Қазақ даласында кіндік қаны тамған ғарышкерлер

0
4452

«Байқоңыр» – әлемдегi ең үлкен ғарыш айлағы. Ол – Қазақстанның әлем алдындағы көрсетер ұлттық брендiне айналғанына да 60 жыл толып отыр. Ғарыш айлағы тек ұлттың беделiн ғана емес, ол бiздiң бәсекеге қабiлеттi елдiгiмiз бен әскери потенциалымыздың күш-қуатын да айқындайды. 50-шi жылдардан бастап түрлi ғарыш аппараттары ұшырылып, 60-шы жылдардан құрамында адам басқаратын ғарыш кемесi ұшырылған кезден берi 200-ден астам ғарышкер ұшырылыпты. Осы кезден бастап елiмiзде ғарышкерлердiң жаңа толқыны да өсiп шығыпты. Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанның үш батыр-ғарышкері бар. Олар біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық мақтанышымыз! Бүгін біз  өз ұлтымыздан шыққан үш ғарышкерді таныстырудан гөрі, олармен  мақтанатынымызды айта отырып, елімізден тысқары, өзге елде тұрып жатқан жерлестеріміз туралы айта кеткенді жөн санадық. Олардың арасында Қазақстанды туған Отаным деп санайтын космонавтар да бар. Оларды бiз ұмытсақ та, тарих ұмытпақ емес. Бiз бүгін Ғарышкерлер күнінде солардың ғарыш кеңiстiгiнде алар орны туралы айтып кетудi жөн көрдiк.

Владимир Александрович Шаталов

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТI АЗАМАТЫ

1979 жылы осы жолдардың авторына Қазақ ұлттық университетiнiң студентi ретiнде Мәскеу маңындағы Бүкiлдүниежүзiлiк студент жастардың   Смоленск облысының Гагарин (бұрынғы Гжатск) қаласында өткен форумына қатысу бақыты бұйырды. Кеңестiк жүйенiң идеологиялық тәртiбiмен өткiзiлген Жастар форумына 15 Одақтас Республикамен қатар Батыр қалалардан және  социалистік  лагерьдегі елдерден студент отрядтары қатысты. Форумның ашылар салтанатына КСРО-ның барлық ғарышкерлері қатысып, сөз сөйледi. Сол күнi Гагариннiң мұражайында болған ғарышкерлермен кездесуде бiздiң өз жерлесiмiз Владимир Александрович Шаталовпен дидарласуымыз көңiлiмiзге қуаныш ұялатты. Енді оны өз ретімен баяндайық.

Владимир Шаталов – қазақстандық ең алғашқы ғарышкер-ұшқыш.    Бiрақ, ол бұл атаққа ие емес. Қазақстанда тумаса да бұл атаққа Юрий Маленченко ие болған. №3 қазақстандық ғарышкер-ұшқыш атағына ие болған Маленченко Қазақстанның Халық қаһарманы (1995) атағын да өзгелерден бұрын алды. Оның өзiндiк себептерi де болуы мүмкiн.

№3 ғарышкер-ұшқышымыз – Владимир Шаталов 1927 жылы 8 желтоқсанда Солтүстiк Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында дүниеге келген.

1943 жылы Петропавлда 8 сыныптық мектептi бiтiрiп, Қарағандыға эвакуациямен көшiрiлген Воронеж әскери-әуе күштерiнiң арнаулы мектебiне түсiп, осында орта бiлiм алып шығады. Осы жылы №8-шi Әскери ұшқыштар мектебiнде бiлiмiн жетiлдiрiп, Качинскiдегi әскери училищеге түседi. 1956 жылы КСРО Әскери әуе күштерi академиясын үздiк бiтiрiп, өз мамандығы бойынша түрлi қызметтер атқарады. Эскадрилия командирi, Әуе полкы командирiнiң орынбасары, Одесса әскери округында нұсқаушы-ұшқыш, Әуе   күштерi қолбасшысының көмекшiсi қызметтерiнде болады. 1972 жылы Гагарин атындағы орталық Әскери әуе күштерi академиясында ғылым кандидаттығын қорғайды.

Генерал-лейтенант әскери атағы бар. 1987-1991 жылдары Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығының бастығы қызметтерiнде болды.

Ғарышқа ұшуға дайындық тәжiрибесi кезiнде екi мәрте апатты жағдайда жерге қонған, 100 рет парашюттен секiрген. МиГ-21, Ил-14, Ту-104 ұшақтарымен ұшып, өзiн тәжiрибелi ұшқыш ретiнде көрсеткен.

Владимир Шаталов ғарышқа үш рет ұшқан. Алғаш рет 1969 жылы 8 тамызда «Союз-4» ғарыш кемесiнiң командирi ретiнде ашық космосқа шығып, «Союз-5» кемесiмен түйiсiп, ғарышкерлер Евгений Хрунов және Алексей Елисеевпен жерге оралған.

Екiншi рет 1969 жылы 13 қазанда «Союз-8» ғарыш кемесiнiң командирi ретiнде Алексей Елисеевпен бiрге ұшқан.

Үшiншi рет 1971 жылы 23 сәуiрде «Союз-10» кемесiнiң командирi ретiнде ғарышкерлер Алексей Елисеев және Николай Рукавишниковпен ұшып, әлемде тұңғыш рет орбиталық «Салют» станциясымен түйiстiру практикасына iс жүзiнде қол жеткiзген.

Владимир Шаталов – әлемдегi ғарыш кемелерiн қолмен басқару арқылы түйiстiру тәжiрибесiн жасаған тұңғыш ғарышкер. Екi мәрте КСРО-ның батыры. Оның атымен Айдағы кратер аталған. Ғарыш тақырыбына арналған бiрнеше кiтаптың авторы. Қарағанды қаласының Құрметтi азаматы.

Виктор Иванович Пацаев

ҒАРЫШКЕР-ЖУРНАЛИСТ

Ғарышкерлер отрядына қабылданған екiншi бiр жерлесiмiз – Виктор Иванович Пацаев.

Виктор Пацаев – 1933 жылы 19 маусымда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Орта мектептi бiтiрген соң, Пенза индустриалды институтына түсiп, Орталық аэрологиялық обсерваторияда қызмет еткен. Метеорологиялық ракеталар құрылғыларын жасайтын кострукторлық бюрода қызмет атқарған. 1968 жылы ғарышкерлер дайындайтын орталыққа қабылданып, оның толық курсынан өткен. 1971 жылы 6 тамызда «Союз-II» ғарыш кемесiнде және «Салют-1» орбиталық станциясында сынақшы-инженер ретiнде ғарышқа ұшқан. Ұшу сапары 23 тәулiк 18 сағат 21 минут 43 секундты құраған. Космоста орбиталық станция жүйелерiн тексеру бағдарламасын толық орындаған.

Құрамында ғарышкерлер Г.Добровольский, В.Пацаев, В.Волков бар «Союз-II» ғарыш кемесі Жерге қонуға 150 шақырым биiктiкте ашық космоста қаза тапқан. Ғарышкерлердің бәрiне Кеңестер Одағының Батыры атағы берiлiп, Қызыл алаңда жерлендi.

Виктор Пацаевтың құрметiне Айда 1791-шi шағын планета аталған. Жерлесiмiздiң атымен Ресей ғарыш агенттiгiнiң ғылыми-зерттеу кемесi күнi бүгiнге дейiн жұмыс iстеп келедi. Ақтөбеде Виктор Пацаевқа ескерткiш орнатылған. Батыр атында көше бар.

Жерлесiмiз институтта оқып жүрiп, журналистика саласына да көп қалам тербептi. Өзін журналист санаған. Оның сол кездерi жазған мақалалары мен очерктерi болашақ ұшқыш-журналист шығатынын көрсетiп берген.

Владимир Александрович Жәнiбеков

ҒАРЫШТА БЕС РЕТ БОЛҒАН ҒАРЫШКЕР

Ғарыш көкжиегiнде көп болған ғарышкер-ұшқыштың бiрi – Владимир Жәнiбеков. Ол – Ташкент облысының Бостандық ауданына қарасты Ескендiр ауылындағы кілең қазақтар тұратын ауылда 1942 жылы 13 мамырда дүниеге келген. Ежелгi қазақтар мекен еткен ауылда өскен Володя жастайынан   елгезек болып өскен. 2-шi сыныптан бастап ол қабырға газетiнiң редакторы ретiнде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

1960 жылы Ташкенттегi Суворов училищесiн алтын медальмен бiтiрiп, Ленинград университетiнiң физика факультетiне оқуға түседi. Университеттегi оқуын өз еркiмен тастап, Жоғары Әскери әуе күштерi училищесiнде оқып білім алады. 1965 жылы оқуын бiтiрiп, осында нұсқаушы болып қызмет атқарады.

1969 жылы училищеге №2 ғарышкер Герман Титовтың келуi Жәнiбеков өмiрiне күрт өзгерiс әкеледi. 1970 жылы Владимир Жәнiбеков Жұлдызды қалашыққа келiп, космонавтика ғылымымен айналысады.

1978 жылы 10 қаңтарда Жәнiбеков бортинженер Олег Макаровпен бiрге «Союз-27» кемесiнде командир ретiнде алғашқы ұшу сапарына аттанады. Владимир орбита кеңiстiгiнде тұңғыш рет бiр мезгiлде «Салют-6», «Союз-26», «Союз-27» ғарыш кемелерiнде тәжiрибелер жүргiзедi. Ол жерге «Союз-26» кемесімен оралады. Ұшу мерзiмi 5 тәулiк 23 сағатты құрайды.

Екiншi рет Жәнiбеков 1981 жылы Моңғолия азаматы Гуррагчамен «Союз-39» кемесімен ұшады.

Үшiншi рет 1982 жылы 24 маусымда Владимир француз азаматы Жан-Лу Кретьен және Ресей бортинженерi Иванченковпен бiрге «Союз Т-6» ғарыш кемесiмен ұшады. Тәжiрибелi ұшқыш бұл сапарында орбиталық ғылыми-зерттеу станциялары «Салют-7», «Союз-Т-5», «Союз Т-6» аппараттарымен кешенді зерттеу жұмыстарын жүргiзедi.

1984 жылы 17 маусымда Жәнiбеков бортинженер Светлана Савицкаямен және Игорь Волковпен бiрге «Союз Т-12» кемесімен төртiншi рет ғарышқа ұшады. 1985 жылы 6 маусымда бесiншi рет Виктор Савиныхпен «Союз Т-13» кемесiмен ұшып, ғарышкер Гречкамен жерге оралады. Ұшу мерзiмi 115 тәулiкке созылады.

Владимир Жәнiбеков екi мәрте Кеңестер Одағының Батыры. Әскери шенi – генерал-майор.

Бос уақытында спортпен, сурет салумен айналысады. Атақты ғарышкердің ата тегінен келе жатқан фамилиясы – Крысин. Жәнiбеков – тегі  алғашқы әйелi Жәнiбекова Лилия Мунирқызының фамилиясы. Ол – қазақтың Жәнібек ханының ұрпағы көрінеді.

Жәнiбековтың атымен планетаның №3170 кратерi аталған. Ташкентте ғарышкердің құрметiне ескерткiш қойылған.

Викторенко Александр Степанович

АЛТЫ РЕТ АШЫҚ КОСМОСҚА ШЫҚҚАН ҒАРЫШКЕР

Викторенко Александр Степанович – 1947 жылы 29 наурызда Солтүстiк Қазақстан облысына қарасты Сергеевка ауданының Ольгинка ауылында дүниеге келген.

1965 жылы орта мектептi бiтiрген соң, Орынбордағы жоғары әскери училищеге түсiп, оны 1969 жылы үздiк бiтiрiп, ұшқыш-инженер мамандығын алып шығады. Оқу-тәжiрибе алаңында Л-29 ұшағымен 98 сағат, Ил-28 ұшағымен 82 сағат ұшу сынағынан өткен.

1978 жылдан ғарышкерлер қатарында. «Боран» бағдарламасына қатысып, әуе техникаларын сынақтан өткiзу жұмыстарына қатынасқан. 10 түрлi ұшақтарды сынақтан өткiзiп, жалпы саны 1 993 сағат әуе қабатында болған.

Ғарышкерлер қатарындағы нөмiрi – 62. Төрт рет орбитада болып, ұшу мерзiмi – 489 тәулiк 1 сағат 35 минут 19 секундты құраған. 6 рет ашық космосқа шыққан. Әскери шенi – полковник.

1987 жылы 22 шiлдеде «Союз ТМ-3» кемесінің командирi ретiнде А.Александров пен Сирия азаматы Фариспен бiрге ұшқан. 1989 жылы 6 қыркүйекте ғарышкер А.Серебровпен КК «Союз ТМ-8» кемесімен бiрге ұшып, ашық космосқа 5 рет шығып, 15 сағат 36 минут бойы жаңа скафандрды сынақтан өткiзген.

1992 жылы 17 наурызда үшiншi рет КК «Союз ТМ-14» кемесiнде ғарышкерлер А.Калери және немiс азаматы Д.Фладэмен 145 сағат 10 минут 33 секунд орбитада болған. 1994 жылы 4 қазанда төртiншi рет ғарышкерлер Е.Кондакова мен немiс азаматы У.Мербольдпен ұшып, орбитада 169 тәулiк 5 сағат 21 минут 35 секунд болған. Кеңестер Одағының Батыры.

1979 жылы барокамерада жаттығу кезiнде электр тоғы ұрып, 17 сағат естен танып қалған. 1997 жылдан еңбек демалысында. Бос уақытында баянда ойнап, көлiк жүргiзудi ұнатады.

Юрий Валентинович Лончаков

«ШАТЛДЫ» БАҒЫНДЫРҒАН ЖЕРЛЕСIМIЗ

Американың «Шатл» кемесінде екi рет ұшқан келесi бiр жерлесiмiз – Юрий Валентинович Лончаков. Ол – 1965 жылы 14 наурызда сол кездегі Жезқазған облысының Балқаш қаласында дүниеге келген.

1982 жылы Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектептi бiтiрген соң, Орынбордағы жоғары әскери ұшқыштар училищесiн бiтiрген. 1998 жылы Жуковский атындағы әскери академиясында бiлiмiн жетiлдiрген.

1986-1995 жылдары теңiз авиация бөлiмдерiнде, кейiн әуе қорғаныс буындарында түрлi қызметтер атқарған.

Ғарышкерлер қатарына 1998 жылы қабылданған. Ұшақтарда ұшу мерзiмi – 1 400 сағат.

2001 жылы 19 сәуiрде америкалық көпсалалы «Индевор» халықаралық ғарыш станциясында (МКС) тұңғыш рет сынақтан өткен. 2002 жылы 30 қазанда «Шатл» кемесінде бортинженер санатында ғарышкерлер Сергей    Залетин және Бельгия азаматы Франс де Виннемен бiрге ұшқан. Ұшу мерзiмi – 10 тәулiк 20 сағат 53 минут 9 секундты құраған.

Үш Ресей медалiмен, NASA медалiмен марапатталған. Әскери шенi – полковник.

2004 жылы Ресей Президентi Владимир Путиннiң қолынан «Ресей батыры» атағын алған. Ақтөбе облысының Құрметтi азаматы (2006).

Бос уақытында шаңғымен, суда жүзумен және суретке түсiру кәсiбiмен айналысады.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, белгілі журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here