Тас жолдан түсетін табыс

0
3538
2021 жылдан 2024 жылға дейін 5,3 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жұмыстары жалғасып, 2025 жылға қарай еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрайды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметінше, Елімізде ақылы жолдар кезең-кезеңімен енгізіледі. Ал, елімізде алғаш ақылы жол 2013 жылы пайдалануға берілді. Бұл – «Нұр-Сұлтан – Щучинск» бағытындағы тас жолы. Жол жүру ақысы тас жолды күтіп ұстауға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға жұмсалады. Бұл мемлекет үшін ғана емес, жүргізушілер үшін де маңызды. Әрине, тегін болып келген қызметтердің бір күнде ақылы болып шыға келуі жүргізушілер арасында түсініспеушілік тудырғаны заңдылық. Мұндай жағдай сегіз жыл бұрын сол «Нұр-Сұлтан – Щучинск» бағытындағы тас жолында жол жүру ақысы енгізілген кезде орын алды. Қазір де ақылы жолдың ақысымен келіспейтін жүргізушілер аз емес. Мәселен, биыл маусым айында еліміздің тоғыз облысындағы жүк көлігінің жүргізушілері өз наразылықтарын білдірді.

Франция – Еуропа елдерінің ішінде ақылы автокөлік жолдарының ең озық жүйесіне ие ел. Ақылы жолдарда бір бағытының өзі он жолақты болып келеді

 АҚЫЛЫ ЖОЛДАР НЕГЕ КЕРЕК?

Әлемдегі көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, халық әл-ауқатының жақсаруы көбіне автокөліктер санының өсуімен қатар жүреді. Біздің еліміз де бұдан қалыс қалып отырған жоқ. Мысалы, өткен жылы Қазақстанда тіркелген көлік құралдарының саны 5 млн-нан асып, жүз адамға шаққанда 21 көліктен келді. Өзге елдермен салыстырсақ, АҚШ-та 100 тұрғынға шамамен 80 көліктен келеді екен. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 50 көлікті құрайды. Еліміз ТМД елдерінің арасында бұл көрсеткіш бойынша Беларусь пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұр.

Тиісінше, көлік құралдары санының өсуіне байланысты тас жолдарды күтіп ұстау және сақтау мәселелері алдан шығады. Елімізде жаңа жолдарды салуға және қолданыстағы жолдарды күтіп ұстауға қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Ол қаржы салықтар мен алымдардың есебінен құралады. Біршама елдер бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін ақылы жолдарды енгізуге көшіп жатыр.

Қазіргі таңда ақылы автокөліктер жолы әлемнің отыздан астам елінде бар. Әлемде барлығы 25 млн шақырымға жуық автокөлік жолдары болса, соның шамамен 150 мың шақырымы ғана ақылы жолдарға тиесілі. Ондай жолдар Еуропа елдерінде, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, АҚШ-та, Ресейде және тағы да басқа бірқатар елдерде кездеседі.

Бүгінде Франция Еуропа елдерінің ішінде ақылы автокөлік жолдарының ең озық жүйесіне ие болып отыр. Бұл бағыттар бойынша жол жүру құны жолдың ұзақтығына байланысты 17 еуродан 39 еуроға дейін (8,5- 19,7 мың теңге) барады.

Жалпы, әлемде жолдарды пайдаланғаны үшін ақы төлеудің белгілі бір стандарты жоқ. Жол жүру құны әр елде өзінше есептеледі. Мысалы, Швейцария сияқты кейбір мемлекеттерде бір күнге, аптаға, айға немесе бір жылға арналған шектеусіз абонементтер бар.

Дания, Швеция, Финляндия сынды озық елдерде жолдардың барлығы ақылы деп айта алмаймыз. Тек көпір, жерасты үңгір сияқты өзге де күрделі инфрақұрылым нысандарын пайдаланғанда ғана ақы төленеді. Мұндай аймақтардың орташа бағасы шамамен 8 еуроны (4 мың теңге) құрайды.

АҚЫЛЫ ЖОЛДАРМЕН ЖҮРУ ҚҰНЫ ҚАНША?

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ақпаратына сүйенсек, 4 жыл ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 мың шақырымдық жолға ақылы төлем жүйесін енгізу көзделген.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биыл келесі бағыттағы жолдар ақылы болады: Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Орал – Ресей шекарасы (Саратовқа), Орал – Ресей шекарасы (Самараға), Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынборға), Щучинск – Петропавл, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қапшағай – Талдықорған, Қарабұтақ – Қызылорда, Ақтөбе – Орал, Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы, Ақтау – Бейнеу, Қостанай – Ресей шекарасы (Троицкке), Нұр-Сұлтан – Қостанай, Павлодар – Ресей шекарасы (Омбыға), Нұр-Сұлтан – Павлодар, Павлодар – Семей – Қалбатау.

Қалған 5,2 мың шақырымдық учаскелер 2024 жылға дейін қайта құру жұмыстары аяқталған соң ақылы жүйеге көшеді. Мәселен, 2022 жылы  Петропавл – Ресей шекарасы (Қорған), Теміртау – Қарағанды, Щучинск – Зеренді, Таскескен – Бақты, Жетібай – Жаңаөзен жолдары ақылы болады. Ал, 2023 жылы Күрті – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Қарабұтақ – Рудный – Қостанай, Ұзынағаш – Отар жолдарына ақылы жүйе енгізіледі.

2024 жылы келесі учаскелер ақылы болады: Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал, Күрті – Қапшағай, Талдықорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай, Меркі – Бурылбайтал, Атырау – Орал, Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Доссор, Атырау – Ресей шекарасы (Астрахань), Подстепное – Федоровка – Ресей шекарасы.

«Төлем тас жолдың техникалық сипатына байланысты алынады. Мәселен, І-ші санаттағы тас жолдарда автокөліктердің барлық түрі, ал ІІ және ІІІ-ші санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды. Жеңіл көліктерге – 1 километр үшін 1 теңге, жүк көліктеріне – 25 теңгеге дейін жетеді. Шетелдік және отандық көліктерге төлемақы көлемі бірдей. Ал, ақылы жолдың бойында тұратындарға құны мың теңге болатын бір жылдық абонемент қарастырылған. Төлем алудың «ашық жүйесі» енгізіледі. Яғни, учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Оның орнына арнайы аркалар қойылған. Көліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларға бекітілген камерадан тіркеледі», – деп түсіндіреді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ департамент директоры Рустам Исаев.

Айта кетейік, І-ші техникалық санатқа төрт жолақты, жоғары комфортты жолдар кіреді. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Хоргос бағыттары осы бірінші санатқа жатады. Бұл жолдар сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге келеді. Екінші және үшінші санаттағы жолдар екі жолақты. Мұндай бағыттарда тек жүк көліктерінен ғана ақы алынады.

Енді бағаға келейік. Сонымен, жол ақысын алдын ала төлегенде:

– Щучинск – Көкшетау (60,7 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 50 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 330 теңгеден 1 600 теңгеге дейін;

– Шымкент – ҚР мен ӨР шекарасы (84 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 90 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 400 теңгеден 2 100 теңгеге дейін;

– Шымкент – Тараз (100,3 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 70 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 350 теңгеден 1 750 теңгеге дейін;

– Шымкент – Қызылорда (441,7 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 420 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 2 170 теңгеден 10 930 теңгеге дейін;

– Тараз – Қайнар (237,5 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 230 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 190 теңгеден 5 990 теңгеге дейін;

– Нұр-Сұлтан – Павлодар (375 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 380 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 870 теңгеден 9 380 теңгеге дейін;

– Қапшағай – Талдықорған (186 км) бағытында жеңіл көліктер үшін – 190 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 930 теңгеден 4 660 теңгеге дейін.

Жоғарыда аталған жолдарға ақы алудың нақты қашан басталатыны әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, осы күзде ақы алына бастайтыны сөзсіз. Жаңа ақылы жолдарға шлагбаум қойылмайды. Жүргізушілер RFID-таңба арқылы төлем жасайды.

БЮДЖЕТКЕ САЛМАҚ САЛМАЙТЫН ЖОБА

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, 2021 жылдан 2024 жылға дейін 5,2 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай еліміздегі ақылы жолдардың ұзындығы 11 мың шақырымды құрайды. 11 мың шақырымға ақылы жүйе енгізілгеннен кейін жолдардан жыл сайын 60-тан 72 млрд теңгеге дейін табыс түсетіні болжанып отыр.

Биылғы жылы ақы алу жүйелерінің тиімділігін тексеру үшін бұл төлем 5,8 мың шақырымдық жолға енгізіледі. Жүйенің 2021 жылдың соңына қарай толық іске қосылатынын ескерген мамандар бұл ақылы жолдардан 25,6 млрд теңге түсетінін болжайды. Сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтырғы жылы тоғыз ай ішінде Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай бағыттарындағы ақылы жолдардан 4 млрд теңге түскенін атап өтті. Жиналған қаржы ақылы жолды жыл сайын жөндеуге, жолдарды күтіп ұстауға, ақы алу жүйесінде қызмет көрсетуге және инвесторға төлем жасауға жұмсалады. Тоқ етерін айтқанда, ақылы жолдар өз шығынын өзі жауып, ел бюджетіне алақан жаймайды.

Қазір еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы шамамен 25 мың шақырымды құрайды. Бұл жолдарға қалыпты қызмет көрсету үшін жылына 46 млрд теңге қажет етеді. Әзірше қажетті қаржының жартысы бюджеттен бөлінеді. Бірақ, 2025 жылға қарай барлық қаржы ақылы жолдардан жиналатын болады.

«Ақылы жолдардың құрылысы жол бойындағы инфрақұрылымдарды дамытуды міндетті түрде қамтиды. Бұл дегеніміз демалыс орындары, көлік тұрағы, қонақүйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері.

2024 жылдың соңына дейін барлық республикалық автожолдарда, оның ішінде ақылы учаскелердің маңында 134 заманауи кешен салу үшін «GasEnergy», «ҚазТрансГаз», «Compass», «Sinooil», «PetroRetail» және «М-36» ірі желілік жанармай құю станцияларымен келісімге қол қойылған.

БАҒА МЕН САПА САЙ МА?

Маусым айында Қазақстан бойынша алты мың шақырымға жуық автожол ақылы болды. Ал, жүргізушілер жол ақысын төлеуге наразы. Қазақстанның батыс өңіріндегі жүргізушілер маусым айында өз наразылықтарын ашық білдірді. Наразылық акциясын еліміздің тоғыз облысының жүргізушілері де қолдады. Жүк көлігі жүргізушілерінің негізгі шағымы – жолдар мен инфрақұрылым сапасының төмендігі.

«Сапалы жолға ақы төлеуге дайынбыз. Бірақ, ол ақылға қонымды бағада болса ғана. Youtube желісінен Түркиядағы сапалы асфальтталған сегіз жолақты жолдарды көрдік. Ол жақта мұндай жолдар тегін екен. Ал, сонда біздікілер жолды алтыннан асфальттай ма?!» – дейді ашынған жүк тасымалдаушы Надыржан Әлиев.

Шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев та еліміздегі жолдар сапасына сын айтты.

«Бұған жақында болған жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығы дәлел. Ақылы жолдарды енгізу – әлемдік тәжірибеге сай келетін дұрыс шешім. Үлкен елде бюджет есебінен ғана жол салу мүмкін емес. Сонымен қатар, Қазақстан транзиттен ақша табуы керек. Бірақ, ақылы жолдың сапасы жақсы, жол бойындағы қызмет көрсету деңгейі жоғары болуы қажет. Үкіметтен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды сұраймын», – деді Мемлекет басшысы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Зияткерлік көлік жүйесінің маңызды бағыттарының бірі – ақылы автобандарды енгізу. Жоғарыда айтқанымыздай, еліміздегі мұндай алғашқы жол – «Нұр-Сұлтан – Щучинск» бағытындағы жол. Автожол бірінші техникалық санаттағы нормативтер бойынша салынған. Мұнда басқа жолдармен бір деңгейде қиылыстар жоқ. Бұл жүргізушілердің сапар барысындағы қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ақылы жолдарды пайдалану ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етіп, жол жүру уақытын үнемдеп, жанармай шығынын азайтады.

Ақылы жолдар ұзақ сапар үшін де қолайлы. Себебі, жолаушылардың уақытын үнемдейді. Жол беті әрқашан жақсы болады әрі қыста қар уақытылы күреліп тұрады. Трафикті қызметкерлер бақылап отырады.

Мұндай жүйені енгізудің тағы бір артықшылығы –  жолдардың өзін-өзі қамтамасыз етуі. Жоғарыда айтқанымыздай, автокөлік иелерінен алынатын барлық алымдар ел бюджетіне түсетін салмақты азайтып, жолды күтіп ұстауға кетеді. Сондай-ақ, ақылы жолдар республикалық жолдарға қарағанда әлдеқайда кең жолақты болады.

Рас, ақылы жолдардың көптеген артықшылықтары бар. Дегенмен, біздегі баға мен сапаның сай болмауы ойлантады…

Фараби СӘЙКЕНОВ 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here