазір бұл мәселеде Ресейдің рөлі қандай? Қандай мерзімде келісімге қол жеткізуге болады?

– Біз Байден мырзаның іс жүзінде Трамп мырзаның жүргізген саясатына ешқандай өзгеріс енгізбегенін көреміз. Себебі, АҚШ-тың сыртқы саясаты президенттерінің ұйғарымымен шешілмейді. Олар шешім қабылдау жүйесінің аз бөлігін ғана иемденеді. Ал, Иран өз бағдарламаларын жүзеге асыруға тұрарлық па дегенге келетін болсақ, менің ойымша, Иран халқы өз құқықтарын пайдалануы керек. Қытай да, Ресей де оларды ашықтан ашық батыл түрде қорғайды деп сенемін.

– Иран өзінің ядролық қаруын жасауға қаншалықты дайын және бұл ел үшін қаншалықты қажет? Қазіргі уақытта ядролық қаруды қолданбау туралы келісімдер әділетті ме?

– Мен бұл тақырыпты бірнеше мәрте қозғадым. Бүгінде ядролық қарулар іс жүзінде қолданылып жатқан жоқ. Сондықтан оны өндіру үшін шығынданудың өзі артық. Қару-жарақ өндірісі мен оның жинақталуын адамгершілікке жат әрекет деп санаймын және бұған қарсымын. Әлемдік державалар үстемдіктерінен бас тартып, сұрапыл соғыстарды айналып өтіп жатқан кезде не үшін бір-бірімізбен қару өндіріп жарысуымыз керек? Неліктен халықтың қаржысы мемлекетті гүлдендіруге емес, тек адам өлтіруге арналған қаруларды өндіруге жұмсалуы керек?

 Путинмен 2005 жылы БҰҰ-да алғаш кездескенімде мен одан «Ядролық қару Кеңес Одағының ыдырауына тосқауыл бола алар ма еді?» деп сұрадым.

Иә, ол өте мықты дамыған қару болса да, КСРО-ның ыдырауын тоқтата алмады. Себебі, қару қанша қуатты болса да, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсарта алмайды. Бүгінде Америка бастаған әлемдік тәртіптің капиталистік жүйесі құлдырауда.

Американың атом бомбалары АҚШ-тың жаһандық үстемдігінің құлдырауын тоқтата ала ма? Менің ойымша, бұған дұрыс жауап беретін әлемде бірде-бір дана адам жоқ.

– Иран АҚШ-пен күресін жалғастыра бере ме, әлде Вашингтонмен қарым-қатынасын қалпына келтіру керек пе?

– Жақсы әлем құру үшін барлық елдер мен халықтар өзара тату, әділетті, бауырластық, достық, сындарлы қарым-қатынас жасап, ынтымақтастықта болуы тиіс. Әлем бәріне тиесілі. Мен мұны ең басты қағида деп санаймын. Ал, енді Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас идеологиялық немесе діни аспектісі жоқ жазықтыққа ауысты. Мәселе анықталды және оны ерте ме, кеш пе шешу керек болады. Екі жақтың ақылды адамдары бірігіп, бұл мәселені бір-біріне құрметпен қарай отырып, әділетті түрде шешуі қажет.

– Биыл 11 қыркүйектегі терактіге 20 жыл толды. Сіз бұған дейін АҚШ ішкі мәселелерін шешу үшін Дүниежүзілік сауда орталығының мұнарасына шабуылды өздері жасаулары мүмкін екенін айттыңыз. Әлі де солай ойлайсыз ба?

– Әңгімені әріден бастайын. Содан кейін америкалықтар әлемдегі және Таяу Шығыстағы жағдайларды өз пайдасына шешіп, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін жасыруға тырысты. Мұны сәтсіз болды деп айта аламыз. Екі ірі соғыс – біреуі Ауғанстанда, екіншісі – Иракта болды. Екі елде әлі күнге халық қырылып, жаппай өз мекендерін тастап кетіп жатыр. Бұл елдердің инфрақұрылымы да жойылуда. Олардың болашағы бұлыңғыр.

Террорлық шабуыл болған кезде мен БҰҰ-ға оқиғаның мән-жайын анықтап, қылмыскерді табу үшін бірыңғай тергеу тобын құрудың қажет екендігін айттым. Алайда, олар қандай да бір себептермен бұл оқиғаны америкалықтардың өздері тергеп жатқанын, сот процесін өздері жүргізетінін, бәрін тек өздері шешетінін және осыған байланысты басқа елдерде соғыс жүргізетінін, ешкімге не болып жатқаны туралы түсінуге мүмкіндік бермейтінін айтты. Осыдан кейін АҚШ-тың маған қатты ашуланғаны әлі есімде.

Мен тек бүкіл әлем терактінің кімдер жасағанын білу үшін тергеу тобын құрудың қажеттілігін айттым. Қылмыскерлердің АҚШ-тың Орталық барлау қызметі мен мемлекеттік қауіпсіздік жүйесімен қандай байланысы болды? Олар қалайша барлық тосқауылдардан өтіп, АҚШ-тың қақ ортасындағы екі мұнараны қирата алды? Бірақ, АҚШ мұны түсіндіруден бас тартты. Терроризммен күресті сылтауратып, жеке мүддесі үшін екі елге басып кіріп, жермен жексен етті. Неге бұл жайында ешкім сөз қозғамайды?

2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғаның сырын ашсақ, соңғы 70 жылдағы жаһандық қауіпсіздік саласындағы барлық саяси оқиғалар мен процестердің себебіне қанығар едік.

«ПАЛЕСТИНА МӘСЕЛЕСІ ПАЛЕСТИНАДАҒЫ РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ШЕШІЛУІ ТИІС»

– Жақында араб мемлекеттері Палестина мәселесі шешілмей жатып, Израильмен қарым-қатынас орната бастады. Сіз мұндай өзгерістерді құптайсыз ба? Израиль мен Палестина арасындағы соңғы қақтығысқа кім кінәлі деп ойлайсыз?

– Мен Палестина мәселесі Палестинадағы референдумда шешілуі тиіс екенін, Палестина жеріне құқығы бар әрбір адам оған келіп, міндеттерін айқындауы керек екенін бірнеше рет айттым. Шын мәнінде, бұл мәселе – бірнеше араб елдерінің сионистік режиммен қарым-қатынасы туралы. Бұл жерін тартып алып, халықтың егеменді ел болу құқығынан айыру мәселесі. Уақыт өте келе, Палестина халқы мен сионистердің арасында үлкен қақтығыс орын алады. Бұл үлкен шығынға әкеп соғады. Әйтсе де, Палестина теңдеуі өзгермейді.

Мен палестиналықтардың өзін-өзі басқару құқығын бүкіл әлемнің мойындағанын қалаймын. Тек әзірше мұны бәрі қаламайды. Бірақ, егер Палестина осындай құқыққа ие болса, біз аймақтағы мәселенің түбегейлі шешілетінін көрер едік. Иран, бұл ретте, Палестина халқының өзін-өзі анықтау құқығына ие болуына атсалысу қажет.

Жалпы, әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгерістерге зәру екеніне сенімдімін. Қазіргі әлемдік тәртіп соңғы жүз жылда жүздеген соғыстардың, кісі өлтірулердің, қару-жарақ бәсекесінің, таптық бөлінудің, кедейлік пен ұлттар үшін әлеуметтік шектеулердің туындауына себеп болды. Менің ойымша, біз бәріміз бірлесе отырып, жаңа әлем құруға тиіспіз. Онда барлық адамдар бір-біріне құрмет көрсете отырып, еркін өмір сүреді. Ал, ең маңыздысы – әділеттіліктің болуы.

Сұхбаттасқан Хаял Муаззин (Аударған Фараби Сәйкенов)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here