Арнайы жоба: «Жамбыл жастары»

0
4922

Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның мәліметінше, өңірдегі жастардың саны 255 мыңды шамалайды. Бұл облыс тұрғындарының 22 пайыздан астамын құрайды. «Qazaq» газеті облыс жастарының тыныс-тіршілігіне арналған «Жамбыл жастары» арнайы жобасын ұсынып отыр.

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН БАСҚАРМА

Облыс жастары арасында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында облыстық, Тараз қалалық және 10 аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан ағымдағы жылдың 8 айында үш бағытта жұмыс жүргізілді.

Отбасын құру кезеңінде жас азаматтарға қолдау көрсету, кеңес беру және ақпараттандыру, жастарды отбасылық өмірге дайындау бағыты бойынша ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, отбасы мүшелері арасындағы қайырымдылық пен бауырмалдық, сыпайылықты үйрету, сонымен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отбасым – бақыт мекенім», «Отбасы – өмір аясы», «Әке – отбасының тірегі, ана – берекесі», «Біз – бақытты жанұямыз» тақырыптарында 97 іс-шара өткізілді. Іс-шараларға 4,7 мың жас қамтылды және 217 жас отбасы кеңес алды.

Ажырасу кезеңінде азаматтарға қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыты бойынша «Жастар зорлық-зомбылыққа қарсы», «Неке және отбасы», «Жастар арасында ажырасу мәселесінің алдын алу», т.б. тақырыптарда 19 іс-шара өткізілді. Оларға 421 жас қатысып, 46 жас отбасымен жұмыс жүргізілді.

Отбасы мәселелері бойынша «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде «Бастау» жұмыс тобы отбасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерін шешу мақсатында 99 отбасының қайта қосылуына ықпал жасады.

Неке және отбасылық құндылықтарды насихаттау және сақтау, ағартушылық жұмыстар жүргізу бағыты бойынша жастар мен жас отбасыларға профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік және өз отбасына деген сүйіспеншілік, шыдамдылық, жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Отбасым – асыл қазынам», «Отбасы – шағын мемлекет», «Қайырымдылық лигасы», «Отбасы және жастар», т.б. тақырыптарда 112 іс-шара өткізілді. Оларға 5 580 жас қамтылып, 81 жас отбасыға кеңес берілді.

Қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстандағы отбасы күніне орай жастар арасында іс-шаралар легі өтті. Мәселен, 4 қыркүйекте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жас отбасылар арасында «Спорт сүйген отбасы» атты облыстық отбасылық сайыс өтті. Іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен белсенді айналысу, балалар мен ата-аналардың бірлескен отбасылық демалысын насихаттауға бағытталды. Қатысушылар шахматтан және эстафеталық жарыстан сынға түсті. Байқау қорытындысы бойынша І-орынды Имашевтар, ІІ-орынды Ильясовтар, ІІІ-орынды Асубаевтар әулеті иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

7 қыркүйекте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында үлгілі аналардың жастармен кездесуі өтті. Отбасы құндылықтарын қалыптастыру мен сақтау мақсатында жаңадан неке қиған жас отбасылар облысымыздың үлгілі, мерейлі, өсіп-өнген отбасыларымен кездесіп, олардың ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алды. Сол күні неке куәліктерін алған жұптар өздеріне өмірлік азық болар парасатты, пайымды әңгіме тыңдап, отбасылық өмірдің алғашқы тәлімін бойларына сіңірді. Оларға неке куәліктерін облысқа танымал дәрігерлер әулеті атанған мерейлі отбасының ұйытқысы, облыстық «Қан орталығының» бас дәрігері, облыстық маслихаттың депутаты Гулам Умаровтың анасы Марифат Азизова, белгілі ақын, Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова, Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, белгілі кәсіпкер, меценат Меруерт Лештаева, «Анаға тағзым» орталығының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали табыс етті. Жиынның алғысөзін сөйлеп, ашып берген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа қазақ отбасының ерекшеліктеріне тоқталып, артықшылығын атап өтті. Ал, психолог, тренер Гүлжан Ибраимова жас отбасылармен арнайы тренинг өткізді.

8 қыркүйекте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Lets Talk форматында блогерлер мен коучтердің қатысуымен студенттер арасында «Сіздің өмірлік ресурстарыңыз» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шарада Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері коуч, кәсіпкер Ә.Қайназарова, психология магистрі, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясының дәріскері Г.Сарытай, СӨС жөніндегі кеңесші В.Усманова, «Fissmart», «Kosmetikmart» дүкендер желісінің иесі, кәсіпкер Р.Беркімбекова отбасылық қарым-қатынас пен мансап, эмоцияларды басқару сынды тақырыптарды кеңінен талқылап, жастарға кеңес берді.

* * *

9 қыркүйекте облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен отбасын жоспарлау және жүкті әйелдер арасында созылмалы аурулардың алдын алу мақсатында «Ашық есік» күні өтті. Кеңес алуға келген қыз-келіншектердің сұрақтарына «Отбасын жоспарлау мектебінің» акушері Г.Баймұханбетова жауап берді.

10 қыркүйекте облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «ZHANUYA» емханасында «Салауатты отбасы – қоғам байлығы» атты кездесу өткізілді. Кездесу барысында емхана мамандары Н.Назарбекова, Ә.Мырзахметова салауатты өмір салты нормаларын ұстану, денсаулығын сақтауға жауапты қарым-қатынасқа тәрбиелеу факторлары туралы айтып, арнайы муляждар арқылы көрсетті.

10 қыркүйекте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Үлгілі жас отбасы» байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі өткізілді. Байқау бір ай бұрын жарияланған болатын. Байқаудың мақсаты – жас отбасының қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру. Байқауға Жамбыл облысында тұратын 11 жас отбасы қатысты.

Байқау екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде қатысушылардың құжаттары мен 2 минуттан аспайтын «Отбасы болу өнері» бейнепрезентациясы қабылданды. Екінші кезеңде отбасы мүшелерінің қатысуымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу, балаларды отбасында тәрбиелеу үшін ата-ананың жауапкершілігі, табиғатқа, жануарларға жауапты көзқарас, туған қаласын (ауылды) абаттандыру тақырыптарының кез келгеніне әлеуметтік ролик түсірілді.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы З.Тұрғынова, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Р.Нұрақбаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа сөз сөйлеп, қатысушыларға марапаттарын табыстады.

Байқау қорытындысы бойынша І-орынмен Мұздыбаевтар (Жамбыл ауданы, 200 мың теңгенің сертификаты), ІІ-орынмен Қарабаевтар (Қордай ауданы, 150 мың теңге), ІІІ-орынмен Бауыржановтар (Шу ауданы, 100 мың теңге) отбасы марапатталды.

Қай елде болмасын мемлекет негізін берік отбасылар құрайды. Өйткені, отбасындағы береке мен бірлік елдің дамуы мен нығаюына да тікелей әсер етеді. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің түп төркінін де осы жерден іздеуімізге толық негіз бар. Ал, Серікбол Берікқожа басқаратын Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының отбасы құндылықтарын өскелең ұрпаққа осылайша дәріптеуі қуантады.

* * *

ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫН ТЕГІН ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН «ЗЕЙІН» ЖОБАСЫ

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» өңірлік жол картасына сәйкес «Зейін» жобасын жүзеге асыруда. Жоба әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін оқытуға арналған.

Қазіргі уақытта облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан ағылшын тілін оқыту курсы ашылды. Курсқа кез келген ниет білдіруші жас әр аптаның бейсенбі күні сағат 18.00-20.00 аралығында Тараз қаласы, Қолбасшы Қойгелді көшесі, №190 мекенжайына келіп қатыса алады.

Сонымен қатар, «Өркен-ниет» қоғамдық қоры «Жарқын болашақ» жобасы аясында 2020-2021 оқу жылында әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан 180 оқушыны тегін ҰБТ-ға дайындады (2019-2020 оқу жылында 80 оқушы).

Аталған жоба аясында қор оқушыларды тек ҰБТ-ға дайындап қоймай, кәсіби бағдар беру және тұлғалық дамытуға аса мән берді. Маусым айының ҰБТ көрсеткіштеріне сәйкес оқушылардың орта баллы 100-ді құрайды.

Сондай-ақ, «Өркен-ниет» қоры Тараз қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен білімге құштар 10-11 сыныптың 160 оқушысы үшін грант тағайындау конкурсын жариялады.

* * *

ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР МАРАФОНЫ

ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес республикамызда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы іске асырылуда.

Марафонның мақсаты – ынтымақтастық, серіктестік, мемлекет пен бизнестің және еріктілердің өзара қолдауына негізделген игі істерді атқару. Бұл – адамдар мен ұйымдарды біріктіретін қайырымдылық қозғалыс.

Жоба аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері мен облыстық, Тараз қалалық және барлық 10 аудандық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен 300-ге жуық іс-шара өтіп, демеушілердің, жастардың көмегімен 3 млн-нан астам теңгеге көмек көрсетілді (азық-түлік себеттері, тұрмыстық заттар, т.б.).

Соның ішінде, 2 қыркүйекте Жуалы ауданында «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында №4 Балалар өнер мектебінің ұжымы жақында жылу жүйесінің жұмыстары жүргізілген көмекке мұқтаж Ұ.Үйсінбаеваның үйіне барып, үй ішін әктеп-сырлау және үйдің төбесіндегі түсіп қалған сайдингтерін қағып, еденін ауыстыру жұмыстарын жүргізді. Қарттың әңгімесі мен ақылын тыңдап, кеңестеріне құлақ түрді.

Атап өту керек, 30 тамызда Ұ.Үйсінбаеваның үйінің жылу жүйесі толығымен ауыстырылған болатын. Жастар сапалы, газ жаққанда үнемді болатын 200 мың теңге тұратын пеш орнатты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұрынғы кіші пештің орнына жаңа үлкен пеш, пластик трубалардың орнына темір трубалар және ішкі жатын бөлменің жылу жүйесі айналдырып қосылды, сырттағы мұржасы ұзартылды.

7-8 қыркүйекте Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ерікті жастары қайырымдылық акциясын өткізіп, қаланың тазалығы үшін еңбектеніп жүрген «Жасыл ел Тараз» қызметкерлеріне алғыс айтып, тәттілер таратты.

8 қыркүйекте Жамбыл ауданы, Аса ауылдық округінде «Шарипов» шаруа қожалығы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 50 қап картоп (әр отбасыға бір қаптан) үлестірді. Іс-шараға ерікті жастар атсалысты. Ал, Талас ауданында 2 және 8 қыркүйекте аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ахай» шаруа қожалығының қолдауымен С.Шәкіров ауылдық округіндегі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар отбасыларға көмек көрсетіліп, әр отбасыға екі бас тоқтыдан берілді. Сондай-ақ, С.Шәкіров ауылдық округінің өз алдына шабындық жерлері бар шаруа қожалықтарының қолдауымен жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға қысқа дайындалған мал азығы берілді. Әр отбасыға шөп ауыл жастарының көмегімен тегін жеткізілді.

Марафон аясында жастар тарапынан мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен тұрмыстық заттар тарату, көмекке зәру адамдардың үй тірлігіне жәрдемдесу, асарлатып үй салу жұмыстарына атсалу сынды игі істер тұрақты өтіп тұрады.

* * *

ҚЫЛМЫССЫЗ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК

 10 қыркүйекте облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл медициналық жоғары колледжінде «Қылмыссыз кемел келешек» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Мақсаты – жастарды қылмысқа жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу және құқықбұзушылықтың алдын алу. Кездесуге Тараз қаласы ПБ инспекторы полиция майоры Д.Маханов, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысының меңгерушісі Р.Усенов қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

* * *

«ӨМІР СЫЙЛА» АКЦИЯСЫ

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы волонтерліктің бір бағыты ретінде «Өмір сыйла» акциясын тұрақты ұйымдастырып келеді. Акция ерікті, өтеусіз қан донорлығын дамытуға бағытталған.

Елді донорлық қанмен, оның компоненттері және препараттарымен қамтамасыз ету – азаматтардың денсаулығын сақтау және төтенше жағдайларды медициналық қамтамасыз етудегі өзекті мәселелердің бірі.

Жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту қан құю көлемінің артуына әкеледі. Осылайша трансплантология, кардиохирургия, онкология қызметтерінің дамуы пайдаланылатын қан компоненттері көлемінің жыл сайынғы ұлғаюын тудырды.

Донорлықты дамыту мәселелерінде қауіпсіз қанның қажетті мөлшерін дайындау үшін донорлардың жеткілікті санын рекруттау проблемасы сақталуда.

Еліміз бойынша жылына шамамен 360 мың қан компонентін құю жүргізіледі. Ауруханалардағы донорлық қанның қажеттілігін қанағаттандыру үшін қан орталықтарына жыл сайын 220 мыңнан астам, яғни күніне шамамен 1000 адам келеді.

Өңірде өтетін акцияға облыстың белсенді жастары мен еріктілер қозғалыстары, жастар үкіметтік емес ұйымдары белсене қатысып келеді. Мәселен, 6 қыркүйекте Тараз қаласында акция кезекті рет ұйымдастырылып, «Jas Otan», «Ақ сұнқар», «Лига волонтер» жастар ұйымдары, ерікті жастар қатысып, облыстық қан орталығында қан тапсырды.

* * *

NEET ЖӘНЕ ПРОБАЦИЯ ТІЗІМІНДЕ ТҰРҒАН ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС

Облыс әкімі орынбасарымен «NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді.

Іс-шаралар жоспарында нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Атап айтқанда, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасына NEET, пробация тізімінде тұрған жастарды жұмысқа тартуды ұйымдастыру (30%), «Бизнес Бастау» жобасы шеңберінде жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту (20%), «Jastarga-kenes» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру («Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Жасыл ел», «Жас кәсіпкер», «Серпін» және т.б.) (30%), қысқа мерзімдік және қайта даярлау курстарына тарту (10%), Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 200 АЕК грант және кредиттерге тарту (10%), облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі түрлі іс-шараларға (мәдени, рухани, спорттық және т.б.) тарту (20%), жоғары және кәсіптік техникалық оқу орындарына мемлекеттік және жергілікті қаржыландыру есебінен оқуға тарту (10%), жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту (жастар тәжірибесі, бос ваканттық, әлеуметтік, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына тарту) (10%) сияқты нақты межелік көрсеткіштер белгіленді.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебінде жастар қатарындағы 711 сотталған тұр. Есепке алған сәттен бастап әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібі түсіндіріліп, бағдарлама толтырылады. Тиісті мекемелерге жолданылып, көмек көрсетіледі. Атап айқанда, психологиялық көмек, қала және аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығымен 3 айлық қысқа мерзімді оқуға жіберіледі, жұмыспен қамтуға және құжаттарын жөндеуге көмек көрсетіледі. Ата-аналары, туыстары және жақындарымен бірлесе қайта қылмыс жасамауы жайлы профилактикалық сұхбаттар жүргізіледі.

Жалпы облыс бойынша а.ж. 8 айында «Jastarga-кеnes» жобасы аясында 529 ақпараттық кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, 10180 жас қатысса, оның ішінде NEET санатындағы 1114, пробация тізімінде тұрған 277 жас («Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Жасыл ел», «Жас кәсіпкер», «Серпін», т.б.) мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес алды.

NEET санатындағы жастарға жүйелі түрде психологиялық, ақпараттық, консультативтік көмек көрсету бойынша 293 іс-шара (фокус топтар, семинарлар) өткізілді. Іс-шараға NEET санатындағы 1013, пробация тізімінде тұрған 218 жас қатысып, көмек алды.

34 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша 84 қоғамдық тыңдау өткізіліп, оған 1456 жас, оның ішінде NEET санатындағы 348, пробация тізімінде тұрған 51 жас қатысты.

«Бизнес бастау» жобасы шеңберінде жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша жалпы 1645 жас, оның ішінде NEET санатындағы 312, пробация тізімінде 16 жас оқытылды.

Қысқа мерзімді және қайта даярлау курстарына 810 жас тартылды, оның ішінде NEET санатындағы 148, пробация тізімінде тұрған 18 жас.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты бойынша грант пен кредит алуға 1553 жас тартылды, оның ішінде 226 NEET санатындағы, пробация қызметі есебінде тұрған 8 жас.

Жоғары және кәсіптік техникалық оқу орындарына мемлекеттік және жергілікті қаржыландыру есебінен оқуға тарту бойынша жұмыстар қыркүйек айына жоспарлануда.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасына 173 NEET санатындағы, пробация қызметі есебінде тұрған 19 жас тартылды.

Облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі түрлі 3805 іс-шара (мәдени, рухани, спорттық, және т.б.) өткізіліп, оған 1860 NEET санатындағы, пробация тізімінде тұрған 323 жас қатысқан.

Ал, 9 қыркүйекте облыстық жастар ресурстық орталығы облыстық Прокуратура, облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Іс-шараға жазасын өтеп шыққан және пробация қызметі есебінде тұрған 35-ке жуық азамат қатысты. Жәрмеңкеде кәсіпорындар, оқу орындары жалпы 10 мекеме 54 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 20 азамат жұмысқа жолдама алды.

* * *

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жастар арасында орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан а.ж. 8 айында жастар арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 152 іс-шара ұйымдастырылып, 63 845-ға жуық жас қамтылған.

Ал, Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Рухани-адамгершілік» бағыты аясында а.ж. 8 айында барлығы 19905 адамды қамтыған 957 іс-шара (қала – 84 іс-шара, 1954 адам, аудан – 873 іс-шара, 17951 адам) өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының жастары арасында өткізілетін ауқымды іс-шаралар жоспары әзірленіп, жалпы саны 50 іс-шара белгіленді. Оның ішінде, 1 халықаралық, 5 республикалық, 24 облыстық, 20 қалалық және аудандық іс-шара өткізу жоспарланды.

Қазіргі уақытта «Тәуелсіздік толғауы – жастардың жарқын қолдауы» атты студенттер мен оқушылар арасында республикалық пікірсайыс турнирі, «Тарихы терең Таразым» атты республикалық квест ойыны, «Желтоқсан жаңғыры» атты түнгі музей, XVІ облыстық жастар Дельфийлік ойындары, «Талас толқындары» атты ашық аспан астындағы акустикалық кеш, «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты жас ғалымдар арасында республикалық ғылыми-практикалық конференция, «Алшы» атты республикалық асық атудан жарыс, облыстық көкпар ойыны, «Қайырымдылық керуені» атты волонтерлік-әлеуметтік жобасы, жас журналистер арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты боулингтен облыстық жарыс, «Taraz hackathon-2021» атты веб-бағдарламашылар арасында республикалық байқауының І-ші, ІІ-ші кезеңдері, «Saulet Taraz» атты республикалық жас сәулетшілер байқауы, т.б. бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, облыста «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық дүкені, «Зейін», «Мен Тәуелсіздік құрдасы ретінде», «Тегін такси», «Атадан алсақ ақ бата», «Тарихтан тағылым», «Қамқорлық қариялардан басталады», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Кітап сыйла», т.б. жобалар іске асырылуда.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан а.ж. мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Рухани жаңғыру» идеясын жастар арасында ілгерілетуге бағытталған кешенді іс-шараларды ұйымдастыру» тақырыбына жұмыстар жүргізіледі.

8 қыркүйекте «Рухани жаңғыру» бағдарламасың «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасын жастар арасында насихаттау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Түркілер әлемі және этногенезис» тақырыбында лекция өтті. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор М.Р.Көпбаева қатысып, жастарға тақырып аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

* * *

ҮЗДІК СӘУЛЕТШІЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жастардың құрылыс және сәулет саласына қызығушылығын арттыру және олардың креативті ойларын іске асыру арқылы қаламызды көркейтуге үлес қосу мақсатында «SAULET TARAZ» атты онлайн республикалық жастар байқауын жариялаған болатын.

Байқауға этно-мәдени, тарихи, экобағыт, ландшафтылық бағыттағы жобалар қабылданды.

Жастар «Көрпеше» атты саябақ, теміржол бекеті, балабақша, көрме орталығы, жоғары комфортты және ыңғайлы жеке тұрғын үй, көпқабатты тұрғын үй, саяжайдағы үй, университет кампусын абаттандыру сынды жобаларын ұсынды.

Қазылар алқасы жобаның сыртқы келбеті, эстетикалық мәнерлігі, көлемдік және түстік шешімі, ландшафттық дизайны, заманауи элементтері, құрылыс материалы, қоршаған ортаға зиянсыздығы сынды өлшемдерге қарап бағалады.

Жалпы 16 жас үміткердің жұмысы сараланып, І-орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері А.Сәтбай, А.Тулебаева, ІІ-орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Д.Ахметова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Б.Ашимова, ІІІ-орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері Д.Есимов пен Э.Орынтаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері А.Каппасов пен С.Жадан иеленді.

Осылайша, Қазақстан архитектурасының келешегі жастар облыс орталығын рухани-мәдени дамытуға үлестерін қосты.

* * *

«БІР ӨЗЕН – БІР ТАҒДЫР» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

3 қыркүйекте Әулиеата өңірінде Тараз қаласының ерікті жастарының қатысуымен «Бір өзен – бір тағдыр» атты халықаралық экологиялық акция өтті. Акцияға Тараз жастарымен қоса Қырғызстаннан келген жастар да атсалысты.

Акцияның негізгі мақсаты – екі елдің ортасында жатқан Талас өзенінің бойын қоқыстардан тазарту, Қырғыз халқымен тығыз байланыс орнату, жастар арасында достық құндылықтарды арттыру.

Акцияның ашылуы «Тектұрмас» этномәдени кешенінен бастау алды. Ашылу салтанатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожаның сөзімен ашылды. Әрі қарай сөз тізгінін Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры А.Есіркепов түйіндеді.

Бұл акция арқылы жастар екі ел арасындағы ынтымақты, сыйластықты, сонымен қатар табиғат байлықтарын қоқыстардан тазартудың мәні, екі елге ортақ болған Талас өзенінің орны мен маңызын көрсете білді. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа табиғат пен су байлықтары қоғам, адамзат үшін орны ерекше екенін айқындады.

Ерікті жастар өзен бойына «Су – тіршілік көзі», «Нұрдың суы – нудың суы» жазбалары жазылған тақтайшалар іліп, қала тұрғындарына судың қастерлі ұғым екенін ұғындырды және оның шексіз, таза болуы тікелей өзімізге байланысты екенін еске салды.

Жиын әрі қарай келген қонақтарды демалыс орталығына апарып, қазақи қонақжайлығымызбен төрімізді ұсынып, ұлттық тағамдардан дәм таттырумен жалғасты. Акцияға белсене қатысқан жастарға Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры А.Есіркепов арнайы алғыс хат және естелік сыйлық табыстады.

Қалада бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл акция алдағы уақытта да кең көлемде ұйымдастырылмақ.

* * *

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ АСАРҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ

 Асар – қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды ауылдастар, руластар арасында бірлесе атқарған харекеттің атауы. Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін ауылдастар мен туыстар асарға шақырылған. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етпеген, асарға шақырушы адам жұмысқа келген адамдарға ас әзірлеп, дастархан жайған. Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытатын, сол ауылдың ауызбіршілігін көрсететін игі дәстүрдің бірі осы – асар.

Осындай игі істердің жалғасы ретінде Жамбыл облысына қарасты аудандардағы елді мекендерде асарлатып үй салынып, аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету және баспаналы болуына ықпал ету және ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін нығайту мақсатында бастау алған «асар» тәсілі арқылы тұрғын үй салу, баспанасын күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынды. 10 ауданның 72 ауылдық округінде 96 нысанда «Асар» жұмысына жұмылдырылған 468 еріктінің 69-ы 17-28 жас аралығындағы жастар.

Мәселен, Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары 8-9 қыркүйекте Ақтоған ауылдық округіне қарасты Қазақдихан және Ақтоған ауылдарында салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстарына барып, асарлатып көмек көрсетіп қайтты.

Жалпы 2020 жылы асар әдісімен Меркі ауданында 13 үй және 1 асхана қолданысқа берілді. 2021 жылы асарлатып үй салу бойынша 13 үй жоспарланып, қазіргі кезде 2 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, мұқтаж адамдарға берілді. Қалған 11 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Келер ұрпаққа сауапты істерді, салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін жан-жақты ұлықтап, дәріптеп айтып жүргеніміз абзал.

* * *

АТАЛАР АЙТҚАН АСЫЛ СӨЗ

Ұлы Абай: «Халық даналығы – қағазға басылып кітап болып шыққан шариғаттан да, анау патша заңынан да асып түспесе кем түспейтін қазақтың қанатты сөздері, мақал-мәтелдері. Халық сол астарлы, ақылды, ұшқыр асыл сөздерімен билік айтып, соны заң деңгейіне жеткізген. Талқыға түскен істерге айтылған билік тапжылмайтын үкім деп есептелген. Ал, қазақ халқының осындай белгілі сөздері, айтқан ойлары, амал не, хатқа түспей, көпшілігі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келді», – дейді. Өте орынды айтылған ой. Бұл жайт бүгінгі күнге дейін еш құнын жоймағаны сөзсіз.

Меркі ауданында қаңтар айынан бастап жастар ресурстық орталығының бастамасымен айына екі рет өткізілетін «Аталар айтқан ақыл сөз» жобасы іске асырылып отыр.

6 қыркүйекте жоба аясында Меркі аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, Жамбыл ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Медербек Өзбековпен кездесу өтті.

Кездесу барысында М.Өзбеков «Адам баласы өмірде қандай кезең, қандай заман, қандай кез келсе де ұрпақ қамын, оның тәрбиесін бір сәтте де ұмыт қалдырған емес. Өйткені әркім өзі өмірге әкелген ұрпағына ғұмырының жалғасы, болашағы ретінде қарайды. Ұрпақ тәрбиесіне отбасында ғана емес, қоршаған ортада, қоғамда да аса көңіл бөліп, сөзден алшақ, көңілден жырақ, көзден таса ұстауға болмайды. Жас шыбықты қалай исең, солай майысып, қисық қалыптасады», – деп өнегелі ойларын, жастарға ақыл-кеңесін айтты.

Жастар тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылып, жақсы жауаптар алды. Сөз соңында атамыз жастарға өз батасын берді.

* * *

ЖАСТАР АРАСЫНДА ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

28 тамызда Байзақ ауданы, А.Суханбаев атындағы саябақта «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында жастар арасында діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінің алдын алу бағытында «Біз терроризм мен діни экстремизмге қарсымыз!» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Оған облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы А.Сәрсенбаев, аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Р.Азизов қатысты. Іс-шарада жастар 4 топқа бөлініп, 2 топтың жастары діни экстремизм мен терроризмнің белгілерін анықтаса, қарсы 2 топтың жастары діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында қандай жұмыстар мен іс-шаралар ұйымдастырылуы қажеттігін ортаға салып, жастардың діни сауатылығына, имандылыққа көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Спикерлер жастарға әлеуметтік желілерде сақ болуын, қазіргі таңда «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасымен «Вконтакте» әлеуметтік желісінде деструктивті діни топтарға тіркелуі анықталған азаматтармен жеке сұхбат жүргізіліп, тыйым салынған топтардан шығарылғаны туралы және осы сала бойынша ауданда 18 мобильдік топ жұмыс жасайтынын жеткізді.

* * *

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

28 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы Жамбыл облысы альпинизм федерациясы және «Геккон» спорттық-туристік клубының қолдауымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік шыңы» атты спорттық-туристік альпиниадасын ұйымдастырды.

Мақсаты – елімізде туризм саласын дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

13 адамнан тұратын альпинистік топ Жамбыл облысына қарасты Т.Рысқұлов ауданының Қырғыз Алатауының батысында орналасқан биіктігі 3 700 метрді құрайтын «Шал тауы» шыңының маңына келіп тоқтады. Жастар шыңға «Тәуелсіздік шыңы» деген атау берді. Бағындыру барысында топтың ұсынысымен Шал тауының 3 200 метр биіктігінде орналаскан «Шал су» көлі тамашаланды. Шыңды бағындыруға қатысқан 5 жасқа «Қазақстан Республикасының альпинисі» төсбелгісі табысталды.

* * *

«ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНИ АҒЫМДАР» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Адамның ақылына, санасына сыймайтын миссионерлік, секталық ұйымдардар жастардың санасын улап, тура жолдан тайдырып, бұрыс жолға алдап түсіріп, өз мақсаттарына пайдаланып, исламға қара күйе жағуда. Әрине бұл жастардың болашағына қам жейтін ата-аналарды, мұғалімдерді, тәрбиешілерді, біздің қоғамды ойландырмай қоймайды.

Осы орайда, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және аудан жастарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында 8 қыркүйекте Жуалы аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылында орналасқан №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында «Дәстүрлі емес діни ағымдар» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Кездесуге мекеменің инспектор-теологы Р.Абделиев қатысып, жастарға түсіндірме жұмыстарын жасап, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетті.        

Жастар салт-дәстүрдің діндегі орны, дәстүрлі емес діни ағымдардың дәстүрлі діннен айырмашылықтары туралы сұрақтар қойып, тұшымды жауаптарын алды.

* * *

«СПОРТ – СЕНІҢ СЕРІГІҢ» АТТЫ КІШІ ФУТБОЛ ОЙЫНЫ

Жақында Қордай аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Спорт – сенің серігің» атты ауыл жастары арасында кіші футболдан жарыс өтті.

Жарысқа барлығы 10 команда қатысты. Тас-түйін дайындықпен келген барлық құрама командалардың ойыншылары бар шеберліктерін көрсетті.

Қызу тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша І-орынды «Аухатты-1» командасы, ІІ-орынды «Аухатты-2» командасы және жүлделі ІІІ-орынды «Сортөбе жастары» командасы иеленді. Сонымен қатар, ойында белсенді өнер көрсеткен құрама командалардың ойыншылары Алғыс хаттармен марапатталды. Жүлделі орын иегерлері ұйымдастырушылардың дипломдары және бағалы сыйлықтарына ие болды.

* * *

ЖАСТАР САНАСЫН ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯДАН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

8 қыркүйекте Мойынқұм ауданында «Жастар санасын деструктивті діни идеологиядан қорғау» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Орталықтың аға инспектор-дінтанушысы Ж.Қадырқұлова дін атын жамылған деструктивті ағымдардың айқын бейнесі мен негізгі мақсаты жастарға айтып, деструктивті діни ағымдардың қоғам мен адамзат өміріне әкелер зияны, олардан қорғану жолдары ұғындырылды.

Бүгінде статистикалық мәліметтерге көз жүгіртіп қарайтын болсақ, дінге аңсары ауып қызығушылық білдірушілердің 70 пайыздан астамы өзіне керекті мағлұматтарын интернет ресурстарынан алатыны белгілі болған. Сондай-ақ еліміздегі дінге бет бұрушылардың басым бөлігі жастар дейтін болсақ, артық айтқан болмаймыз. Бұл дегеніміз рухани азық іздеген жастардың басым көпшілігі өзіне керекті діни ақпарат көздерін интернет желілерінен алатындығын көрсетеді.

Жер жаһанға өзінің жаңа мүмкіндіктерін ала келген әлеуметтік парақшалар, видеохостингтер, ғаламтор сайттары екінші жағынан жер жүзіне жаңа қауіптердің туындауына себеп болуда. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белснді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген деструктивті діни топтар пайда болып, дін атын жамылып, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалып жатқандығы жасырын емес.

«Құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» мағынасын беретін деструктивті діни топтардың, жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар, психологиялық құлдырауда жүрген, сондай-ақ діни иммунитеті қалыптаспаған жастарды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Деструктивті және радикалды діни ағымдар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ: әрбір шаңырақта өшпенділік пен алауыздық отын тұтату, қоғамдағы ауызбіршілікті жою, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу, сол арқылы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру.

Деструктивті ұйымдар жүргізіп жатқан қызмет шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай ұйымдардың әрекеттері дінге, діндарлар қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс ретінде бағаланады.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Бұл орайда, дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жолы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту.

Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

Осындай түсіндірме айтылған кездесуде жастар өз сауалдарын жолдап, белсенді қатысты.

* * *

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

3 қыркүйекте «Мойынқұм адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Мақсаты – жастарға жағымсыз әлеуметтік құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін зиянын түсіндіру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

Іс-шарада жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жалпы облыста парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша 2021 жылға арналған кешенді жоспар бекітіліп, жастар арасында іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. Жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыстық жас көшбасшылар пулы қалыптастылды.

Жоспарға сәйкес 25 тамызда Талас ауданында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жастармен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа, Талас аудандық мәслихатының жас депутаты Н.Манатбеков қатысты.

Сондай-ақ, 25 тамызда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Меркі ауданында «Саналы Talks» жобасы аясында адамгершілік дағдыларын ілгерілету мақсатында жас көшбасшылар мен белсенді жастардың қатысуымен ТЕDх форматында интеллектуалдық кеш өтті. Іс-шараға «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы «Jas Otan» Жастар қанатаның төрағасы, облыстық мәслихаттың жас депутаты У.Болатбек қатысып, ой бөлісті.

* * *

ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНДАРЫ

Көкпар – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30 келідей келеді. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.

Соңғы жылдары жұртшылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында көкпар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып келеді.

Сондай дүбірлі бәсекенің бірі 3 қыркүйекте Тұрар Рысқұлов ауданының Ақбұлақ ауылында өтті. «Ұлы дала дүбірі» атты көкпар ойынында «Үздік шабандоз» атанған Жалғас Оразақ, «Тас қамал тақым» атанған Рысқұл Малдыбай, «Көрермен көзайымы» атанған Ерік Маман салтанатты түрде марапатталды. Сондай-ақ, Ақбұлақта қазақ елінің белгілі атбегісі Қарабай Саухымбекұлы Молдабаевпен «Атқа міну мәдениеті» тақырыбында сұхбат құрылды. Сұхбат жастар үшін өте қызықты болды.

* * *

ЖАСТАРҒА КЕҢЕС БЕРУ АЛАҢЫ

9 қыркүйекте Талас ауданына қарасты Қаратау қаласының «Балалар қалашығында» ашық аспан аясында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес беру алаңы» өтті.

Іс-шараға Талас аудандық орталық аурухананың, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысып, 100-ге жуық жасқа кеңес берілді. Жастар өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, оған толыққанды жауап алды. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз грант, емханада тегін емделу, жоғары оқу орнына грантқа түсу, бос жұмыс орындары мәселелері қозғалды.

Жалпы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жергілікті жерлердегі жастар ресурстық орталықтары жастарды ақпараттандыру және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында «Jastarga-kenes» жобасы аясында онлайн, офлайн негізде жүйелі түрде кеңестер беріп, бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді.

Кеңес беру алаңдары халық көп шоғырланған жерлерде, «Ауыл-береке» орталық базары, «Корзинка», «Аватария» дүкендер желісінде тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар, «Түнгі кеңес беру алаңдары» жұмыс жасайды.

Кеңес алушыларға мемлекеттік қолдау тетіктері, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, тұрғын үй, жер және салық мәселелері, «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Жасыл ел», «Жас кәсіпкер», «Серпін» және т.б. бағдарламалар бойынша кең ауқымды ақпарат беріледі.

Жалпы, биылғы жылдың 8 айында «Jastarga-kenes» жобасы аясында өңірде 16 279 адамды қамтыған 618 іс-шара өткізілген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here