Қоянды жәрмеңкесі

0
6647

Алматыдағы Республикалық мемлекеттік мұрағатта өте мол, халқымыздың тарихын терең зерттеуге мүмкіндік жасауға көмек беретін құнды құжаттар жеткілікті. Республиканың астанасын Орынбордан Алматыға ауыстырғанда 1926 жылы көреген, нағыз патриот ағаларымыз ондағы ғажап құжаттардың түпнұсқасын толығымен көшіріп әкелген екен. Кейбіреулер ойлағандай көшірмесі емес, құжаттардың нағыз түпнұсқасын әкелген. Біраз ғалымдар шындықты білмегеннің кеселінен Орынбордың мұрағатына барып, алтын уақыттарын, ең бастысы қаржыларын шығындауда. Сол кездегі республиканың басшылары мүрағат ісіне жауапкершілікпен қараған. Мен осыдан 21 жыл бұрын (1999-2001) осы мұрағаттың құжаттарын екі жылдан артық отырып қопардым. Сол кезде атақты Қоянды (Ботов) жәрмеңкесі туралы деректерге кездестім.

Қазақ даласында аса маңызды жерлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Жәрмеңке Патша үкіметінің арнаулы қаулысымен ашылып, оның жұмысын бақылауда ұстаған. Мына төмендегі Қарқара (Жетісу облысы) мен Қоянды-Ботов жәрмеңкелері туралы деректермен танысыңыздар (қор 94, тізім 1, іс 2380).

1893 жылғы Қарқара жәрмеңкесі сауда айналымының көрсеткіші туралы мынадай құжат бар. Онымен 7 адам танысыпты.

Дала генерал-губернаторының кеңсесі

1892 жыл, 1 маусым

Дала генерал-губернаторы мырзаға!

 

ІІМ Семей облысының

әскери генерал-губернаторы –

шаруашылық бөлімі.

стол 1, 23 мамыр, 1892 жыл. 

№8278. Верный.

Қарқара жәрмеңкесі туралы ұсыныс.

Қарқара өзенінің Жаркент өңірінде жылда сауда жасау үшін Верныйдан, Ферғанадан, Жаркенттен, басқа жерлерден 200-ге тарта шаңырақ қанат жайды. Олар жабағы, тағы басқа да малдарды сатып алуға келеді. Сауда айналымы өте қызу және ұзақ мерзімге өтеді. Саудагерлер бұл жерде жәрмеңке өткізуге 2 ай уақыт беруін сұрайды. Сауданы Нарынқол бөлімшесінің бастығы бақылап отыруға қолайлы. Оның орналасқан жері Қарқарадан 50-60 шақырымдай.

Заңның 558  статьясы 2 пунктіне байланысты, Жоғары мәртебелі мырза, осы жерде жәрмеңке өткізуге рұқсат беруіңізді өтінеміз. Осы мәселе туралы, Сіздің Жоғары мәртебелім, Бас штаб арқылы хабарлауыңызды тілейміз.

Генерал-майор Иванов, инженерлік полктің бөлімше басшысы;

Полковник Корольков; іс жүргізуші Моисеев.

Қарқара жәрмеңкесі туралы басқа құжаттар кездескен жоқ.

Енді Қоянды-Ботов жәрмеңкесіне тоқталайық. Бұл жәрмеңке қазақ даласында ертеректе ашылған. Әрі Ресейдің қазақ-өзбек елдерімен сауда жасау арқылы олармен қарым-қатынас жасауға үлкен маңызы болды. Сауда көлемі де үлкен. 1891 жылдың өзінде сол кездің өлшемімен есептегенде 1 миллион  сомның саудасы жасалса, оны бүгінгі бағамен есептегенде 20 миллиард теңгеге бағалауға болады. Мысалы, ол кезде 1 қой – 2 сом болса, бүгінде 30 мың теңге, 1 жылқы – 10 рубль болса, бүгінде 250 мың теңге.

Төмендегі деректерге көңіл бөлейік.

1891 жылы Қарқаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесіндегі малды сату кезіндегі табыстарды есептегенде төмендегідей болған екен:

Семей облысының әскери генерал-губернаторы облыстық басқармасына.

(403-бөлімшеде, стол 1, 1891 жыл, 6 наурыз, №1406. Семипалатинск)  

Семей облыстық басқармасының журналында мынадай тізімдер көрсетілген баянат жатыр. Түпнұсқасында «бекітілді» деп жазған. 1891 жылы 22 ақпан. Губернатордың міндетін атқарушы, вице-губернатор Н.Петухов.

Қарқаралы уезінің басшысы Ботов жәрмеңкесінде алдағы жылы мал саудасынан түсетін табыс пен шығындардың сметасында табысты 1 732 рубль 28 тыйынға жоспарлаған. Ал, шығындар туралы былай депті:

  1. 25 атты полицейлерді қамтамасыз ету үшін – 375 рубль.
  2. Жәрмеңке әкімшілігін, полицейлерді, қызметкерлер тұратын, уақытша пошта-телеграфты орналастыруға, қамау бөлмелеріне арнап 25 киіз үйлерді жалдау үшін – 222 рубль.
  3. Малдан түсетін табыстардың бір бөлігін жәрмеңке құжаттарын толтыру кезіндегі еңбегі үшін полиция бөлімшесінің басшыларын марапаттауға – 125 рубль.
  4. Кеңсенің басқа да шығындары мен хат жазушыны жалдағаны үшін – 50 рубль.
  5. Басқа да жоспарланбаған, бірақ қажеттіліктен жұмсалған шығындарға –100 рубль.
  6. Жәрмеңкенің сыртында іздеу жұмыстарын жүргізетін атты іздеушілерге –100 рубль.

Барлығы – 972 рубль.

Анықтама:

1890 жылғы смета бойынша жәрмеңке жұмысын қадағалауға 677 рубль жоспарланған. Тағы да мыналар жоспарланды:

  1. Жәрмеңкенің 25 адам әкімшілігіне, басқа да адамдар отыратын орындарына – 162 рубль.
  2. Жәрмеңке құжаттарын беріп, малға алым жинағаны үшін полиция басшыларына ақы төлеу – 100 рубль.
  3. Кеңсе шығындарына – 15 рубль.
  4. Жоспарланбаған шығындарға – 100 рубль.
  5. Биылғы жылғы сметада шығындар бұрынғыдан артық есептелген – 298 рубль.

Сол сомаға қысқартуымыздың себебі мынада:

  1. Полиция қызметкерлеріне еңбекақы 12 рубльден 15 рубльге жоғары есептеліпті. Бұл жұмысқа беделді адамдарды алу ниетімен жасалған.
  2. Полиция бөлімшесінің басшысына сыйлықақы көбейтілді, себебі олардың жұмыстарындағы қиындықтары ескерілді.
  3. Кеңсе шығынының көп жоспарлану себебі оның жұмыстарында да қиындықтар көп. Ол жерде сауатты мамандар еңбек етулері қажет.
  4. Жәрмеңкеге түкпір-түкпірден келетін адамдардың ішінде ұрылар да болады. Оларды іздеп табу оңай іс емес. Соған байланысты қаржы бөлінді.

Облыс басқармасының кеңесшісі Малеевтың 1890 жылы жазған хатындағы ұсынысы дұрыс емес. Өйткені, жәрмеңкенің шығынын жыл сайын қысқарту олардың әдісі. Жылдан жылға шығынның көбейе түсетінін біле тұра шығынды қысқарту қажет дегенді әдетке айналдырып алған.

Жоғары мәртебелім, 1878 жылы 7 ақпанда мемлекеттік дума бекіткен заңға сәйкес жәрмеңке жұмыстарының қиындықтарын ескере отырып, уезд бастығы берген смета бекітілсін деген бұйрық берілді. Айтылған ескертулерді ескеріп, қорытынды жасап, оны облыстық басқарма қарап шығып, әскери генерал-губернатордың міндетін атқарушыға бекітуге ұсынсын. Оның көшірмесін Дала генерал-губернаторына жіберсін. Тағы бір көшірмесін тексеру палатасына жіберсін. Бекітілген түпнұсқасын Қарқаралы уезд басқармасына тапсырсын.

Түпнұсқаға қол қойғандар:

Төраға үшін кеңесші В.Маеевский;

Кеңесші Шимкин;

Кеңесшінің міндетін атқарушы Броскуряков;

Кеңесші үшін Зверев.

Қоянды жәрмеңкесіне жан-жақтан әкелінген тауарлар туралы деректер де бар. Мына төмендегі 11 жылдық сауданың қорытындысына берген талдауға қарағанда Қоянды-Ботов жәрмеңкесі 1879 жылы құрылған. 1880 жылдан жұмыс істей бастаған. Мұрағаттағы құжаттарда мынадай баянат кездесті. Онда былай депті:

«Қарқаралы-Павлодар трактомының бойында, Талды өзенінің жанында Қарқаралы уезіне қарасты Қоянды-Ботов жәрмеңкесі Қоянды стансасында жылда 15 мамырдан 15 маусымға дейін жұмыс істейді. Қоянды жәрмеңкесі биыл кеш ашылды. 30 мамырда ашылды. Мануфактуралық, темір тауарлары және кең даладан әкелген шикізаттар сатылды. Мал саудасы тек маусымнан басталды. Арықтаған малдарды жәрмеңкеге кеш әкелді. Көптеген мал өсірушілер Томск арқылы малды айдап өткізуге тыйым салғандықтан, арық малдарды сатып алмай қайтып кетті. Сатып алған аздаған малдарды Семей облысы жерінде тойындырып алмақшы болды. Ақшаға сатып алушылар жоқ болғандықтан, мал иелері оны қарызға берді. Ақысын келесі Ишим, Ирбит, Ботов жәрмеңкелеріне дейін төлейтіндей келісімге келді. Сондай-ақ, мануфактуралық тауарлармен айырбастасты. Бұл көпестерге пайдалы болып есептелді. Сондықтан көпестер жәрмеңке аяқталған соң өздерінің сенімді өкілдерін киіз үйлерімен мануфактуралық тауарларды Қапал, Сергиопол, Верный уездеріне жіберіп отырды. Олар қойларды, басқа да малдарды айырбастап, көпестер жылына 1  миллион табыс тауып жүрді. (Бір қой – 2 рубль болса, бүгінде семіз қойлар 50 мың теңге тұрады, бұл табыс 500 мың қойдың мөлшерінде, бүгінгі курспен 25-30 миллион теңгемен тең, – Б.Н.). Көпестердің сенімді өкілдері қырғыздармен (қазақтармен, – Б.Н.) бірге көшіп жүріп сауда жасайды. Ботов жәрмеңкесі арқылы Танчыға немесе дала арқылы Әулиеата жәрмеңкесіне көктемдегі саудаға барады.

Осы себепті ірі мал өсірушілер табыстарынан майлы тағамдарын Ресейдің базарларына сату мүмкіндіктерінен айырылды. Қоянды жәрмеңкесіне орасан зор зиян келтірді. Ірі мал өсірушілер Ботов, Колосов, Жиряков және Скажутиндер бұрын әрқайсысы 50 мың қойдан сатып алса, енді олар жәрмеңкеге барудан қалды. Саудаға өздерінің сенімді өкілдерін жібере бастады. Ботов пен Колосовтың сенімді өкілдері осы жылғы жәрмеңкеде біріншісі 13 700, соңғысы – 6 000 қойларды және 600 бас ірі қара малды сатып алды. Қалғандары Қоянды жәрменкесінде мал сатып алуды тоқтатты. Мына төмендегі кестеден соңғы 11  жылғы табыстарды көруге болады.

Период Пригнано Продано
Барановъ Рогатого Лошадей Верблюдовъ Барановъ Рогатого Лошадей Верблюдовъ
01 Въ 1880 году 256 033 8 107 1 111 20 256 033 8 107 1 111 15
02 1881 198 261 9 103 356 24 198 261 9 103 256 17
03 1882 192 591 6 858 550 22 192 591 6 658 530 22
04 1883 202 083 1 523 456 20 202 083 1 523 456 20
05 1884 187 371 3 478 150 31 177 371 3 478 150 31
06 1885 300 000 11 000 2 000 90 84 174 9 962 222 56
07 1886 320 000 12 000 1 200 80 129 222 4 516 379 3
08 1887 350 000 7 000 900 75 173 906 4 071 234 34
09 1888 320 000 6 500 1 100 60 218 000 4 635 273 39
10 1889 270 000 6 200 2 000 50 160 000 3 090 316 5
11 1890 120 000 8 400 1 200 40 93 123 6 450 68 8
Въ отчетномъ 1891 г. 150 000 10 000 800 100 99 711 3 925 163 4

 

Бұл кесте бойынша соңғы 3 жылда 1880-1888 жылдарға қарағанда (1885 жылдан басқа) мал саудасы тез төмендегені көрінеді. Ол жәрмеңке маңызының жоғала бастағанын аңғартады. Жоғарыдағы көрсетілген сандар басқадай қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Ол кездейсоқ жағдай емес. Ірі қара мал осы жылы  жылдағыдан екі есе аз сатылды. Оның басты себебі – малды айдап өтуге тыйым салынғаннан кейін олар жәрмеңкеден қайтып кетеді. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал – 2 525 бас, түйе – 4 бас кем сатылды. Қойлар – 6 588 бас, жылқылар – 95 бас кем сатылды.

Ботов жәрмеңкесіне малдар Қарқаралы мен Павлодар уездерінен әкелінді. Ал, көпшілігі Жетісу облысының Қапал, Верный, Сергиопол уездерінен әкеледі. Жәрмеңкеге айдап әкелген малдар:

Түйелер – 100 бас 2 000 рубльге;

Жылқылар – 800 бас 14 400 рубльге;

Ірі қара мал – 3 925 бас 39 200 рубльге;

Қойлар – 99 711 бас 209 393 рубльге;

Барлығы – 251 657 рубль.

Малдардың орташа бағасы:

Түйе – 20 рубль;

Жылқы – 28 рубль;

Ірі қара  мал – 10 рубль;

Жетісу қойлары – 2 руб. 20 коп.;

Жергілікті қойлар – 2 рубль.

Өткен жылдармен салыстырғанда малдың құны да төмендеп кетті. Сол себепті сауданың басым көпшілігі несиеге беру арқылы жүргізілді. Ал, кейбіреулері басқа тауарларға айырбастады. Бұл екеуі де саудагерлерге пайдалы емес-ті. Сол себепті малдардың көпшілігі сатылмай қолдарында қалды. Ботов жәрмеңкесінде сатып алынған малдар Петропавл, Павлодар, Омбы, Ташкент қалаларына союға жіберіледі. Томск губерниясына тек қана бір гурт ірі қара мал жіберілген – 600 бас, 6 600 қойлар. Оларды Қоянды жәрмеңкесінде жалданған 4 бақташылар күзетіп отырады. Сатуға әкелінген басқа тауарлар – шаштар, түйе жүндері, қой терісі, шикі терілерді 189 627 рубльге әкелген. Жәрменкеде барлығы да сатылды. Есеп беріп отырған жылы жәрмеңкеде бұл тауарлар өте жақсы саудаланды. 1886 жылдан бергі бағамен есептегенде мынадай болды:

1886 жылы сатылғаны – 90 550 рубль;

1887 жылы сатылғаны – 94 130 рубль;

1888 жылы сатылғаны – 78 320 рубль;

1889 жылы сатылғаны – 103 620 рубль;

1890 жылы сатылғаны – 91 700 рубль;

1891 жылы сатылғаны – 189 627 рубль.

Жоғарыдағы көрсеткіштер енді мал шаруашылығымен шұғылданатындардың сауданың негізгі түрі шикі заттар екендігін түсінгендіктерін білдірді. Қойды тірідей сатқаннан, оның етін сату пайдалы болды. Жабағы сату, түйе жүнін, жылқы қылын және басқа да тауарлар сауданың басты түріне айналды. Қоянды жәрменкесіндегі тауарларды Ресей көпестері шет елдерге сататын болды. Енді сырттан әкелінген тауарлар және сатылғандары мынадай болды:

  Әкелген Сатылған
Мануфактуралық, бакалейлік тауарлар 8 223 000 рубль 337 740 рубль
Темір, мыс және шойыннан жасалған заттар 29 800 рубль 27 450 рубль
Иленген терілер 37 270 рубль 27 750 рубль
Азиат тауарлары 84 900 рубль 30 700 рубль
Бидай ұны 6 500 рубль 6 500 рубль
Сұлы 250 рубль 250 рубль
Май 100 рубль 100 рубль
Шаруа заттары 1 600 рубль 1 000 рубль
Басқа тауарлар 1 000 рубль 700 рубль

 

Бұл тауарлардың құны бұрын әлдеқайда қымбат болған. Өйткені, ол кезде  олармен бәсекеге түсе алатын саудагерлер әлі жоқ еді. Бұл тауарлар Орынбор, Томск, Тобол губернияларынан, сондай-ақ біразы Ақмола және Семей  облыстарынан әкелінді.

Барлық сауда түрлерін қорыта келгенде, Қоянды жәрменкесінің мынадай сандарына көзіміз жетеді:

Сатуға әкелген тауарлар  – 981 370 рубль;

Сатылғаны  – 428 540 рубль;

Сатуға әкелінген малдар, түйе жүні, жабағы, басқа да тауарлар – 621 027 рубль, оның сатылғандары – 441 284 рубль.

Жәрмеңкеге әкелінген барлық тауарлардың құны 1 602 397  рубль, ал сатылғаны – 869 824 рубль. Өткен жылғыдан сатуға әкелінген тауарлар биыл 157 797 рубльге көп болды, ал сатылғаны 19 094 рубльге көбейді.

Жұқпалы ауру байқалған жоқ. Жетісу сияқты облыстардан айдап әкелген қойлардың ішінде ақсағандары болды. Ветеринарлық емдеудің арқасында олар емделді.

Кеңсе басқарушысы (қол)

Аға көмекші (қол)

Кіші көмекші (қол) В. Асанов».

Бұл қазақ жерінде сауданың қызу жүргенінің бір тарихы.

Болатбек НӘСЕНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here