«Мен» кітабындағы аударма мен тіл өнері туралы тұжырымдар

0
3081

Мұхтар Мағауин көрнекті жазушы, үлкен әдебиеттанушы, ғалым, зерттеуші ретінде ұлттық әдебиетіміздің маңызды мәселелеріне, сондай-ақ көркем аудармаға, аударма сыны мен зерттеуге де белсене араласты. Ғалымның «Мен» кітабында көркем әдебиет, ұлттық тіл, жазушы таланты, мәдениеті, аудару өнері және басқа да адамзат рухани қажеттілігіне қатысты күрделі мәселелер көтерілген. Ол жайлы зерттеуімізде тоқталып өткенбіз. Мұнда көркем аударманың ерекшелігі мен жазушының ана тіліміздің байлығын игеріп, жазуда пайдалануы пайымдалады. Ол қазақ тілінің ғасырлар бойы толығып, жинақталып, барған сайын байып келе жатқандығына тоқталады: «Абай аудармасындағы Пушкин мен Лермонтовты оқыңыз. Түпнұсқа сол қалпында. Ал, түр-тұлға әсемдене түскен, бейнелі сөз бедерлене түскен. Ой үйірімі де, бояу-өрнегі де мәндірек, өтімдірек көрінеді. Ана тілімізде қабылданғаннан болар. Артық демейік, теңдігі күмәнсіз. Абай дейміз, Пушкиннің Қасым, Ғали, Қуандық ақындар жасаған аудармаларын қараңыз. Лермонтовтың Қалижан, Ғафу ақындар тәржімасын оқыңыз. Көзі болмас, өзі деп таныр едіңіз. Ақындарымыздың ірілігі – екінші кезекте, ең бастысы – тіліміздің ұлылығында».

Орыс классиктері поэзиясының бұлжымай, бұрмаланбай жетуінің бір қыры – Абайдың асқан аудармашылық алымдылығында, талантында десек, екінші жағынан қазақ тілінің мол қазынасын шеберлікпен кәдеге асыруы, «түр-тұлғаны әсемдене түсіруі, бейнелі сөзді бедерлене түсіруі». Абайдың тәржімашылдық дәстүрін абыроймен жалғастырған Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Қ.Шаңғытбаев сияқты ақындарымыздың аудармаларының шұрайлылығы, бейнелеу бітімінің биіктігі ана тілдің байлығын құнттап пайдалануында. Басқа тілдегі өлең-жырды жарқыратып, құлпыртып жіберуінде. Пушкин  шығармалары қазіргі уақытта да аударылуда. Бірақ, сол Мағауин бөліп-жарған таланттар тәржімасындай сүйсініп оқи алмайсыз, түйсініп-сезіне алмайсыз. Тілдің баға жеткізгісіз байлығын аударма өнерінде игеру мүмкіндігін Абай алғаш көрсетсе, одан кейінгі талантты толқындар соны сәтті ұштастырды. Зерттеуші аударманың асыл айшығы – ана тілін  орынды айқындаған. «Қазақ тілін еркін сапырған Абай өзінен соңғы Мұхтар Әуезовтың сөз биігіне көтерілуіне мүмкіндік жасап кетті. Ал, Мұхаң қазақ тілінің ең терең қатпарларын үстіге шығарды. Және бұл тарапта жапандағы жалғыз бәйтерек болып қалған жоқ. Мұхаңның заманында қазақ тілінің ресми аясы тарылғанымен, әдебиетте қолданылу өрісі өлшеусіз ұзарды» (214-215 б.)

Абайдың данышпандық қасиетін жете сезінген Мұхтар Әуезовтің «қазақ тілінің ең терең қатпарларын үстіге шығаруы да» көркем сөз өнеріндегі үлкен ізденісін, ана тілінің байлығын байыптап, бағалап меңгере білумен бірге, ана тіл ажарымен шығарманы шырайландырып, ширатып жіберуінде. Әрине, Ресей патшалығының бодандық саясаты және совет үкіметінің бір орталыққа бағындырып, коммунистік идеологияның үстемдік етуі ұлттық тілдің ресми аясын тарылтып, орысшаға ойыстырған кезде, қазақтық қасиетті сіңірген әдебиет, әдебиет болғанда М.Әуезовтей ұлы сөз зергерлерінің керемет көркем шығармалары халықтың санасына жарқырай енді. «Жаңа сөз емес, жаңа оралым іздеу, білген тілдің өзінің қолданыс аясын байқастау, сөйлем құрылымына зер салу – яғни, тіл-құрал төңірегіндегі талпыныстар барлық замандағы барлық жазушыға тән жұмыс. Біздің қазақ тілінің ең озық үлгісі – Абай» (215-б.).

Мұхтар Мағауин әдебиеттегі қазақ тілінің қолданылу өрісінің өлшеусіз ұзаруына тоқтала келіп, ұлттық көркем сөз өнерінің көсемі келбетінде Абайды айрықша атайды. Бұл – заңды. Өзі айқындап пайымдап кеткендей, «Абай, қашанда қазақ тілінің ең озық үлгісі болуымен бірге поэзия мен ұлттық философияда, педагогика, психология, этика мен эстетика да ерен жүйрік саналады».

Абай тілі – үйренудің, оқудың, өзіңді жетілдірудің, шеберлікке ұмтылудың мызғымас мықты мектебі. Алайда, Мұхтар ағамыз айтқандай, жаңа оралым іздеу, сөйлем құрылымына зер салу (яғни, қолданысы қалай, қандай өзгерісі бар, оқырман оқып қабылдап, түсіне ала ма, т.б.), сонан соң, біліп-меңгерген тілдің қолданыс аясын байқап, байыптау жазушыға қажетті десе де, жастар, талапкерлер ойға тереңдеп тоқуы керек. Көптеген шығармалардың аяғына дейін тартпайтыны, қызықтырмайтыны да жүрдек, жорға, жүйрік тіл жоқ. Жас қаламгерге жазушы ғалым туған тілдің терең тұңғиығына батыл бойлауды ұсынады. Сонда не дейді десеңізші: «Ғасырлар бойы жинақталған, сүзгіге түскен, терең қоймаларда тұнып жатқан халық тілін толығымен байыптау, оның қат-қабат сырын түгел игеріп, өзіндік қасиетіне орай жаңа бір сипаттарын айқындау және оны түбегейлі кәдеге асыру – бір адамның, тіпті, бір заманға жалғасып кете беретін күрделі әрі құнарлы құбылыс. Қазақ тілінің түбіне Абай мен Әуезовтың өзі жетіп біткен жоқ. Тұңғиықтың біршама тереңіне дейін бойлады және сонысымен ана тілін бұрынғыдан да үлкен кемелге көтерді» (222-б.).

 Бұған толық келісеміз. Кейбір жазушылар әлдебір шығармашылық жетістікке жете қалса, өзінен ешкім озбайтындай атойлап шыға келеді. Көркем туындының қызықты мазмұны, келісті архитектоникасы мен композициясы, өзара бітіскен, жалпы құрылыммен тұтастық құрайтын сюжеттерінің сипатынан өз шеберлігін көргісі келеді. Алайда, құнарлы, қуатты тіл болмайынша, проза да, поэзия да қасаң күйде қалады. Әрине, әдеби туындының түр (пішін) жаңалығы бір қанаты болса, көркем шығарманың екінші бір қанаты – бейнелі де бедерлі, бояулы тіл, Абай мен М.Әуезов қазақ тілінің мұхиттай шексіз тұңғиығынан асыл да қымбат қазыналарын тауып әкеліп, туған әдебиетіміз бен өнеріміздің өркенін өсіріп, өнегелі жол қалдырды. Автор ұлттық әдебиетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асырған «Абай жолына» жиі-жиі тоқталды, зерттеуші мұнда ең бастысы қазақ тілінің ғажайып байлығын шашауын шығармай, ұлан-ғайыр шығармаларына пайдалана білген, сол арқылы қазақ халқының әдебиетін де, тілін де мойындатқан Мұхтар Әуезовтей ғұлама-суреткер ұлылығының бір қырын паш етеді.

«Сөздік қор тұрғысынан алғанда, бірме-бірге сайса, «Война и мирдегі» Толстой тілінен «Абай жолындағы» Әуезов тілі бай. Әуезовтің артықшылығы емес, қазақ тілінің артықшылығы. «Абай жолының» қазақша түпнұсқасы мен сол замандағы ең үлкен мамандар жасаған тәржімаларын салыстырып көріңіз. Бірі – Рафаэльдің жанды, тірі суреті де, екіншісі – жақсы шебердің әдепкі, солғын көшірмесі. Кімге, қалай аудартсаңыз да жетіспес еді. Мәселе түпнұсқа – тәржіма табиғатында ғана емес. Қазақ тілінің әсер, қуатында жатыр»  (214 б.). Бұдан артық айту да қиын шығар. Қалай десек те, орыс әдебиеттанушылары Толстой, Тургенев, Чеховтарды қанша мақтап, орыс тілінің керемет үлгілерін көрсетті деп дәріптесе де, байыптап зерттеген ғалымға Әуезовтің еңселене түсері де айқын. Біз мұны «Абай жолы» романы эпопеясын жаңа уақытқа сай талдап, зерттеуде көз жеткіздік.

М.Мағауин классик жазушыларды атай келе, тілдік шеберлік пен сөздік қор жағынан Толстойдан М.Әуезовтің озықтығын пайымдайды. Мұны Әуезовтің ғана емес, қазақ тілінің артықшылығы деп білуі де орынды. Өйткені, ұлы суреткер қазақ тілінің ұланғайыр сөз қазынасын 4-томдық ғажайып эпопея «Абай жолында» кеңінен қолданды. Сонау байырғы сақ заманынан әлемге танытқан, өркенді мәдениетінен нәр алған қазақ тілінің ұланғайыр байлығына баршаның көзін жеткізді. Өзінің соңынан ерген қаламдас інілеріне де, замандас қаламгерлерге де жазу өнерінде осынау ғажайып бай тілді байыппен, баппен пайдалануды нұсқады. Ғалым А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Б.Күлеевтерді айтпағанда, одан берідегі С.Мұқанов, Ғ.Сланов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұловты «қазақтың байырғы тілінің тамаша үлгілерін таңбалап қалдырған қаламгерлер ретінде» айрықша атап өтеді.

Мұхтар Мағауин өзінен бұрынғы аға буынның, әсіресе алыптар тобының көркем аудармаға құлшынысының мәнін ашады. Ұлттық әдебиеттің іргетасын қалаушы қайраткер тұлғалар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейхановтан бастап, одан кейін М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин жалғастыра дамытқан көркем аударманың пайдасын пайымдайды. Автор: «Тілдің табиғи бояуын тану, ұлылар өнегесі өз алдына, талапкер үшін тілұстартудың – сөйлем құрауға, сурет жасауға, ойды еркін жеткізуге тәрбиелейтін бір тармағы – тәржіма болса керек. Мұның жеңілдік жағы – сыннан өткен, үлгілі, дайын құрылым; ойы да, суреті де бар, сөйлемнің өзі әрқилы тұрпатта. Сол дайын үлгіні өңін айналдырып, қазақша қалыпқа түсіресіз. Тұтас шығарма болуы шарт емес. Кез келген үзік. Алыңыз да қотарыңыз. Мен өзім прозаға біржола бет қойдым деген жиырма жасыма дейін күнделікті машық үшін аудармаға да біршама көңіл бөлдім. Чеховтың, Джек Лондонның әңгімелерін, Мопассанның кейбір үзік суреттерін аудардым. Аспирантурадан соң, әдебиет газетіне келген кезде де тәржімадан қол үзгем жоқ, кейде жұмыс орайымен, әрқилы сипаттағы мақалаларды аударуға тура келетін. Осының бәрі жаттығу еді» (223-б.) деп осынау дәстүрді өзі де қолданғанын айтады.

С.Монэм  Хаггард шығармаларын аударуы да өзіне дейінгі үздік үлгіден үйренуін көрсетеді. Әлем әдебиеті классиктерінің көпшілігі жазуды аудармадан бастаған. Соның жақсы нәтижесін көрген. М.Мағауин әдеби өмірінде прозаға қалам сілтегенге дейін тәржімадан тәжірибе жинаған. Чехов, Джек Лондон әңгімелерін, Мопассан шығармаларынан шағын үзінділер тәржімалаған. Өзі жазғандай, «сөйлем құрауға, сурет жасауға, ойды еркін жеткізуге бағыт берген тәржіманы» меңгеруден ұтылған жоқ. С.Монэм аудармасына қатысты диплом жұмысы, магистрлік диссертация қорғалды. Қазіргі аударматану талабына сай шығарма орыс тілінен аударылғанымен, оны түпнұсқа (ағылшын) тілімен салыстыра зерттеу нәтижесі Мағауин тәржімасының шеберлікпен жасалғанын көрсетеді. Автор аудармаға қаламгерлерге қосымша қаражат көзі қаламақы табу мақсатында барғанын білдірсе де, сөз жоқ, олар ар-ұятымен, ізденіспен, адалдықпен тәржімаланған көркем әңгімелер. Мұны қазақ аудармасы туралы монографияда дәлелдеп, талдап өткенбіз.

М.Мағауин ұғымында көркем аударма несімен пайдалы? Оған өзі мынандай жауап береді: «Әлбетте, көркем аударма – ұлттың өрісін кеңейтетін, қаламгердің қарымын арттыратын абзал іс. Игілікті іс. Абайдың заманнан озған, асқақ ұлылығының бір көрінісі – тәржімада жатыр. Біздің Атамыз бүкіл Азияда, күллі мұсылман әлемінде бірінші болып үлгілі Батыстың заңғарлары – Гете, Шиллер, Байрон, Мицкевичті өзінің ана тілінде сөйлетті, орыс текті Пушкин мен Лермонтов қазақ ақыны сияқты болып кетті, таным мен талғамның айқын бір көрінісі – алғашқы өлеңі ғана журналға шыққан он жеті жасар Бунинді аударды. Мұхаңның Шекспир мен Толстойға қол созуы кездейсоқ емес» (223 б.).

Мұнда ол өз танымы түсінігінде көркем аударманың әдеби ықпалдастығын бағалайды. Ұлттың өрісі дегені, әдеби қарым-қатынастардың қалыптасуы, жандануы болса, қаламгер қарымын арттыруы – жаңа ұлт әдебиетімен, жаңа әдеби жанрлармен, жаңа бітімдегі жазу мәнерімен, ойлау, тану әлемімен танысып, білу. Мұның кереметтілігін жазушы өзі де сезді, өзінің ізбасарларына да сезіндіріп кетті. Ол аударма сапасына қатысты бір пікірінде «көңілі қалаған тәржіма» деген тіркес қолданады. Бұл − аудармашының арнайы тапсырыспен емес, оқып, тұщынып, өзіне ұнаған көркем шығармасын аударуы. Екінші жағынан оқырманның ойынан шыққан, жақсы тәржіма екені де мәлім. М.Мағауин аудармаға белсене араласумен бірге, аудару өнері туралы  өз пікірін білдірген. Әрине, олар ғылыми негіздегі теориялық тұжырымдар емес. Жазушының байқап-білгеніндей аударма ісінің қыр-сырынан хабар береді, тәржіма тәжірибесінен тағылым ұсынады. Сонысымен де пайдалы, маңызды.  

М.Мағауин ағылшын, француз, орыс классикасынан тәржіма жасаумен бірге, аудару қиындығын өз кітаптарын орысшаға аударуда жолма-жол нұсқасына көмектесу барысында сезінген. Сонымен қатар, 1970-80 жылдарда қазақ көркем аудармасына өз үлесін қосқан Н.Шәкеев аудармаларын талдап, ой-пікірлерін білдірді.

«Мен» кітабында автор ұлттық тіліміз бен әдебиетімізді, кеңестік  кездегі басқа республикалардан кенжелеу қалған көркем аударма мәселелерін де қамтыған. Көрнекті жазушы, ғалым, баспагер ұлтының нағыз жанашыры ретінде әдеби өмірдегі маңызды мәселелерге айрықша мән берген, оны дамытуға қатысты пайымды ой-толғамдарын жеткізген. Ең бастысы, автордың әдебиет, ана тілі және көркем аударма туралы пайымдаулары кейінгі жастарға тәлім аларлық үлгіде берілген.

Әнуар Тарақов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, ф.ғ.д.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here